Қоғамды толғандырған барлық мәселе қозғалды – сарапшы

Сұхбаттағы ерекше нарративтерді кодтау нәтижесінде көрсетілген 10 тұжырым

Қоғамды толғандырған барлық мәселе қозғалды – сарапшы
Ақорда
257

«Мемлекет тарихы институтының» директоры Нұрбек Пұсырманов Мемлекет басшысының кеше «Ana tili» газетіне берген сұхбатындағы 10 тұжырымды атады.

«Мемлекет басшысының «Ana tili» газетіне берген сұхбаты туралы әлеуметтік және саяси ғылымдардың өкілдері өз интерпретациясын беріп жатыр. Мен де әріптестеріме қосылып, сұхбат мазмұнына қатысты көзқарасыммен бөлісу үшін өзіме үйреншікті дискурс талдаудың көмегімен Президеттің қоғамға айтқысы келген негізгі месседждерді шығаруды жөн көрдім. Сұхбаттағы ерекше нарративтерді кодтау нәтижесінде 10 тұжырымды көрсетуге болады.

Бірінші контексттік хабардарлық. Президент бұл сұхбатында өткен жылы қоғамды толғандырған барлық мәселе туралы өзінің хабардар екенін көрсетті. Су тасқыны, теңгенің долларға шаққанда бағамының құнсыздануы, уақыттың ауысуы, Талғардағы ситуация, мемлекеттік тіл т.б.

Екінші, оптимистік көзқарас. Президент өз сұхбатында еліміздің алған бағыты дұрыстығын, көптеген ауқымды жұмыстардың атқарылғанын, кездескен қиындықтар еңсерілгенін, болашағымыздың жарқын екенін дәйектеген.

Үшінші, салиқалы пікір. Мемлекет басшысы кез келген мәселе туралы айтқанда оң және теріс жағын қатар келтіріп отырған. Сөйлемдердің, параграфтардың құрылымы, экс-президент туралы пікірлері оны айғақтайды.

Төртінші, фактологиялық аргументтер. Президент өз ойын аргументтеу үшін өте көп сандық, мәліметтік, ақпараттық фактілер келтіреді. Осы арқылы Мемлекет басшысы саяси жүйедегі барлық ахуал туралы ақпараты барын көрсетті.

Бесінші, қауесеттерді тоқтату. Президент соңғы кезде тарап жүрген саяси билікке қатысты кейбір қауесеттер мен өсектердің бір тұтам екенін жеткізді. Президент әзірге биліктің басты институттарында ерте сайлау жоспарланбағанын айтты. Мұндай қауесеттерді тоқтату бизнестің тұрақты дамуы, инвестиция тарту үшін маңызды. Ертең билік өзгерсе не  бола деп инвестиция салуға, кәсіп ашуға екі ойлы болып жүргендерге маңызды месседж.

Алтыншы, ұстанымның тұрақтылығы. Қ. Тоқаев өз ұстанымының саяси конъюнктураға, әр түрлі жағдайға байланысты құбылмайтынын, көзқарасының іргетасы тұрақты екенін жеткізді. Оны жауапкершілік, әділдік пен заң үстемдігі, РФ-Украина жағдайы т.б туралы пікірлері арқылы тағы жария етті.

Жетінші, заңның сақталуы. Сұхбатта Президент демократиялық құндылықтарды орнату деп заңды аттайтындарды, Талғардағы жағдайды саясиландырғысы келгендерді т.б. жерлерде батырып сөйледі. Басқа жерлерде де заңның бұзылуына қандайда жағдайда жол берілмейтінін жеткізді.

Сегізінші, азаматтардың, әсіресе жастардың тіршілікке бейім болуы. Мемлекет басшысы жастардың заман талабындағы өзгерістерге бейім, трендтерге ашық болуын ерекше атап өтті.

Тоғызыншы, айналаның тазалығы. Президент табиғат пен ортаның тазалығына өте қатты мән беретінін баса атап өтті.

Оныншы, практикалық-прагматикалық мінез-құлық. Қ. Тоқаев осы сұхбатында өзінің теориялық білімге қарағанда практикалық тәжірибеге, ораторлық қабілетке қарағанда түсінікті тілге, нарцистік мінезге қарағанда сауатты коммуникацияға ие тұлғаларды ұнататынын байқатты.

Жалпы әңгіменің мазмұнына қарап, Қ. Тоқаевтың не себепті халыққа ойын жеткізудің тәсілдері арасында газетке сұхбат жанрын ұнататыны байқалады. Бұл жанрдың ерекшелігі сұхбат беруші қойылған сұраққа жан-жақты ойланып, әрбір сөйлемін елеп-екшеп, өз ойын нақты және анық жеткізуге мүмкіндік береді. Мұның артықшылығы сұхбат берушінің түпкі идеясын, фундаменталды көзқарасын бағалауға көмектеседі», – деді Нұрбек Пұсырманов.

Серіктес жаңалықтары