22 жыл бойы тоңазытқышта сақталған эмбрионнан қыз дүниеге келді

/
22 жыл бойы тоңазытқышта сақталған эмбрионнан қыз дүниеге келді
pixabay.com

Грекияда 54 жастағы әйел 22 жыл бойы мұздатылған күйде сақталған эмбрион арқылы қыз баланы дүниеге әкелді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Кристина Рапти-Целепи мен оның жұбайы Константинос екі жыл бұрын жалғыз ұлынан айырылған. Кейін ерлі-зайыптылар тағы да сәби сүюге шешім қабылдаған.

Кристинаның айтуынша, 22 жыл бұрын мұздатылып, сақтауға қойылған эмбрион экстракорпоралды ұрықтандыру әдісі арқылы қайта пайдаланылған.

"2024 жылы жалғыз ұлымыздан айырылып, қайғыдан қан жұттық. Арада біраз уақыт өткен соң, қайта бала көтеремін деп шештім. 22 жыл бұрын эмбрионды мұздатып, сақтап қойған едім. Соның арқасында осы жасқа келіп қайта ана атандым", – деді ол.

Дүниеге келген сәбидің салмағы шамамен 3,5 келі. Анасының айтуынша, қыз баланың денсаулығы жақсы.

Кристинаның алғашқы ұлы да 2004 жылы ЭКО арқылы дүниеге келген. Кейін пайдаланылмаған эмбриондардың бірі ұзақ мерзімге сақтауға қойылған.

Грекия репродуктивті медицина қауымдастығының басшысы Костас Пантос өзінің тәжірибесінде 22 жыл сақталған эмбрионның қайта пайдаланылып, нәтижесінде дені сау сәбидің дүниеге келуін алғаш рет көріп отырғанын айтқан.

"22 жылдан кейін эмбрионды ерітіп, әйелдің жатырына салып, баланың дүниеге келуі – менің тәжірибемдегі алғашқы жағдай. Бұл жолы ата-ананың жүзінен мұң мен қуанышты қатар көрдім", – деді маман.

Ерлі-зайыптылар қыздарының есімін 2024 жылы жол апатынан қайтыс болған ұлы Георгиостың құрметіне Георгия деп қойған.

Кристина мен Константинос алдағы уақытта тағы бір сәби сүю мүмкіндігін де қарастырып отырғанын айтқан.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары