Өзбекстанда TikTok желісінде Абдуллох деген атпен танымал блогер Валерий Югай сот үкімімен 3 жыл 1 айға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ол жазасын колонияда өтейтін болады. Бұл туралы Өзбекстан Жоғарғы сотының баспасөз қызметі хабарлады.
Сот блогерді ұлтаралық және дінаралық араздықты қоздырғаны, сондай-ақ ел президенті Шавкат Мирзиеевті балағаттағаны үшін кінәлі деп таныған.
Оқиға 2024 жылы болған. Ол кезде Валерий Югай Оңтүстік Кореяда жүріп, әлеуметтік желілерде Өзбекстан азаматтарына қатысты балағат сөздер айтқан бейнероликтер жариялаған. Ол Абу-Дабиде ұсталып, Ташкентке экстрадицияланған.
Сотталған блогер өз сөздерінің мақсаты әлеуметтік желілерде көпшіліктің назарын аудару болғанын айтып, жасаған әрекеті үшін кешірім сұраған.