ЕҚЫҰ конференциясында Қазақстанның конфессияаралық диалогты нығайту тәжірибесі айтылды

/
ЕҚЫҰ конференциясында Қазақстанның конфессияаралық диалогты нығайту тәжірибесі айтылды

Конфессияаралық келісім түрлі дін өкілдерінің күнделікті араласуы, бір-бірін тануы, күрделі мәселелерді бірге талқылауы және көмекке мұқтаж жандарға қолдау көрсетуі арқылы нығаяды. Қазақстанның өңірлерінде бұл бағыттағы жұмыстың қалай жолға қойылғанын Варшавада өтіп жатқан ЕҚЫҰ-ның Адами өлшем жөніндегі конференциясының төртінші сессиясында «Қазақстан азаматтары» қоғамдық бірлестігінің президенті Дмитрий Полтаренко айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.

Қарағанды облысы тарихи тұрғыдан көпэтносты әрі көпконфессиялы өңір саналады. Мұнда мұсылмандар, православтар, католиктер, протестанттар және басқа да діни дәстүр өкілдері тұрады. Полтаренконың айтуынша, түрлі қауымдастықтар арасындағы тұрақты диалог өзара түсіністікті нығайтуға мүмкіндік береді.

Осындай өзара пікір алмасу алаңдарының бірі – 2021 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Діни бірлестіктер клубы. Оның құрамына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы, православ және католик шіркеулері, протестанттық бірлестіктер, иудей қауымы, бахаи және вайшнавтар сияқты 14 конфессияның өкілдері кіреді.

«Біз діни сенімдерді бір-біріне жақындатуды мақсат етпейміз. Әр діннің өзіндік ерекшелігі бар. Біздің міндетіміз – осы айырмашылықтарды сақтай отырып, бір-бірімізбен тату өмір сүруді үйрену», – деді Дмитрий Полтаренко.

Клубтың негізгі міндеттерінің бірі – түрлі діни қауымдастықтар арасындағы қалыптасқан теріс түсініктерді еңсеру. Оның мүшелері бір-бірінің мешіттеріне, шіркеулеріне және құлшылық үйлеріне барып, діни дәстүрлерімен танысады, кездесулер өткізеді. Мұндай тікелей қарым-қатынас адамдардың бір-біріне деген сенімін арттырып, арадағы түсіністікті нығайтады.

«Мұндай алаңдаушылықты жоюдың ең қарапайым жолы бар: біз бір-бірімізге қонаққа барамыз. Клуб мүшелері түрлі конфессиялардың шіркеулеріне, мешіттеріне және құлшылық үйлеріне барады. Кездесулеріміздің соңы көбіне ортақ дастархан басында немесе шай үстінде жалғасады», – деді спикер.

Осындай өзара іс-қимылдың бір мысалы – Қарағандыдағы Фатима Пресвятая Деваның соборында Турин кебінінің көшірмесі қойылған көрме. Оны Православ және Рим-католик шіркеулері, Мальта ордені және «Kirche in Not» қоры бірлесіп ұйымдастырған. Көрменің ашылуына клуб мүшелері, мемлекеттік органдардың өкілдері және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының наиб мүфтиі қатысты.

«Православтар, католиктер, мұсылмандар – бәріміз бір залда отырдық. Мен үшін бұл – ұрансыз-ақ көрінетін конфессияаралық келісімнің нақты үлгісі», – деді ол.

Сарапшының бағалауынша, Қарағанды облысының тәжірибесін барлық өңірге ортақ үлгі деуге болмайды. Дегенмен ол конфессиялар арасындағы тұрақты байланыстың тиімділігін көрсетеді. Мемлекет, діни бірлестіктер және азаматтық қоғам арасындағы диалог діни алауыздықтың алдын алуға, өзара сенімді нығайтуға және өңірдегі қоғамдық келісімді күнделікті өмірде сақтауға ықпал етеді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары