Әмен Қайдаровтың мектебін түлеткен мультфильм

– Мен Үміт Жұбанышеваны суретші-мультипликатор ретінде 20 жылдан бері танимын. Алтай республикасының мәдениет қайраткері, суретші-аниматор, Әмен Қайдаровтың шәкірті Тамара Мұқанова таныстырып еді. Ол суретші Үміт Жұбанышеваның асқабаққа (қауақ) салған суреттерін көріп, таңырқап, «стилі де, мәнері де қандай керемет» деген соң, оның миниатюраларын «Рух-Мирас» журналына бергенбіз. Суретшілер мен өнертанушыларды оның миниатюралары қатты тәнті еткен. Осыдан біраз жыл бұрын Тамара апай хабарласып: «Қазақ мультфильмінің мектебі енді қалыптасты. «Шаңырақтың иесін іздеп жүрмін» деген мультфильм шықты дегенде, бұл қандай ерекше дүние болды екен деп таңғалғаным рас. Қазақстанда, тіпті түркі дүниесінде анимацияның қалыптасуына ықпал еткен, ерекше талантымен көптеген елді тамсандырған Әмен Қайдаров ағамыз болатын. Ол кісі түркі топырағына анимацияның дәнін екті. Ал «Шаңырақтың иесін іздеп жүрмін» сол дәннен қауашақ жайған, ұлттық мектептің ерекшелігін айрықша белгілермен паш еткен мультфильм деп ойлаймын. Осыны көру үшін Алматыға бардым. Мұндағы шығыстық таным, белгі, сюжет кім-кімді болса да таңырқатады. Өйткені Үміт бұл анимациялық еңбегіне ұзақ жыл бойы дайындалған. Суретші ретінде көптеген тәсіл мен стильді меңгерген. Миниатюрист ретінде нәзік те қайталанбас өрнектердің мәнін аша білген. Мультфильмнен көпті көргендігі анық аңғарылып тұр.
Мұндағы Тынжы – Үміттің өзі. Бас кейіпкер – автор. Үміттің отбасында ұл болмаған. Бірнеше қызы бар әке «Шаңырағыма кім ие болады?» деп қамығыпты. Мультфильмнен бұл анық байқалады. Бұл батыстық феминистерге де, қазақы түсініктегі адамдарға да ұнайды. Өйткені әке ұлы болуын аңсағанымен, қызын ұлындай көреді. Кейін ұл асырып алып, ол бәріне қамқорлық жасайды. Сценарийдегі бұл шешім көпті тәнті етпей қоймайды.
Мұндағы әр өрнек, әр образ ерекше. Шығыс ертегілерін көріп отырғандай боласыз. Оңтүстіктің өмір сүру салты, көшпелі мен отырықшы мәдениеті мультфильмде қатар көрініс табады. Мультфильмді жас та, кәрі де қызыға көрері даусыз. Әмен Қайдаров ағамыз ұлттық топыраққа еккен дәнегінің күндердің күнінде осылай жайқалып өсерін сезген де шығар. Міне, сол мектептен өрімі мен өрнегі бөлек гүл өсіп шықты.
Бұл мультфильмді телефоннан немесе телевизордан көрмеу керек. Оны үлкен экраннан көрген дұрыс. Өйткені 30 минуттық мультфильмде қозғалыс көп, символдық мәндер қат-қабат. Қазақ мультфильмі енді өркен жайып келеді. Бір топ талантты жас шоғыр қалыптасты. Оларға мемлекет қолдау көрсетуі керек. Онсыз анимация өндірісі дамымайды.
Зира НАУРЫЗБАЕВА,
мәдениеттанушы, мифолог