Креативті индустрияны қалай дамытамыз?

Креативті индустрия жаңа экономикалық секторға айналды. Біздің елге де бұл саланы дамытуға маңыз беріп, адами капиталдың арқасында қаржы табуды игеруіміз керек.

Креативті индустрияны қалай дамытамыз?
сурет: istockphoto.com
501

Креативті экономика әлемдік ЖІӨ-нің 3 пайызын құрайды. Жапония, Қытай, АҚШ, ЕО елдері креативті индустрия қарқынды дамытып, экономиканың өзге секторын ынталандыра бастады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы екі жылда жариялаған Жолдауында экономиканың осы бағытына арнайы тоқталып, жан-жақты жетілдіруге ерекше мән беруді тапсырды. 

Креативтіліктің маңызы

Бүгінде Global Creativity Index (GCI), Global Innovation Index (GII), UNCTAD Creative Economy Outlook, World Intellectual Proherty Organization (WIPO) халықаралық ұйым­­дар әлем елдерінің креативті секторды да­мыту деңгейін саралайды. Осыдан-ақ әлем ел­дері осы салаға ерекше мән беріп, эконо­ми­ка­дағы үлесін ұлғайтуға күш салатынын білуге бо­лады.
Жасыратыны жоқ, креативті индустрия эко­номиканың құрамдас бөлігі ретінде қарас­тырылады. Озық елдерде креативті индустрия не­гізгі жұмыс беруші әрі табысты салаға айналды. Әлем­дегі креативті индустрия нарығының кө­лемі 104,2 миллиард долларға бағаланады, ал шы­ғармашылық саланы капиталдандыру 2,2 трил­лион доллардан асады. ЮНЕСКО деректері бойын­ша креативті сектор әлемдік ЖІӨ-нің 3 пайы­зын қамтамасыз етсе, Еуропада 4,4 пайызды құ­райды. Әлем бойынша 50 миллионнан астам адам шығармашылық бағытта жұмыс істейді. 
Әлем елдерінде креативтілік әртүрлі бағытта да­миды. Мәселен, АҚШ-та Голливуд, Кремний ал­қабы, музыка индустрияның үлесі басым. Оң­түстік Корея K-pop, кино және ойын индустриясы қар­қын алды. Қытай онлайн платформалар, ани­мация және электронды коммерция танылса, Франция сән мен кино индустриясымен әйгілі.
Креативті индустрияны дамытуда ме­га­по­листер маңызды рөлге ие. Мәселен, креа­тивті орталық ретінде Нью-Йорк қаласы баға­ла­нады. Екінші, үшінші орынды Лондон мен Па­риж өзара бөліседі. Әлемдегі жетекші тех­но­ло­гия­лық хаб Сан-Франциско төртінші, Сингапур бе­сін­ші орында тұр. Үздік ондыққа Сидней, Лос-Анжелес, Берлин, Токио және Барселона кі­реді. 
Креативті орталықтардың негізгі ерекшелі-
гі – талант иесін көптеп тартып, саланың клас­тер­ленуіне мән береді. Бір ғана киноиндустрия не­месе анимация саласын алсақ, өте ауқымды жұ­мысты талап етеді. Яғни, фильмге сценарий жа­зу және түсірілім алаңын табу, әртістерді таң­дау және дайындау, түсіру және монтаждау, ки­нопрокаттарды жарнамалау және сату – мұның бәрі кластерлік жүйе жан-жақты жетілуіне жағ­дай істейді. ComScore агенттігінің дерегінше, 2022 жылы Голливудтың кассалық кірісі 7,4 мил­лиард доллардан асса, Disney студиясының та­за табысы 3,19 миллиард долларды құрады. 2040 жыл­ға қарай киноиндустрия әлемдегі жетекші бес экономикалық сектордың біріне айналады. Мода, музыка, дизайн саласындағы табыс та аз емес.
Жалпы, креативті бизнесті бірнеше салаға бө­ліп қарастыруға болады. Біріншісі – жарнама жә­не маркетинг. Екінші бағыты – сәулет пен қо­лөнер. Үшіншісі бағыты – IT, дизайн, гра­фи­калық дизайн және сән. Төртіншісіне, кино, те­­­ледидар, бейне, радиохабар және фотосурет, бе­сіншісі – ақпараттық технологиялар, бағ­дар­ла­малық қамтамасыз ету және компьютерлік ойын­дар, алтыншысына, баспалар, музейлер, га­ле­реялар және кітапханалар қызметі жатады. Соң­ғысына музыка, орындаушылық және бей­нелеу өнерін қосуға болады. Бұл салада 15-29 жас аралығындағы креативті азаматтар көптеп қыз­мет ететіндіктен перспективалы саналады.

Дамытудың жолы қандай?

Бұл сұрақты Мәдениет және ақпарат ми­нист­рінің орынбасары Айбек Сыды­қовқа қойдық.
– Кез келген істің ілгерілеуі заң ңормаларына тәуел­ді. 2025 жылғы 10 қаңтарда Президент Креа­тивті индустрияны қолдау және дамыту мә­се­лелері бойынша заңға қол қойды.  
Креативті индустрия саласындағы шағын жә­не орта бизнес өкілдеріне қарастырылған са­­лық­тық жеңілдіктер бар. Бүгінде креативті ин­­дуст­рияны қолдау қорын құру бойынша тиісті жұ­­­мыстар атқарылуда. Қордың негізгі міндеттері –  та­ланттарды іздеу, жобаларды жүзеге асыру үшін әлеует­ті инвесторларды тарту, инфрақұрылымды да­мыту, креативті индустрия саласындағы өнім­дері экспортқа шығаруға көмек көрсету. Бұл қор екінші жартыжылдықта жұмысын бастайды, – деді министрдің орынбасары. 
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2023 жылы креативті индустрия субъектілерінің са­­ны 38,7 мың болса, 2024 жылы 45,6 мыңға жет­­ті. 2025 жылы бұл көрсеткішті 60 мыңға жет­­­­­­кізу жоспары бар. Жалпы креативті индуст­рия­ның ЖІӨ-дегі үлесі – 1 пайыз. 
Біздің елде бұл салаға енді көңіл бөліне бас­таса, әлемнің озық елдері өткен ғасырда-ақ маңыз беріп, шығармашылықты бизнеске айнал­дыр­ған адамдарды жан-жақты қолдау тетігін ше­ш­ті. Мәселен, 1998 жылы Ұлыбритания шы­ғар­машылық саланың экономикаға әсерін талдап, креативті индустрияның 13 секторын анық­тады. 2000 жылы Қытай «Шығармашылық индустрия» концепциясын қабылдап, Шанхай, Пекин, Шеньчжен, Гуанчжоу, Чунцин, Циндао, Тяньцзинь қаласында бизнестің жаңа моделін ілгерілетуге кірісті. 2013 жылы Оңтүстік Корея «Креа­тивті экономика қаласы» онлайн-жобасын іске қосты. Канада мен Сингапур шығармашылық бизнеске стратегиялық маңыз берді. 
Біздің Үкімет «2025 жылға дейінгі Креативті ин­дустрияны дамыту» концепциясын бекітті. Ұлттық экономика министрлігі негізгі оператор болса, республикалық маңызы бар қалалар мен облыстар деңгейінде кәсіпкерлік басқармалары жауапты.
Алматы – жай ғана мәдени астана емес, шы­ға­р­машылық қала статусына сай болып тұр. Он­дағы 13,3 мың бизнес субъектісі шығарма­шы­лықтың түрлі саласында жұмыс істейді. Одан кейін Астанада 8,4 мың, Шымкентте 2,4 мың кә­сіп­кер креативті салада қызмет етеді. Қара­ғанды, Алматы және Маңғыстау өзге облыс­тар­мен салыстырғанда едәуір жақсы. 
Алматыдағы Almaty Creative креативті хабы, Шымкенттегі Art Hub Amanat өнер кеңістігі, Түр­кі­стан қаласындағы OzgeEpic креатив хабы жә­не тағы басқасы көрмелер, воркшоптар, жәр­меңкелер ұйымдастыруға қолайлы. 
Креативтілікті дамытуға байланысты Пар­ламент Мәжілісінің депутаты Дана­бек Исабековтің тұжырымды ойы бар.
– Біріншіден, халыққа креативті бизнестің мүм­кіндіктерін жан-жақты түсіндіру керек. Екін­шіден, бұл салаға жататын бизнес түрлерін қай­та қарап, ауқымын кеңейтуге тиіс. Мәселен, Таи­ланд креативті салаға ұлттық тағамдар мен ме­дицинаны қосады. Үшіншіден, креативке тіке­лей жауапты ведомства құру маңызды. Мысалы үшін, Оңтүстік Кореяда креативті контент агент­тігі (KOCCA) саланы жетілдіруде жүйелі жоспар құ­рып, жұмыс ұйымдастырады. Осындай тәжі­ри­бені ескеріп, біздің елде де арнайы агенттік құрып, Алматы қаласының Креативті индустрия басқармасының тәжірибесін зерделеп, өзге облыстарда құруды тездеткен дұрыс, – деді ха­лық қалаулысы.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы, Астана және Шымкент қаласынан бөлек, өзге облыс орталықтары мен қалаларда креативті биз­нестің дамуына мән беруді тапсырды. Бұл тап­сырманы орындау үшін креативті индуст­рия­ның кластерленуіне басымдық беріп, талант ие­леріне жан-жақты жағдай қалыптастыру маңыз­ды. Онсыз креативті бизнес саласына қан жүгіруі қиын.

Қайтсек креативті халыққа айналамыз?

Америка экономисі, креативті класс теория­сы­ның авторы Ричард Флориданың сөзінше, ин­теллектуалды, креативті тұлғалар – эконо­ми­каның басты көрсеткіші. 
Рас, креативтілік адамның шығармашылық әлеуетіне тәуелді. Бұл ойды танымал продюсер Есен Елеукен де қолдайды. Оның ойынша, креа­тивті сектордың «тауары» – ақыл-ой. 
Ал қолөнер шебері Пахриддин Садықов мем­ле­кет саланы жан-жақты қолдамай, дамуы қиын екенін сөз етті.
– Мемлекетті автокөлік деп алатын болсақ, оның маторы – Үкімет. Біздің Үкі­мет креативті саланың бағыт-бағдарын айқындап, шығар­ма­шылық иелерін қолдау тетіктерін шешуге тиіс. Дәл қазір елдегі креативті индуст­рия­ны ілгері­ле­туде кедергі көп. Ең маңыз­дысын айтатын бол­сам, инф­ра­құрылым жақтың қасы, келісім­шарттар мен лицензиялық шарт құрудың зама­науи құралы жетілмеді, шығармашылық иесін қолдайтын мемлекеттік ынталандыру төмен дең­гейде. Соңғысы – банктер креативті ин­дуст­­рия­ны перс­пек­тивалы сала екеніне сен­бейді, сон­дықтан қаржы салуға ынталы емес.
Бір мысал келтірейін, Түркістан облысының төрт түлігі түгел. Жыл өткен сайын оның басы кө­­беюде. Бірақ тері мен жүн далада шашылып жа­тыр. Неге тері мен жүнді өндейтін цехтарды аша алмаймыз? Бұған кім кедергі? Үкімет жеңіл өнер­кәсіпті дамытуға қолға алса, сонымен бірге осы бағыттағы шығармашылық жұмыстар дамитын еді. Қызылорда облысының Жаңа­қор­ған ауданында бір кездері киіз үй жасалатын. Мұ­ны қайта дамыту керек. Міне, нағыз креативті жұмыс – осы! – деді қолөнерші.
Елде тойдың дәурені озып, креативті ин­дустрия осы төңіректе ілгері басуда. Оған мейрамханалар мен тойханалар көптеп бой кө­теріп, той өткізетін орталықтар ашылуы дә­лел. Шағын қалаларға да осы құбылыс тән. Енді мұ­ның ауқымын кеңейтіп, уақыт талап етіп отыр­ған IT және виртуалды шындық орталығын ашып, коуоркинг, видеостудия, робот құрастыру сер­висі мен маркетинг агенттіктері, оқу орта­лықтары өз жұмысын жандандыруға жағдай жа­сау маңызды.
Жоқтан бар етпей-ақ, барымызды бағалай ал­май отырмыз-ау. Димаш Құдайбергенді әлем та­ниды. Оның миллиондаған жанкүйері қалып­тасты. Осы қалың жанкүйерге не ұсына алдық? Жи­делерге Димаштың бейнесін таңбалап, ар­найы статуэткалар шығарса, өтімді болатыны анық.
Білім беру орталығын ашып, өз ісін дамытуға мән берген кәсіпкер Қуаныш Есқабылов:
– Кез келген бизнес сұраныс негізінде да­миды. Астанадағы мектептер үш ауысым бойын­ша білім береді. Оқушы саны жылдан-жылға ар­тып келеді. Осы себепті «Заңғар» интеллек­туал­ды оқу орталығын аштық. Онда бастауыш сынып оқушыларына қосымша білім береміз. Одан бөлек, логопед-дефектолог мамандар өз қыз­метін ұсынады. Ағылшын, француз тілінде оқы­тамыз. Президент креативті бизнеске ерек­ше мән беруде. Бәлкім, шығармашылық эконо­миканы қолдайтын арнайы бағдарлама қабыл­дан­са, біз осы бағытта жұмыс істеуге дайынбыз, – дейді.
Біздің креативті қоғамға айналуымыздың, креа­тивті индустрияны табысты сала ете ал­мауы­мыздың бірнеше себебі бар. Бұл туралы әлеу­меттанушы Айнұр Анарбек айтып берді. 
Біріншіден, зияткерлік меншік құқығын қор­ғау жүйесі әлсіз. 
Екіншіден, инвесторлар креативті салаға се­німсіз қарайды.
Үшіншіден, жергілікті нарықта креативті өнім­ге сұраныс төмен.
Төртіншіден, талант иелері халықаралық на­рық­қа шығу мүмкіндігі шектеулі.
Бесіншіден, креативті индустрияны то­лық­қанды кәсіп ретінде қабылдамайды.

P.S.: 
Креативті индустрия жаңа экономикалық секторға айналды. Біздің елге де бұл саланы дамытуға маңыз беріп, адами капиталдың арқасында қаржы табуды игеруіміз керек.

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ

Серіктес жаңалықтары