Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов ОКҚ алаңында туризм саласындағы мемлекеттік саясаттың басым бағыттары мен жүзеге асырылып жатқан реформалардың нәтижелері туралы баяндады. Оның айтуынша, елімізде туристік саланың оң өсімі байқалады. Негізгі көрсеткіштер жақсарып, оның ұлттық экономикаға қосатын үлесі артып келеді, деп хабарлайды turkystan.kz.
«2026 жылдың І жартыжылдығында орналастыру орындарында 5 млн-ға жуық адамға қызмет көрсетілді. Қызмет көлемі 15%-ға артып, 173,7 млрд теңгені құрады. Бүгінде салада 565 мың адам еңбек етеді. Бұл – Қазақстандағы жұмыспен қамтылған халықтың жалпы санының 6%-ы. Туристік қызметтен түскен салық түсімдері 303 млрд теңгеге жетті. Ал шетелдік туристер елде 1,4 млрд АҚШ долларын жұмсады», – деді спикер баспасөз конференциясында.
Сонымен қатар, 2026 жылдың тоғыз айында туризм саласындағы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 1 трлн 319 млрд теңгені құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 68%-ға жоғары.