Серікбай Қосан: 100 томдық «Бабалар сөзіне» мемлекеттік сыйлық бермеді

Серікбай Қосан: 100 томдық «Бабалар сөзіне» мемлекеттік сыйлық бермеді
сурет: Айтжан Мұрзанов
1464

Белгілі әдебиеттанушы, ақын Серікбай Қосан теңдесі жоқ 100 томдық «Бабалар сөзін» құрастырушы әрі жетекшілерінің бірі. Ұзақ жыл ескі қолжазбаларды ақтарып, рухани мұрамыздың мыңқатпар сырын зерттеген ғалыммен арнайы сұхбаттасқан болатынбыз. 

Архивтегі қолжазбаларды 
көп ақтардым

– Мектепті бітірген соң туған же­ріңіз­де бір жыл еңбек етіп, білім іздеп Ал­ма­тыға келіп, Малдәрігерлік-зоо­тех­ни­ка­лық институтының зооинженер фа­куль­тетіне оқуға түскен екенсіз, бірақ соңы­нан әскерге кетіп, одан оралған соң Қаз­ҰУ-дың Шығыстану факультетіне тү­сіп­сіз. Бұл күрт өзгеріске не себеп бол­ды?

– Бала кезімде жазушы не ақын болсам де­ген арман болған. Бірақ оны оқытып шы­ғармайды ғой. Оның оқуы жоқ. Жалпы, әуес­қойлық дегенді қабылдамаймын, адам ақын бо­лып туады, Құдай берген дарын болады.
Алматыға келгенде алғаш политех­ни­ка­лық институтқа құжат тапсырып, одан құлап, ауыл­ға қайтқан соң бір жыл түйе бақтым. Сон­да көк теңізімен бірге берекесі қашқан ел­дегі халықтың құбатөбел жағдайын көзбен кө­ріп, жаным ашитын. Жақсылық жасағым ке­летін. Ол үшін совхоз басқару керек шығар дей­тінмін. Сондықтан мал дәрігерлікті оқы­сам, ел-жұртқа пайдам тиетін шығар деген ой болды. Сөйтіп, келесі жылы Алматыға қайта ке­ліп, Малдәрігерлік-зоотехникалық инс­ти­туты­на оқуға түстім. Бір жыл оқыған соң оқу­ға көңілім толмады. 300 жігіт топырлап жү­ре­міз. Оның үстіне оқу орысша. Тек зерт­ха­нада тышқандарға ота жасап, соны тексеру ға­на қызықты еді. Жақсы ұстаздарымыз да бол­ды. Дегенмен І курстан соң әскерге сұра­нып кеттім. Қиыр Шығыста азаматтық бо­рышымды өтедім. 1985 жылы әскерден орал­ған соң оқуымды жалғастырдым, бірақ күн­нен-күнге құштарлығым азая берді. Сөйтіп, сол жылдың қысында «өз еркіммен босату» туралы өтініш жазып оқудан шықтым. Сосын Ал­матыда қалып, келер жылдың жазына дейін машина жөндеу зауытында слесарь бо­лып жұмыс істедім. Енді филолог болғым кел­ді, бірақ онда кіл мықтылар оқитын сияқ­ты көрінетін. Жазушылардың өмірбаянына қара­саң шетінен КазГУ-дің Журналистика не Фи­лология факультетін бітірген болып шы­ға­ды. Содан тартыншақтаңқырап, адамы аз­дау дейтін филфактың араб тілі бөліміне оқу­ға тапсырып, сәтімен түсіп кеттім. Араб ті­лін 5 жыл оқыдым. Біз оқуға түскен жылы «Желтоқсан оқиғасы» болды, оған қатыстық. Біраз қудалаулар болды. Оқудан шығарған сәт­ті де бастан кештік. Содан бастап ұлт тура­лы ойлана бастадық. «Өркен» газетіне «Жас­тар қайда, жариялылық қайда?» деген төрт бө­лімнен тұратын көлемді мақаламды бас­тыр­дым. Осы жазбам оқырмандар арасында әжеп­тәуір резонанс тудырғаны есімде. Сол кез­ден бастап ақындыққа бет бұрып, ма­хаб­бат лирикаларын, азаматтық әуендегі өлең­дерім­ді жаза бастадым. Энергиясы тасып тұр­ған жастық шақ қой, біраз өндіріп жазып тас­­­­тадым-ау деймін.
Оқуды бітірген соң қыздар институ­тын­да 5-6 жыл сабақ бердім. О баста із­дене бастаған салам тіл тарихы, түркітану еді, бірақ өтпелі кезеңнің қиындығынан оның бәрі аяқсыз қалды. 1998 жылы М.Әуезов атын­дағы Әдебиет және өнер институтына ауы­сып, таза әдебиеттануға бет бұрдым. Ра­сын­да, мен сол тұста 34 жаста едім, яғни ғы­лым­ға кештеу келдім. Ал институтта Қол­жаз­ба және текстология бөліміне кіші ғылыми қыз­меткер ретінде қабылданып, еңбек ете бас­тадым. Содан бастап көне қолжазбалармен тіке­лей айналыстым. Ол ғылым ордасында Заки Ахметов, Серік Қирабаев, Сейіт Қас­қа­ба­сов секілді атағы алысқа кеткен акаде­мик­тер­ден, Ләйла Мұхтарқызы, Шәмшиябану Қа­нышқызы, Үшкөлтай Сұбханбердина, Ше­риаздан Елеукенов, Бағыбек Құндақбаев, Мұ­хамедрахым Жармұхамедұлы, Әбділхамит Нарымбетов, Ақселеу Сейдімбеков, Қабиболла Сыдиықұлы, Жұмат Тілепов, Шәкір Ибраев секілді ғылым докторларынан тәлім алып, ақын Шөмішбай Сариев, жазушы Бекен Ыбы­райы­мов, Нұрдәулет Ақыш секілді аға­лармен, сон­дай-ақ Бақытжан Әзібаева, Райхан Ера­лиева, Айгүл Ісімақова, Сейілбек Сәкенов, Гүл­зия Пірәлиева, Гүлжаһан Орда, Қарашаш Алпысбаева, Тоқтар Әлібек, Амангелді Мұқан, Пәкизат Әуесбаева, Ермек Қаныкей сынды үл­кенді-кішілі ғалым әріптестеріммен қа­нат­таса жүріп, ғылымдағы өз зерттеушілік жо­лым­ды қалыптастырдым. 
Қолжазба және текстология бөліміне кел­г­енімде алғашқы тапсырмалардың бірі – қор­дағы бумаларды реттеу, түптеу, құжаттау, си­­паттама жасау жұмыстары еді. Сол тұста қо­лыма Абайдың 1910 жылғы Мүрсейіт Біке­ұлы жинақтаған қолжазбасының көшірмесі түсті. Араб графикасымен жазылған бұл қолжазбаны құнығып оқығаннан кейін бо­лар, алғашқы зерттеуім Абайтану бағытынан бас­талды. Келесі жылы Абайдың «Китаб-тас­диқ» деген қолжазбасы туралы (яғни, кейінгі 38-қарасөз) «Китаб-тасдиқ» және оның текстологиясы немесе абайтанушылар неден қа­телесті» атты мақалам «Қазақ әдебиеті» га­зетінің 2000 жылдың 14 қаңтары күнгі са­нына басылып шықты. «Абайтанушылар не­ден қателесті» деген тіркесті газет редакциясы қосқан болуы керек, қайтсе де бұл мақалам зиялы қауым арасында серпіліс туғызды. Мен жастық-тәжірибесіздіктен байқамадым, сол кезде Абайды зерттеген алдыңғы буын ға­лым­дар Абайдың 150 жылдығына байланысты ұлы ақынның жинағын шығарып, мемле­кет­тік сыйлық алған кезі еді. Сондықтан үлкен кісілер бұл мақаланы қуана қабылдай қой­ма­ды. Бірақ кейінгі жазғандарым көңілдерінен шыққан болуы керек, ғұлама ағаларым талай рет қолдау көрсетті. Сол үшін де әдебиет ғы­лы­мының алыптармен қатар жүріп еңбек етке­німе, ғылымға келгеніме өкінбеймін. Инс­титут қабырғасында өткен жылдар маған көп нәрсе үйретті.

– М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында жүріп 2005 жылы «Ба­зар жырау Оңдасұлының әдеби мұра­сы (Ақындық дәстүр, жанр, поэтика)» ат­ты тақырыптағы кандидаттық дис­сер­тация қорғағаныңызды білеміз. Базар жы­рауды алғаш рет жан-жақты зерт­теу­ші ретінде ақынның әдебиетімізге әсері туралы не айтар едіңіз?

– Қолжазба бөлімінде жұмыс істеп жүр­ген­де Сыр бойы ақын-жырауларының шы­ғар­ма­шылығын зерттей бастадым. Кандидаттық жұ­мысымды шайырлар поэзиясынан – бұ­рын­ғы жазба әдебиет өкілдері туралы алғым кел­ген, алайда басшылардың кейбірі «шайыр» де­ген сөзге тосырқап, ұнатпады. «Шайыр­лар­дың бәрін бір кандидаттық жұмыс көлемінде қарас­тыру қиындық келтіреді, одан да бір ақын­ды алып, жеке зерттесең жеңілірек әрі пай­­далырақ болады» деді. Сонымен Сыр сү­лей­лерінің ішінде онша зерттелмей, көзден таса қалған Балқы Базар шығармашылығын таң­дадым. Жыраудың Ақтөбе өңірінде, Сыр бойын­да, өзбек жеріндегі өмірі туралы дерек­тер жинадым. Қолжазбаларды ақтарып, ақын мұраларын жинақтай бердім. Бұрын Базар жырау шығармаларын тірнектеп жинап, зерт­теген тауелібайлық марқұм Шәрібек Алда­шев деген ағамыз. Ол кісі Базар жырау туралы ма­­қалалар жазған, өткен ғасырдың 70-жыл­да­ры шағын жинағын шығарған. Осы кісіден соң мен Базар жырау шығармаларын терең­де­тіп зерттеп, толғауларын, айтыстарын, шы­ғыстық үлгідегі дастандарын қамтып, үш та­рауға бөліп талдап шықтым. Ол Ғылыми кеңес мүшелері – ғалымдар тарапынан өте жақсы бағаланды. Ақырында, 2005 жылы қыр­күйек айында кандидаттық диссер­та­циям­ды да сәтті қорғадым.
Ғылыми атақ алу мен үшін басты мақсат болған жоқ. Одан соң докторлық жұ­мыс жазамын деп, жыраулар поэзиясының поэтикасы бойынша тақырыбымды бекітіп қойып едім, бірақ 2006 жылы мені Қолжазба және текстология бөліміне басшы қылып қой­ды. Сол тұста «Мәдени мұра» мемлекеттік бағ­дарламасы аясында «Бабалар сөзі» атты қа­зақ фольклорының 100 томдық сериясын шы­ғару басталып кеткен. Мен соған жауапты ре­дактор болып тағайындалдым. 

Ескі қолжазбаны ақтарғандардың көбі қайтыс болып кетті...

– «Бабалар сөзі» атты қазақ фольк­ло­ры­ның 100 томдығын шығаруға қа­тыс­қа­ныңызды айтып отырсыз. Қазақтың бай ауыз әдебиетінің мол мұрасын сұ­рып­тап дайындауда қандай қиындықтар болды?

– Сол аталған жүзтомдықты 25-томынан бас­тап баспаға әзірлеуді ұйымдастыру бөлім бас­шысы әрі жұмыс тобының жетекшісі ре­тін­де маған жүктелді. Мен оған дейін де «Ба­ба­лар сөзін» дайындауға қатысқанмын. 2001-2003 жылдары шыққан 5 томдық діни дас­тандарды дайындауға үлес қосқам. Ол кез­де мен «Ежелгі және орта ғасыр әдебиеті» бө­­­­ліміне ғылыми қызметкер болып ауысқан едім.
Жетекші әрі жауапты редактор болғаннан кейін 4-5 қызметкермен бірге үлкен жұмысты бі­тіруге барынша атсалыстық. Оның алдында, «Мәдени мұра» аясында 2003 жылдан бастап 10 томдық Қазақ әдебиеті тарихының 2, 3-то­мына «Түркі-қытай мәдени бай­ла­ныстары» де­ген тарауды жазуға қатысып, одан соң орта ға­сырлық Алтын Орда кезеңінің үлкен ес­керт­кіші «Нехдж-ул фарадистің» («Жұмақтың даңғыл жолы») атты көлемді қолжазба кітабын зерттеуге кірістім. Оны эмигрант-алшындардың әдеби мұрасы деуге де болады. Бір заманда Әмір Темір шапқыншылығынан кейін Үргеніштен, Хорезм ойпатынан Сирия, Египет жеріне қоныс аударған бұрынғы Кіші жүз елінің ойшыл ғалымдарының есімдеріне Алшын, Кердері деген лақап аттары қосақ­та­лып жүретіні бар. Сонымен бірге Дүрбек ақын­ның «Жүсіп-Зылиха» дастанын, Сайф Са­раи өлеңдерін зерттеуге, Жиембет жырау, Әй­теке би мұралары мен өмірі туралы тарау­лар­ды жазуға қатыстым. Осы тұста «Клас­си­калық зерттеулер» атты көптомдықты дайын­дауға да атсалыстым. Түркітану саласы бойын­ша «Әдеби жәдігерлер» деп аталатын 20 том­дық серияны баспаға әзірлеу жұмыстары да қа­тар жүріп жатты. Осыған орай орта ға­сыр­лық тұңғыш түркі-ислам мемлекетін құрған «Сатұқ Бұғра хан ғазының шежіресі» («Тәз­кира-и Бұғра-хан») дейтін көне түркі жазба ескерткішін қазіргі қазақ тіліне аударып, ғы­­лыми мақаласын, алғысөзін жазып, ұсын­дым. Ол аталған серияның 11-томына кірді. Бұл – менің Әдебиет және өнер институтында жү­ріп істеген негізгі жұмыстарым. 
Бұдан басқа гранттық ғылыми жобалар аясында да көптеген зерттеу жасалды. Мәселен, 2011 жылы тәуелсіздіктің 20 жылды­ғы­на орай «Жыраулар поэзиясындағы тәуел­сіздік сарындары» дейтін монографиялық ең­бекті аяқтап, ұжымдық монография жа­рық­қа шықты. Одан соң «Көне түркі әдебие­ті­нің типологиясы» дейтін бір іргелі гранттық жобаны аяқтап, баспаға ұсындық. Тағы бір маңыз­ды жоба «Евразия түркілері: әдеби-мә­дени ықпалдастық (ХІХ-ХХ ғғ)» деп аталатын ұжымдық іргелі еңбек жазылып, баспа бетін көр­ді. Бұдан басқа «Ежелгі әдебиетті зерттеу мә­селелері» деген тағы бір ұжымдық жинақ­тың тарауларын жазуға қатыстым. Сол сияқ­ты Шың­ғыс ханның өмірі туралы көлемі 2 том­ды құ­райтын қолжазба дастандардың мә­тінін әзір­леуге атсалысқан едім. Оның ішін­де Шы­ғыс Түркістаннан табылған жә­ді­герлермен қа­тар, атақты Шәді Жәңгірұлы жаз­ған «Тарих­на­­ма» дастаны да осы кітаптар­ға енген болатын. 
Енді «Бабалар сөзі» туралы айтсам, ол – әлем­де теңдесі жоқ деп бағаланған жоба. Бұл – қа­зақ­тың соңғы 2000 жылда жинақталған бай ру­хани мұрасы. Сондықтан оны дайындауға қатысқаныма қуанамын. Оны қазақтың мәң­гі­лікке қалатын бірден-бір мұрасы деп ұға­мын.
2006-2010 жылдары «Бабалар сөзінің» жауап­ты редакторы болғаным жоғарыда ай­тылды. Соған байланысты бітейін деп тұрған док­торлық жұмысымды тоқтатуға тура келді. Негізінде, аталмыш 100 томдық фольклор сериясы 2001 жылдан бастап шыға бастады. Тұңғыш жинақтары діни дастандарды жария­лау­дан басталды, себебі ислам дінінің тарихы туралы, пайғамбардың өмірі жайындағы туын­дылар бұрын зерттелмеген, тыйым са­лынған, тың тақырып еді. Сондықтан оларды 5 том болып жарыққа көрді. 2003 жылы «Мә­дени мұра» бағдарламасы қолға алынғанда инс­титут ғалымдарының осы бастамасын Ел­басы маңындағы идеологтар іліп алып кет­ті де, жүре бастаған жұмысты қайтадан ба­сы­нан бастауға мәжбүр болдық. 2003 жылдан 2005 жылға дейін «Бабалар сөзінің» 24 томы жа­рыққа шықты. Сол кездегі көптомдықтың жауап­ты редакторы – Бақытжан Әзібаева апайы­мыз денсаулығына байланысты ол жұ­мыстан бас тартты. Мені демалыста жүрген жерімнен институт директоры, академик Сейіт Қасқабасов ағамыз жедел шақыртып алып, осы жұмысты жалғастыруға ұсыныс жа­сады. Одан соң мен «Бабалар сөзінің» 62 то­мына дейін басшылық жасадым. Мен тарап кет­кен жұмыс тобын қайта құрып, аз ғана жас мамандармен бірге кездескен қиындық­тар­ға қарамай, өзіме тапсырылған міндетімді ат­қарып шықтым. Әрине, оңай болған жоқ. Сол кезде академияда жөндеу жұмыстары бо­лып жатты. Көшіп-қонып жүріп ескі қол­жаз­ба парақтарына үңілумен талай уақыт өт­кіздік. Суық жерде еңбек етудің салдарынан сыр­қатқа шалдыққан кезіміз де болды. Соған қа­рамастан жыл сайын «Бабалар сөзінің» 10 то­мын әзірлеу керек болды. Тобымызбен Ұлт­тық кітапхананың сирек қорындағы, Әдебиет жә­не өнер институтының қолжазбалар қо­рын­дағы материалдарды ақтарып, том-том шаң басқан қағаздардың ортасында отырдық. Оның бәрі соғыс кезінде сырқаттанған, өкпе ауруына шалдыққан ақсақалдардың қолымен жиналған, дұрыс сақтау шаралары жасал­ма­ған, вирустары көп қауіпті жазбалар еді. Сон­дықтан бұл саладағы кісілердің көбі ерте қай­тыс болып кетті. Марқұм ұстазымыз Үш­кіл­тай апай, Қабиболла ағай, менің достарым Тоқтар Әлібек, Қарашаш Алпысбаева, Бақыт Әбжет – бұлардың бәрі қолжазбаның зияны тиген адамдар. Қожазбалардың зардабын тар­тудан өзге, оны оқудың өзі оңай емес. Жазылғанына ғасырдан аса уақыт өтіп, тозып кет­кен қолжазбалардағы сауатсыз жа­зыл­ған­дықтан түсінуі қиын қолтаңбаларды, сол сияқ­­­ты ескі сөздері көп, тілі ауыр, Орта Азия­лық түрки тілінде жазылған жазбаларды игеру – кез келген ғалымның қолынан келе бер­мейтін мехнатты шаруа. Олардың бәрін оқу үшін тәжірибе жинақтау керек, жастарды үй­рету қажет. Көне мәтіндерді өңдеп, қате­ле­рін редакциялап, емлесін қалыпқа түсіріп, ғы­лыми түсініктеме жазу керек. Оған кісі есім­деріне, жер-су аттарына түсініктеме беру, жи­наушылар туралы мәлімет беру, шығар­ма­ның өзі туралы ғылыми сараптама жазу, т.б. жұ­мыстарды қосыңыз. Мұның бәрі белгілі дең­гейде ғылыми дайындықты қажет етеді. Міне, осылардың бәрін қарап, редакциялап, бас­паға ұсынуға дейінгі жұмыстарды қада­ға­лап отырдым. 
40 томдай еңбекті жанымда ылғи бірге жұ­мыс істеген марқұм ф.ғ.к. Қарашаш Ал­пыс­баева, өзімнің шәкірттерім Алмас Оралбек, Нұр­жұма Елесбай, Тоғжан Әкімова, Жанат Сал­тақова, Насихат Мүрсәлім, Элмира Сма­но­ва, Гүлайым Иманалиева, т.б. ғылыми қыз­мет­керлермен бірге дайындадық. Ілгері-кейін­ді бұл жауапты жұмыстарға ф.ғ.к. С.Сә­ке­нов, П.Әуесбаева, Ж.Сайлауқызы, А.Әлібек­ұлы, А.Тойшан, Д.Жахан, Қ.Орынғали, Б.Тұр­лым­беков, Қ.Тастанов сынды азаматтар ат­са­лысқанын айту парыз. Олардың арасында бір­неше томға не белгілі бір жанр бойынша қа­тысқандары бар, келімді-кетімді қыз­мет­кер­лер де болып тұрды. Басшылықтың ұсы­ны­сымен, 62-томнан кейін жетекшілікті до­сым Тоқтар Әлібекке тапсырдым. Ол 63-том­нан бастап, қалған томдарды аяқтап шықты. Сөйтіп, 10 жылға созылған «Бабалар сөзі» топ­­­­тамасы 2013 жылы бітіп, барлық томдары «Фолиант» баспасынан жарық көргені мәлім. Ал 2016 жылы осы аталған «Бабалар сөзі» 100 том­дық фольклор сериясы мемлекеттік сый­лыққа ұсынылды. Мен де сол ұжымның қата­рында бесінші болып іліккенмін. Әрине, «бұл әлі жас қой» деген адамдар да болды, бірақ Ғы­лыми кеңесте Серағаң бастаған үлкен ға­лым­дар «Серікбайдың еңбегі сіңді, ұсы­ныл­сын» деп шешім шығарды. Бірақ бұл ұжым бо­лып атқарған үлкен маңызды жобаға сый­лық берілмеді. Сол кездегі Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы бас­қарған комиссия мүшелері 100 томдық «Ба­балар сөзі» сериясын «Мемлекеттік сый­лық­қа лайық емес» деген шешім қабылдады.

«Қорқыт ата» кітабын түпнұсқадан аударғым келді

– Алматыда беделді ғылыми ортада ең­бек етіп жүрсеңіз де ана бір жылдары ту­ған жеріңіз – Сыр бойына қоныс ау­да­рып, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы ая­сында бірталай мәдени іс-шаралардың өтуіне мұрындық болып, зерттеу жұ­мыс­тарын жүргізіпсіз. Сол туралы айта кет­сеңіз?

– Жалпы, ғылымның жолы қиын, бұралаң жол. Оқу-білімді қазақ «инемен құдық қаз­ған­дай» дейді ғой. Сонау 90-жылдардың ая­ғын­да Ұлттық ғылым академиясын сол кез­дегі басшылық таратып жіберді. Сөйтіп, сол кездегі тоқырау ғылымға үлкен қасірет әкелді. Ғалымдардың тұрақты жалақысы болмады. Тіпті, былтырға дейін ғалымдардың базалық жа­лақысы болған жоқ. Тиіп-қашып тиын-те­бен алып жүрді, гранттық жобаларды ұтып ал­са, мемлекеттік тапсырыс болса содан түс­кен нәпақаны қанағат қылды. Соның ке­сі­рі­нен ғалымдардың көбі жоғары оқу орын­дары­на, шетелдерге немесе басқа салаларға кетіп жатты. Әсіресе, гуманитарлық ғылымдар са­ласы күйрегендей күй кешті. Әрине, өмірін ғы­лымға арнаған жанкешті ғалымдар болды, со­лар барлық жағдайға көніп, ғылымды да­мытуға аз да болса өз үлестерін қосты деп ой­лаймын. 
2016 жылы менің гранттық жобаларым өт­пей қалды. Керемет тақырыптар болатын. Тұра­лап жатқан ғылыми ортада біреудің аз-кем несібесіне ортақтаспайын деп, сол кездегі Қы­зылорда облысының әкімі Қырымбек Кө­шербаевтың шақыруын құп алдым. Ол 2017 жылдың басы еді. Сөйтіп, отбасыммен отарбаға отырып Сыр бойынан бір-ақ шық­тым. Ол жерде жағдайымды жасады. 3 бөл­ме­лі қызметтік үй берді, ыңғайлы жұмыс та бер­ді. Қаланың сол жағалауында бұрын Қы­зылорда астана болған жылдардағы Қазат­ком­ның ғимаратын қайта салдырған екен, жаңадан ашылған мекеменің алғашқы қыз­мет­керлері қатарына қосылдық. Мұндағы «Рухани жаңғыру» орталығында «Ғылыми қа­зы­на» деген бөлім болды, соның жетекшісі бол­дым. Сол арада 3 жыл қызмет атқардым. Бір­ақ жұмысты үлкен басшылар қол­да­ға­нымен, бергі жағындағылардың жүйесінде кем­шілік көп болды. Мен 20-30 жоба ұсын­дым, соның үшеуі ғана қаржыландырыл­ды. Ал­ғашқы жоба аясында «Қорқыт атаның да­налық сөздері» атты кітап дайындадым. Ол Гер­манияда, Дрезден қаласында сақталған «Дедем Қорқыт кітабындағы», «Аталар сөзі» қолжазбасына енген сөздері, ел есінде қалған қанатты сөздерден құралған. Оны қазақша, орысша, ағылшынша әзірлеп, Қорқыт әулиеге қатысты 20 шақты аңызды жинап, Қорқыт­тың еліміздегі кәсіби суретшілер салған кар­тиналармен безендіріп, алғысөзін өзім жазып баспадан шығардым. Қорқыт атаны Сыр бойы­ның паспорты десе болады, Қызылордада оған қатысты атауларға келсек, Қорқыт ата атындағы университет, Қорқыт ата әуежайы, Қорқыт ата атындағы жыраулар мектебі, Қор­қыт ата атындағы көше немесе «Қорқыт сауда үйі» деп жалғасып кете береді. Қорқыттың үлкен мұрасы – Қорқыт ата кітабын түпнұс­қадан аударамын деген мақсат болды, бірақ ол арманыма жете алмадым. 
Одан кейін атақты Сыр сүлейі, «Шаһ­на­ма» секілді әлемге танымал туын­ды­ны қазақша сөйлеткен ақын Тұрмағамбет Із­тілеуұлының 20-30 жылдар арасында жи­нақ­таған ауыз әдебиеті үлгілерін, орталық ғы­лыми кітапханада сақталған өз қолымен жа­зылған қолжазбасын түпнұсқадан бүгінгі қа­зақ қарпіне түсіріп, Қармақшы ауданы әкім­дігінің қолдауымен үлкен кітап етіп шы­ғардым.
Үшінші жұмыс – «Сыр бойының сакральді ес­керткіштері» үлкен ғылыми жоба аясында 3 жылда Сыр бойындағы бүкіл көне қала­лар­ды, қамал-бекіністерді аралап, Түр­кі­стан­нан Қор­қыт атаға дейінгі, Ақиректегі Арыстан бап­тан Шәуілдірге дейінгі аралықтағы өмір сүр­ген үлкен-үлкен ғұламалар – ахун-ишан­дар, батырлар, билер, хандарға қойылған та­рихи-мәдени ескерткіштер туралы дерек­тер­ді жинақтап, «Мифтер, аңыздар, хикаттар» деген атаумен кітап қылып бастырдық, со­ны­мен бірге оны дикторлардың оқуымен ар­найы дискіге жазып шығардық. Мұның үшеуі де сол кездегі облыс әкімінің алғысөзімен, біз­дің ғылыми түсініктемемізбен 2019 жылы жа­рық көрді. Мұнан басқа да маңызды жо­балар бар еді, бірақ 2019 жылы жаһанды шар­пыған пандемияның кесірінен жұмысты тоқ­татып, 2020 жылдың тамызында Алматыға қайтуға тура келді. 

– Әдебиеттануда мәтінтанушы ғалым ре­тінде көп жұмыс жасадыңыз. Ай­тыңыз­шы, біздегі мәтінтану ғылымы қай деңгейде? Неге бізде кейбір тұл­ға­лар­дың «жаңадан табылған шығар­ма­лары» жөнінде жиі айтыс-тартыс болып жа­тады? Әлде тұлғаны қолдан жасап жі­берушілік дертіне ұшырағандар әлі көп пе? Олардың ғылым тұнығын лай­лауын­да не мақсат бар?

– Мәтінтану ғылымы Қазақстанда кештеу да­мығаны рас. Онымен айналысатын адам да аз. Оны игеру үшін көне қолжазбалармен ай­­налысу керек. Ол үшін бұрынғы және қа­зір­гі, әртүрлі тілдегі, қолжазбалардағы мәтін­дер­ді салыстыра оқып, сараптап, талдай білу қажет. Оның өзіндік ғылыми принциптері бар. 
Әдебиет және өнер институтындағы үл­кен ғалымдардың ішінде Орталық Азияда ке­зінде әдеби тіл ретінде болған, шартты түр­де шағатай деп аталатын ескі түркі тіліне бір­шама жүйрік, майталман маман деп Мақ­сұт Шафиғи атамызды айтар едім. Ол кісі әде­биет институтында ұзақ жыл бойы еңбек етті. Айтыстар, ертегілер, батырлар жырлары, 70-80-жылдары жарық көрген көптеген кітап сол кісінің көшіріп, дайындауымен шықты. 
Әдебиет институтының өз жеке қолжазба қоры бар және Қолжазба және тестология бө­лімінде мәтінмен айналысатын санаулы маман жұмыс істейді. Бірақ олардың бәрі бірдей мәтін зерттеумен айналысады деп ай­туға болмайды, тек белгілі бір ғылыми жо­ба­ларға байланысты айналысуы мүмкін немесе өз­дері таңдаған қолжазбаларға байланысты зерттеу жұмыстары болады. Әрине, мәтінмен кәсіби түрде айналысатындар бар шығар, бір­ақ оларды біле бермейміз. Көп көріне бер­мейтін ондай адамдар өзімен-өзі архивтерде, кітап­ханалардың сирек қорларында отырады. Бұл салада өзім жақсы білетін, сыйлайтын ға­лымдардың қатарында Әшірбек Муминовты ай­туға болады. Үлкен ғалым, профессор. Көне қолжазбалардың майын ішкеннің бірі. Одан бас­қа Шығыстану институтында, әр облыс­тағы кейбір музейлерде мамандар кездесіп қа­лады. Мәселен, Оралда Қазыбек Құтты­мұрат­ұлы ініміз құлпытастарды оқуға, қол­жаз­батануға, мәтіндерді қазақшалауға көп ең­бек сіңіріп жүр. Ол да біздің тарихымызға, мә­дениетімізге қажет нәрсе. Сонымен қатар  Аты­рау, Маңғыстау жағында Сайфулла Мол­ла­қанағатұлы, Нұрлан Құлбай деген азамат­тар осы бағытта көп жұмыс атқарғанын бі­ле­мін. 
Жалпы, мәтінтану – қиын ма­ман­­дық. Мәтіндерді салыстыру, оның қай кезде жа­зылғанын анықтау, қол­жаз­ба авторын, қолтаңба түрін, лексиконы мә­тін жазылған кезге сәйкес келе ме, жоқ па, со­ны талдау, жасандылығын не түпнұс­қа­лы­лы­ғын анықтау дегендер оңай емес. Соңғы 30-40 жылда халық әдебиеті мен музыкалық мұ­ра­лардың авторларын қолдан жасау, жа­сан­ды қолжазбаларды қолдан көшіріп, елге та­рату, кітап қылып шығарушылар елдің есін шы­ғарып жіберді. Оны ғылыми тұрғыдан дә­лелдеп бергеніңнің өзінде мойында­май­тын­дардың мақсаты не? Қолдан жалған та­рих, жалған шығармашылық өмірбаян жасау ма? Тәуелсіздіктен бергі жерде жарыққа шық­қан жұртқа белгілі кейбір «тарихи» ең­бек­­тер, мысалы, «Түп-тұқияннан өзіме шейін» ат­ты күмәнді кітап туралы немесе Қожаберген жы­раудікі, Сегіз серінікі делінетін шығар­ма­лардағы мәтіндердің жасандылығы жайында талай рет дау туып, мәтінтанушылар оларға өз бағасын берген. Бірақ соған құлақ асып, ғы­­­лыми төрелікті құптағысы келмейтіндер де аз емес. Десе де, оларға мәтінтанушылар өз­дері­нің ақиқат шешімін айтты. Ақ-қарасын анық­тап берді. 
Ғылым сөзі адамның шабыты келгенде жа­за салатын шығарма емес, ол үздіксіз із­дену­дің, ұзақ та терең зерттеудің нәтижесі. Бұл орайда Абайды көбірек оқу керек. Тұжы­рым­дай айтқанда, сауатты ел болғымыз келсе, ғы­лым үйреніп, ғылым сөзін түсінуіміз керек!

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан – 
Ахмет ӨМІРЗАҚ

Серіктес жаңалықтары