"Қазақстанда кәсіби футбол клубын ашқым келеді" – Седет Чичек

"Қазақстанда кәсіби футбол клубын ашқым келеді" –  Седет Чичек
987

Жуырда әлеуметтік желіде ұлттық киімдер конкурсында түсірілген видео кеңінен таралып, тоғыз миллионнан астам қаралым жинады. Онда Седет Чичек есімді түрік азаматы қазақ қыздарының есімін сұрап, таңғалысын жасырмайды. Видео астында жазылған пікірлерде көпшілік, әсіресе түрік қолданушылары қазақ қыздарының есімдерінен көп ұқсастық байқағанын айтып, жылы пікірді қарша боратты. Осыдан төрт жыл бұрын Алматыға қоныс аударған, бүгінде елдегі балалар футболын қайтсем дамытамын деп жүрген бапкер Седетке хабарласып, әңгімесін жазып алған едік.

– Бірнеше БАҚ сізді Түркиядан кел­ген блогер деп шатастырып жазып жүр. Ал негізінде сіздің футбол бапкері әрі университет оқытушысы екеніңізді көп­шілік біле бермейді. 

– Иә, мені көбі солай жазып жүр. Негізі, мен – бапкермін әрі футбол маманымын. Пан­­демия аяқталуға аз қалғанда Қазақ­стан­ға көшіп келіп, мұнда Түркиядағы ең үл­кен клубтардың бірі – «Фенербахче» ко­­­мандасының спорт клубын аштық. Не­гі­зі, мен мұнда баяғыдан бері келгім келіп жүр­ген. Қазақстан – біздің атажұртымыз. Мен осында келмес бұрын Қазақстан тура­лы деректі фильмді көп көретінмін. Түбі бір күні онда барып, теледидардан көргенді өз көзіммен көремін деп мақсат етіп жүре­тінмін. «Фенербахченің» Алматыдағы спорт клубында бір жылдай жұмыс істедім. Он­дағы келісімшарт аяқталған соң Алматы менеджмент университеті мені оқытушы­лық қызметке шақырды. Әрі сол аралықта мен университет жанынан балаларға ар­нал­ған спорт мектебін аштым. Одан бөлек, уни­верситеттегі футбол командасының бап­кері қызметін атқарамын. Оған қоса, ба­ла­ларға арналған бірнеше тиімді жобам бар. 

– Әлеуметтік желіде белсенді болу­ға не себеп?

– Жасырып не керек, мен басында та­ны­мал болуды қаладым. Мені көпшілік та­ни­тын болса, олар менің жобаларыма қы­зығушылық тудыратыны анық. Негізі, мен мұнда келгенге дейін мүлде әлеуметтік же­лі қолданбағанмын. Кейін жеке парақ­шам­ды ашып, мұндағы футбол, әсіресе ба­ла­лар футболы туралы біраз контент жа­рия­лауды қолға алдым. Үндемей жүре бер­сем, мені ешкім аңғармайтыны аян. Кейін Алматыдан басқа қалаларға шығып, өзім қызыққан дүниелерді таспаға түсіріп, па­рақшама жүктедім. Алайда бұл жүк­те­ге­німе көпшілік сонша қызығады деп күт­пе­дім. Екі апта бұрын Шымкентке барғанымда бір салонның іші адамға лықа толы екенін бай­қадым. Сөйтсем, ұлттық киім киген қа­­зақ қыздары арасында жарыс болып жа­тыр екен. Оны видеоға түсіріп, Алматыға кел­ген соң парақшаларыма жүктеген едім. Ер­тесі қарасам, ол видеом жалпы саны 10 млн қаралым жинаған екен. Елестетіңізші, әлем­дегі 10 млн адам ондағы әдемі киім­дер­ге қызыққан. Индонезия, Түркиядан бө­лек, араб елдерінен қызыққандар қатары көп болды. Кейін қазақстандық бірнеше БАҚ мен туралы жаза бастады. 

– Әдепкіде балалар футболын на­си­хат­таймын деп ашқан блогыңыздың соңы қазақ мәдениетін танытуға ұлас­ты.

– Иә. Қазір бәрі өзгерді. Көпшілік менің жо­­баларымды тыңдай бастады, тіпті Пре­зи­дент на­зарына іліктім деп естідім. Менің бас­ты мақ­сатым – көп адамды жақындас­тыру. Мен Қазақстанға көшіп келген соң көп ұқ­сас­тықты байқадым. Түбіміз бір бол­ған­нан соң ба, мінезіміз де ұқсас келеді екен. Біз, негізі тұтасымен бір адамбыз ғой, тек сая­си себептер мен географиялық бө­лі­ніс жағы­нан бөлектеніп қалдық. Біз бір тілде, бірақ түрлі диалектте сөйлейтінімізді аң­ғар­дым. Менің екінші көздегенім – Түр­кия­дағы отандастарыма Қазақстанды көбірек та­ныт­қым келді. Олар біздің бауырлас, туыс­қан ел екенімізді жақсы біледі, деген­мен көбі мұнда келіп көрмеген. Алайда ме­нің видеоларымнан соң, көп түрік аза­маты Қазақстанға келе бастады. Мен олар­дың біразын Алматыда кездестіріп қалдым. Олар «Біздің Алматыға бірінші рет келуі­міз­ге сіз себепші болдыңыз» деп алғысын біл­діріп жатыр. Мен мұны естігенде қатты қуан­дым. Жоғарыда айтып өткен, Шым­кент­те түсірген ұлттық киімдер туралы ви­деода көпшілік киімнен бөлек, қазақ қыз­дарының ерекше есімдеріне қатты қы­зықты. Ол видеоның астындағы пікірлерді оқы­саңыз, көпшіліктің түркі елдеріне ортақ есімдер қойылғанына риза болғанын байқайсыз. Қазіргідей араб есімдерін қою сәнге айналған заманда, өзіміздің айрықша есім­дерді ұмыт қылмағанына қайран қала­сың. Онда қа­тыс­қан жиырма алты қыздың екеуінің ғана есімі арабша, ал қалғаны түр­кітілді қол­дану­шыға таныс болды. Әрі олар көп есім­нің Қазақстанда ұмыт қалмағанына риза болды. Ал мен сол сайысты байқап қал­ма­сам, бұл туралы ешкім білмес те еді. Әлгі видео әлеуметтік желіде кеңінен та­рал­ған соң Шымкент қаласының әкімді­гінен сыйлық алдым. 

– Балалардан қазақша алған сұхба­тыңыз таспаланған видеолар да біраз қаралым жинап үлгерді.

– Иә, әсіресе, ата-анасы түрік баланың қа­­­­зақша еркін сөйлеген видеосы көпші­лік­ке ұнады. Мен осында келіп, балалармен ви­део түсіре бастағанда қазақ тілі бұрын­нан «ішімде», санамда бар екенін байқадым. Тіл құрылымы ұқсас болғасын ба, қазақша әң­гіме естісем, келесі сөздің қалай аяқ­та­латынын біліп тұрамын. Қазір өз бетімше қа­зақша үйреніп жүрмін. Қазақшам жақ­сар­ған соң сол тілде көп видео түсіретін бо­ла­мын. Танымалдығым артқан сайын, бір­неше жобаны іске асыру туралы идея келді. Бұйырса, алдағы уақытта қандай жо­ба екенін көретін боласыздар.

– 80 жыл бұрын айдалып, Қазақ­стан­ға көшуге мәжбүр болған түрік ақ­сақалдарынан алған сұхбатыңыз да көп қаралым жинады. Бірнеше отан­дық БАҚ көшіріп басты. Сіз оларды Шым­кентке арнайы іздеп бардыңыз ба?

– Жоқ. Мені таныған қазақ жұрты өз жа­ғына шақырып жатыр. Өскемен, Семей, Астана қалаларынан бөлек, шалғайда жатқан ауылдарға қонақ етеміз деп ыстық ле­бізін білдіріп жатыр. Алдымен ел ішіндегі сапарымды Шымкенттен бастайын дедім. Бір қызығы, онда барғанымда көп адам мені танитынын аңғардым. Мен Шымкент­те өмірі болмағанмын, бірақ олар мені бұ­рын­нан танитындай бауыр тартып, қо­нақ­жайлық көрсетті. Жолай бір ауылға тоқ­тап, ол жердің әдемілігін көргіміз кел­ген. Сөйтсем, онда түріктер тұрады екен. Со­сын мені Грузиядан он екі жасында ай­далып, көшіп келген бір қарияның үйіне ертіп апарды. Сөйтсем, ондай зұлмат за­ман­ды көрген үш түрік ақсақал сонда тұра­ды екен. Олар бала кезінде келсе де, сол аласапыран уақытта өз жағдайы мәз емес бола тұра, қолындағы барын беріп, құ­шақ жая қарсы алған қазақтарға алғысын ай­тып, ағынан жарылды. Алматыға келген соң, сол видеоларды жүктеп салған едім, көп қаралым мен пікір жинады. Сосын ол ви­деолар Қазақстандағы басты сайттардың жеке парақшасында жарияланды. Онда да жы­лы лебіздер толастамады. Бұйырса, ал­дағы уақытта Түркияға барып, ондағы, әсі­ресе Зейтүнбұрындағы қазақтар туралы кон­тент әзірлемекпін. Әрі жергілікті ха­лықтан Қазақстан туралы не білетінін сұра­мақпын. Жоғарыда айтып өткенімдей, маған көп қолданушы жазылғандықтан, түрлі жобаны іске асырғым келеді. Менде әлі жарияланбаған жүздеген қызық видео бар. Алайда түсіргенімнің бәрін сала бер­мей­мін. Жеке канал ашып, сонда жария қыл­ғым келеді. Себебі бос уақытта істейтін бұл сүйікті ісім негізгі кәсібімді «басып» кет­песе екен деймін.

– Алдағы уақытта тек Алматыға тұ­рақ­тайсыз ба? 

– Иә, өйткені Алматы – мен үшін әлем­дегі ең керемет қалалардың бірі. Мен Түр­кия­ның керемет жерлерінде тұрдым. Негізі, мен Бурсада өстім, кейін Бодрумда, сосын Мар­маристе көп жыл тұрдым. Алматыға кел­мес бұрын Мармаристі әлемдегі ең кере­мет қала деп ойладым. Кейін Алматыға ке­ліп, ойым өзгерді. 2 жыл бұрын Марма­риске жұмыс бабымен барып, онда жиырма күн тұрақтадым. Ішім пысып, не істерімді біл­медім. Байқасам, Алматыны сағынып­пын. Маған бұл қаланың әр мезгілі ұнайды. Ал­матының тұрғындары ешқайда асық­пай­ды. Түркияда бәрі астығып-аптығып жү­реді, қалаберді, кептелісте көп сағат тұ­ра­ды. Ал Қазақстанда, әсіресе Алматыда әр күн мереке секілді өтеді. Әлемнің осын­дай ерекше қаласында тұрып жатқан мен бақыттымын. Әрі жай ғана өз жұмысымды іс­теп қана қоймай, Түркия мен Қазақстан ара­сында мәдени елші болып жүргеніме шү­кір етемін.

– Бір сөзіңізде Қазақстанда балалар клу­бынан бөлек, ересектер команда­сын жасақтағыңыз келетінін айтып қалдыңыз. 

– Иә, мен Қазақстанда кәсіби клуб құр­ғым келеді. Тек команда жасақтап қана қой­май, академия ашқым келеді. Онда тә­жі­рибе жинақтаған балалар біз құрған клуб сапында Қазақстан Премьер Лига­сын­да ойнаса деймін. Қазақстан мен Түркия ара­сында көп сала бойынша қатынас жақ­сы жолға қойылған. Алайда екі ел ара­сын­да спорт жағынан еш байланыс жоқ. Ме­нің басты мақсатым – сол байланысты ор­нату. Өкініштісі сол, мұндағы кейбір орыс­ша «ойлайтындармен» жоба туралы сөй­лесу қиындау. Дегенмен Қазақстанда іске асырғым келетін жобалар туралы өзім бі­лім беріп жатқан университет басшы­лығы, «Қайрат клубы» және Қазақстан фут­бол федерациясының өкілдерімен сөй­лес­тім. Тіпті, былтыр Түркия басшысы Ре­жеп Тайып Ердоғанның көмекшісіне жа­са­ған презентациямды жібердім. Бұл бас­та­маларым бүгін болмаса, ертең іске асады деп сенемін. Бір үмітім бар.

– Әңгімеңізге рахмет! Іске сәт!

Сұхбаттасқан 
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары