Алимент төлемеген ер адам бәс тігуге 4 млн теңге жұмсаған

/
Алимент төлемеген ер адам бәс тігуге 4 млн теңге жұмсаған
pixabay.com

Батыс Қазақстан облысында алимент төлеуден жалтарған ер адам бәс тігуге шамамен 4 млн теңге жұмсаған. Бұл туралы облыстық прокуратура хабарлады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ведомство мәліметінше, азамат 2024 жылдан бері баласын асырауға міндетті алиментті төлемей келген. Алайда осы кезеңде ол бәс тігуге бірнеше миллион теңге жұмсаған.

Осыған байланысты оған қатысты Қылмыстық кодекстің 139-бабы бойынша, яғни алимент төлеу міндетін орындаудан жалтару фактісі бойынша қылмыстық іс тіркелді.

Тергеу барысында ер адам 2,6 млн теңге көлеміндегі алимент берешегін толық өтеген.

Батыс Қазақстан облысының прокуратурасы Әділет департаментімен және Өңірлік жеке сот орындаушылары палатасымен бірлесіп алимент өндіру жұмыстарын жалғастырып жатқанын мәлімдеді.

«2026 жылдың басынан бері алимент төлеуден жалтарған 13 борышкер қылмыстық жауаптылыққа тартылған. Прокурорлардың қабылдаған шараларының нәтижесінде 600-ден астам баланың пайдасына 250 млн теңгеден астам алимент өндірілген», – деп хабарлады облыстық прокуратура.

Сонымен қатар тамыз айынан бастап сот орындаушылары тарапынан жол берілетін заң бұзушылықтарға жедел ден қою үшін арнайы Call-орталық жұмыс істейді.

Прокуратура алименттің уақытылы төленуін қамтамасыз ету, борышкерлерді жауапқа тарту және балалардың құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыс жалғасатынын атап өтті.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары