Ұзақ уақыт көлікті жылыту жанармай шығынын арттырып ғана қоймай, атмосфераға зиянды заттардың, соның ішінде көміртек тотығының бөлінуіне себеп болады. Осыған байланысты, Қазақстанда тұрғын үйлердің жанында жұмыс істеп тұрған қозғалтқышпен көлікті 5 минуттан артық тоқтатып қоюға тыйым салынған.
Inbusiness.kz мәліметінше, ережені бұзғаны үшін:
- Алғашқы кезде 5 айлық есептік көрсеткіш (АЕК), яғни 19 660 теңге көлемінде айыппұл салынады;
- Қайталанған жағдайда 10 АЕК немесе 39 320 теңге айыппұл төлеу керек;
- Айыппұл салу үшін мемлекеттік тіркеу нөмірі, құқықбұзушылық жасалған уақыт пен күні көрсетілген 5 минуттан астам бейнежазба керек.
Жол қозғалысы ережелерінің 2-бөлімінің 9-тармағына сәйкес, көлік жүргізушісі қауіпсіздік белдігін тағуға міндетті, сондай-ақ қауіпсіздік белдігін тақпаған жолаушыларды тасымалдауға тыйым салынады.
Бұл талапты орындамаған жағдайда 5 АЕК көлемінде айыппұл (19 660 теңге) қаралған.
Көлікті жылыту немесе қауіпсіздік белдігін тақпау сияқты ұсақ құқықбұзушылықтар елеусіз болып көрінгенімен, айтарлықтай қаржылық шығындарға әкелуі ықтимал.