Сыртқы саясаттағы серпіліс жылы

Сыртқы саясаттағы серпіліс жылы
сурет: istockphoto.com
1057

2024 жыл еліміз үшін сыртқы саясаттағы серпіліс жылы болды. Мемлекет басшысы биыл да шетелге сапар легін сиреткен жоқ. Қарсы алған қонақтарымыз да аз болмады. Бәрі де диалогқа ашық, серіктестікке әзір.  Мұның барлығы жаһанды жайлаған белгісіздік пен бұлыңғырлықтан шығар жолды бірігіп іздеуге деген әлемнің ұмтылысы деп бағалауға болар. Қабырға тұрғызбай көпір салу кімге болса да тиімді екені уақыт өткен сайын нақтылана түсіп отыр.

Осылайша, биыл да еліміз көпвекторлы бағыттан таймай дамып, көрші елдермен және халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықты нығайтуға ерекше көңіл бөлді.

Жалғасын тапқан жемісті сапарлар

2024 жылы Президенттің шетелге жасаған сапарлары еліміздің халықаралық аренадағы ұстанымын нығайтып, әріптес мемлекеттермен сенімді серіктестік орнатуға ықпал етті. Бұл сапарлар елдің стратегиялық мүдделерін жүзеге асыруға және халықаралық қауымдастықта беделін арттыруға бағытталған маңызды қадамдар болды.  
19 қаңтар: Италия және Ватикан. Қаңтардың 19-ы күні Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік сапармен Италия астанасы Рим қаласына барды. Бұл сапардың мақсаты – Қазақстан мен Италия арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайту және экономикалық ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеру. Президент Италия басшыларымен сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық мәселелерді талқылады. Сонымен қатар Қазақстан басшысы Ватиканға барып, Рим Папасымен кездесті. Бұл кездесу Қазақстанның мәдениетаралық және дінаралық диалогты нығайтуға бағытталған бастамаларына қосымша серпін берді.  

13-14 ақпан: Катар. Ақпанда 
Қасым-Жомарт Тоқаев Катар астанасы Доха қаласына ресми сапармен барды. Бұл сапардың нәтижесінде Қазақстан мен Катар арасындағы инвестициялық жобалар талқыланып, энергетика, инфрақұрылым және ауыл шаруашылығы салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға қатысты келісімдер жасалды. Сонымен қатар Катар мен Қазақстан арасындағы гуманитарлық ынтымақтастықты дамы­туға ерекше көңіл бөлінді.  
21 ақпан: Ресей (Қазан). 21 ақпанда Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерация­сы­ның Қазан қаласына жұмыс сапарымен бар­ды. Бұл сапар барысында екі елдің сау­да-экономикалық ынтымақтастығын да­мыту, сондай-ақ аймақаралық байланыс­тар­ды тереңдету мәселелері қарастырылды. Пре­зидент Ресей мен Қазақстан арасын­дағы стратегиялық серіктестіктің маңызды екеніне ерекше тоқталды.  
11-12 наурыз: Әзербайжан. Наурызда Мемлекет басшысы Әзербайжанға мемле­кет­тік сапар жасады. Бұл сапардың негізгі мақ­саты – екі ел арасындағы ынты­мақ­тас­тық­ты жан-жақты дамыту болды. Нақтырақ айт­қанда, Қазақстан мен Әзербайжан Кас­пий теңізі арқылы тауар тасымалын арт­тыру, көлік және логистика саласында бір­­­­­лескен жобаларды жүзеге асыру туралы ке­лісті. Сонымен қатар мәдениет және бі­лім беру салаларындағы ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталған келісімдерге қол қойылды.  
5 сәуір: Өзбекстан. Сәуір айында Қа­зақ­стан Президенті Өзбекстанға жұмыс са­парымен барды. Президент Ташкент жә­не Хива қалаларында ресми кездесулер өт­кізіп, екіжақты әріптестікті нығайту мә­селелерін талқылады. Сапар барысында екі ел арасындағы сауда көлемін арттыру және шекаралық ынтымақтастықты кеңейту жөнінде келісімдер жасалды.  
9 мамыр: Ресей. 9 мамыр күні 
Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеу қаласында Жеңіс күніне арналған әскери парадқа қатысты. 
22-24 мамыр: Сингапур. Мамырда Мем­лекет басшысы Сингапурға мемле­кет­тік сапар жасады. Президент Сингапурдың саяси және іскерлік топтарымен кездесіп, цифрлық экономика, инновация және жасыл технология салаларында бірлескен жо­баларды жүзеге асыру жөнінде келісім­дер­ге қол жеткізді. Бұл сапар Қазақстанның Оңтүстік-Шығыс Азия елдерімен әріптестік бай­ланыстарын нығайту жолындағы маңыз­ды қадам болды.  
4–5 қараша: Франция: Қарашада Қа­зақ­стан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Францияға мемле­кеттік сапармен барып, екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікті нығайтуға ба­ғыт­талған маңызды кездесулер өткізді. Ке­лесі күні, 5 қарашада, Қасым-Жомарт Тоқаев Франция Президенті Эмманюэль Макронмен Елисей сарайында кездесті. Кез­десу бары­сында екі ел арасындағы сая­си, экономикалық және мәдени ынты­мақ­тастықты дамыту мәселелері талқыланды. Пре­зиденттер бірқа­тар келісімдер, ме­морандумдар мен келісім­шарттарға қол қойды.
Жалпы, биылғы Президент сапарлары­ның нәтижесін 3 түрлі топқа бөліп қарас­тыру­ға болады. Алдымен, саяси байланыс­тар­ды нығайту. Яғни, әріптес елдермен сая­си қарым-қатынастарды тереңдету мақ­сатындағы және халықаралық ұйымдар шең­беріндегі бірлескен бастамалар тал­қы­лан­ды. Экономикалық ынтымақтастық: ірі ин­вестициялық жобаларды іске асыруға жә­не қазақстан экспортын арттыруға бағыт­­талған келісімдер жасалды. Жалпы, еліміздің сыртқы саясатының маңызды ба­ғыттарының бірі – экономикалық дип­ломатия. 2024 жылы еліміз ұлттық эко­но­миканың құрылымдық трансформациясы үдерісіне, оның ішінде индустрияландыру бағдарламаларын жүзеге асыруға халық­аралық ресурстар мен әлеуетті тартуға ерек­ше мән берді. Сонымен қатар, озық шет­елдік технологияларды енгізу және жаңа жоғары технологиялық салаларда халықаралық әріптестікті дамытуға күш салынды. 
Үшінші бағыт – мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған қадамдар мен білім беру саласында тәжіри­бе алмасуға ерекше көңіл бөлінді.

Биік мінберлерде көтерілген бастамалар

Жоғары деңгейдегі халықаралық бас­тамаларды көтеріп жүрген ел ретінде Қазақ­станның орны айқындалып келеді. Биыл да Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық жобалар мен форумдарға бас­тамашы болып, биік мінберлерде маңыз­ды бастамалар көтеріп, еліміздің әлем­дік аренадағы үні мен орнын айқын­дауға үлес қосты. Бұл, сондай-ақ еліміздің маңызды жаһандық мәселелерге қатысты өз көзқарасын, олардың шешімін табуға жәр­демдесе алатындай әлеуетін танытады. Сол бастамалардың ең негізгілеріне тоқ­талып өтейік.
«Орта державалардың» уақыты кел­ді. Биыл­ғы мамырда Euronews-ке берген сұх­батында Мемлекет басшысы «Орта дер­жа­валарды» белсенді әрекет етуге шақырып, дү­ние жүзіндегі шиеленіскен жағдайды рет­теу­ге осы орта күштердің әлеуеті зор де­ген пі­кірін жеткізді. Президент Тоқаев ха­лы­қа­ра­лық алаңдарда сөйлеген сөзінде Қа­зақ­стан­ның «орта держава» екенін жиі 
айтады.
Бітімгерліктің алаңы. 2024 жылы Қа­зақ­стан Армения мен Әзербайжан ара­сындағы бейбітшілік шарты бойынша келіссөздер жүргізу үшін Алматыда алаң ұсынды. Армения мен Әзербайжан арасындағы қақтығыстың тарихы тереңде жатыр. 2024 жылы Қазақстан бұл қақты­ғысты бейбіт жолмен шешуге жәрдемдесу үшін нақты қадамдар жасады.
Әділ әлем, келісім және даму жо­лын­дағы жаһандық бірлік. Президент Біріккен Ұлттар Ұйымының 80, сондай-ақ ШЫҰ мен БҰҰ ынтымақтастығының 20 жыл­дығына қарай «Әділ әлем, келісім 
және даму жолындағы жаһандық бірлік туралы» бас­таманы қолдау үшін БҰҰ Бас Ассамб­лея­сы­ның резолюциясын қабылдау­ды ұсынды.
БҰҰ Бас Ассамблеясындағы баста­ма­лар. БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сес­сия­сында Президент Тоқаев көпжақты ын­тымақтастықтың маңызына тоқталып, жаһандық қауіпсіздікке қатысты жаңа көзқарасын жеткізді. Соның ішінде Әскери саладағы сенім шаралары туралы келісімді әзірлеп, қабылдауды ұсынды.
Алматы – орнықты даму мақсат­тары­ның орталығы. Президент Ал­ма­тыда БҰҰ-ның орнықты даму мақсаттары ор­талығын ашуды ұсынды, бұл Қазақстан­ның жаһандық бастамаларда белсенді екенін көрсетеді.
Киберқауіп – жаңа сын-қатер. Пре­зи­дент ШЫҰ елдеріндегі ақпараттық инф­рақұрылымның тұрақты жұмысын қам­тамасыз ету үшін ұдайы ақпарат алмасуға, үз­дік тәсілдер мен озық тәжірибелерді қол­дануға бағытталған арнайы механизм әзірлеуді ұсынды.
Ортақ инвестициялық алаң құру қажет. ШЫҰ аясында Экономикалық жеңіл­діктер базасын құру туралы Қазақ­станның ұсынысы өз күшінде қалды. Пре­зи­дент инвестициялық жобаларды тал­қы­лап, бекіту үшін бірыңғай алаң құру қажет екенін жеткізді.
Бастысы – бейбітшілік. Шілдеде өт­кен Түркі мемлекеттері ұйымының бейре­сми саммитінде Президент Тоқаев Қазақ­стан­ның бейбіт күш-жігерді қолдауға қа­тысты ұстанымын растады.
Ядролық қарудан азат әлем құру. Қа­зақстан биыл да ядролық қарудан азат әлем құру бағытында ғаламдық деклара­ция­ны әзірлеуге белсене атсалысты.
One Water Summit: жаңа жаһандық зерттеу орталығы қажет. БҰҰ Бас Ассам­блея­сы аясында Қазақстан Франциямен бір­лесіп жаһандық су проблемаларын ше­шуге бағытталған «One Water Summit» ха­лықаралық форумын ұйымдастырды. Форум­да Қасым-Жомарт Тоқаев мұздық­тар­ды зерттеу және қорғау үшін жаһандық зерт­теу орталықтарын біріктіретін серік­тестік құруды ұсынды.

Халықаралық ұйымдардағы Қазақстанның рөлі

2024 жылы Қазақстан алты бірдей ық­палды халықаралық ұйым мен бірлестікке төра­ғалық етіп, жаһандық және өңірлік мә­селелерді шешуде белсен­ділік танытты. 
Шанхай ынтымақтастық ұйымы. Қа­зақ­­­станның төрағалығы кезінде ШЫҰ-да Экология жылы жарияланып, қоршаған ор­таны қорғау саласында бірқатар іс-шара­лар ұйымдастырылды. Бұл бастама ұйымға мү­ше мемлекеттердің экологиялық мәсе­ле­лерге назарын аударып, тұрақты даму мақ­саттарына қол жеткізуге бағытталды. 
Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы. ҰҚШҰ-ға төрағалық ете отырып, Қазақстан ұжымдық қауіпсіздік жүйесін нығайтуға, әскери ынтымақтастықты дамытуға және халықаралық терроризм мен экстремизмге қарсы іс-қимыл шараларын күшейтуге баса назар аударды. Бұл бағыттар ұйымның тиім­ділігін арттыруға және өңірлік тұрақ­ты­лықты қамтамасыз етуге ықпал етті. 
Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес. Қазақстанның төрағалығы барысында АӨСШК шеңберін­де сенім шараларын нығайтуға бағытталған Жол картасы қабылданып, мүше мем­лекет­тер арасындағы ынтымақ­тастықты терең­дету мақсатында бірқатар бастамалар жү­зе­ге асырылды. 
Түркі мемлекеттері ұйымы. ТМҰ-ға тө­рағалық ете отырып, Қазақстан түркі­тіл­дес елдер арасындағы экономикалық, мә­де­ни және саяси байланыстарды нығайтуға бағытталған іс-шараларды жүзеге асырды. Бұл қадамдар ұйымның өңірлік ықпалын арт­тыруға және мүше мемлекеттердің өзара ынтымақтастығын күшейтуге септі­гін тигізді. 
Аралды құтқару халықаралық қоры. АҚХҚ-ға төрағалық еткен Қазақстан Арал теңі­зі бассейніндегі экологиялық мәсе­ле­лерді шешуге бағытталған жобаларды іске асырып, су ресурстарын тиімді пайдалану және қоршаған ортаны қорғау саласында өңірлік ынтымақтастықты дамытуға үлес қосты. 
Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымы. Қазақстанның АҚИҰ-ға төра­ға­лығы барысында азық-түлік қауіпсіздігін қам­тамасыз ету, ауыл шаруашылығын да­мыту және мүше мемлекеттер арасында тә­жірибе алмасу мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді. Бұл шаралар ислам әлеміндегі азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға бағыт­талды. 
Қазақстанның бір жыл ішінде бірнеше бе­делді халықаралық ұйымға төрағалық етуі еліміздің жаһандық және өңірлік мә­селелерді шешудегі белсенділігін көрсетті, бұл алдағы маңызды қадамдардың алғы­шар­ты болмақ.

Қазақстан «орта держава» атанды

Биыл Қазақстан алғаш рет «Орта дер­жа­валар» қатарына кірді. Бұл туралы Гер­маниядағы «Ғылым және саясат қоры» тал­дау орталығы өз мақалалар жинағында жаз­ды. 
Биылғы мамырда осы тақырыпта Пре­зидент Сингапурға жасаған мемлекеттік сапары аясында 46-Сингапур лекциясында дәріс оқыған болатын. «Қазақстан және орта державалардың рөлі: қауіпсіздікті, тұрақтылық пен орнықты дамуды ілгері­лету» тақырыбындағы дәрісте Мемлекет бас­шысы жаһандық қауіпсіздік, тұрақты­лық пен орнықты дамудағы орта держава­лар­дың алатын орны, атқаратын рөлі мен маңы­зына қатысты ойын ортаға салды. Одан бөлек, Euronews интернет-басы­лы­мын­да «Орта державалар мультила­тера­лизм­­­ді құтқара алады» тақырыбындағы мақаласы жарық көрді. 
Дәрісте де, мақалада да Президент қа­зір­гі шиеленіскен геосаяси ахуал, бұлыңғыр уақытта алдағы жолды адаспай табу, әлем­дік ынтымақтастық және ондағы Қазақстан мен басқа да орта державалардың рөлі сияқ­ты маңызды мәселелерге тоқталып, бір­қатар өзекті сұраққа жауап береді. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Син­гапур сияқты «орта державалардың» рөлі туралы пайымдай келе, жаһандық қауіп­сіздік ландшафтында мол мүмкіндіктерге жол ашып қана қоймай, едәуір қауіп те төндіретін елеулі өзгерістерге назар аудар­ды.
Президенттің сөзінше, осындай жағ­дай­да Қазақстан сияқты орта державалар өз аймақтарында және одан тыс жерлерде тұрақтылықты, бейбітшілікті сақтауға, дамуға мүмкіндік беретін күш-қуаты бар маңызды ойыншыға айналып бара жатыр.
– Аса ірі державалардың саясатындағы ауыртпалықтан ада біздің икемді жағдайы­мыз күрделі дипломатиялық ахуалға бағ­дар­лануға және тыңнан сүрен салып, жол табуға мүмкіндік береді, – деп жазды Пре­зидент.
Бұл мақалада да Мемлекет басшысы ұзақ­қа созылған қақтығыстарды шешу жол­дарын іздеуде қол ұшын созудан қо­рық­пайтынымызды айтады. Бұған мысал ретінде Әзербайжан мен Армения арасында бейбіт келіссөз жүргізуге жасаған ара­ғайын­дығымызды келтіріп өтеді. 
– Біз әлеміміздің жаңа тынысын ашу үшін бірлесіп әрекет етуіміз керек, – деп жаз­ды Президент. Қасым-Жомарт Тоқаев­тың сөзінше, ол үшін алып, орта және кішігірім – барлық мемлекет атсалысуы қажет.
– Алайда ірі державалар көпжақты про­цеске сенгісі келмейтіндіктен, ал кіші­гі­рім елдердің қажетті ықпалы жоқ болған­дық­тан, бұл істі қолға алу – орта держава­лар­дың міндеті. 
Қазақстан сияқты елдер бар күш-жіге­рін салып, бірігіп алға қадам басып, қаты­сушы ретінде ғана емес, сонымен қатар әлем­дік аренадағы жауапты менеджер ре­тіндегі рөлімізді растауы керек.
Мойнымыздағы жүк ауыр, бірақ табан­ды­лықпен, көшбасшылықпен және диалог­қа деген адалдықпен біз бүгінгі қиындық­тар­ды ертеңгі жетістіктерге айналдыра ала­мыз. Көпжақты жаңару дәуіріне жол ашайық, – деп сөзін түйіндеді Мемлекет бас­­­­шысы. 

Жалпы, жылды қорытындыласақ, Қазақстан сыртқы саясатта тұрақты әрі салмақты бағыт ұстана отырып, өзінің халықаралық беделін нығайтып, жаһандық және өңірлік мәселелерді шешуде маңызды рөл атқарды. 
Сапарлар мен кездесулер жан-жақты байланысты жаңа деңгейге көтеріп, ел игілігіне оң әсер ететін келісімдерге ұласты. Әлемді бірлік қана ұшпаққа жеткізеді.  Ал бірлігі жарасқан бейбіт әлемнің бір бөлшегі болу Қазақстанның басты стратегиялық мақсаты болып 
қала бермек.

Серіктес жаңалықтары