Алматының қоғамдық орындарында 24  дербес кітапхана орнатылды

Алматы қаласы кітапхана саласында инновациялық шешімдерді белсенді түрде енгізіп жатыр.

Алматының қоғамдық орындарында 24  дербес кітапхана орнатылды
Автор
Админ
102

Шаһар әкімі Ерболат Досаевтың тапсырмасы бойынша мегаполистің қоғамдық орындарында алғаш рет оқырмандарға кітап ұсынатын заманауи автоматтар орнатылды.

Осындай 24 дербес кітапхана тоғыз метро станциясында пайда болды: «Райымбек батыр», «Жібек жолы», «Алмалы», «Абай», «Байқоңыр», «Мұхтар Әуезов», «Алатау», «Сайран» және «Мәскеу», сондай-ақ Медеу және Әуезов аудандарының ХҚКО-тарында, «Спутник», «Атакент», «Азия паркі» сынды сауда орталықтарында, Медеу және Түрксіб аудандарындағы жастар комьюнити орталықтарында және Sail коворкингінде орнатылды.

Автоматты қондырғылардың  көмегімен оқырмандар дәстүрлі кітапханаға бармай-ақ кітаптарды таңдап алып, бірнеше күн бойы оқи алады. Оқып болған соң әдебиеттерді 24 аппараттың кез келгеніне немесе қалалық кітапханалар филиалына қайтара алады. Ол үшін оқу билеті болуы керек. Егер ол болмаса, сіз тіркеуден өтіп, «Қала оқырмандары клубына қосыла аласыз».

Қажет болған жағдайда әр азамат «Алматы кітапханаларына» қарасты 28 филиалдың бірінен оқырман билетін ала алады, оның үшеуі тәулік бойы жұмыс істейді.

Айта кетерлігі, кітап оқығанды жақсы көретіндер  almatylibrary.kz  сайтын пайдаланып, қажетті кітаптарды таңдап, тапсырыс беріп, оларды онлайн режимде оқи алады. Берешек пен борышкерлерді автоматты түрде есепке алу үшін қайтару мерзімдерін қадағалау жүйесі енгізілді.

«Біз оқырмандар үшін ең қолайлы жағдай жасап, озық шешімдерді енгізіп жатырмыз. Өткен жылы бірнеше жаңа кітапхана ашылды, бұл жұмыс 2025 жылы да жалғасады. Жалпы, қазір қала тұрғындары үшін әкімдікке қарасты 28 кітапхана және қоғапдық орындарда 24 дербес кітапхана-аппараты жұмыс істеп тұр. Біз қаланың әрбір тұрғыны кітап оқығанын, білімге ұмтылғанын қалаймыз. Бұл үшін кітапханалар тіпті жер астында – метро станцияларында да қолжетімді. Кітапхана саласын дамыту мәселесі қала әкімінің ерекше бақылауында»,- деп атап өтті Алматы қаласының Мәдениет басқармасы.

 

Серіктес жаңалықтары