Секен Тұрысбек: «Домбыра күнін» мамыр айында өткізу керек
Күй деген киелі өнер. Ол жайдан-жай шықпайды. Өнердің қасиеті де, қасіреті де бар. Қазақ «Күйінгеннен күй шығады» демей ме? Тарихқа қарасақ, талай күйлердің тууына өмірде көрген қиындықтар себеп болғанына көзіміз жетеді.
Қазақ күй мен күйшіні әрқашан құрметтеген. Күйші елге келсе, оның күйін тыңдап, домбыраға әуес жастарын соңына ертіп, батасын алуға тырысқан. Күйші – дәуір тынысын дыбысқа сыйдырған өнерпаз болса, күй – жаратылыс мәтіні еді. Қос ішекте сорғалаған үнді пенде баласы ұйып тыңдайтын. Жаратылыс сырын әуезден аңдап, бас шұлғысып, бағзы дәуірлерді еске алатын. Бүгінгі күй мен күйшінің халі қалай? Күйден жырақтап кетпедік пе? Күйшісін сыйлайтын қасиетіміз қалды ма? Осы сұрақтар төңірегінде толғатып, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның Халық әртісі, күйші-композитор Секен Тұрысбек ағамызға қоңырау шалып, жолығысқан едік.
– Секен аға, сізбен өткен жылдың соңында сұхбат құрмақшы болғанымызда қолыңыз босамады, ел жаққа баратыныңызды айтып, әңгімеміз кейінге шегерілді. Туған елге сапарыңыз қалай өтті?
– Иә, елге барып қайттым. Абай облысының әкімі Қазақстанның Халық әртісі атағын алғаныма орай елге келіп кетсеңіз, халықпен кездесу өткізсеңіз жақсы болар еді деп шақырған. Семейдегі Абай атындағы драма театрында халықпен жүздесу болды. Елдің, әкімдіктің ықыласына рахмет, сыйлап көлік мінгізді. Содан соң өзім өскен Үржарға бардым. Өзім оқыған мектепте болдым. Ауылда мәдениет үйін салып жатыр екен. Сондай-ақ аудан орталығына да мәдениет үйін салғалы жатыр. Ол жақта «Көңіл толқыны» оркестрінің құрылғанына өткен жылы 30 жыл толды. Ал жұрт білетін «Көңіл толқыны» атты күйімнің жарыққа шыққанына биыл 40 жыл болады.
– Өнерге ынтаңыз бала кезден оянған ба еді?
– Иә, музыкаға қызығуым бала кезде тыңдаудан басталды ғой. Анамның бауыры, 24 жасында дүние салған Төлеубай деген нағашымның домбырашылық өнеріне мектепте жүргенде қызығатынмын. Сосын Илал Әубәкіров деген нағашым, елуден өте бере дүние салды, ол да керемет өнерпаз болатын. Солардың әсері мені өнерге әкелді. Семейде оқуда жүргенде, консерваторияда білім алып жатқан кезде ауылға барсам, үйге 10-15 минут бөгеліп, амандық-саулық сұрасқан соң бірден Илал нағашыма баратынмын. Содан таң атқанша ән-күймен отыратынбыз. Енді қазір ол кісілер жоқ, ауылға барсам өзім оқыған мектепке кездесуде болам, сосын Алакөлге соғам. Ауданда концертімді өткізіп қайтамын.
– Мықты музыкант болу үшін терең білім қажет екені белгілі. Білім алған жерлеріңіз, ұстаздарыңыз туралы да айта отырсаңыз.
– Семейде музыкалық училищенің 3-курсынан кейін Алматыдағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының 1-курсына түстім. Белгілі дирижер, композитор Мәлгаджар Әубәкіровтың класында оқыдым. Оны 1986 жылы бітірдім. 1987 жылы композиторлыққа қайта түсіп, Еркеғали Рахмадиевтің класында оқыдым. Үш жылдай оқығаннан кейін Еркеғали аға, «Секен, сен күй шығара бер, мен 6 опера жаздым, ешкімге керегі жоқ» деген. Кейін менің Аят деген қызым да сол кісінің класында оқып бітірді.
Еркеғали ағаның үлкен ерлігі – консерваторияда қылқобыз аспабының класын аштыруы болды. Өзі консерваторияда ректор болып тұрған кезде Дәулет Мықтыбаевты, Жаппас Қаламбаевты, Сматай Үмбетбаевты консерваторияға алдырып, сабақ бергізді. Әрқайсысына үй алып беріп, жағдайын жасады. Соның арқасында бүгінде қылқобызды үйренушілердің қатары домбырашылармен бірдей деңгейге жетті.
– Күй өнері кез келгенге қона бермейтін бекзат өнер ғой, сондықтан күй шығару, күйші атану санаулы адамға бұйыратын бақ. Күйлеріңіздің шығу тарихы туралы әңгімелеп берсеңіз.
– Мені елге танытқан «Көңіл толқыны» атты күйім 1985 жылы жарыққа шықты ғой. Одан кейін «Ақ жауын», «Боздақ», «Өкініш», «Аруана» күйлері шықты. Сөйтіп, алғашқы 7-8 күйім халыққа тарағаннан кейін сол тұста бәсі жоғары Ленин комсомолы сыйлығының иегері болдым. Содан бері, бәрін қосқанда 16 күй жазыппын. Соңғысы – «Секеннің қоңыры».
Күй деген киелі өнер. Ол жайдан-жай шықпайды. Өнердің қасиеті де, қасіреті де бар. Қазақ «Күйінгеннен күй шығады» демей ме? Тарихқа қарасақ, талай күйлердің тууына өмірде көрген қиындықтар себеп болғанына көзіміз жетеді.
Менің Анар, Жанар деген екі қызым екі жасында шетінеп кетті. Екеуінен айырылғанда «Қос жұлдызым» деген ән жаздым. Содан кейін аз уақыттан соң «Көңіл толқыны» деген күйім туды. 1985 жылы Мәскеуде өткен дүниежүзілік ХІІ жастар мен студенттердің фестиваліне бардым. Қаланың сыртындағы орманда жүр едік, аяқ астынан жаңбыр құйып кетті. Бәріміз музыка ойнап, жастар билеп жатқан, ағаштан салынған үлкен үйшікті барып паналадық. Шетте тұр едім, бір кезде шатырдан ағып жатқан жаңбыр суынан кішкене көлшік пайда болып, соған тамып жатқан тамшылар дыбысы ерекше бір ырғақ ойнап тұрды. Домбыра алысырақ жердегі автобуста қалып қойған. Әлгі ырғақты іштей қайталап, миымда сақтап, автобусқа жеткен бойда домбыраны қолға алдым. Ешкіммен сөйлеспей, айырылып қалмайын деп ойыма қона кеткен ырғақты домбырада қайталап отырдым. Қонақүйге жеткен соң оны нотаға түсіріп болып, уһ дедім. Сөйтіп, елге келгенше күйдің сұлбасын жасап, елге келген соң сағадан тартылатын жерін қосып, күйді бітірдім. Солайша, іште жүрген ой күйге айналды.
1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына белгілі композитор Хасен Қожахметпен бірге алаңға барып, не болып, не қойып жатқанын өз көзіммен көріп, жүрегіммен сезіндім. Ол бір халқымыздың басына түскен қасіретті оқиға ғой. Сонда жазықсыз жазаланған қазақ жастарының көрген қиындығы көкірегіме шер болып құйылып, «Боздақ» деген күй шықты.
– Желтоқсан оқиғасы кезінде алаңға барғаныңызды айтып отырсыз. Қудаланбадыңыз ба?
– Желтоқсан оқиғасы болған тұста Ықылас атындағы Халық аспаптар музейіндегі «Сазген» ансамбліне жетекшілік жасайтын едім.
Кеш түсіп, алаңда жүргендердің қарасы азая бастаған кезде әскерилер халыққа лап қойды ғой. Содан қашқан жұртпен бірге Лермонтов драма театрының жанына жеттім. Менің алдымда екі-үш қазақ қашып бара жатқан екен. Мен де солардың ізімен жүгірдім. Ізімде үш-төрт солдат келе жатыр. Менен қалар емес. Басымда бөрік, бетімді шарфпен жауып алғам, әлдеқандай жағдай болса түрімді танып қоймасын деп. Содан Абылай хан мен Құрманғазы көшесінің қиылысына жеткенімде соңымнан ергендер алыстап қалды. Мініп кетейін десең бірде-бір такси тоқтамайды, ол кезде таксистердің көбі өзге ұлт өкілдері ғой. Содан жүріп отырып, Сейфуллин мен Белинский көшесінің қиылысатын тұстың күнбатысындағы Сельская көшесі, 23-үйде тұратын Таласбек Әсемқұловқа жетіп жығылдым.
Менің алаңға барғанымды білген музейдің директоры, музейдің партия ұйымының хатшысы (қазір атын жұрт білетін М. деген әнші әйел), сосын комсомол комитетінің жетекшісі, қылқобызшы жігіт – үшеуі үстімнен арыз жазыпты: алаңға барған, онымен қоймай музей қызметкерлерін алаңға шығуға үгіттеген деп. Содан маған «үш әріптен» бір орыс жігіт келді. Әлгі үшеуі тұр, «ал енді жауабыңды бер» деп. Содан музейдің екінші қабатына көтеріліп, кішкене бір бөлмеге барып, маған не үшін келгенін айтып, жаңағы үшеуінің арызын көрсетті. Арыздың астында аттары тұр. Менен алаңға бардың ба деп сұрады. Барғанымды, көргенімді – бәрін айтып бердім. Ол мені тыңдап болды да, «енді тыныш жүріңіз, әлгі үшеуіне үстіңізден арыз жазғанын білетініңізді сездіріп, қабақ шытпаңыз. Түк болмағандай жұмысыңызды істеп жүре беріңіз. Егер араларыңызда конфликт болып, олар тағы арыз жазатын болса мен сізді ана жаққа шақырамын» деп тапсырды. Оқиғаның бұлай жайбарақат бітуіне қоғам және мемлекет қайраткері Екейбай Қашағановтың жұбайы Мархаба Керімқұлқызының әсері болғанын кейін білдім. Ол кісі Халық аспаптары музейін басқарған еді. Күйеуі үш әріптің бастығымен таныс болуы керек, мені беделін салып қорғап қалған. О кезде Екейбай ағаның қайтыс болғанына бір жыл болған. Желтоқсан кезінде «үш әріп» алаңға шыққандардың тізімін жасаған ғой. Сол жаққа хабарласқан Мархаба апай тізімде менің бар-жоғымды сұратқанда атым тұрғанын біліп, маған араша түскен. Сөйтіп, қудалаудан аман қалдым. Бірақ бірге істеген адамдардың қиянаты жүректе қалды. Сатқындар қай кезде де табылады екен.
Бір кезде әлгі үшеуі туралы бір сұхбатымда ашық та айтқам, бірақ оның жазықсыз жақындары жұрттың алдында жерге қарамасын деп ертеңіне барып, өшіртіп тастадым.
– Бір кезде сіздің басшылығыңызбен «Көңіл толқыны», «Ақ жауын» оркестрлері құрылып, өнер ұжымдары елге танылды. Сол оркестрлер жайында да айта отырсаңыз.
– Тұңғыш президент бір жүздескенімізде «Нұрғиса жөнінде пікірің қалай, күйлері жөнінде не айтасың» деп сұраған. «Тілендиев туралы ештеңе айтпаймын, ол – тірі аруақ» деп жауап бергем сонда. Сосын ол кісі отырып, «сен де өз оркестріңді құрсаң қайтеді» деді. Солайша, 1994 жылы «Ақ жауын» жеке оркестрі құрылды. 1998 жылы Назарбаев Астанаға шақырды, кел, үй беремін деп. Мен ол кісіге оркестрді тастап бара алмайтынымды айттым. 2001 жылы Иманғали Тасмағамбетовке айтыпты, «ана Секенді шақыр, оркестрімен келсін» деп. Сонымен оркестрдегі 28 адамның 21-і Астанаға барды. Қалған музыканттарды сол жақтан алып, оркестрді толықтырдық. Уақытша Еуразия университетінде болдық. Барлық жағдай жасалды. Бір жылдан соң «Ақ жауын» мемлекеттік камералық оркестрге айналып, президент мәдениет орталығында жұмыс істей бастадық.
2016 жылы тамызда жер дауы болып жатқанда, соның ортасына түсіп кетіп, қарсылық білдірем деп жоғарыға жақпай қалдық. Экс-президент «Мұны Астанаға шақырып, мемлекет қамқорлығына алып жүрсек, бізге қарсы екен ғой» деп ренжіпті. Сол кезде Қазақстан Республикасы Мәдениет министрі болып тұрған Арыстанбек Мұхамедиұлына мынаны құрт деген бұйрық берілген болуы керек, ол бізді мемлекеттік мекемеден шығарып тастады. Қолды бір сілтеп, Алматыға қайтып келдім.
Бірде Алматыда волейболдан бір турнир болды. Турнир біткен соң тауда бір отырыс болып, онда Олжас Сүлейменов, Аманкелді Шабдарбаев, Амандық Баталов, Ерсұлтан Бектұрғанов ағаларымызбен бірге дастарқандас болдым. Бәріміздің басымызды қосқан Аманкелді ағамыз Секеннің күйін тыңдайық деп, біраз күй тартылды. Әңгімелер айтылды. Әңгімеден әңгіме шығып, 15 жылдай Астанада болдым, енді оркестрдің тағдыры анадай болды деп бәрін айтып бердім.
Содан кейін Амандық Баталов ағамыз әзірге деп 15 адамға штат берді. Менде отыз адам. Бәрін ұстау үшін әрқайсысына жарты штаттан бөліп бердім. Жарты жылдан соң оркестрге тағы 18 адам қосылды. Сөйтіп, міне бес жыл болды, «Ақ жауынды» жаңғыртып жұмыс істеп жатырмыз. Былтыр «Ақ жауын», «Көңіл толқыны» оркестрлерінің құрылғанына 30 жыл толды.
«Көңіл толқыны» оркестрі Абай облысының, Үржар ауданында құрылған өнер ұжымы. Аудан орталығында мәдениет үйі салынып жатыр, музыкалық колледж бар. Ол жақта талантты жастар көп. Жыл сайын өнер сайысы болып тұрады. Былтыр оған аудан көлемінен 3 мың бала қатысыпты. Сондықтан «Көңіл толқыны» оркестріне талантты жастарды тартып, репертуар жаңалау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
– Жыл сайын өтіп жататын Домбыра күні де жастардың ұлттық музыкаға деген ықыласын оятып, ынтасын арттыратын болса керек?
– Әрине, оның да игі әсері мол. Дегенмен өнер деген бапты қалайды, сондықтан оның дамуы үшін жағдай жасалуы керек. «Домбыра күні» мерекесі бар, тек ол күннің шыжып тұрған кезі – шілдеде өтеді. Соны мамыр айында өткізсе қолайлы болар еді. Домбыра ағаштан жасалады, ол күн ыстықта кеуіп, қаңсып, үні бұзылады ғой. Баяғы бабаларымыз жаздың күні ыстықта домбыра тартпаған, малды жайғап болып, кешкі салқында домбырасын қолына алған. Оның үстіне ол кезде домбыра ұстағандар аспабын киізден жасалған, ыстық өткізбейтін қабына салып сақтаған.
– Қазір күй шығарушылар көбейген сияқты...
– Күйдің оңайлықпен тумайтынын өнерден хабары бар адам біледі деп ойлаймын. Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбеттер пәлен күй шығарыпты дегенді кей адамдар басқаша түсініп қалатын болса керек, күй шығарып жүргендердің көбі сапасынан гөрі санына қызығатын сияқты. Жүзге жуық күй шығарғандар да бар. Бірақ оның не екенін консерватория бітірген сауатты музыканттар сезеді ғой, кейде ана күйді анадан, мына күйді мынадан алыпты деген секілді әңгімелер болып жатады мамандар арасында.
Өткен ғасырды алсаңыз, Ахмет Жұбановтың «Би күйі», Хабидолла Тастановтың «Би күйі» деген танымал күйлер бар. Олар сол күйді дүниеге келтіруге ұзақ толғаныстан кейін барған. Әйтпесе, олар көп күй шығаруды білмеді дейсіз бе? Ахмет Жұбановтың қобызға арналған «Ария» шығармасының өзі не тұрады? Ғазиза Жұбанова апамыздың «қандай шығарма болса да ерекше әуен, саз болуы қажет, әйтпесе, оның несі музыка» деген сөзі көп нәрсені ұқтырса керек.
Бертінде жазылған симфонияларды адам ұқпайды, отыра қалып, әйтеуір, оннан-мұннан құрап кітап жазған сияқты шығара салғандай әсер қалдырады. Әйтпесе, кітап жазу үшін де көп оқып, көп сіңіріп, содан идея тауып, шабыттанып барып жазбай ма? Музыка да солай болуы керек қой!
– Өнердің қай түрімен болса да шұғылданатын адамдарға оңай болмай тұр ғой бүгінде...
– Жақсы музыка жазып жүргендер бар. Бірақ композитор жасаған туындысына қаламақы алмаса, қалай үнемі тек шығармашылықпен шұғылдана береді? Сосын арзан тапсырыстарды орындауға мәжбүр болады. «Бұлбұлдың да тамағы бар» емес пе? Өнердің қадірі кетпеуі үшін шынайы өнерпаздарды тұрмыс қинамауы керек. Нағыз өнер адамы той-томалақтың әншісі емес қой.
Бір кезде Құрманғазы оркестріне, «Отырар сазы» оркестріне жаңа музыка шығарып, партитурасын жазып, оркестр репертуарына қосқандарға министрліктен арнайы қаржы бөлінетін. Жаңа музыкалардың өзін арнайы көркемдік кеңес қатал сыннан өткізіп барып қабылдайтын. Радиода, телевидениеде шығармалары орындалған адамдарға қаламақы төленетін. Қазір қарасаң, атақты оркестрлердің көбі баяғы репертуарларымен жүр әлі. Жазғанына қаламақы алмаса музыкант қалай жаза береді?!
Кейбір белгілі әншілер жылына бір-екі рет концертін береді де, той-томалаққа барып ақша табады. Қайтсін енді, бала-шаға бағу керек. Ән жазатындар да тойдың ыңғайына қарап жазатын болды... Өстіп отырып қалай өсеміз, музыкамыз қалай дамиды?
Мәселен, мен айтып отырмын ғой, 16 күй жаздым деп. Соған бір тиын қаламақы алды дейсіз бе? Әйтеуір, халықтың игілігіне айналғанына тәубе деп отырмыз. Әрине, бағаланбай қалдым деп өкініп отырған жоқпын, 28 жасымда комсомол сыйлығын, 31 жасымда Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі атағын алдым. Ал ондай игілікке қолы жетпеген таланттар аз емес қой. Шынайы өнерпаздың еңбегі бағаланбай қалғаннан жаман нәрсе жоқ.
– Атақ алу, сыйлық иегері болу өнер адамдарына жарасады деп жатады ғой, оған көзқарасыңыз қалай?
– Атақ деген өнер адамына жарасады, әрине. Елдің алдына шыққанда, шетелге барғаныңда атақ, марапат дегеннен жұрдай болып тұрсаң, ол да ыңғайсыз ғой. Дегенмен оның да реті, жөні бар. Өз саласына лайықты еңбек сіңіргендерді елеусіз қалдыруға болмайды. Соны да ескеру керек. Жоғарыда қолым жеткен марапаттарды айтып отырмын ғой, соны да біреулер ерте алды деп әңгіме қылды. Содан кейін ондайдан аулақ жүруге тырыстым. 38 жасымда реті келіп тұр деп маған Халық әртісі деген атақ бергісі келгенде одан бас тартып, Құрманғазы оркестрінің концертмейстері, күйші Тұяқ Шәмелов ағамыздың алғанын жөн көрдім. Ағамыздың жасы 60-қа таяп қалған, еңбегі бар. Оның үстіне сол кезде о кісінің баласы қайтыс болған еді. Басына анадай қайғы-қасірет түсіп жатқан ағаға рухани демеу болғанын қаладым. Содан он шақты жылдан кейін дүниеден өтті. Уақытысында Тұяқ ағаның Халық әртісі болғанына қуандым. Кейін ол атақты алып тастап, жақында ғана қайта қалпына келтірді ғой, соған орай ол атақ бізге де бұйырды.
– Мына Ықылас Дүкенұлы атындағы Халық аспаптары музейінде тұрған небір күйшілердің домбыраларының пішіні әртүрлі. Содан болар, домбыра аспабын бір қалыпқа түсіру үшін академик Ахмет Жұбанов 1930 жылы ағайынды шеберлер – Эммануэль және Борис Романенколарды елге алдырып, домбыра жасатқан екен. Қазір ағайынды Романенколар жасаған домбыралар жоғары бағаланады. Сізде де сол кісінің қолынан шыққан домбыра бар екен.
– Консерваторияда Жәнібек Кәрменовтің класында оқитын павлодарлық Мақсұт деген жігіт «әкем бір домбыраны сандыққа салып сақтайды, шертіп көрейік десек, бұл күйдің домбырасы деп бермейді» дейтін. Сөйтіп, бір күні алып келді. Оны әкесінен сұрап алды ма, үйінен ұрлап әкетті ме, әлде ақша керек болды ма, білмеймін. Ол Романенко жасаған домбыра екен. Ақшасын беріп алдым. Қоңыр дыбысты ерекше домбыра еді. Он жылдай ұстадым. Радиоға да соның үнімен күй жаздырдым. Сол домбыраңның дауысы әлі құлағымызда деп домбыра жасайтын шеберлер де тамсанады.
1992 жылы Республика сарайында айтыс болып жатты. Жүрсін Ерманов айтыстың арасында күй тартып бер деп шақырған. Соған барғанда домбыраны футлярына салып, сыртқа темекі тартып келуге шықтым. Қайтып кеп, күй тартуға шықпақ боп футлярды ашсам – домбыра жоқ! Сосын Жүрсінге хабарласып, мені шығармай-ақ қойыңдар, домбырамды жоғалтып отырмын дедім. Бәрі жабыла іздегенмен табылмады. Алған адам қашып үлгерген. Оны әкеткен адамды шамамен білемін, бірақ ұстап алмаған соң сен алдың деп айта алмайсың. Жұрттың көбі де содан көреді. Қазір де бар, өзі композитор жігіт, ән жазады. Мені көрсе қашқақтап жүреді. Ырымдап алған шығар деп ойлаймын.
Одан кейін Романенко жасаған тағы бір домбыра қолыма түсті. Ана домбыра жоғалған соң Семейге бір барғанымда, Марат Толықбаев деген кісінің үйінде бір домбыра көрдім. Ілулі тұрған жерден түсіп кеткен болуы керек, домбыраның түбі жарылып, ішіне кіріп кеткен екен. Осылай жата берсе, көп ағаштың бірі болып, пештің көмейіне кетіп қалатын түрі бар. Домбыраның бетіне қарадым да Романенконың қолынан шыққан аспап екенін бірден білдім. Соны сұрап алып, белгілі домбыра шебері Жолаушы Тұрдықұловқа әкеп жөндетіп алдым. Әлі күнге дейін ұстап жүрмін. Беті жұқарып ойылып бара жатса Жолаушыға апарамын, ол ойылып кете бастаған жерге ағаштың күлдей ұнтағын салып, желімдеп береді. Ал ана кісіге костюм-шалбарын кигізіп, жақсы бір домбыра беріп жібердім.
Романенконың жасаған домбырасы талай адамда болды. Біреуі Нұрғиса ағамызда бар еді, альт домбыра, мойны 46 сантиметрлік (қазіргі домбыралар 48 см ғой). «Ахмет Жұбанов жасатып беріп еді» деп сахнада домбырасын сүйіп қоятын. Бірақ анадай қоңыр үн жоқ, үні қатқылдау шығады. Нұрекеңнің неғып соған құмар болғанын білмеймін енді. Ол домбырасын «Дариға домбыра» дейтін. «Мархаба домбыра» дейтін де бір домбырасы болды.
Домбыра демекші, осы Халық аспаптар музейінде Әбікен Хасеновтің домбырасы болды. Музейде дүйсенбі күні тазалық күні болады, аспаптардың шаңын сүртіп, тазалап тұрады. Сондай кезде Әбікеннің домбырасын алып жарты сағаттай тартатынмын. Ол кезде күйшінің «Қоңырымен» ауырып жүрген кезім. Мынаны алып, бір күні радиоға күй тартып жаздырсам деп жүргенмін. Соны естіп қалған болуы керек, музейдің директоры Нұржан деген кісі Секен мұны бір жерге апарып күй тартса, музейде аспапты лас ұстайды екен деп жүрер деп, бетін, мойнын айнамен қырғызып, тазалатып тастапты. Әдеттегідей домбыраны шерткім кеп қарасам, ағарыңқырап қалған секілді. Тартып көрсем, баяғы үн, дыбыс жоқ. Аспаптың күйі кеткен. Содан ашуланып, сол кезде Мәдениет министрінің орынбасары Әбіш Кекілбаев ағамызға барып, болған жайды айттым. Сөйтіп, он-бес күннен кейін музейдің директорын жұмыстан шығарып жіберді. Кететін адам кетті-ау, бірақ ана домбыраны құртып кетті...
– Кейінгі кезде күйлердің, оның ішінде төкпе күйлердің орындалуы жөнінде әртүрлі әңгімелер айтылып жүр ғой. Күй тез шертіледі, темп қосылып кетті дейді. Бұл мәселеге ойыңыз қандай?
– Шын мәнінде, күй тартушылар кейінгі кезде техникаға салып жіберді. Үнге, дыбысқа, тербеліске мән беріле бермейтін болды. Неғұрлым тез тартылса, соғұрлым керемет шығады деп ойлайтын болуы керек.
Бір кезде Рысбай Ғабдиев деген керемет домбырашы болды. Домбырасының үні, саусақтарының дыбысты ұстауы қандай керемет! Темп содан басталғандай. Ол кісі темп қуалайын деген жоқ, студияда күй жазылғанда темп қосылып кетіп отырды. Неге десеңіз, күйтабаққа сыю үшін күй ықшамдалған сияқты. Өзім де күй жаздырғанда байқағам оны. Сондықтан күйді тез тартудың шегі Рысбай ағаның орындауы деп білем. Одан әрі қарай тездетуге болмайды. Одан кейін тез тартуды Қаршыға Ахмедияров көрсетті. Қазір тез тартуда Қаршекеңнің өзі далада қалғандай. Сосын айтарымыз, шертпе күй, төкпе күй деп алалауға болмайды. Бір жағы кем, екінші жағы артық болса, күй дамымай қалады. Консерваторияны бітіргендердің өзі шертпе күйді білсе, төкпе күйді жөндеп игере алмай жатады.
Бүгінде домбыраның бұрауы да өзгеріп кетті. Оркестрге лайықтап домбыраның шектерін шыңғыртып бұрайтын болдық. Дина Нұрпейісова әжеміздің тартқан күйлерін қарасаң, домбырасы бостау бұралған, қоңыр даусы балбырап тұр. Қоңыр үн деген қазаққа тән ерекше үн емес пе?
– Домбыра үнінің өзгеруі туралы айтқанда, мәселе оның ішектерінің дыбысына да байланысты болса керек?
– Әрине, ішек дыбысының да әсері болады. Қазір домбыраның ішегін жасаумен айналысып жатқандар да бар. Бірақ әлі де қазақы дыбыс өз бояуын таба қойған жоқ. Дегенмен ол ізденіс те бір күні жемісін береді деп ойлаймын. Қазір немістің лескасы, жапонның лескасы дегенді тағып жүр ғой тапқандар. Соңғысының үні тазалау. Олардың өзі ре нотасына дейін бұрауға келеді де, ары қарай босатсаң қомпылдап қалады. Таза үн шықпайды. Мен өзімнің домбырама бос бұрауға келетін ішекті Қытайда жасатып көрдім, до-ға, си-ге дейін бұрауға келетіндей етіп. Оны лескаға қоспалар қосу арқылы жасаған, бірақ дыбысы жақсы шығады, қоңыр үн береді. Менің 13 домбырам бар, соларға салып тартқанда әлгі арнайы жасалған ішектің үні басқаша шығады. Бірақ оған басқалар үйренбеген, жаратпайды. Ал оны тапсырыс болмаған соң көп қылып жасамайды. Кейде домбыра сөйлемей тұрса, ол ішекке не тиекке байланысты болуы мүмкін. Өзім 30-40 тиек ұстаймын, Әрқайсысының өз орыны бар.
– Бізде әнге, термеге байланысты жарыстар болып жатады. Неге күйшілердің (күй орындаушылар емес) жарысы жоқ? Күй шығаратындар өз туындыларын сынға салса болмас па еді?
– Бұл сұрағың өте дұрыс. Болашақта ойда жүретін нәрсе екен. Күйшілер сайысы болса, ел жаңа күйлерді, жаңа күйшілерді тыңдар еді, таныр еді.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Ахмет ӨМІРЗАҚ