Неліктен 100-ден астам спортшы Париж Олимпиадасының медальдарын кері қайтарды?

Неліктен 100-ден астам спортшы Париж Олимпиадасының медальдарын кері қайтарды?
сурет: Getty Images
243

2024 жылғы Париж Олимпиадасының медальдары сапасыз болып шықты. 100-ден астам спортшы өздерінің марапаттарының бүлініп, тозып кеткеніне шағымданды. Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) бұл жағдай үшін кешірім сұрап, медальдарды ауыстыруға уәде берді.

Францияның La Lettre басылымы хабарлағандай, медальдардың бүлінуіне лак себеп болған. Бұрынғы лак құрамында канцерогенді зат – хром триоксиді болғандықтан, оны қауіпсіз баламаға ауыстырған. Алайда, бұл жаңа лак медальдардың ұзақ мерзімді сақталуына кері әсер етті. Әсіресе, қола медальдар қатты бүлінген.

ХОК мәлімдемесінде: «Бүлінген медальдар Париж монет сарайында қайтадан жасалып, спортшылардың сұрауы бойынша ауыстырылады. Бұл процесс 2025 жылдың бірінші тоқсанында басталады», – делінген.Париж монета сарайы да жағдайды бақылауда ұстап отырғанын және алғашқы ауыстыру өтініштерін тамыз айында қабылдағанын растады.

Франциялық жүзушілер Йоан Ндо-Бруар мен Клеман Секки, сондай-ақ британдық суға секіруші Ясмин Харпер медальдардың сапасына Парижден кеткенге дейін-ақ шағымданған. Австралиялық велошабандоз Наталья Димнің қола медалі небәрі бір аптада бүлінгені белгілі болды.

Олимпиада медалі – спортшының ең үлкен жетістігінің символы. ХОК бұл жағдайдың болашақ Олимпиадаларға деген сенім мен демеушілердің қызығушылығына кері әсер етпеуін қадағалайтынын мәлімдеді.

Серіктес жаңалықтары