Референдум – ортақ жауапкершілік алаңы

/
Референдум – ортақ жауапкершілік алаңы

Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің депутаттары жаңа Конституция жобасын түсіндіру жұмыстары аясында өздері сайланған Қызылорда, Абай, Ақмола, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Жетісу облыстарына және Шымкент қаласына жұмыс сапарымен барып, жергілікті тұрғындармен және түрлі сала өкілдерімен 100-ден аса кездесу өткізді. Еліміздің әр қиырында өткен кездесулер облыс, аудан орталықтарымен бірге 40-қа жуық ауылдық елді мекендерді де қамтыды. Атап айтқанда, еңбек ұжымдарымен, педагогикалық қауымдастықтармен, мәдениет қызметкерлерімен, медицина саласының мамандарымен, жастармен, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы саласының өкілдерімен, қоғамдық ұйымдармен және ауыл тұрғындарымен мазмұнды пікір алмасулар өтті. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың биыл Қы­зыл­ор­дада өткен Ұлттық құрылтайда конс­ти­туциялық-саяси реформаның негізгі идея­лық мазмұнын айқындауы тарихи мән­ге ие айтулы оқиға болды.
Президенттің халықшыл бастамалары ая­сында 15 наурызда өтетін республикалық ре­ферендум ел үшін ең маңызды, тағ­дыр­шешті мәселелер бойынша шешім қабылдау ха­лықтың еншісінде екенін тағы бір рет ай­қындап тұр. 
Халықтың билікке деген сенімін ны­ғай­тып, әділеттілікке негізделген бұл өзге­ріс­тер азаматтардың мемлекет істерін бас­қаруға қатысуын қамтамасыз ететін нақ­ты қадам. Сондай-ақ қоғамда айтылып жүр­ген ұсыныстар тек пікір ретінде қалып қой­май, заңнамалық бастамаларға, мем­лекеттік бағдарламаларға, өңірлік жо­ба­лар­ға айналғаны да халықтың мемлекетті бас­қару ісіне араласу белсенділігін арттыра түс­ті. Оның айқын мысалы ретінде әйел мен баланың құқығын қорғау, вейптерге тыйым салу, қоғамдық әдеп, вандализммен кү­рес, ойын бизнесін шектеу секілді маңыз­­­­ды шешімдер қоғамдық пікір тарапынан ай­тыл­ған ойлардың жемісіне айналғанын айту­ға болады. 
Яғни, елімізде Мемлекет басшысының бас­тамасымен жүргізіліп жатқан саяси жә­не конституциялық реформалар қоғам мен мемлекет арасындағы қатынасты түбегейлі жаңа деңгейге көтергенін атап өткен жөн. 
Өңірлердегі кездесулер барысында аза­маттар Президентіміз баста­ма­шы болған ауқымды саяси реформаларға то­лық қолдау білдіріп, жаңа Консти­ту­ция­ны қабылдауды еліміздің саяси жаң­ғыруы­ның маңызды кезеңі ретінде бағалады. Ха­лық өкілдері алдағы республикалық ре­­­­­ферен­думға қатысуға дайын екендерін жет­кізіп, Ата Заңды жаңарту мемлекет да­­­­муы­ның жаңа кезеңіне жол ашатынын атап өтті. 
Мәселен, халықтың пікірі мен ұсы­ныстары жаңа Конституция жобасын әзір­леу барысында нақты ескерілгенінің бір дәлелі – Қызылорда облысының тұрғыны Ма­хамбетәлі Әбдіхамитұлы Конституция мә­тініндегі «Гимн» терминін ана тіліміздегі «Әнұран» сөзімен алмастыруды ұсынды. Ал­ғашында ұсынысының назарға алы­на­рына күмәнмен қараған 33 жастағы жас ұс­таз көп ұзамай Конституциялық рефор­ма жөніндегі комиссиядан ресми жауап ал­ғанын, оның ұсынысы қолдау тапқанын ай­тады. Нәтижесінде, жаңа Конституция жо­басындағы Мемлекеттік рәміздер ту­ра­лы 11-бапта «Гимн» термині «Әнұран» деп өзгертілді.
Сондықтан жаңа Конституция жо­ба­сын мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді нығайтатын, еліміздің болашағына бағытталған бас құжат деуге толық негіз бар. 
Аймақтарда өткен талқылауларда аза­маттар жаңа Конституция жобасындағы бі­лім беру, ғылым, мәдениет және ин­но­ва­ция салаларын дамытуға қатысты нор­ма­лар­ға айрықша назар аударды. Бұл ба­ғыт­тардың мемлекет қызметінің стратегиялық ба­сымдығы ретінде айқындалуы жұрт­шы­лық тарапынан оң бағаланды. Бұл өз­геріс­тер жоғары білікті мамандар даярлауға жә­не білімге негізделген экономиканы да­­­­мытуға жол ашады. 
Сонымен қатар кездесулерде мәдени мұра­ны сақтау, ұлттық бірегейлікті ны­ғай­ту және қоғамдағы дәстүрлі рухани құн­дылықтарды қорғау мәселелері де кеңінен талқыланды. Азаматтар мәдениетті қолдау мен ұлттық дәстүрлерді келер ұрпаққа жет­кізу елдің рухани тұтастығы үшін ерек­ше маңызға ие екенін атап өтті. Отбасы инс­титутын нығайту мәселелері де тұр­ғын­дар тарапынан кең қолдау тапты. Жиынға қа­тысушылар жаңа Конституция жо­ба­сын­да неке – ер мен әйелдің ерікті әрі тең құ­қық­ты одағы ретінде айқындалғанын атап өтіп, отбасы қоғамның негізгі тірегі және оны мемлекет тарапынан қорғау мен қол­дау елдің орнықты дамуы үшін аса маңызды екенін жеткізді.
Бұдан бөлек, халықты әлеуметтік қор­ғау, лайықты еңбек жағдайларын қам­та­ма­сыз ету, азаматтардың осал топтарын қол­дау және әлеуметтік саясатты одан әрі же­тілдіру мәселелері де жиі көтерілді. Бұл ұсы­ныстар жаңа Конституция жобасының әлеу­меттік әділеттілік қағидаттарына негіз­делгенін айқындай түседі. Мысалы, қол­даныстағы Конституциядағы «әркім» де­ген термин жаңа Конституция жоба­сын­да «әрбір адам» деген сөз тіркесіне ауыс­ты­рыл­ды, бұл еңбек ету құқығының жеке тұл­ғаның табиғи әрі әмбебап құқығы еке­нін айқындайды. Жалпы, қолданыстағы Конс­титуция мен жаңа Конституция жо­ба­сын салыстырып қарағанда Ата Заңның жаңа жобасында «адам» сөзі 1,5 есеге көп қол­данылғанын көруге болады. 
Комитет депутаттарының өңірлер­де­гі түсіндіру жұмыстары қоғам та­ра­пынан ұсынылып отырған Конс­ти­ту­ция­лық өзгерістерге қолдау жоғары екенін бай­қатты.
Алдағы жалпыхалықтық маңызы бар сая­си таңдау еліміздің әрі қарайғы да­муын­дағы маңызды кезеңінің басты басымдығы ре­тінде қарастырылып отыр. Ал респуб­ли­калық референдум – ортақ жауапкершілікті ел болып көтеруге шақыратын, мемлекеттің жаңа құқықтық іргетасын қалып­тас­тыра­тын маңызды алаңға айналмақ. 

Руслан РҮСТЕМОВ,
Сенат депутаты

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары