Астанадағы Мәскеу күндері : Қос қаланың достығы жаңа деңгейге көтерілді
Астанада Мәскеу күндері өтіп жатыр. 2 желтоқсанда басталған іс-шара 7 желтоқсанға дейін жалғасын табады. Бұл ерекше бастама Мәскеу мен Астана арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға және шығармашылық, экономикалық және мәдени байланыстарды тереңдетуге бағытталған.
Бағдарлама аясында түрлі концерттер, шеберлік сабақтары, дөңгелек үстелдер, сарапшылар кездесулері, көрмелер және өзге де іс-шаралар жоспарланған. Сонымен қатар «Креативті қалалар Астана – Мәскеу» атты іскерлік форумы Мәскеу күндері аясындағы маңызды шараның бірі болмақ.
Мәдени күндер өткізудегі басты мақсат – халықтар арасындағы өзара түсіністікті арттырып, достықты нығайту. Мұндай іс-шаралар екі ел халқына бір-бірінің бай мәдени мұрасын жақынырақ танып, оның ерекшеліктерін түсінуге мүмкіндік береді.
Мәскеу күндерінің ашылуы кәсіби музыканттарға арналған шеберлік сабағымен басталды. Бұл ерекше іс-шара Астананың музыкалық колледждерінде білім алатын болашақ өнерпаздар үшін ұйымдастырылды.
Өнер – кез келген елдің мәдени болмысы мен рухани құндылықтарын бейнелейтін құрал. Бірқатар кездесулер мұражай ісі, шығармашылық индустриялар, сәулет және қала құрылысы салаларындағы тәжірибе алмасуға арналды. Көркемсурет көрмесі мен кинофестиваль өнердің сан алуандығын көрсету арқылы мәдениетке деген қызығушылықты арттырып, елдер арасындағы шығармашылық байланыстарды нығайтады.
Мәдениеттен бөлек, іскерлік аспекті де назардан тыс қалған жоқ. Қазақстандық және ресейлік кәсіпкерлер арасындағы ынтымақтастықты күшейтуге, екі елдің экономикасына жаңа серпін беруге бағытталған іс-шаралар легі екі ел байланысының жаңа бағыттарын тануға ықпал ететіні сөзсіз.
Басты оқиғаның бірі – «Креативті қалалар Астана – Мәскеу» іскерлік форумы болды. Мұнда қалалардың шығармашылық әлеуетін дамыту, мәдени жобаларды жүзеге асыру, сондай-ақ қалалық кеңістікті тиімді басқару мәселелері талқыланды. Сонымен қатар Мәскеу қалалық думасы мен Астана мәслихаты депутаттарының кездесуі және Мәскеу үкіметінің атынан ұйымдастырылған салтанатты қабылдау да күннің маңызды шараларының бірі болды.
Бұдан бөлек, Қазақстанның спорт федерацияларына «Достық ойындары» жобасы таныстырылды. Бұл бастама елдер арасындағы спорттық байланыстарды жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.
Үстел ойындары да назардан тыс қалған жоқ. Қалалық мәслихат депутаттары мен Мәскеу мемлекеттік думасының өкілдері осы күндер аясында ұйымдастырылған шахмат турниріне қатысты. Турнир елорданың Sana Sport спорт және шығармашылық орталығында өтті. Шахмат тақтасында қос қаланың депутаттары жас шахматшылармен, қалалық жарыстардың жүлдегерлерімен және 12 жасқа дейінгі Астана құрамасының өкілдерімен ойын өткізді.
Бұдан бөлек, Мәскеу күндері аясында жастардың өміріндегі кітаптың маңызы мен рөлі туралы талқыланды. Әдебиет жеке құндылықтарды қалыптастыратыны, сыни ойлау қабілетін дамытуға және өзін-өзі жетілдіруге ынталандыратыны, жаңа мүмкіндіктер аша отырып, әрекет етуге деген ықыласты оятатыны туралы Астана қаласындағы Қызмет көрсету және туризм колледжінің студенттерімен өткен Aqyl Life жобасының үшінші кездесуінде орамды ойталқы өтті. «Астана жастары» Жастар ресурстық орталығы мен қала әкімдігінің Жастар саясаты басқармасының ұйымдастыруымен өткен бұл іс-шара шақырылған спикерлердің дүниетанымына әсер еткен және оларды терең ойландырған үш шығармаға арналған пікірталас алаңына айналды. Кітап оқырмандары авторлардың ұсынған идеяларын талқылап, өздеріне қажетті бағыттарды тапты.
Осылайша, Астана тұрғындары мен қонақтары мәдениет және өнер саласындағы жаңа жобаларды танып, көрші елдің өнер әлемімен танысу мүмкіндігіне ие болды. Сондай-ақ елордалықтар Мәскеу делегациясын жоғары деңгейде қабылдап, қалалық шаралар мен кездесулерде ерекше достық қарым-қатынас орнатты. Бұл іс-шара екі қала арасындағы мәдени және экономикалық байланыстарды тереңдетуге септігін тигізіп, болашақтағы серіктестіктің негізін қалауға бағытталған маңызды қадам болмақ.