Атаулардан ұлттық сипат іздеген ғалым

Атаулардан ұлттық сипат іздеген ғалым
778

Шерубай Құрманбайұлы. Бұл – аты-жөн әрісі түркі, берісі қазақ руханиятына танымал. Этимологиялық тұрғыдан емес, ғылыми әрі әлеуметтік-құқықтық тұрғыдан. Өйткені бұл аты-жөннің иесі аталған кеңістікте өзінің қолтаңбасын ойып жазды. «Түркі жұрты», «Қазақ елі» дейтін идеяға қызмет етіп келе жатқан ардақты азамат.

Мен осы бір орайды пайдаланып, Ше­­­кеңнің шыққан ортасы, яғни ту­ған отбасына қатысты бір-екі сөзді айта кет­кім келеді. Оның алдындағы ағасын, өзі­нен кейінгі інісін білетін едім (өткенге сәл ше­гініс). Әскерден келген кезіміз, «өмір көр­ген» жігіттердің қатарындамыз, желкілдеп тұр­ған шағымыз. Біз болған Қиыр шығыс­та­ғы әскери округке сол жылы Мәскеуден тө­тен­ше тапсырма келіп, бірнеше әскери құ­ры­­лысты тез арада бітіру міндеті жүктелді. Екі жыл мерзімін аяқтағандарды әскерден бо­сату (демобилизация) туралы бұйрықтың шы­ғатын күнін санап жүрген біздерді та­мыз­дың аяғына дейін қалдыратын болды. Бұй­рық басқаша шыққан соң амал бар ма? Көн­дік те қалып қойдық. Әскерден келе сала оқу­ға тапсыруға дайындалып жүрген арма­ным сол жылы орындалмады, туған жердің то­пырағына табанымыз 10 тамыз күні ғана тиді.
Ауылда аунап-қунап біраз күн жатқан соң, арман болған Алматыға тартып кеттім. Мақ­сат биылша жұмыс істей тұрып, дайын­да­лып, оқуға келесі жылы тапсыру. Астанаға кел­ген соң, біршама қиындықтардан кейін ор­­наласқан жұмысым – Алматы пром­вен­ти­ля­ция. Өндіріс орындарына желдету жүйесін орнату. Құрылысшылар бірге жұмыс істеп, түс­кі асты бірге ішіп отырса да, орыстар мен қа­зақтар болып бөлінеді. Қазақтардың түрлі жол­­­­дармен қалаға жинала бастаған кезі. Ал­ма­тыны «жабық қала» деп, қазақтарды кір­­гізуге барынша тежеу қойса да, жүріп жат­­қан құрылыс пен жеңіл өнеркәсіп өнді­ріс­терінде жұмыс күші жетіспегендіктен, жан-жақтан келіп орналасып жатқан жастар көп болатын. Алайда басшылықтың бәрі өзге ұлт өкілдері. Аузы қисық болса да «байдың ұлы» сөйлеп тұрған кез. 
Солардың арасында алғаш көрген бас­тық қазағым Егінбай Күркебаев еді. Қазіргі тіл­мен айтқанда білікті маман, құрылыстың ті­лін жақсы біледі, соның ішінде желдет­кіш­тер­дің жүйесін, қай жерден қалай өтетінін, қай бөлшегі қайда тұратынын, қабырғадан, тө­беден қалдырып кететін мың түрлі тесік­тің қайсысынан кіріп, қай жерінен шыға­ты­нын эскизге қарап отырып, бәрімізге тамаша тү­сіндіріп береді. Түсіндіру әдістемесінің ше­берлігінен болса керек, желдеткіш құ­быр­лары­ның жүйелік картасын біраз күннен кейін мен де шамалап біле бастағаным есім­де. Қасында Мұрат, Мағзом деген екі сенімді жі­гіт болатын. Жақын інілері секілді, Орал­дан, Жамбылдан келіп, осы бригадада бас қос­қан екеуі Егімбай ағаларын туған бауы­рын­дай сыйлайды. Бір қызығы, бірге істейтін құрылысшылар әкесінен үлкен адамдарды атымен атай беретін, біраз жас үлкендігіне қарамай Егінбай ағамызды біз де атымен атайтын едік. Бірге жүрген кезде аспайтын, айтар сөзінің өлшемін білетін, бойына күші сый­май тұратын албырт жігіттердің лепірген көңілін де баспайды, сабырмен тыңдап оты­рып-ақ сабасына түсіреді, сонан соң сабырға ша­қырып сөйлейді. Осы мінезімен басшы­лық­қа да жақты, қол астындағылардың ал­дын­да да беделді болды. Мен сол бригадада жү­ріп әл-Фараби атындағы Қазақ мем­ле­кет­тік университетінің кешкі дайындық бө­лі­міне түсіп, келер жылы бірінші курсқа қа­­был­­дандым. Қыс бойғы кешкі сабаққа асы­ғыс­тықта, құжат тапсыру кезіндегі қар­ба­лас­та, емтиханға дайындық кезіндегі қысылтаяң сәттерде үнемі қолдау көрсетіп отырғаны әлі есім­де. Оқуға түсіп, қуанып келгенімде жақ­сы тілегін айтып, бригаданы жинап құт­тық­тап, шығарып салды. Бұл – Егінбай бауыры­мыз Шеру­байдың туған ағасы еді. Құрылыс­шы бри­гадирінен учаске бастығына дейін көте­рі­ліп, зейнеткерлікке дейін біршама уақыт бас­шылық қызмет атқарғаны туралы ес­ти­мін. Қазір ұл-қыздары ержеткен, үбірлі-шү­­бір­лі, немерелерінің ортасында бақытты ғұ­­м­ыр кешіп жатыр. Одан бері отыз төрт жыл уа­қыт өтсе де, бауырдай болған аза­мат­тың сол кездегі адамгершіл тұлғасы әлі ойым­да. 
Осы әулетте мен білетін екінші азамат – Кен­же Күркебаев. Азан шақырып қойылған аты Кенжетай, қатар құбылары құрметтеу мақ­сатымен «тайын» қысқартып «Кенже, Кен­жеке» атап кеткен. Әл-Фараби атындағы Қа­зақ ұлттық университетінің Филология фа­культетінде қатар оқыдық. Білімді азамат көп жылдан бері осы университетте қызмет етіп келеді. Күркебаев Кенжетай Құрман­бай­ұлы – филология ғылымдарының канди­да­ты, қазақ филологиясы кафедрасының до­центі. Бір­неше оқу құралдары мен моногра­фия­­лар­дың авторы. 
Құрманбай әулетінен мен білетін осы үш ұл­дың әрқайсысы қазақ қоғамының дамуы­на өзіндік үлесін қосып жүрген, ісіне адал, ұстанымдары берік, өмірден өз орындарын тапқан азаматтар.
Шерубай Құрманбайұлымен сол кешкі дайындық курсында оқып жүргенде алғаш кездестік. Қазақ тілінен сабақ өткізуге келді. Бізге бұл сабақты филология ғылымының кан­дидаты, доцент Молдабеков Қуатбек ағай жүр­гізетін. Сол жолы орнына 3-курс сту­ден­тін жіберген екен. Арамызда біраз өмір көр­ген сақа жігіттер де бар, жастары сол кезде 25-26 шамасында. Әуелде жасына қарап «е» дегендей болдық. Талғап, таңдап жатпай сұрақ­тарды бірінен кейін бірін қойып жа­тырмыз. Жауапсыз қалғаны болмады, кей сұрақтардың бірнешеуін қосып бір-ақ жауап берді. Тіс қаққан сақа жігіттер бірден түсіне қой­ды, бұл студентті баласынуға болмайды... Шымыр денелі, қаршығадай жігіт, сөздері де ширақ. Біраз уақыттан соң аудиторияны иге­­­­ріп алды... Ертеңіне жұмысқа келгенде «Інің кеше бізге сабақ өткізді» дедім күліп (сіз деп сызылғанды ешкім аса ұната қой­май­ды). Менің сабаққа барып келуім басқа­лар­ға қызық. Әр күнгі сабақ туралы сұрайды. Сол күнгі сабақты да бригададағы жігіттерге айтып бергенім есімде.  
...Ауылшаруашылық жұмыстан соң, бөл­месіне арнайы іздеп барғам. Шекеңмен ал­ғаш таныстығымыз сол 1990 жылы бас­тал­ған. Есте қалған ерекше сәттердің бірі – ол 1999 жылы 12 наурызда «қазақ тілі» маман­ды­ғы бойынша «Қазақ лексикасының тер­мин­­денуі» деген тақырыпта докторлық дис­­сертациясын қорғады. Авторефератын бер­­ген, арнайы барып қатыстым. Қорғау кезін­де көрсеткен слайдтар, еркін көсіліп сөй­леп тұрған сәттері көз алдымда қылыпты. Сұрақ­тар көп қойылды, бұл жолы да дағдар­ған жоқ, барлығына жауап берді. Әлімхан Жү­нісбек ағамыз «Шерубай, сен «бәрі өзім­дікі» дей бермей, мына ағаларыңның пікірін құр­меттеп, «иә, солай, алдағы уақытта қарас­тыра­мыз» деп қойсаңшы», – деді жарасымды әзілмен. Нұргелді Уәли ағамыз да біршама сұ­рақ қойды, ғылыми тұрғыдан пікірін айт­ты. Ресми сөзін аяқтағаннан кейінгі інісіне мы­нандай тілек айтты: «Күні бойы шапса шар­­шамайтын, бір терлеп басылған соң, кеш­ке қарай шабысын үдете түсетін өрен жүй­­­­ріктер болады екен. Қазақ ондай жыл­қы­ны «сартап ат» дейді. Түрің де ақ сары, ша­бы­сың да сол сартап атқа ұқсайды. Бола­ша­ғынан үлкен үміт күттіретін азаматсың, саған сәттілік тілеймін!» – деп сөзін аяқтаған.
Арада өткен осынау жылдар ішінде қа­зақ тілі біліміне Шерубай Құрманбайұлы де­ген есім келді. Қазақ терминологиясының жо­ғын түгендеп, керегесін кеңейтті. Қысқа ға­на айта кетсек, 2014 жылы 60 баспа табақ­қа жуық, яғни 952 беттік көлемді еңбегінің өзі біраз жайттан хабар берсе керек. Қазақ тер­минологиясын жинақтап, жүйелеп, тео­риялық, қолданбалық, әдістемелік негіздері бойынша үш тұғырын бекітті. Бұл – қазақ тіл біліміне қосылған қомақты үлес. Ол ғы­лыми зерттеулермен ғана шектелген жоқ, бір­шама беделді басшылық қызметтер ат­қарды, қазақ руханиятына зор үлес қосты, өзі танымал тұлғаға айналды. 
Ғалымның ғылыми тұлғасын айғақ­тайтын аталған еңбегінен басқа зерт­теу­лері аз емес. Соның бір парасы – оно­мас­тика бағытындағы ойлары мен ғылыми пікір­лері. Ол ойлар қазақ ономастикасының жоғын түгендеуге арналған кон­ферен­ция­ларда сөйлеген сөздер, сұхбаттар, мақалалар түрін­де жарық көрді. Ғалым өз пікірін ортаға са­лып, әр кезде қазақ қоғамына ой тастап келеді.
Кеңес үкіметі кеткенмен, соңында үл­­кен мәселелер қалды, соның бірі – туған тілдің жағдайы. Бұл мәселелердің бір жағы мемлекеттік тілді дамытумен, екінші жағы тіларалық қатынас – саясатпен, үшін­ші жағы сыртқы елдермен байланыс, құқық, т.б. секілді сан тараулы күрмеуі күрделі бо­лып келетінін көпшілігіміз білеміз. Шерубай Құр­манбайұлы сол уақытта тіл ғылымы мен саясатына қатар араласқан. Бұл ономасти­ка­ның да мемлекеттік дәрежеде күн тәрті­біне шыққан кезі. Арғысы патшалық Ре­сей­дің, бергісі кеңестік идеологияның ең бір шүй­ліккен жері қазақтың аты-жөні, ғасырға жуық уақытты қамтыған аралықта (жеке­леген тұлғаларды айтпағанда), толықтай орыс­шаланып болған. Құжатқа жазды, сана­ға сіңірді, талай буын өкілі ұмыта алмайтын әр жерде із қалдырды, оған бүгінгі күні кө­зі­міз жетіп отыр. Шекең осы кезде есті аға­лардың ізімен алғаш ес жиғандардың бірі еді, аты-жөнін орысша жұрнақтардан таза­лап алды. Ата-бабадан қалған үлгімен, дәс­түрлі ұлттық нұсқаны таңдады. Көне түркі жұр­тынан келе жатқан тектеу (тегін анық­тау) дәстүрімен «ұлы» болды. Көне түркіден қал­ған «Байна Саңун Оғлы Кулуг Чур», «Кулуг Тіріг оғлы бән Кулуг Тоған», т.б. секілді аты-жөн­дер­дің құрамында сақталған «оғлы» сөзі біз­дің заманымызға жаңғырып жетті. Бұл – ғалымның ономастика бағындағы алғашқы қа­дамы деп білген дұрыс. Ешкімді жаз­ғыр­мады, кінәламады, бірінші өз аты-жөнін дұрыстаудан бастады.
Шерубай Құрманбайұлының қазақтың аты-жөні туралы ойлары кешенділігімен ерек­шеленеді. Мәселенің күн тәртібіне қойы­луы мен шешілуіне қатар назар аудар­ды. Т.Жанұзақпен бірге қазақ аты-жөнін жазу­дың нұсқаулығын дайындады. Нұсқау­лық­та қазақ аты-жөнінің біршама үлгілері мен жазу ережелері берілді. Кісі аттарына қа­тысты мақалаларының идеясы қол­да­ныстағы аты-жөнімізді дұрыс рәсімдеумен және осы нұсқаулық талаптарына сәйкес­тен­діру ізденістерімен сабақтасып жатады. Бұл тақырыпты жан-жақты қаузап, басы­лым­дарға көптеген мақала жазды. «Аты-жөн­ді ала-құла жазудан арылуымыз керек» («Ай­қын», 12 желтоқсан 2008 жыл); «Есімдер есті болса» («Айқын», 29 қаңтар 2009 жыл); «Аты-жөн мемлекетшіл қалыпқа келу керек» («Айқын», 4 наурыз 2010 жыл); «Енді аты-жө­ні­мізді рәсімдеуді ретке келтірейік». («Ана тілі», 5 наурыз 2010 жыл); «Қазақстан азамат­та­рының аты-жөнін бірыңғай қалыпқа кел­тіруді заңмен реттеу қажет». («Алаш ай­на­сы», 9 қараша 2011 жыл); «Аты-жөнді жа­зу­да неге бірізділік жоқ?» («Айқын», 16 қаң­тар 2013 жыл).
Кісі аттарын нормалау, яғни біріздендіру біз­де ғана емес, әлем елдерінің біразында бар. Дәстүрі мен мәдениетінің ерекше­лік­те­ріне қарамай, ат қоюдағы кейбір ұстанымдар түрлі халықтарда бір-біріне сәйкес келіп жа­та­ды. Сонымен қатар азаматтардың тегі­нің қалыптасуы да бірнеше ғасырды қам­тыған елдер бар. Мысалы, орыс фамилиясы өткен ғасырдың 50-60 жылдарына дейін жүйе­ленбеген, бытыраңқы күйде болған. Орыс ғалымдарының табанды зерттеулері­нің нәтижесінде адамның тегін (фамилия) біл­діретін қосымшалардың саны айқындал­ды. А.Суперанская мен А.Суслова орыс фамилияларын стандартты және стандартқа сай емес деп екі топқа бөліп қарастырады. Стандартты орыс фамилияларына -ов, -ев, -ин, -ский, -их, -ой, -ий секілді қосымшаларды жатқызады да, стандартты еместеріне, қол­данылып жүрген, мұнан өзге 29 қосымшаның түрін атап көрсетеді және ешқандай қосым­ша­сыз жеке сөзден тұратын фамилиялардың 14 түрін мағыналық топтарға жіктеп береді. Стан­дартты емес фамилиялар құрамындағы қосымшалар «реттелмеген, кездейсоқ, мін­детті емес, ауызекі сөйлеу тілінің элемент­тері» ретінде қарастырылады. Жинақтай кел­генде, бұл екі ғалым орыс тегінің 32 түрін анық­тап көрсетті. Сөйтіп, соның ішінде фа­милия болуға жарарлық бірнешеуін ғана қал­дырып, қалғанының қолданысы шектел­се деген ойларын білдірді.
Осы зерттеулер қазақ есімдеріне байла­ныс­ты да жүргізілді. Ғалымдардың арасында ол санды алғаш атаған – Шерубай Құрман­бай­ұлы. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында аты-жөнін, тегін өзгерту, қазақшалау ел ара­сында қызу қолға алынып жатқанда біраз аза­маттарымыз жеке қалауларымен, түрлі уәж­дерді негіз етіп, өздеріне тек жасап алып жатты. Олардың ішінде ата, әулеті, келіні, үбірі т.б. секілді туыстық атаулар, ілік, шығыс септіктерінің жалғаулары, т.б. үлгілер бар еді. Осы кезде Шерубай Құрманбайұлы сол кезде қолданылып жүрген тегіміздің 16 түрін жинап, жұртшылықтың назарына ұсынды. Тегіміздің бұлайша түрленуін, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қоғамдық сананың жаңғыруы және тек таңдау бағытындағы алғашқы ізденістер деп бағалауымыз керек. Осы тұста ізденістің жақсы екенін, бірақ қа­зіргі ресми тегіміз тарихи тегімізден алыс кетпеуге тиіс екенін әлеуметке түсіндіріп беретін уәжді сөз керек еді. Сол сөз – осы статистикалық дәлел еді. Он алты тек қатар тұрғанда олардың тарихи дәстүрімізбен сабақтас, бүгінгі күн талаптарына жауап бере алатын нұсқалары анық көрінді. Соңғы жылдары қалаған тегін алып пайдалана беру тоқтады, лақап түрінде болмаса, құқықтық-нормативтік тұрғыдан да нақты рәсімделуге тиіс бірнеше нұсқа белгіленді. Осы бағыт­тағы қазақ зиялылары болып атқарған мәсе­леге қатысты пікір айту, насихаттау, іс-шара­лар ұйымдастыру жұмыстарының бел ор­та­сында Шерубай Құрманбайұлы жүрді, әлі де жалғастырып келеді.
Ономастиканың өзекті саласының бірі – топонимика. КСРО-дан қалған күрделі мәселелердің бірі. Бұл бағыттағы ой­лары да көптеген түйінді шешуге арналған. Қаланың тілдік келбетін қазақы қалыпқа келтіру, қалаішілік атауларды дұрыс жолға қою туралы бірнеше мақала жазып, арнайы конференция ұйымдастырды.
Мәдениет министрлігі Тіл комитетінің төрағасы, төраға орынбасары болып тұрған кезінде, тек Астана мен Алматыда ғана емес, еліміздің әр аймағында, әсіресе тіл мәселесі ақсап жатқан облыстарда конференциялар, семинарлар ұйымдастырып, мемлекеттік тілдің, соның ішінде ономастика мәселелерін жиі көтерді. Бұл іс-шараларға әкімшілік қызметкерлерін қатыстырып, кемшіліктер мен одан шығатын жолдарды өзі немесе ға­лымдардың, тіл жанашырларының пікір­лері арқылы үнемі еске салып отырды.
Ономастика мен терминологияға қатыс­ты негізінен көтерген мәселелерінің бірі – бірізділік. Бірізділік дегеніміз тұтастық пен жүйелілік. Бұл – ұлттық тілдің жаңа заманға, ғы­лым тіліне айналуының басты шарты. Қа­зақ ғалымдарының барлығы жиналып, бір бағытқа бұрылуын, бір мақсатқа жұмылуын дұрыс көреді. Қолданысқа түсіп нормаға айналса, кез келген қазақ сөзінің жаттығы жоқ, тілге сіңісіп кетеді. Тек термин ұсыныл­ған­нан кейін басқа баламасын іздемей, бар­лығымыз бірдей қолдансақ жеткілікті. Қара­пайым ғана осы қағиданың ұлттық тер­минологияны қалыптастыруда рөлі зор. Оно­мастика мәселесінде де шетелдік атау­лардың қазақ тіліндегі түрліше жазылуына сын айтты. Орыс тілінің заңдарына бейімде­ліп, әлі де ұлттық үлгісін таба алмай жатқан топонимдердің мәселелеріне де бейжай қара­мады. Теле-радио хабарларды өзі де ұйымдастырды, өзгелер ұйымдастырғандарға да қатысты. Шаршы топта сөз бастады, өз пікір­лері мен ұсыныстарын айтты, ойларын шеберлікпен жеткізе білді. Жұртшылық оның сөзін сілтідей тынып тыңдады, ол мін­берге шыққанда елеулі нәрсе күту әдетке ай­налды. 

Бекжан Әбдуәлиұлы, 
Сиянь (ҚХР) халықаралық шет тілдер 
университетінің профессоры, 
филология ғылымының докторы

Серіктес жаңалықтары