Құндыз Бекболатқызы: Тұскиіз тігуді үйренген жапондар да бар
Елдегі көпшілік ұлттық қолөнер бұйымдарын, соның ішінде тұскиізді музейлер мен көрмелерден ғана көріп жүр. Кейбіріміз оның тарихы тереңнен бастау алатынын білмейміз де. Ал Құндыз Бекболатқызы Моңғолияның Баян-Өлгей өлкесінде тұскиіз тігу өнерінің тарихын зерттеп, аймақ түгілі, шетелде кеңінен насихаттап жүр. Жеке кәсібімен қатар зерттеу ісін қатар алып жүрген оның қоржынында бүгінде 100-ге жуық тұскиіз бар. Ел ішінде тұскиіз коллекционері атанып кеткен Құндызға хабарласып, аз-кем әңгімеге тартқан едік.
– Баян-Өлгейдегі дүкеніңізге бас сұғып, сізбен танысқан бірнеше қандасымыз «Құндызда ешкімде жоқ тұскиіздер коллекциясы бар. Ол бұйымдарды жинап қана қоймай, ерекшелігін, тігілу тарихын зерттейді. Сенбесеңіз, хабарласып көріңізші» деп сіздің телефон нөміріңізді берген-тін.
– Иә, мен тек кәсіпкер емес, сонымен қатар зерттеушімін, антропологпын. Моңғолияның қазақ көп шоғырланған Баян-Өлгей аймағында туып-өстім. Жоғары білімімді Ұлан-Батыр қаласында Моңғолия ұлттық университетінде антропология және археология факультетінде жетілдірдім. Моңғолия қазақтарының салт-дәстүрі туралы диплом жұмысын қорғадым. Кейін сол университеттің магистратура бөлімінде оқуымды жалғастырдым. Моңғолия қазақтарының қазіргі замандағы салт-дәстүріне қандай өзгерістер енді? Ол өзгерістердің енуіне қандай факторлар әсер етті? Қалайша өзгерістерге ұшырады? Осы жайында диссертация жазып, жіті зерттегім келді. Өзім қаймағы бұзылмаған қазақы өлкеде өсіп-өнгендіктен, өзгерістердің енуіне не себеп болғанын зерделеуді бұрыннан көксеп жүрген едім. Көне салттың өзгеріп кеткенін өз көзіммен көрдім. Сондықтан оқуға түскен соң осы тақырып төңірегінде ізденіп, біраз дерек жинадым. Ол оқуды бітірген соң туристерді тарту ісімен айналыса бастадым. Әрі өзім туып-өскен өлкеде ұлттық киімдер сататын дүкен аштым. Сол дүкенге ұлттық киімдерді тігу ісімен айналысып жүргенде Моңғолия қазақтары қолданған тұскиізге қатты қызықтым.
– Содан соң зерттеу ісін қайта қолға алдыңыз ба?
– Иә. Бағзы заманда көшпенді халықтың бәрінде болған бұйым ғой. Дегенмен неге қазақ әйелдері тұскиіз тігу ісіне сонша қызыққан? Бұл істі неге дәл солар ғана сақтап қалған? Оның ішінде Моңғолияны мекен еткен қазақ әйелдері мұны қалай тіккен? Маталарды қайдан алған? Жіптері қайдан келген? Ол заманда әйелдердің қолында қазіргідей мата-жіп болмаған ғой. Ондағы ою-өрнектері қалай өзгерді? Моңғолиядағы әжелеріміз тұскиізді қазірге дейін қалай қаз-қалпында сақтаған? Бүгінде олар оны қалайша тігеді? Жалпы, тұскиіздің даму «эволюциясы» қалай өрбіді? Осының бәрі маған қызық болды. Осы сұрақтарға жауап таппайынша тыным таппайтынымды сездім. Қазір көпшілік тұскиіздің не бұйым екенін біледі-ақ. Алайда оның шығу тарихы, бүгінге дейін жету жолын ешкім дұрыс зерттемеген. Мен бұл зерттеуді 2010 жылы бастадым. Өз өлкемде елдің қолында 100 жылдан бері сақталған, ешкімде жоқ, қайта ешкім тіге алмайтын айрықша әрі көне тұскиіздерді жинап алдым. Ол бұйымдар – мен үшін құнды материал, баға жетпес құжат, бұлтартпас дәлел. Кез келген сұрағыма жауап. Коллекциямдағы бұл тұскиіздерді ешқашан сатпаймын. Осындай маңызды құндылығымыз ЮНЕСКО-ның мәдени мұрасы ретінде танылуға тұрарлық қой? Мен «Сол сәт бір күні туар» деп, осы жолда тынбай еңбек етіп келемін.
– Естуімше, сіз ел ішін аралап, тұскиіздерді жинап қана қоймай, тұскиіз тігуді әже-анасынан үйренген мықты шеберлердің басын қосып, команда жасақтапсыз.
– Иә, көненің көзі – қарт әжелерінен көп нәрсе үйренген, көпбалалы, жұмыссыз аналардың басын құрап, кішігірім команда құрадым. Олар өз үйлерінде отырып тұскиіз тігеді. Мен – дизайнермін, бұйымның сызбасын, нобайын келтіремін. Мұнда тек мен емес, мен секілді шеберлерді қасына жиған бірнеше кәсіпкер бар. Тұскиізі төрде ілулі тұратын ортада өсіп-өнген маған, менің командамдағы шеберлерге бұл істі іліп әкету қиынға соқпады. Тұскиіздің түр-түрін тігу – біз үшін міндетті іс емес, сүйсіне істейтін шаруа.
– Әңгіме арасында қазақ көп тұратын қай ортаға барсаңыз да, тұскиіздерін сұрастырып, өзгешелігін салыстырып жүретініңізді айтып қалдыңыз. Біздегі тұскиіз сіз өсіп-өнген өлкеде сақталған бұйымнан өзгеше шығар?
– Мүлдем басқа. Музейден көргенім болмаса, менің қолымда Қазақстан әйелдері қолданған тұскиіз жоқ. Көбіне ондай бұйым ауыл-аймақта тұратын халықтың қолында болады ғой. Елге жиі келсем де, ауыл жақтарды аралап үлгермедім. Есесіне, Ресей қазақтары сақтаған екі-үш тұскиізді сұрап алдым. Олар да біздікінен өзгеше. Өмір сүрген ортасына сай қазақтардың бұйымдары да өзгеше болған ғой.
– Баян-Өлгейдегі дүкеніңіздің әлеуметтік желідегі жеке парақшасынан шетелдік туристердің қазақтың ұлттық киімдеріне қатты қызығатынын байқадық. Бір турист «Күнделікті киіп жүруге ыңғайлы екен!» деп тақияны сатып алғанын көрдік.
– Біздің өлкеге көшпенді халықтың салт-дәстүрін қызықтауға әлемнің әр бұрышынан көп турист ағылып келеді. Бұл – бізге бір жағынан табыс көзі. Екіншіден – төл мәдениетімізді насихаттауға таптырмас мүмкіндік. Жалпы, Моңғолияда әлем туристері көп келетін 3-4 өлке бар. Дегенмен Баян-Өлгейде моңғолдардан басқа бірнеше ұлт өмір сүріп жатқандықтан, әрі мұнда көшпенді өмір салты кеңінен насихатталатындықтан, туристер бұл өлкені ерекше көреді. Расында, Баян-Өлгейге келген туристердің көшпенді мәдениетке қызығушылығы арта түседі. Тіпті, арасында сіз бен біз айтып отырған тұскиізді тігуді үйреніп алған туристер де жетерлік.
– Қай елден келгендер?
– Жапон азаматтары алдымен бізге турист болып келді. Кейін бірнеше рет келіп, тұскиізді қалай дұрыс тігу керегін үйреніп алды да, өз еліне барып, өзгелерге үйретіп, кәсіп ашып алды. Ал Франциядан келгендер тұскиіздің шығу тарихына қызықты. Туристің де түр-түрі бар ғой. Арасында мұғалімдер, ғалымдар да бар. Бірде бір француз ғалыммен танысып, мәдениет турасында көп әңгімелестік. Сол кезде ол мені өз еліне осы бұйым туралы бар білгенімді айтуға шақырды. Одан бөлек, көшпенділердің түйемен қалай көшкенін зерттеу үшін біз жаққа келген жапон ғалымы да Жапонияға шақырды.
– Расында тұскиіз туралы бар білгеніңізді қағаз бетіне жазып, кітап қылып неге шығармағансыз?
– Жазып жатырмын. Жоғарыда айтқанымдай, тұскиіз туралы көпшілік біледі, алайда түпкі тарихынан бейхабар. Мен мұны антропология тұрғысынан зерттеп, кітап етіп шығармақ ойым бар.
– Ендігі меже қандай?
– 2010 жылдан бері зерттеген деректерімді жиып, ғылыми еңбек етіп шығару. Сосын тұскиізді қазақ әйелдерінің мұрасы ретінде кеңінен насихаттау. Одан бөлек, мұны Қазақстанға кеңінен танытқым келеді. Қазақстандағы дүкендерде 2-3 тұскиіз бар, алайда менің қоржынымдағыдай таңдау жоқтың қасы. Біздің дүкенде 100-ге жуық тұскиіз бар. Алматы немесе Астанадан жеке дүкенімді ашсам деймін. Мұнда тұрмаған соң оның жолын әзірге білмеймін. Дегенмен алдағы уақытта әлем туристері қызығатын бұйымдардың түр-түрін осында да алып келгім келеді.
– Іске сәт! Әңгімеңізге рахмет!