Әскердегі әлімжеттік... кімнің әлі жетпек?

Әскердегі әлімжеттік... кімнің әлі жетпек?
сурет: depositphotos.com
281

Бүгінде қазақ армиясының абыройы мен беделі тым төмендеп кетті. Оған ең бірінші себеп – әскер қатарында қаза тапқандар, аяқ астынан мертіккендер санының көбеюі. Марқұмдардың туыстары, қоғам белсенділері армия басшылығын айыптайды. Ал ресми орындар әскердегі әлімжеттікке әлеуметтік факторлар кінәлі деп ақталады. Бейбіт күнде адам шығыны неге көбейіп кетті? 

Cоңғы 3 жылда 270 әскери қызметкер қайтыс болған

Ата Заңымыздың 36-бабының 1- және 2-тармақтарында: «Қазақстан Респуб­ли­касын қорғау – оның әрбір азаматының қа­сиетті парызы және міндеті. Республика аза­маттары заңда белгіленген тәртіп пен түр­лер бойынша әскери қызмет атқара­ды», – деп тайға таңба басқандай жазыл­ған.
Мемлекет басшысы Қазақстан хал­қы­на жасаған былтырғы Жолдауында: 
– Жастар әскерге Отан алдындағы боры­шын өтеуге барады. Жас сарбаз­дары­мыз өз міндетін алаңсыз орындауы үшін әскер қатарында, ең алдымен, темірдей тәр­тіп болуға тиіс. Қарулы Күштер мен бас­қа да күштік құрылымдар осы талапты мүл­тіксіз орындауы қажет. Әр ата-ана әс­керге кеткен баласын мемлекетке сеніп тапсырады. Сондықтан сарбаздардың ден­саулығы мен қауіпсіздігіне, ең алды­мен, армия басшылығы және құқық қор­ғау мекемелерінің басшылары жауапты, – деді. 
Президент әскер қатарында заң мен тәр­тіптің сақталуы айрықша маңызды мін­дет екенін ескерткенінше болмай сол қыркүйек айында елді дүр сілкіндірген бірнеше оқиғаны естіп жаға ұстадық. 
7-қыркүйекте Маңғыстау облысын­да­ғы «Оймаша» полигонында оқу-жаттығу жиыны кезінде 19 жастағы сарбаз Марат Барқұловқа кезекші лейтенанттың оғы тиіп, қайтыс болды. Іс алғашқыда жаза­тайым оқиға ретінде тергелген. Кейін мар­құмның әкесі мәлімдеме жасап, қо­ғам­­ның қызу талқысына түскен соң ғана іс қасақана кісі өлтіру бабына ауысқан. 

12-қыркүйекте Алматыдағы С.Нұрма­ғам­бетов атындағы Құрлық әскери институтында 44 жастағы сержант өлі табылды. Алдын ала мә­лімет бойынша, ол өзіне қол салған. Оң­түс­тік өңірлік әскери тергеу басқармасы «Өзiн-өзi өлтiруге дейiн жеткiзу» бабы бойын­ша тергеу бастаған.
13-қыркүйекте Ұлттық ұланның Жез­қаз­ғандағы 6505 әскери бөлімінің базасындағы жаттығу алаңында рота командирінің аяғы­на оқ тиіп, жараланды. «Орталық» өңірлік қол­басшылығының баспасөз қызметі бұл оқи­ғаны қауіпсіздік талабын сақтамағаннан деп мәлімдеді.
16-қыркүйекте Түркістан облысы Арыс гар­низоны әскери бөлімдерінің бірінде ке­лісімшарт бойынша қызмет атқарып жүрген сар­баз басынан жараланып, ауруханаға түс­кен. Гарнизон 24 жастағы жігіт «Отбасындағы жан­жалға байланысты травматикалық та­пан­шамен өзін атпақшы болған» деп хабар­ла­ды.
19-қыркүйекте Абай облысы Аягөз ауда­нын­да орналасқан 10810 әскери бөлімінде қыз­мет атқарып жүрген офицер Нұрсұлтан Ал­дамұратов өлі табылды. Ресми орындар 26 жас­тағы жігіт асылып қалғанын хабарлады. Бір­ақ марқұмның туыстары бұған күмән кел­тіреді. 
28-қыркүйекте Ақтаудағы №51809 әс­кери бөлімінде келісімшарт бойынша қызмет атқарған 1985 жылғы әскери қызметкер өзі тұрып жатқан үйден өлі табылды. Ақтау гар­ни­зонының баспасөз қызметі әскери қыз­мет­кер өз-өзіне қол салған деген болжамын жа­риялап, қылмыстық іс қозғалғанын ха­бар­лады. 
Әскерге кебенек киіп аттанып, кебін киіп орал­ған жігіттердің мысалын көп­теп тізбелеуге болады. Қарап отырсаңыз, барлық оқиғада бәріне қайтыс болған немесе жа­рақат алған адамның өзі – кінәлі. Сон­дық­тан болар қазір әскерге бару – мұрат емес, бар­мау – ұят емес. Ащы да болса, шындық осы. Жауырды жаба тоқып қайтейік, қазір ата-аналар балаларын әскерге жіберуден қор­қады. 
Ресми мәлімет бойынша 2010-2020 жыл­дары Қазақстанда 220 іскери қызметкер өз-өзіне қол жұмсаған. Әскери прокуратура та­рат­қан мәлімет бойынша соңғы үш жылда Қазақстанда 270 әскери қызметкер қайтыс болған, ал соңғы төрт жылда әскерде 86 суицид тіркелген, 20 әскери адам өз-өзіне қол салуға оқталған. Ал ашық дереккөз мәлімет­тері бойынша өлім-жітімнің көп тараған се­бептері: ауру – 36 пайыз, жол апатының сал­дары – 24 пайыз, суицид – 20 пайыз. 
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, 2020-2022 жылдары әскерде 6 сарбаз өз-өзіне қол салған: 2020 жылы – 3, 2021 жылы – 3, 2022 жылы өз-өзіне қол жұмсау дерегі тір­кел­меген. Сонда жоғарыда Әскери прокура­тура таратқан мәлімет дұрыс па, әлде Қор­ға­ныс министрлігінің ақпаратына сүйену керек пе? Қарап отырсаңыз, екі органның ұсынған мә­ліметінің арасы жер мен көктей. Тағы да сұрақ? Неге? 

Әскерде «дедовщина» жоқ

Ресми органның мәліметіне қарамастан Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов «Қа­зақстан армиясында әлімжеттік жоқ» деп ай­ды аспаннан шығарғаны есімізде. Тіпті, «Сар­баздар суицидінің 99 пайызы әскердегі боры­шын өтеуге қатысы жоқ, ол адамның өз ішін­дегі мәселеден» деген болатын. 
– Ең алдымен, әлімжеттік деген не екенін анықтап алайық. Жалпы алғанда армияда әлімжеттік жоқ. Бір мерзімде шақырылған әскери қызметшілер арасында жанжалға әкеп соққан жеке жағдайлар кездеседі, әрине. Сіз, мысалы, досыңызбен жанжалдасып қалсаңыз, мұны әлімжеттік деп айтуға келе ме? Жоқ, – деді сала басшысы. Министр бұл жастардың тәрбиесімен бүкіл қоғам болып айналысу керек деп жауапкершілікті халыққа ысырып салды. Министрдің сөзін Қарулы Күштер Бас штабы ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаменті бастығының орынбасары Руслан Омаров та құптай кетті. 
– 18 жаста адам әскерге психологиялық тұрғыдан қалыптасқан тұлға ретінде келеді деп есептеймін. Ал Қарулы Күштер мен басқа да әскери құрылымдардан бір жылдың ішінде өз елінің патриоты болуын талап ету артық талап деп ойлаймын. Ал біз осы пат­риотизмді мектептен бастап, жоғары оқу орын­дарында, бүкіл қоғам болып тәрбие­леуі­міз керек. Бұл «дедовщина емес», бұл әскери тәр­тіпті бұзу, қолданыстағы ережелерді сақ­та­мау, – деді.
Одан бөлек: «Қазір әскерде «дедовщина» жоқ екенін түсіну керек. «Дедовщина» ұғымы аға және кіші шақырушылар арасындағы келіспеушіліктерді білдіреді. Қазір Қарулы Күштер мен басқа да әскери қызметтерде әс­керге шақырылушылардың бір ғана өкіл­дері шұғыл қызмет атқарып жатқанын ескер­сек, «дедовщина» туралы сөз қозғамауымыз керек», – деді Омаров мырза. Оның айтуынша, әлімжеттікті жою үшін ертерек шақырыл­ған­дар мен кейін келгендерді бір-бірінен оқ­шаулау туралы шешім қабылданған. Үлкені кішісімен, кішісі үлкенімен кездеспейді-мыс. Мұ­ның қаншалықты шындыққа жанаса­ты­нын әскерде борышын өтеп жүргендер мен әс­кери қызметкерлер ғана біледі. 
Сонда Мемлекет басшысынан бастап әс­кердегі суицид мәселесіне назар аударып, да­был қағып, мұндай қайғылы оқиғаларды бол­дырмау үшін арнайы комиссия құрылып, кі­нәлілер жазалануы керек деген тапсырма берілсе де министрліктің бар нәрсені бар деп мойындауына не кедергі? Кемшіліктерді жа­сырып-жабу кімдерге тиімді? Сұрақ көп, бірақ тиісті органдардан шындыққа жанасатын жауап жоқ.
Алайда Қорғаныс министрлігі сарбаз­дар­дың өз-өзіне қол жұмсауының негізгі себебін нақ­ты біледі. Олардың қатарына: әскерге бейімделе алмау, психоэмоционалды тұрақ­сыз­дық, депрессия, ерік-жігерінің төмен болуы, жауапсыз махаббат пен физиоло­гия­лық күйзелісті жатқызады.
Қорғаныс министрінің тәрбие және идео­­логиялық жұмыстар жөніндегі орын­ба­сары Шайх-Хасан Жазықбаев әскерде заң мен тәртіп жақсы сақталып отырғанын айта­ды. 
«Құқық бұзуды азайту үшін сарбаздарды туыс­тарымен және жақындарымен бей­не­бай­ланыспен қамтамасыз ететін «Отбасымен бей­неқоңырау» жобалық сервисі іске қосыл­ды. Барлық бөлімшеде командирлердің сар­баздардың ата-аналарымен қарым-қатынасы үшін әлеуметтік чаттар жұмыс істейді. Бар­лық казармаларда бейнебақылау жүйелері, әс­кери полицияның тірек пункттері және пси­хологиялық жеңілдету бөлмелері жұмыс іс­тейді, күн сайын әскери полиция қызмет­кер­лері мен медициналық персоналдың қа­тысуымен тексерулер жүргізіледі. Осы шара­лар­дың барлығы әскери ұжымдардағы мо­-ра­ль­дық-психологиялық ахуалды жақсар­туға, жеке құрамның көңіл күйі мен әскери қыз­мет жағдайын реттеуге ықпал етеді», – деді Шайх-Хасан Жазықбаев.
Бұрынғы әскери қызметкер Қайрат Көп­баев қылмыстың алдын алудың құралдары мен тетіктері жеткілікті болға­ны­на қарамастан Қазақстан армиясы дағ­дарыс­ты бастан кешіп жатқанын айтады. Оның айтуынша, командирлердің жауапкершілігін күшейту керек. Сарапшы сонымен қатар ер жігіттердің әскери қызметке баруға құлық­сыздығы мен әскерден қашу әрекеттері қор­қы­ныштан емес, олардың бір жыл уақытын сарп еткісі келмейтіндіктен деп түсіндіреді. 
Мамандар бүгінде әскердегі «дедовщина­ның» формасы өзгерген дейді. Әскерде жас сарбаздарды ұрып-соғу фактісі азайғанмен, психологиялық ахуал әлі нашар екен. Әсіресе, психологиялық қысым, қорлау, кемсіту фак­тілері жиі кездеседі. Мұндай фактілерді бей­не­бақылау камераларынан қарағанмен дә­лел­деу қиын. Тәртіпке бағынғысы келмей­тін­дер жаңадан келгендерге ойына келгенін жа­сайды, ал олар шағымданса, өз арасында «то­қылдақ» деп мазақтайды. Мұндайға шы­дай­тындар бар, шыдамайтындар бар. Шыда­ғандар 6 ай психологиялық қысымға шыдап, одан кейін жаңадан келгендерден «ақысын» қайтаратыны сөзсіз. Ал шыдамағандар өзіне қол жұмсайды. Өзіне қол жұмсау фактісінің психологиялық қысымға тікелей қатысы болатыны бүгінде баршаға аян. 
Әскердегі әлімжеттікті азайтудың бір ж­о­лы өмір көрген жастарды жіберу керек дей­тіндер де бар. Олар біреудің құқығын тап­тау, қорлау, мазақтаудың дұрыс еместігін біле­ді. 
Жалпы, әскердегі әлімжеттік мәселесі тәуел­сіздік алғалы бері тұрақты түрде к­ө­теріліп келе жатыр. Тіпті, оны болдырмау мақ­сатында Қарулы Күштердегі мерзімді әске­ри қызмет уақыты екі жылдан бір жылға дейін қысқартылды. Алайда әскердегі жыл са­ны азайғанмен, өлім азаймай тұрғаны қын­жылтады. 

Әлемдік тәжірибе не дейді?

Әскердегі әлімжеттікті жою мақ­са­тын­да әлем елдері әртүрлі шаралар қа­былдаған. Бұл бағыттағы жұмыстарға әскерде тәр­тіпті жақсарту, сарбаздардың құқықтарын қор­ғауды жатқызуға болады. Мәселен, да­мы­ған Швеция мемлекеті әлімжеттікті жою бағытында бірнеше рет реформа қабылдапты. Олар әскердегі барлық қиянатты тоқтатып, әрбір сарбаздың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғауды басты назарға алған. Сондай-ақ әс­кери қызметкерлердің психологиялық жағ­дайына ерекше мән беріледі, арнайы кө­мек көрсету жүйесі құрылған. Ал Ұлыбри­та­ния әскердің ішкі ережелері мен тәртіптерін қай­та қарады. Сарбаздар арасындағы құрмет пен этиканы нығайтуға көп көңіл бөлінеді. 
Норвегия әскери қызметінде әйелдердің қа­тысуымен түрлі этникалық топтар арасын­да­ғы әділеттілікті сақтау үшін бірнеше жыл­дар бойы жүйелі түрде әлімжеттікке қарсы шар­алар қабылданды. Нидерланды әскери қызметшілердің құқықтарын қорғау және оз­бырлықты болдырмау мақсатында арнайы оқы­ту бағдарламасын енгізген. Финляндияда әс­кери қызмет – қысқамерзімді. Бұл – әскер­де­гі заңсыздықтың пайда болу мүмкіндігін азай­тады. Сонымен қатар әскери қызмет­кер­лердің тәртібін бақылау үшін қоғамдық ұйым­­дар мен тәуелсіз инспекциялар тартыл­ған. 
Ал АҚШ армиясында қатаң әскери тәртіп ор­наған. Әлімжеттікке нөлдік төзімділік сая­саты қолданылады. Сонымен қатар арнайы әскери полиция бөлімдері зорлық-зомбылық оқиғаларын тергеумен, зардап шеккендерді қорғаумен айналысады. Оңтүстік Кореяда әскери бөлімдердің ішіндегі оқиғаларды қо­ғам алдында ашық баяндау тәжірибесі енгі­зілген. Германияда әскердің ішкі тәртібін ба­қылау үшін сыртқы тәуелсіз мекемелер жұ­мыс істейді. 
Түркияда әскерде қызмет еткен аза­мат­тарға ерекше құрмет көрсетіледі. Мемлекет заңына сәйкес барлық азамат белгілі бір жас­қа келгенде міндетті түрде әскери боры­шын өтеуі керек. Ал кейбір ерекше жағ­дай­ларда ақылы түрде бұл міндеттен босату мүм­кіндігі де беріліп жатады. Әскери боры­шын өтеп келгендердің жұмысқа орналасу мүм­кіндігі жоғары және олардың отбасы мен туыстарына ерекше мәртебе беріледі. 
Көптеген елде әлімжеттікті жою үшін қа­таң заңдар, ашықтық, тәуелсіз бақылау жүйе­лері және әскери қызметшілердің пси­хологиялық жағдайына көңіл бөлу сияқты кешенді шаралар қабылданған. Қазақстан да осындай халықаралық тәжірибелерді зер­де­леп, өз әскеріндегі тәртіпті жақсарту үшін ұқсас реформаларды жүзеге асыра алады.

Бекжігіт СЕРІКБАЙ, 
саясаттанушы, саяси кон­фликтолог:

Әскер өзара сыйластық пен теңдік орнаған мекенге 
айналуға тиіс

– Әскер – күрделі және көпқырлы сала бол­ғандықтан байыпты көзқарасты қажет ете­ді. Ал әскердегі әлімжеттік тәртіпке нұқ­сан келтіріп қана қоймай, әскери қыз­мет­кер­лердің рухын түсіріп, әскердің институт ре­тіндегі қауіпсіздігі мен беделін төмендетеді. Мәселенің түп-тамыры иерархия мәдение­тін­де, яғни әскерде тәжірибесі бар қызмет­кер­лер жаңадан келгендерді басып-жаншуға құ­қығымыз бар деп ойлайтындығында. Ба­қылаудың тиімді механизмдерінің болмауы, жеке құраммен жұмыстың әлсіздігі мен әске­ри қызметкерлер тарапынан болатын реп­рес­сиядан қорқу мәселені ушықтыра түседі.   
Бұл жағдайды шешу үшін жүйелі әрекет ету керек. Ең алдымен, әскери мәдениеттің өзін өзгерту маңызды. Әскерде теңдік, өзара сый­ластық, қолдау атмосферасы қалыптасуы ке­рек. Бұған командалық рухты дамытуға, зор­лық-зомбылықтың алдын алуға және әр­бір әскери қызметкерді құрметтеуге бағыт­тал­ған білім беру бағдарламалары арқылы қол жеткізуге болады.
Тағы бір маңызды бағыт – армияның кә­сіби деңгейін арттыру. Әскердің келісім­шарт­тық жүйеге көшуі және міндетті қызмет мер­зімінің қысқаруы жаңадан қабылдан­ған­дар мен «үлкендер» арасындағы алшақтықты азайтады. Бұл зорлық-зомбылық жиі орын алатын бейресми иерархияның қалыптасу ықтималдығын азайтады. 
Сонымен қатар технология да әлімжет­тік­ке қарсы күресте тиімді құрал бола алады. Ка­зармаларда бейнебақылау орнату әскер­де­гілердің қауіпсіздігіне қосымша кепілдік бе­ре­ді. Сондай-ақ командирлердің дайын­ды­ғы­на ерекше назар аудару өте маңызды. Олар ко­мандаларды басқарып қана қоймай, қара­ма­ғындағыларға үлгі бола отырып, жанжал­дар­дың алдын алуы керек. Халық арасында жүр­гізілетін ақпараттық науқандар әскер ту­ра­лы түсінікті өзгертуге ықпал етеді. Отба­сы­лар мен сарбаздар зорлық-зомбылық қа­лып­ты жағдай емес, ол үшін жауапкершілік бар, бұл заңды бұзу екенін білуі керек. 
Әскердегі әлімжеттіктен құтылу ұзақ уа­қыт­ты алады, бірақ оны іске асыруға болады. Бұған мемлекеттің, әскердің, азаматтық қо­ғамның және әскери қызметкерлердің өздері қа­тысуы қажет. Әскер кәсіпқойлық, өзара сый­ластық пен теңдік орнаған мекенге ай­налу­ға тиіс.

Жанат ШАМАҚОВА, 
психоаналитик:

Бәрі авторитарлық тәрбиеде жатыр

– Жастардың буллингке ұшырауының себептері де әртүрлі. Жалпы, өзін төмен бағалайтын балалар әлімжеттікке жиі ұшырайды. Оған бірінші себеп баланың ата-анасынан толықтай сүйеніш таба алмауы, махаббатын сезініп өспеуі. Алты жасқа дейін мейірім көрген бала өскен кезде өмірдің қандай қиындығы болса да екі аяғын тең басып, тік тұрып қарсы алады. Бізде баланың қарны тоқ, көйлегі көк болса болды деп ойлайтын ата-аналар әлі де көп. Балаға ақша емес, махаббат керек. Тіпті, ерлі-зайыптылар ажырасып кетсе де баланы екеуі бірдей жақсы көрсе, ол бақытты болып өседі. 
Әскердегі әлімжеттікте біз тек жәбір көргендерге қиын деп ойлаймыз. Ал шындығына келсек, зәбір көрсетушіге де оңай емес. Өйткені ол да кезінде зорлық көрген, таяқ жеген. Соны енді өзі қайталап тұр. Ал ішкі тірегі мықты балалар «бейтарап аймақта» жүреді. Оларға ешкім тиіспейді, олар да ешкімге тимейді. Әлімжеттікті көргендер барлығы жиналып қарсы шықса, бәлкім әлімжеттік болмас па еді. Жалпы, әскердегі өмірмен біршама таныс болғандықтан тәрбие жұмыстарының дұрыс жүргізілмейтініне көзім жетті. Психолог мамандар әскерге жаңадан келгендермен дұрыс тренинг өткізу керек. Негізі, мектеп болсын, техникум болсын, институт болсын, әскер болсын психологиялық тренингтер өткізілгені дұрыс. Жігіттерді бір адам екінші адамнан кем емес деген командалық рухта тәрбиелесе, онда олардың «үйіріне» ешкім тиіспейді әрі өздері де бірін-бірі «жемейді». 
Әскерде мәдениеттің төмендігі де жасырын емес. Олар жыл бойы қойылымдар көрмейді, көрсе де оны ары қарай талқылап, бәрі бірге отырып анализ жасамайды. Әр сарбаз өз ойын айтса, әлімжеттік жасайтындар да өз ішіндегі жарасын ашса, сезімдерін ажыратса, ары қарай жамандық істеуге бармайды. Әскерде барлық жерде бейнебақылау камералары орнатылуы тиіс. Камера тұрған мына жерде адамдар бір-біріне тиісе бермейді. Ертең жауап беретінін білген адам ешкімге тиіспейді. 
Әскердегі әлімжеттікті жеңу үшін кешенді жұмыстар жүргізілуі керек. Тағы бір айта кетерлігі, иерархия бойынша кім үлкен, сол жауап береді. Балабақшада, мектепте, отбасында кішкентай бала не оқушы бірдеңе бүлдірсе, үлкендер жауап береді. Алайда бізде бұл мәселеге министрлік жауапкершілік алмай отыр. 
Анализ жасап қарасақ, мұның түбінің бәрі авторитарлық тәрбиеде жатыр. Отбасында үлкендер балаға «Мен айттым, сен орында», «Менікі ғана дұрыс» деп айтады. Бала осыны дұрыс деп қабылдайды, солай болуы керек деп ойлайды. Балабақшада солай басталып мектепте жалғасады, ЖОО-да да солай, соңыра өмірде де. 
Жастар әскерге өлу үшін емес, Отан алдындағы борышын өтеу үшін барады. Әрбір әскерге аттанған жігіттің жүрегінде «Мен тірі қайтамын ба?» деген күмәнді сауал тұрса, бұл қоғамның дерті. Әскер ер-азаматты есейтетін, ширатып, өмірдің қиындықтарына бейімдейтін орта болғандықтан, ол жердің қауіпсіз болғаны маңызды. 

Серіктес жаңалықтары