Алматы қаласында Полиция департаменті қызметкеріне қатысты іс бойынша тергеу аяқталды. Ол Әл-Фараби даңғылындағы адам өліміне әкелген жол апатына жол берген әрекетсіздігі үшін айыпталып отыр, деп хабарлайды turkystan.kz.
Tengrinews.kz мәліметінше, үш адам қаза тапқан жол апаты бойынша негізгі іс сотқа жолданған. Сонымен қатар Алматыда осы жол апатына байланысты тағы екі қылмыстық іс тергеліп жатыр.
Істердің бірі бойынша күдікті ретінде полиция қызметкері – Алматы полиция департаменті басшыларының бірінің жүргізушісі танылған. Оған Қылмыстық кодекстің 370-бабы 4-бөлігі 1-тармағы бойынша, яғни «Ауыр зардаптарға әкелген қызметтік әрекетсіздік» бабы бойынша айып тағылған.
«20 мамыр күні Алматы ПД қызметкеріне – департамент басшыларының бірінің жүргізушісіне қатысты сотқа дейінгі тергеу аяқталды. Ол әрекетсіздік танытып, соның салдарынан адам өліміне әкелген жол-көлік оқиғасы орын алған. Қылмыстық іс материалдары танысу сатысында», – деп хабарлады ІІМ.
Алайда істің нақты қашан сотқа жолданатыны айтылмады.
Сонымен қатар ІІМ қызметкерлері мемлекеттік тіркеу нөмірлерін заңсыз беру фактісі бойынша тағы бір қылмыстық істі тергеп жатыр. Әңгіме тыйым салынған сериядағы мемлекеттік нөмірлерді беру туралы болып отыр.
«ІІМ-нің Ішкі қауіпсіздік департаменті Қылмыстық кодекстің 362-бабы 1-бөлігі – “Билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану” фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Іс тыйым салынған сериядағы мемлекеттік нөмірлерді заңсыз беруге қатысты», – деп хабарлады ведомство.