Қазақстан жастары – ел дамуының басты күші

Қазақстан жастары – ел дамуының басты күші

«AMANAT» партиясы Алматы облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары, коалиция мүшесі Аслан Көбентаев кеше Астанада өткен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ІІІ республикалық форумында көтерілген мәселелердің маңызына, соның ішінде Мемлекет басшысының жастарға үндеуіне айрықша тоқталды, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кеше мәслихат депутаттарының ІІІ республикалық форумында жастарға арнаған үндеуінде жаңа Конституцияны өскелең ұрпаққа бағыт-бағдар сілтейтін темірқазыққа теңеді. Бұл – жай айтылған сөз емес, терең мағынасы бар пайым. Өйткені тарихқа көз салсақ, кез келген халықтың болашағы ең алдымен оның жастарының ниеті мен жігеріне, білім-білігі мен азаматтық ұстанымына байланысты қалыптасқан.

Қазақ халқы ежелден «ел боламын десең, бесігіңді түзе» деп бекер айтпаған. Бұл сөздің астарында ұлттың болашағы жас буынның тәрбиесіне, танымына, жауапкершілігіне тікелей байланысты деген үлкен ой жатыр. Бүгінгі таңда Қазақстанда дәл осындай жаңа буын өсіп келеді. Олар – тәуелсіз елдің ұрпағы. Әлемге ашық, білімге құштар, жаңашылдыққа бейім жастар.

Қазір айналамызға қарасақ, жастардың әр салада биік белестерді бағындырып жатқанын көреміз. Бірі халықаралық жарыстарда көк байрағымызды көкке көтеріп жүрген спортшы. Бірі ғылым мен технология саласында тың жаңалықтарға ұмтылған жас зерттеуші. Бірі жаңа идея ұсынып, кәсіпкерлікке бет бұрған бастамашыл азамат. Бірі өнер мен мәдениетте елдің рухани әлемін байытып жүрген талант. Бұл – бүгінгі Қазақстан жастарының шынайы бейнесі.

Осындай буын қалыптасып жатқан кезде ел тағдырына қатысты маңызды шешімдерге олардың бейжай қарамауы заңды. Өйткені бүгінгі таңда қабылданатын әрбір қадам, әрбір шешім ертеңгі Қазақстанның келбетін айқындайды», – дейді А.Көбентаев.

Конституция – мемлекеттің тірегі, қоғамның бағыт-бағдарын айқындайтын негізгі тұғыр. Ол тек заңдар жинағы емес. Ол – ұлттың ортақ келісімі, елдің болашаққа деген сенімі. Сондықтан Ата заң төңірегіндегі әрбір шешімнің тарихи салмағы болады.

«Мемлекет басшысы жастарға қарата айтқан сөзінде әр азаматтың өз таңдауын жасап, ел тарихындағы маңызды кезеңге үлес қосуға мүмкіндігі бар екенін атап өтті. Бұл – жай ғана саяси рәсім емес. Бұл – азаматтық жауапкершіліктің көрінісі.

Қазақта «ел тағдыры – ер тағдыры» деген сөз бар. Елдің болашағы туралы сөз болған жерде әр азаматтың да жауапкершілігі қатар жүреді. Ал жастар үшін бұл жауапкершіліктің мәні тіпті терең. Өйткені бүгінгі жастардың ұстанымы мен талпынысы ертеңгі Қазақстанның бағытын белгілейді.

Бүгінгі буын тек тыңдаушы буын емес. Олар – ой айтатын, пікір білдіретін, қоғамдағы өзгерістерге бейжай қарамайтын буын. Білім мен ғылымға ұмтылып, технологияны меңгеріп, әлемдік өркениетпен қатар қадам басып келе жатқан жастар елдің дамуына жаңа серпін бере алады.

Сондықтан Мемлекет басшысының жастарға арнаған үндеуін мен ел болашағына деген сенімнің белгісі деп қабылдаймын. Бұл – жас буынға артылған үлкен үміт әрі жауапкершілік.

Уақыт өте келе әр дәуірдің өз бағасы беріледі. Ал бүгінгі буын үшін ең маңыздысы – ел тағдырына бейжай қарамау, мемлекет болашағына жауапкершілікпен қарау.

Ата-бабамыз бізге кең-байтақ жерді, тәуелсіз елді аманат етті. Ендігі міндет – сол аманатты сақтап қана қоймай, оны одан әрі нығайтып, келер ұрпаққа лайықты түрде табыстау. Ал бұл жолда ең үлкен сенім – білімді, талапшыл, ел мүддесін бәрінен биік қоятын жастарға артылатыны сөзсіз», – дейді маман.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары