Ақылдың аламаны
Осы айда Қытай да жасанды интеллектті дамытуға 1 триллион юань (шамамен 138 миллиард АҚШ доллары) бөлетінін жариялады. Бұл шешім АҚШ-тың Stargate жобасына жауап ретінде қабылданды. Алайда Қытай жасанды интеллектке бұдан бұрын да ірі инвестициялар салып, 2016-2020 жылдар аралығындағы 30 миллиард доллар қаржы құйған.

Алдағы уақытта дүние жүзі АҚШ пен Қытайдың ЖИ саласындағы бәсекесіне куә болатын тәрізді. Осы аптада әлемнің беделді басылымдары Қытайдың арзан әрі қуатты нейрожелісі DeepSeek туралы жарыса жазып, оны нарықтағы қазіргі алпауыт – ChatGPT-ден басып озуы мүмкін деген болжам жасады. Бұл, әлбетте, Қытай АҚШ-ты өкшелеп келеді дегенді білдіреді.
Трамп суперкомпьютер құрастыруға 500 млрд доллар бөлді
АҚШ Президенті Дональд Трамп қызметіне кірісе сала ЖИ нарығын дамытуға, ең қуатты суперкомпьютер құрастыруға 500 млрд доллар бөлді. Бұл қаражат, негізінен, OpenAI, SoftBank және Oracle-дың бірлескен Stargate жобасына жұмсалмақ. Stargate жобасы жасанды интеллектті дамыту саласында жаңа көкжиектер ашуды, соның ішінде медицина, ғылым және технологиядағы маңызды мәселелерді шешуді көздейді. Трамптың инаугурациясына жаһанның ақпаратын уысында ұстаған жетеудің, яғни техномилиардерлердің қатысқаны да оның бұл нарыққа қаншалықты мән беретінін байқатқандай болды. Трамп ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзінде де ЖИ-ді «америкалықтардың жаңа ұлттық табысы» деп атады.
Яғни, бұл жоба ЖИ-дің жаңа буынын қалыптастырып, АҚШ-тың көшбасшы позициясын нығайтуы керек. Дегенмен мұндай қомақты қаржыны «бөле салған» Трамптың шешімін сынға алушылар да бар. Бірақ жақтастары бұл қаражат технологиялық жетістіктерге жетелеп, ұзақмерзімді перспективада экономиканы нығайтатынын алға тартып отыр.
Осы айда Қытай да жасанды интеллектті дамытуға 1 триллион юань (шамамен 138 миллиард АҚШ доллары) бөлетінін жариялады. Бұл шешім АҚШ-тың Stargate жобасына жауап ретінде қабылданды. Алайда Қытай жасанды интеллектке бұдан бұрын да ірі инвестициялар салып, 2016-2020 жылдар аралығындағы 30 миллиард доллар қаржы құйған.
Осылайша, екі ел жарыс жолына түсіп те кетті, Қытай озамын деп өкшелеп, АҚШ артына қарайлап, алаңдап келеді.
Қытайда күн сайын бір нейрожелі пайда болып жатыр
Бір кездері Қытайдың электроника өнеркәсібі «екінші сортты» саналатын. Ел тек АҚШ санкцияларымен күресіп қана қоймай, сонымен қатар ішкі қиындықтарға да тап болды. Көптеген компания үлкен тілдік модельдерді пайдаланудан қашқақтады, өйткені бұл биліктің наразылығын тудыруы мүмкін еді. Бірақ қазір Қытайдың жасанды интеллекті сапа жағынан АҚШ-тың алдыңғы қатарлы технологияларына жақындап келеді.
Мысалы, көптің аузында жүрген Қытайдың Deepseek компаниясы Google мен OpenAI секілді алыптар ғана дамытып жатыр деп ойлап жүрген жүйені әлдеқайда арзанға жасап, оңай енгізіп отыр. DeepSeek жасанды интеллект платформасын әзірлеуге бар-жоғы 6 млн доллар жұмсап, OpenAI-дың 6,6 млрд инвестициясы мен 4 500 қызметкерін басып озды. Алайда олар ChatGPT-дің дайын кодына 2-3 өзгеріс енгізе салғаны туралы да ақапарат бар. Бірақ британдық The Economist басылымы: «DeepSeek, заң саласындағы жоғары деңгейлі AI моделін жасап шығарды. Бұл компанияның даму қарқыны батыстық Meta және OpenAI компанияларымен салыстырғанда да жоғары», – деп баға берді.
Alibaba сияқты басқа да қытайлық компаниялар Батыстың ең үздік зертханаларымен бәсекеге түсуде. Alibaba компаниясына тиесілі Qwen моделі қараша айында іске қосылып, небәрі үш ай ішінде америкалық үздік модельдермен иық тіресе алатындай дәрежеге жеткен. Осылайша, кейінгі бір айда басталған үрдістің қарқыны күшейіп, Қытайда күн сайын бір нейрожелі пайда болып жатыр. Бірақ Қытайдың технологиялық серпілісі АҚШ компанияларын одан да үлкен жетістіктерге жетелеп, оларды алға ұмтылуға мәжбүрлеуі мүмкін.
Дегенмен қазір Қытай генеративті жасанды интеллект саласындағы патент саны бойынша көш бастап тұр, кейінгі 10 жылда АҚШ-ты 6 есе басып озды. Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының (WIPO) есебіне сәйкес, 2014-2023 жылдар аралығында Қытайда 54 мыңнан астам өнертабыс тіркелген, оның 25 пайыздан астамы тек соңғы жылда жасалған. АҚШ патент саны бойынша екінші орында. Үндістан бесінші орынға ие болып, жетекші бес ел арасында жылдық өсім бойынша ең жоғары көрсеткішке жетті.
Батыс ескерту деп қабылдады
Қытайдағы ЖИ нарығы арзан өндіріске және жоғары тиімділікке негізделген тәсілдің арқасында дамып келеді. Яғни, өздерінің бұрыннан ұстанып отырған саясатын жаңа нарыққа да қолданып отыр. Нәтижесі де жаман емес. Мысалы, DeepSeek моделін жаттықтыру үшін Қытайда бар болғаны 2 мың чип қолданылса, Meta сияқты америкалық алпауыттар бұл үшін 16 мыңға жуық чипті пайдаланған. Бұл Қытай AI компанияларының аз шығынмен жоғары нәтиже алуға қабілетті екенін көрсетеді.
Бұған АҚШ қалай жауап беретіні, қай бағытта дамитыны белгісіз. Үндістанның да қарқыны жаман емес екенін ескерсек, басылымдар қазірден «Қытайдағы ЖИ технологиясының тез дамуы батыс компаниялары үшін ескерту іспеттес» екенін еске салып жатыр. Егер АҚШ бұл бәсекелестікті дұрыс қабылдап, инновацияға инвестиция салуды жалғастырса, бұл бәсеке жаһандық ЖИ индустриясын жаңа деңгейге көтеруі мүмкін.