Шон МакДэниэл: Жылқысын зерттеп, елін жақсы көріп кеттім

Шон МакДэниэл: Жылқысын зерттеп, елін жақсы көріп кеттім

Қазақ баласын еркелеткенде, «құлыным» деген жылы сөзді жиі айтатын. Неге? Әрине, бұл – халқымыздың тарихы мен мәдениеті жылқы түлігімен тығыз байланыста екенінің белгісі. Әйтпесе, басқа халықтар сынды өз балаларын «мысығым», «күшігім», «торғайым» дей беруге де қазақтың тілі жетер еді. Қалай десек те, қазақ туралы бірдеңе жазу үшін де, айту үшін де қылқұйрықты жануарды айналып өте алмаймыз. Ертегі мен жырларда, батырлық эпостарда батырлармен қоса оның жүйрік аты мен сұлу жары қоса айтылатыны да сондықтан. 

Ақын Есенғали Раушанов бір өлеңінде «Қа­зақта не бар, дала бар...» деп жырлайды. Ал біз бұл сөздің қасына өз тарапымыздан сол далада борт-борт желіп, апай төс алтын да­ланың сәнін келтірген жылқы барын қос­қымыз келеді. Осыдан екі жыл бұрын АҚШ-тың Питтсбург Университетіне бір ғы­лыми жиналысқа бардым. Орайлы ме­зетті пайдаланып, екі күн бойы аталған оқу ор­нының кітапханасында өз бетімше із­деністе болдым. Мақсатым – алпауыт елдің кі­тапханасында сақталған ағылшынша де­ректерден ұлтымызға қатысты жазбалар табу. 

МакДэниэлдің қазақ жылқысына қы­зы­ғушылығы қалай басталды?  

Сан мыңдаған, тіпті миллиондаған кі­тапты көріп менің ойыма «Ең ба­қытты халық – кітабы көп ел» деген ізгі сөй­лем оралды. Сол ізденіс кезінде ме­нің қолыма америкалық тарихшының қа­зақ жылқысы туралы жазған ғылыми жұ­мыс түсті. Авторы – доктор МакДэниэл.  Оның Орталық Азияны зерттеп жүргеніне біраз уақыт болыпты. Мак­Дэниэл­дің зерттеулері көбіне қазақ даласындағы көші-қон және қоршаған орта мәселелеріне арналған. Доктор МакДэниэлдің алғашқы ірі жобасы  орыс және кеңестік биліктің, славян қоныстанушылары мен жергілікті қа­зақ қоғамының өзара байланысына жыл­қының шешуші рөл атқарғаны жө­нінде екен. Оның зерттеулерін АҚШ Мем­ле­кеттік департаментінің Fulbright-Hays бағдарламасы қаржыландырған. Осы грант аясында ол 2017 жылы Алматы мен Санкт-Пе­тербург қалаларындағы архивтерді зерт­теген. Сәті түсіп онымен сұхбаттастым. Әуе­лі ғалымнан қазақ жылқыларын зерт­теу­ге қызығушылығы қалай оянғанын сұра­дым. 

– Қазақ жылқыларына деген қызы­ғу­шы­лығым бірден емес, зерттеу бары­сын­да біртіндеп оянды. PhD бағдарла­ма­сына жаңа кіріскенімде қазақ жылқы­лары туралы ойланбаған да едім. Бірақ мені әрдайым адамдардың әр жаққа көшуі, кө­ші-қон тақырыбы қызықтыратын, сол се­беп­ті Қазақстан тарихына бет бұрдым. АҚШ-та өскен бала ретінде біз мектепте 1800 жылдары елдің Тынық мұхитқа дейін­гі батысқа қарай кеңеюі мен жаңа өмір бас­тау үшін қоныс аударған адамдар тура­лы көп оқыдық. Michigan State University-де PhD оқып жүргенімде, ғылыми жетекшім Льюис Сигелбаум мен оның жұбайы, менің диссертациялық кеңесшім Лесли Пейдж Мок «Broad Is My Native Land: Repertoires and Regimes of Migration in Russia’s Twentieth Century» (Cornell, 2014) атты Ресей мен Кеңес саяси кеңістігіндегі көші-қон жайлы жаңа кітап жазып жатқан еді. Онда негізі­нен Сібір мен қазақ даласына қоныстанған орыс және басқа халықтардың көші-қоны қарас­тырылған. Бұл маған АҚШ тарихымен ұқсастығы жағынан қызықты көрінді. Осы­лайша, мен өз зерттеуімді сол кезеңге бағыт­тай бастадым. Тарихи деректер мен құ­жаттарды зерттей келе жетекшім екеуміз жыл­қы туралы жиі айтылатынын аңдадық. Бұл, әрине, заңды құбылыс. Ол кезде қо­ныс­танушыларға көлік, егіншілік, мал бағу сияқ­ты жұмыстар үшін жылқы ауадай қа­жет болды. Қазақ даласы сол заманда әлем­де­гі ең үлкен жылқы популяция­сына ие ел бол­ды. Оның үстіне жергілікті қазақтар жыл­қыны күнделікті өмірінде кеңінен пай­даланатын. Бұл – өте қызықты тарихи жағ­дайдың көрінісі. Қыл құйрықты жа­нуар­ларға мұқтаж топ пен ежелден жыл­қы­мен тығыз өмір сүріп келе жатқан жер­гілікті халық арасындағы айыр­ма­шы­лық та мені қызықтырды. Осы­дан кейін мен өз зерттеуімді басыбүтін жылқының атал­ған тарихи кезеңдегі рөлін зерделеуге ар­надым. Тіпті, жылқы­ның қазақтар мен сырт­тан келгендердің өзара байланысына қа­лай әсер еткеніне де назар салдым.

«Жібек жолы» ма, әлде «Жылқы жолы» ма?

Жоғарыда айтқан жауабында ол тарихи дерек­тер мен құжаттарға сүйене оты­рып, зерттеу жасағанын тілге тиек етті. Шы­нымен де, біздің архивтер мен кітап­ха­наларда жылқы туралы дерек­тердің көп еке­ні анық. Бірақ осыған дейін қазақ жыл­қысы туралы бірнеше ғана ғы­лыми еңбек жа­зылғаны ішімізді удай ашы­тады. Жыл­қы­ның сырын ең көп білетін ха­лық ретінде біз­дің ғалымдарымыз жыл­қы туралы маз­мұнды зерттеу еңбек­те­рін ж­азуға неге құлық­ты болмағанын білмей­міз. 
Алыстағы АҚШ тарихшысы қазақ жыл­қысы туралы ғылыми зерттеу еңбегін жаз­ғанына, әрине, сүйсінесің. Сүйсіне келе, оған «Қазақтың көшпелі мәдениетінде жыл­­­қының тарихи маңызы қандай болды деп ойлайсыз?» деген сауал тастадым. Зерттеуі сәтті шыққан ғалым бұған да дәйекті жауап бер­ді. 

– Жылқы – қазақтың көшпелі мәдение­ті­нің ғана емес, бүкіл Орталық Азия тари­хын­дағы ең маңызды жануар. Жылқы ал­ғаш қолға үйретілген уақыттан бастап көп­теген дерек Қазақстанның солтүс­ті­гін­дегі Ботай мәдениетіне тікелей байланысты. Жыл­қы Орталық Азия тарихын қалып­тас­тыр­ды. Скифтер – ат үстіндегі алғашқы ұлы жауынгерлер ғана емес, сонымен бірге ең ал­ғаш кәсіби жылқы өсірушілердің са­пын­да болды. Басқа халықтар осы аймаққа ар­найы келіп, солардың жылқыларын са­тып алуға ниетті болған. Мысалы, Қы­тай­дың Хань әулетінің императоры У б.з.д. ІІ ға­сырда Ферғана жазығының жүйрік жыл­қыларын әкелу үшін арнайы елшілерін жі­берген. Бұл оқиға Жібек жолының қа­лып­тасуына түрткі болған тарихи кезең­дер­дің бірі. Тіпті, кейбір жаңа еңбектер Жі­бек жолын «Жылқы жолы» деп атау қа­жет деп жазады. Міне, қазақ көшпелі мәде­ние­ті осындай терең тарихқа сүйенеді. Ал­ма­тыдағы Республика алаңындағы «Ал­тын адам» ескерткіші – осы тарихи жал­ғас­тықтың айғағы. XVI ғасырда өмір сүрген Қа­зақ ханы Қасым хан: «Біз – дала халқы, біз­де құнды зат та, сирек байлық та жоқ. Бір­ақ біздің ең асыл қазынамыз – жыл­қы­мыз», – деген екен. Жылқы қазақ көшпен­ді­лері өмірінің әр сәтінде, ағаш бесіктен жер бесікке дейін маңызды рөл атқарған. Мен тарихшымын, сондықтан менің зерт­теуім тек тарихи әдістерге негізделген. Зерт­теу жұмыстарымның негізгі бөлігі Қа­зақ­стан Республикасының Орталық мем­лекеттік архивінде, Алматыдағы ҚР Ұлт­тық кітапханасында, Президент архи­він­де, сондай-ақ Санкт-Петер­бургтегі Ресей мем­лекеттік тарихи архиві мен Ресей ұлт­тық кітапханасында жүргізілді.

Қазақ жылқымен мал бақты, үндістер бизон аулады 

Әлемде көптеген халықта жылқы мә­дениеті қалыптасқан. Бірақ олар­дың жылқы туралы танымы мен түсін­гі әрқилы. Осы орайда тарихшы МакДэниэл өз зерттеуінде халқымыздың жылқы мә­де­ниетін әлемнің басқа аймақтарындағы, мы­салы, Моңғолия немесе америкалық үн­діс­тер мәдениетіндегі жылқы дәстүрлері­мен қалай салыстыра зерттеді екен деген заңды сұрақ ойыма сап ете түсті. 

– Моңғол мәдениеті туралы аса көп біле бермеймін, бірақ олар да жылқы жа­лын­да өскен халық. Шыңғыс ханның атты әскерінен бастап, бүгінге дейін сақталған көшпелі мал шаруашылығы – соның дәлелі. Кей­бір америкалық үндіс тайпаларының да жылқымен тығыз байланысы бар, бірақ олардың жылқы мәдениеті қазақтар, басқа Ор­талық Азия халықтары мен моңғол­дар­мен салыстырғанда әлдеқайда аз. Жыл­қының арғы тегі Солтүстік Америкада пай­да болғанымен, ол жерде ерте жойылып кет­кен, ал қазіргі заманғы жылқыларды бұл құрлыққа тек XVI ғасырдың соңында ис­пан отаршылары апарған. Құрама Штат­тардың батысы мен қазақ даласының та­би­ғаты ұқсас болғандықтан, жылқы саны да тез көбейді. 1900 жылдары қазақ даласы жылқы саны жағынан әлемде бірінші орынға шықты, ал одан кейінгі орында Америка жазықтарындағы жылқы саны еді. Бірақ жылқы тұқымын пайдалану тәсілі әртүрлі болды: қазақтар жылқыны негі­зі­нен төрт түлік малды бағу үшін, үндістер оларды кең далада жүретін бизонды аулау үшін пайдаланды. Жылқы қазақ көш­пенділерінің тіршілігінің негізі болды. Дала­ның кең төсін кесіп өту, мал бағу, төрт түлік санын өсіру және айырбас пен сауда, соғыс, қымыз ішу, ет жеу, қысқаша айт­қанда, тіршілігінің бәрі жылқысыз жал­ғас­паған. Ежелгі жауын­гер­лер астына мінген тұл­парымен бірге жер­ленетін, ал егер адам аса маңызды тұлға болса, онда бірнеше жыл­қы құрбан­дық­қа шалынып, үлкен қорғандарға жер­ленген.

Қазақстанға барғым келеді де тұрады

Әр зерттеудің өз әсері болатыны сөз­сіз. Ғылыми жаңалықтарымен әлем­ді таңғалдырған Ньютон бірде «Мен жа­ғалаудан бір асыл тас тауып алған балаға ұқ­саймын. Ал сол жағалаудың тереңінде қан­шама асыл тас, інжу-маржан жат­­­­қанын бір Құдай біледі» деген мәндегі сөз айтыпты. Сол айтқандай, доктор Мак­Дэниэл архив ақтарып жүріп қазақтың кең-байтақ даласының негізгі байлығының бірі жылқы екеніне осы зерттеуі арқылы көз жеткіз­генін жасырмайды. Іздене білген адам те­бірене білсе, құба-құп. «Осы зерттеу бары­сында сізді не таңғалдырды немесе күт­пеген жаңалық болды ма?» Оның әсерін, көңіл күйін білгіміз келгенде қойған сауа­лы­мыз – осы. 

– Қазақ жылқысын зерттеу бары­сында мен Қазақстан мен қазақ халқын қан­ша­лықты жақсы көріп кеткенімді өзім де бай­­­қамай қалдым. Мен осы құбылысқа қат­ты таңғалдым. Зерттеуді бастамай тұ­рып, Қазақстанға барамын деп ешқашан ой­ламаған да едім. Ал қазір ол жаққа қайта баруға, ондағы мәдениет­ті әрі қарай зерт­теу­ге, танып-білуге үнемі құштармын. АҚШ-та Қазақстан туралы ақпарат өте аз, сол себепті студенттеріме және басқаларға бұл елдің қаншалықты қызықты әрі қонақ­жай екенін айтудан шаршаған емеспін. Өкініш­ке қарай, мен қазақ жылқышылары­мен немесе шопандарымен көп сөйлесе ал­мадым. Алдағы уақытта Қазақстанға барғанда бұл бағытты міндетті түрде жалғастырамын. Алайда мен тарихшы Ахмет Тоқтабайдан үйренерім көп екенін түсіндім. Ол қазақ жыл­қысының тарихы туралы көп жазған ға­лым. Оның жазған еңбектерін негізінен кітап­тары арқылы таныдым, бірақ 2017 жы­лы Алматыдағы Ұлттық ғылым акаде­мия­сында онымен кездесуге мүмкіндік бол­ды. Ол маған өзінің «Қазақ жылқысы­ның тарихы» атты кітабын қолтаңба­сы­мен сыйға тартты. Қазір ол менің жұ­мыс бөл­мем­нің сөресінде тұрғанын мақта­нышпен айтамын. Менің жылқыға қызығушылығым өшкен емес. Балалық шағымда әпкем атқа мінетін, мен өзім міне алмасам да, жылқы­ның қасынан айналсоқтап шықпайтынмын. Сол кездің өзінде-ақ жылқының текті жануар екенін білдім. Америкалықтар жыл­­қыны жақсы көріп, «ковбойлар» мен «батыс» дәуірін мақтан тұтатынын біле­сіз­дер. Ал қазақтардың жылқы мәдение­ті бұ­дан да терең екенін түсіндім. Мысалы, қа­зақтардың жылқыны тамақ ретінде пай­далануын, қымыз ішу мен жылқы етін жеуін батыстық қоғам қабылдай алмайды. АҚШ-та бұл әрекетке теріс көзқараспен қарап, «Жылқыны қалай жеуге болады?!» деп сынап жатады. Бірақ бұл  – қазақтардың жылқыға деген ерек­ше құрметінің дәлелі. Меніңше, жыл­қыға деген сүйіспеншілік пен қадір-қасиет қазақтарда әлемнің басқа мәдениет­терімен са­лыстырғанда әлдеқайда жо­ғары. Бір сөз­бен айтқанда, қазақ жыл­қысын зерттеу – мен үшін ерекше таңғаларлық жағдай болды. 

Шағын сұхбат осылай аяқталды. Бірақ ғалымның қазақ халқына құрметі мен өз зерттеуіне шексіз махаббаты мені бейжай қалдырмады. Көнекөздер осындайда «Іздеген жетер мұратқа» дейді екен. Сол сөзді күбірлеп бір қайталадым да, жазбамның соңғы нүктесін қойдым. Біз үшін қашанда қазақ – жылқы, жылқы – қазақ. Ал бұл ұғым енді әлем зиялыларының санасына да қаз-қалпында жетсе екен. 

Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары