«Солақайлар» және қазақтың жаңа поэзиясы
Бұл айдар жаңа заман қазақ поэзиясы туралы сыр шертеді. Шын поэзияны талдау қашан да қиын. Асыл сөздің, күрделі де күңгірт өнердің қабаты да сан қырлы. Бірдеңе туралы бірдеңе айтқандай боласың, кейде. Біз белгілі бір авторлар мен олардың айналасындағы көзқарастарды шамалап айта аламыз, ол бірақ сол автор мен эстетикалық таным тұрғысынан біріккендердің шығармашылығын танып-білуге жеткіліксіз болары сөзсіз, біздікі – ишарат, барлау жасау, қолдан келгенше олардың жаңашылдығының сырына үңілу ғана болмақ.

Газетіміздің жаңа айдарын «Neopoezia» деп атауды жөн көрдік. Бұл айдар жаңа заман қазақ поэзиясы туралы сыр шертеді. Шын поэзияны талдау қашан да қиын. Асыл сөздің, күрделі де күңгірт өнердің қабаты да сан қырлы. Бірдеңе туралы бірдеңе айтқандай боласың, кейде. Біз белгілі бір авторлар мен олардың айналасындағы көзқарастарды шамалап айта аламыз, ол бірақ сол автор мен эстетикалық таным тұрғысынан біріккендердің шығармашылығын танып-білуге жеткіліксіз болары сөзсіз, біздікі – ишарат, барлау жасау, қолдан келгенше олардың жаңашылдығының сырына үңілу ғана болмақ.
Поэзия – алғадай өнер. Адамзат руханиятында поэзияның алар орны ерекше. Гомер мен Қорқытты әлем мәдениеті мен руханиятынан қалай сызып тастай алмасақ, поэзияның құдіретін де жоққа шығара алмаймыз. Оның бір заманаларда тұтас қоғамды біріктіретін қуаты да, ыдырататын күші де болды. Ақындарға үлкен сенім мен айрықша жүк артылған дәуірлерді де көрдік. Бүгінгі поэзия ондай міндетті өз мойнына алмақ емес. Жалпы, поэзияның міндеті ол емес. «Поэзияның міндеті» деген сөздің өзі қазір күлкілі әрі ойланарлық сұраққа жетелейді... Дегенмен өнер жадағайлықтан арылып, адам болмысының терең шүңетіне қарай сүңгіп барады. Технологиялық прогресс қаншалықты дамыса да, сөз өнерінің адам жанын сипаттаудағы қадірін кетіре алмайды. Ендеше, біздің айдарымыздың мақсаты ауқымды деген ойдамыз.
ЖИ және сөз
ХХІ ғасыр – поэзияның (әдебиеттің) ғасыры емес, жасанды интеллекттің ғасыры деуге бейімбіз. Поэзияның рухы сөз екенін сезінсек, онда бұл ғасыр сөздің ғасыры емес деуге болады. Бірақ шынымен де солай ма? Меніңше, олай емес. Жасанды интеллект – таңбалардың бірлігін, жүйелілігін, алгоритмін, тұтас тілдердің ұқсас әрі өзгеше ықпалдастығы мен түпмән танымын, ұғымдар кілтін жинақтап әрі қорыта отырып, өзінің интеллектуал қабілетін жарататын ақыл-ой базасы. Оның сыры – таңба, оның сиқыры – сөз. Егер таңбалар мен сөз (ұғым) болмаса, онда ЖИ-дің де күні қараң болмақ. Қай ел өзінің сөзін түлетіп, таңбалар арқылы, сауатты мәтіні мен жасампаз идеялары арқылы түлете алса, ЖИ дәуірінің көшіне ілесе алмақшы. Біз технология мен техникалық жетістіктердің игілігін көру үшін әуелі осы замандық өнерге мән беруіміз керек. Жасанды интеллектінің соққысына тап болмау үшін, оны өздік мәдени қабаттармен кіріктіріп, өзіміздің рухани әлемімізді байыта түсуге тиіспіз. Демек, ЖИ әдебиетті ығыстыра алмас, бірақ оның мазмұнын, формасын, интеллектуалдық деңгейін өзгертеді. ЖИ сіздің қарапайым мәтініңізді гуманистік идея мен жаңашыл ақыл-ойдың қайнарымен өзі жаза алады. Автор алғабасар, жаңашыл, қажет болса, ЖИ-дің «қиялына кірмейтін» идеялар танымын бере алғанда ғана, шығармашылық тұлға екенін, яғни авторлығын қорғай алмақ. ЖИ автордың орнын алмастыра алмайды. Әдебиет пен өнердегі кез келген жаңашылдыққа үрке қарамай, талдап, талғап, таразылай білу – заман талабы екенін естен шығармаған жөн. ЖИ – осыған дейінгі ақпараттардың негізінде жасалса да, автордың жеке адам болмысын ашудағы орны қашан да өзекті. Айтпағымыз, бізге, кез келген өнер саласына жаңашылдық әрі заманауи трансформация керек. Қазақ поэзиясы одан кенде емес.
Поэзия, тағы да поэзия...
Поэзия – сөздің құдіретін, оның ілкідегі мәні мен дәл қазіргі сәттегі символикалық нәтін паш ететін ерекше өнер. Антика дәуірінің ақындарынан бастап, поэзия үнемі жаңарып, толығып, жаңа мәтін мен ойдың, эстетикалық танымның түлеуін бастан кешіп келеді. Ой да, таным да ескіреді, суреттеудің жаңа үлгілері қалыптасады. Ескірген дүние қайта жаңалыққа айналып, жаңалықтың өзі ескінің көзі болады. Қазақ поэзиясы да талай мәрте жаңаруды бастан кешті. Поэзиядағы жаңашылдық заманның ғана емес, өнердің өзге салаларының – философияның, танымның, тарихи сананың, қоғамдағы ситуациялардың өзгеруіне байланысты түлейді. Осындай сәтте Абай жыраулар поэзиясын ұнатты ма деген заңды сұрақ туады. Абайдың жаңашылдығы – ескішілдіктен қашу емес, өз заманының үнін жаңаша сыпатта жеткізуі дер едік. Абай поэзиясы – дүниенің алақұйын өзгерісін көкірек көзімен көрген, сана ағымымен түйсінген, ой шеңберінде қорытқан жанның жүрек уілі. Одан бері де ғалам адам танымастай өзгерді. Айналамызға қарасақ, постомодернизмнің алауы толы әлемді көреміз. Адам табиғатының күрделі процестері ашылған сайын, оның жұмбағы да молайып келеді. «Білген сайын білмейтінің», көрген сайын көрмегенің көптігі көңіл толқынын жағаға шайқайды. Енді не істемек абзал? Дәстүрдің қатып-семген қағида емес екенін ұққанымыздай, өнердің де өз табиғатын шынайы зерделеу қажет. Йейтс пен Элиотты жатсынбай қабылдап, олардың өнердегі құбыланамасын жеріне жете зерттегендер, асыл сөздің арғы тінін ақтарып, мәдениеттің түрлі кеңістігінде төңкеріс жасаған жоқ па?.. Тек мәдениет емес, қоғамның барлық бұласында өнердің өшпес ізі жатыр. Олар нені айтты деп қана емес, нені қалай айтты деп толғатқан әдебиеттанушылар мен өнертанушылардың танымдық еңбектері сан алуан спектрді сүзгіден өткізіп, ой елегінде екшеді. Қоғамдық процестердің ішкі қойнауында қалқыған кез келген үдерістердің үні белгілі бір дәрежеде әдебиетпен шырмалып жататыны дау тудырмас. Ендеше, поэзия, тағы да поэзия туралы айтуға тиіспіз. Ешкім оқымаса да, ешкім жете түсінуге тырыспаса да, поэзия өзінің ұлы миссиясын – адам жанын шуаққа бөлер, бәлкім, түнекке лақтырып, шыжғырылған жан дауысын естіп, ойлануға жетелер, өзге өнер кеңістігіне жол ашар алғадайлығын жоғалтпайтынына кәміл сенген жөн. «Қазақ әдебиеті әлем әдебиетінен өз орнын қашан табады?» деген жауабы күрделі сұраққа бас қатырмас бұрын, қазіргі төл әдебиетіміздің қан-сөлін зерттеп, «Өзімізде не бар? Оны қалай зерделегеніміз жөн?» деген маңызды сұраққа жауап іздегеніміз жөн.
«Солақайлар» әдеби клубы және алғадайлар
Осыдан біраз жыл бұрын Алматыда «Солақайлар» әдеби клубы құрылды. Ресми тіркелмесе де, кілең ізденгіш жастардан топтасқан буын өз үнін әдеби ортаға жеткізуге ұмтылды. Олар әлем әдебиетінен аудармалар жасап, әдеби майдан ортасына жаңа леп әкелді. Онға жуық жастың бұл қадамын жұртшылық әртүрлі жорығаны мәлім. Оларды қолдаушылардан сынаушылар көп болғандай көрінеді. Біз сырттай бақылағандықтан, жас әдебиетшілер арасында нақты қандай сөз болғанын білмейміз, бірақ әдеби үрдісте болуға тиіс пікірталастың тууына осы топтың өзіндік ықпалы болды. Ақын, драматург, жазушылардан құралған клуб мүшелерінің әдеби аудармалары, сыни-танымдық мақалалары һәм өздерінің шығармалары әйтеуір «үнсіз қалмауға» біраз жұртты мәжбүрлегенін сездік. Бірі Батыстан, бірі Шығыстан келген жастардың шамамен екі-үш жыл еткен еңбектерін қайыра бір ақтарып шыққанда, әдебиетімізге айтарлықтай үлес қосқандарын бажайладық.
«Солақайлар» – тек қана әдебиетке жаңашылдық әкелейік деген оймен құрылған жасанды топ емес, олар ортақ мәдени талқыларулардан, өзара дискуссиядан кейін біріккен, әдебиет пен философияға әртүрлі призмадан қарауды түсінуге ұмтылған, өзіне дейінгі буынның артықшылықтары мен кемшіліктерін зерделеген буын өкілдері. Әдетте, әдебиетке жаңашылдық әкелу туралы әр буын бас қатырады. Бірақ эстетикалық талғамы әртүрлі болғандықтан, ортақ меже бұлыңғыр тартып, жай ғана «бір буын» ұғымы немесе оларда таным емес, мүдде негізгі орынға шығады. Ал «Солақайлар» – эстетикалық жаңалыққа ұмтылған, жеке мүддеден, ортақ таным маңызды деп түсінген жастар. Олардың ұстанымы мынандай болғандай көрінеді: әдебиет жаңаруы үшін таным жаңаруы керек, ол үшін өзіміз жаңарғанымыз дұрыс. Ал өздерінің танымын қаншалықты жаңартты, ол екінші мәселе. Ең бастысы бұл топ – жаңару және айналасын да жаңалыққа құштар ету процесін бастан кешті. Бұл топ өкілдерінің күнделікті бірге жүруі, яки бәрінің бірге дос болуы міндетті емес. Олардың әдебиетке, айталық, поэзияға, ішкерілей түссек, белгілі бір өлеңге көзқарастары әртүрлі болуы мүмкін. Олар бірге отырып бөлек, бөлек отырып бірге әдеби талқы жасау қабілетіне ие. Мұның әдеби ортаның күңгірт кафелерде өтетін мағынасыз әңгімелері емес екенін аңғарлы оқырман түсінер деп ойлаймын.
Клуб мүшелері: драматург Ықылас Шалғынбай, ақындар Шалқар Дәулеткелді, Абзал Сүлеймен, Тілек Ырысбек, Еділбек Дүйсен, Арман Әділбек, Бауыржан Майтай, Ақжан Аманжол, Асылан Қуаныш, Тілеубек Батыс, жазушы Санжар Бекжан, Думан Терлікбай қатарлы (одан өзге де топ мүшелері болуы мүмкін) алғадайлар. Олардың жалпы шығармашылығы туралы жеке-жеке тоқталуға болады. Біз бүгін ақын Шалқар Дәулеткелді туралы аз-кем тоқталмақпыз.
Өзгеше және біртүрлі
Оның поэзиясы біреулер үшін – «жындыханадан шыққан жексұрын айғай-шуға» баланған, әдебиетті эстетикалық жаңару тұрғысынан сараптайтындар үшін – «болмыс нәтіне терең бойлаған» өлеңдер топтамасын ұсынған Шалқар Дәулеткелдінің поэзиясы өз буыны үшін де, жалпы, қазақ поэзиясы үшін де өрімі бөлек дүние. Өзгеше және біртүрлі. Дәстүрлі поэзияның танымымен қалыптасқандар оның жырларынан ұйқастық, тіпті ырғақтық бүтіндікті табуы қиын. Ал әдеби жаңалықты жатсынбай қабылдайтындар үшін Шалқар Дәулеткелдінің орны бөлек дер едік.
Бұрынырақ жарияланған «Мың қаралы ақ көбелек» – мазмұны мен формасы арқылы поэзияның «ешкім айтпағанды айту» ғана емес, сонымен қатар бұрын айтылғанды жаңа мағына үстеп қайта түлету, сол арқылы өткенге қайыра соғу екенін дәлелдеген поэмасы жарық көрген болатын. «Мың қаралы ақ көбелек» – бірнеше бөліктен, бір қарағанда бір-біріне қатыссыз шумақтардан тұратын, ал ішіне енсеңіз, «балталаса ажырамас» бүтіндік бар зерделі сөзге толы туынды. Поэзияның бұл ерекшелігі сөзбен ауырған жандарды жадағайлықтан, жаттандылықтан, ұраннан оңашаға жетелейді. Әйтпесе, айтылмаған дүние кем. Бірақ кім қалай айта алды?! Айтқан дүниесіне, тақырыбына нені арқау етті? Қандай детальдарды, көркем образдарды пайдаланды? Бәрі осыған тіреледі. Ол поэманы оқырмандар әртүрлі бағалағаны да шын. Десе де, нақты тереңіне сүңгіп, әдеби талдау, өзара дискуссия жүргізген ешкім жоқ. Ол үшін де өре керек. Кеңестік қазақ әдебиетінің тотолитарлық «тұжырымдары» санаңызды торлап алған болса, әдебиеттанушы, доктор, академик атағыңыз болса да, бәрібір емес пе?! Мұндай поэмалар «өнер – өнер үшін» қағидасы арқылы қарасаңыз ғана өз құпиясын ашады және бүгінгі әдебиеттанудың тек әдебиетпен шектелмейтінін, мәдениеттану, философия, тарихтаным, психология ғылымдарымен де біте қайнасқан өнер екенін білетін кез әлдеқашан жетті. Біз оның әр өлеңіне арнайы тоқтала алмаймыз, өйткені оған уақыт та, газет беті де жар бермейді. «Қалқымалы өткел», «Жібі үзілген батпырауық», «Даурыққа меңіреулік» сынды бітімі бөлек, айтар ойы да өзге жырларын оқи отырып, ескі бір әуенді, өзің естімеген, бірақ тарихи жадыңда сақталған әуенді тыңдағандай күш кешесіз.
Шалқардың поэзиясынан үзік жолдарды суырып алып, «мына тармағы яки мына жолы қандай керемет» деп суреттеуіне таңырқай алмайсыз. Оныңыз тым жеткіліксіз, бүтіндікті бұзу, ырғақтан жаңылу, ағынның алдын бөгеп, басқа арнаға бұру сынды тым қолапайсыз жағдай тудырады. Егер оның бір жолын немесе бір шумағын үзіп алып, қалған шумағын баяндап берсеңіз, Сіздің өлең туралы ештеңені дұрыстап жеткізе алмағаныңызға, керісінше, оның үйлесімі мен мағыналық астарлы ағысын жоғалтқаныңызға ішіңіз ашиды. Мысалы, «Өлімнен де ауыр ұмыт болған бір мезгіл» жырын алайықшы.
Бара-бара асқақтап кеттің сіңіп сөз ішіндегі өлі елеске,
Үш жүз жыл су сорған жалбызды жағаға шығарғандай.
Суырып алғаннан кейін де жанды тәннен бөлектеп...
Өлімнен де ауыр ұмыт болған бір мезгіл.
Үміттене бастаймын тықырыңды естіп,
сенер-сенбесімді білмей,
Таяп келесің...
Қыркүйек айының соңғы күндері
сарғайған жапырақтар үзілген сайын
күдер үзе бастадым –
өлгеніңнен ұмыт болғаның ауыр тиіп,
Қайта-қайта естен танып, қайталанған
сөздер үстінде.
Дақтары өшпейтін сол жылдарға қайырылу,
Осы мезеттен де ауыр тыныштыққа батырады.
Биіктен түскенде және көтерілгенде,
Алма-кезек ашылған амал дәптеріне үңіліп,
Оңға бір, солға бір сенделектеп
Өліміңнен де ауыр тиер ұмыт болған бір мезгіл...
Егер бұл өлеңнің бір шумағын оқысаңыз, ештеңені толық аңғармайсыз, екінші шумағын оқысаңыз да, өлеңдегі күңгірт кеңістік Сізге есігін ашпайды, үшінші шумағын (шумақ деп шартты түрде айтып отырмын) оқығанда барып бір түйсік ойыңызда қылаң береді. Әлденені зердеңізге тоқисыз. «Өлімнен де ауыр бір мезгіл» десе түсінікті еді, бұл өлеңнің кілті «ұмыт болған» сөзінде жатқандай көрінеді. Өлім ауыр емес, ұмыт болған сәттер ауыр. Ұмыт болғанды ұмытпау ауыр. Демек, ол – ұмытылған жоқ, бұл – ұмытқан жоқ. Осы екі «жоқтың» арасында оның өлімі бар. Менге оның өлімі емес, оның өлімін ұмытуы ауыр тиеді. «Оңға бір, солға бір сенделектеген» жан күйзелісінен арыға үңілсеңіз, «Меннің» өзінің өлімін, естеліктерді ұмыту арқылы, мезеттерді жерлеу арқылы айтып тұр ма деген ой шырмайды. Мұндай кейіпкер «мен» бе, әлде «ол» ма, ол жағын толық аңғару қиын. Өлеңді нақты бір адамға, яки махаббат туралы жырға балай да алмайсыз. Автор ол туралы оқырманға ешқандай із қалдырмайды. Шағын өлеңдегі көпқырлылық, сырының толық ашылмауы да поэзияның эстетикалық қуатын арттыра түседі.
Мен Шалқардың «Ызғар көзінен өткенде, абайлаңыз» поэмасын қазақ сөз өнерінің бүгінгі таңдағы зор табысы дер едім. Бұл шағын поэманы да қызыққан оқырман интернеттен тауып оқыса болады. Сонда ғана оның сиқыры мен сыпатын аңдай алады. Мұнда ақын торығу, өлім, аштық және қасиеті мен қасіреті қатар шарпысқан өмір жайында картиналар тізбегін, «Мен» мен «Ол» арасындағы көзге көрінбес байланысты сөз еткендей болады. Оның поэзиясынан лирикалық кейіпкерді анық таба алмайсыз. Автор өлеңдерінде «сен» десе, ол «сен» емес, «мен» болуы ықтимал. Ашаршылық құрбандарының дамылсыз айқайын емес, сүйектердің тынымсыз «ызыңын», өмір сүру үшін күрестің мағынасыздық жайлаған беймазалығын («Сағатымен бірге жерлейміз»), пенденің тірішілік кешу жолындағы дәрмесіз «күресін» қайта-қайта еске салып отырады. Сұрапыл аштық құрбандарын еріксіз еске аласыз («...сүйектерді қазып алып, қайта қайнатайық»). ХХ ғасырдағы экзистенциалистік философияның Қалшыл мен Үрей билеген адам жан дүниесін қалай зерттегені жадыңызда болса, бұл поэмада сол тереңдік (адам кім?) қайта-қайта шыңырауына сүйрейді. «Тағы бір айналым жасау», яғни, өмірді жалғастыру үшін бәріне дайын адамдық инстинкт қалың бояусыз һәм қауқарсыз нақышта беріледі. Мәресі – «Торығып тұрмын...».
Поэманың бір кілті «Торығып тұрмын» болса, поэманы оқыған адам тіпті күйзеліске түскендей күй кешеді. Ишаралар мен ілмектерге, ілкідегі аңыз-әфсаналарға бай шағын поэмадан поэзияның әуелдегі «аз сөзге көп мағына сыйдыру» құдіретін, қуатын көресіз. Бұл поэманы тұщына оқу, сырын аңдау оқырманның дайындығын, білігін талап етеді. Әйтпесе, алдыңғы бір жолдан кейін бетін жауып, кері шегінуге рұқсат. Сөйткен күннің өзінде поэма Сізді өз иіріміне тартады. Өзгеше және біртүрлі. Неге өзгеше, неге біртүрлі деген сұрақ мазаламаса, Сіздің өресі биік оқырман екеніңізге сын болмай ма?
Айтпақшы, ақын поэмасында «ерік» деген сөзді екі-үш рет қолданады. Мұны адам аты яки кейіпкер екен деп түсінбеңіз (бас әріппен берілгенін ескертеміз), мұндағы Ерік – болмыс философиясына қатысты ұғым. Адам болмысын зерттеудегі іргелі ұғымның бірден-бірі десек те болады.
Поэма өзі не туралы?
Кіріспе бөлімде «жаңбыр», «көлеңке» ұғымдары алдыға шығады. Одан бұрын уақыттың «соққыларын», адам сүйегін жасытар тынымсыз соққыларын еске алады. Бірте-бірте өлім елесі, аштық аурасы көкірегіңді шарпиды.
Кешеден қалған жиырма төрт сағаттың екінші бөлігі басталды.
Он екі мың үш жүз елу сегіз мәрте соққы, күн – жұма.
Мүмкін, жиырма екі мың тоғыз жүз тоқсан бес
мәртеден кейінгі кері санақпен қайталанған
Жұма күнге ұқсаған бір жексенбі.
Сол үрейде, сол аштықта, сол мәйіттер арасында өзің қалғандай құлазисың. «Кешеден қалған», бүгінде жалғасып жатқан сұрақтар («Қайда барамыз?!» яки «Біз кімбіз?!») мазаны алады.
Екінші бөлікте осы сұрақтарға арыдан жауап іздейді. «Өзіңді шақыр, өзіңді тап, өзіңді таны». Демек, жанбай қалған жазбаларды қайта ақтар. Кеше кім едің? Бүгін кімсің? Соның бәрі ескі «жазбаларда» – өртенбей қалған рухани жадта сақтаулы. Кешегінің орнын басу үшін де күрес керек. Бірақ қайта түлесең де («гүл» сөзіне мән беріңіз) оны «дұрыс түсіну», жаңалыққа үйрену қиынның қиыны... «Баяғыдағы елеусіз тіршілікке қайта соғу аса көңілді болмас». Осынау қым-қуыт «аштықтан», мүрдесін сүйреткен елестен кейін «өз тынысыңды» өзің тани қояр ма екенсің?..
Үшінші бөлікте автор Ерікке жол ашады. Бұл – адам өз болмысын өзінің Ерігі арқылы қалайтынын, одан басқа жол жоқтығын, сөйте тұра, сол Ерік арқылы түптің түбінде мадақ пен мақтанның соңынан кететінін ишаралайды. «Қайтсе адам қалады адам болып?» сұрағына жауап та секілді. Адамды жеңуге болады. Ол өзгереді. Мына шексіз ғалам үшін ол миллиондаған жәндіктің бірі. Әлсіз. Әлжуаз. Тек... ішкі, арыдағы, түп тереңдегі «Мен» өзін шырқырап іздеуін қоймайды. Өмір философиясының күңіреністі толғанысы алдымыздан қайта шығады. Шопенгауэрлік бұл ширығу от-ағын сынды: «Дүние – ерік пен елес».
«Ызғар көзінен өту» – жеке адам үшін де, яки қауымдасқан жұрт үшін де сынақ, алапат сынақ... Әу бастағы мәйіт, ашаршылық, торығу сөздерінің мәні енді айқындала түскендей. Тұтас дәуір салған сынақ – «ызғар» көшкіні, діни тұжырыммен айтсақ, «қиямет-қайым» әр адамның басынан өтерін, ондай сынақтың кешегіден бүгінге жеткенін, ең бастысы «Менге» сансыз, үздіксіз «соққы» жасайтынын, жалпылық қасіреттен жалқылық қасіреттің мысқалдай кем еместігін, қайта сол жалқылықтың жанайқайы дүниені тұншықтырар қуатқа ие екенін сөз ете отырып, «ызғарды» сан алуан мағынада аша түседі. Оқи отырып, аштық құрбандарының күңіренісі тірі бізде – солардың ұрпағы саналатын мыңдаған адам бойында әлі де өмір сүріп жатқанын түсінгендей боласыз.
Біздіңше, бұл біздің аңдағанымыз ғана. Күрделі жасампаздықты қарапайым түсіндіруден өткен азап жоқ. Талдап, таразылайтын, арғы шүңетінен інжу іздейтін, мәртебелі оқырман, сіздерсіздер. Біз Шалқар Дәулеткелді ұлының төмендегі өлеңін тұтас ұсынып отырмыз. Бір сәт сабыр тауып, оқып көріңіз. Мүмкін, мұндай күңгірт өлеңнің сырын Сіз ашарсыз.
Қазақ поэзиясының жаңарған альманағының алғашқы парағын ашып көрдік. Ішкерілей енгіңіз келсе, алдағы уақытта да шама-шарқымызға қарай бөлісеміз.
Баяу, бірте-бірте жылыстап...
Бір жолғы жол апатынан кейін рентгеннен
Бас сүйегімнің қаңқасын көрдім.
Ол маған бейтаныс сияқты және оның ішінде
жан орналасқан.
Оның ішіне жан секілді сөз, сөз секілді махаббат,
маххаббат сынды құлазу, құлазу сынды жалғыздық,
Жалғыздық сынды аяқталу орналасқан.
Мен шүбәсіз осымын дедім.Ол маған аша ағашқа мінген ат басының
қаңқасына ұқсады.
Жел мүжіген, жаңбыр шайған, ауа барлық нәрін
өзіне сімірген...
Ағашпен бірге қыр басынан дала төсіне телмірген.«Ей, қаңқа, мен жоғалғасын да дәл қазіргідей
саған жақынмын ба?», – дедім.
Кәдімгі соғыстан кейін жеңілген, дала төсінде жатқан –
Ақсөңке қаңқа сүйекке.
Бірақ ол маған: «Сен енді жоқсың», – деді.Екі күн өтті, мен бармын.
Анам түскі дастарқанға шелпек пісірді.
Үш күн өтті, әлі бармын.
Мен түскі ас үстінде өткен өмір туралы әңгімеледім...
Төртінші күн түскі ас үстінде
мен өткен өмір алдындағы елестер туралы айттым.
Шешем мен әйелім сыбырласып сөйлесіп отырды.
Әйелім жылапты.
Түстен кейін мен өзімнің бар екенімді
дәлелдеуге тырыстым...Шалқар Дәулеткелді