Мектептегі тамақтың қалай әзірленетінін қадағалау педагогтерге жүктелуде

Білім ордаларының ашыққан балаларға тым аз тамақ беретіні анықталды

Мектептегі тамақтың қалай әзірленетінін қадағалау педагогтерге жүктелуде
фото: bishkek.gov.kg
318

Қазақстанда мектеп асханасына қатысты қордаланған мәселелер толыққанды шешімін табудан әзірге алыс.

Таяуда inbusiness.kz редакцияның ресми сауалына Оқу-ағарту министрлігінің берген жауабын жариялады. Жаңа оқу жылының басында Маңғыстау облысында мектеп оқушылары астан уланғаны туралы ақпарат тарады. Олар білім ордасындағы асханада тегін ас ішкен. Оқушылардың жаппай улануынан кейін еліміздің бүкіл мектептерінде тексеріс басталды.

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мектеп асханаларына жүргізілген жаппай мониторинг барысында 200-ден аса мектепте заңбұзушылықтар анықталғанын айтты. Оларда тағамды дұрыс сақтамау, ас әзірлеудегі нормаларды ескермеу сияқты олқылықтар тіркелген.

Жөнсіздіктердің толып жатқанын ата-аналар да растайды. Олар көбіне мектеп асханалары мен буфеттері сататын тағамның татымсыз, дәмсіз және көлемі тым аз екеніне шағымданады. Соған қарамастан, бағасы қымбат.

"Біздің 63-ші мектептің асханасы балаларды нашар тамақтандырады. Содан оқушыларға үлкен үзілісте жақын дүкендерге шапқылап, тамақты содан сатып алуға тура келеді. Салдарынан, сабағына кешігіп, мұғалімінен сөз естіп жатады. Аш бала білімді қалай игереді? Ашыққан балалар өзімен бірге қытай лапшасын алып жүреді екен. Өткенде бір оқушының "Роллтонды" шикілей, шықырлатып шайнап жатқанына куә болдым", – дейді бірінші сынып оқушысының анасы Жанна.  

Раушан Омарова Қарағанды облысындағы "Дарын" мектебінде ыстық тамақ жоқтығын айтады.

"Балаларымыз күніне 9 сабақтан оқиды. Одан әбден шаршап шығады. Үйірмелерге баруға, спортпен айналысуға уақыты да, күш-жігері де, құлқы да қалмайды. Сонымен бірге асханада ыстық тамақ сатпайды, бәрі құрғақ астар. Осыны айтып шағымдансақ, мектептегілер: "Ұнамаса, қарапайым мектепке ауысыңдар!" деп бет қаратпайды", – дейді ана Раушан.

Жергілікті әкімдік бұл ақпаратты жоққа шығарды. Оның мәліметінше, "Дарын" арнайы интернат мектебінде 6-сынып оқушыларының оқу жүктемесі орта есеппен 32,5 сағатты құрайды. Оның ішінде шамамен 4 сағаты роботты техника, жаһандық құзырет, "Жас зерттеуші" курсы сияқты вариативті құрауыштарға бөлінген. Ең жоғарғы жүктемені есепке алғанда, 6-сынып шәкірттеріне арналған сабақ кестесі аптасына 4 күн бойы – 7 сабақты, 1 күн – 8 сабақты құрайтын көрінеді.

Мектептің асхана-буфетінде "жаңа піскен нан-тоқаш өнімдерінің кең ассортименті, екінші астар бар" екені айтылды. Бұған қоса, асхана алдын ала өтініш бойынша ыстық тамаққа тапсырыстар қабылдайтын көрінеді. Жеткізуші "әрдайым ата-аналар мен оқушылардың талап-тілегін есепке алады". Бұл тек мысал ғана. Ұқсас жағдайды барлық өңірде табуға болады.

Осы орайда "Әділдік және өркендеу" қоғамдық қоры мектеп асханаларына қатысты жүргізген әлеуметтік мониторинг қорытындысын жариялады. 14 қазан – 14 қараша аралығында жүргізген сауалнамаға елдің барлық аймағынан 10 мыңға жуық (9 962) ата-ана қатысып, жауап беріпті. Қорытындысы көңіл көншітпейді.

"Ата-аналар мектептегі тамақ сапасын бақылауды өз қолдарына алуға дайын. Негізсіз емес. Жүргізілген әлеуметтік мониторинг нәтижелері көрсеткендей, елдегі мемлекеттік мектептерде оқитын балалардың ата-аналарының тек 53%-ы ғана мектептегі тамақтандыру сапасына толығымен көңілі толады. Барлық оқушының ата-аналарының 20%-ы және жоғарғы сынып оқушыларының үштен бірі берілетін тамақ порциясын тым аз санайды", – деп хабарлады ұйым.

Мониторинг қорытындысын тарата айтқанда, ата-аналардың 45%-ы мектеп асханаларында берілетін тамақтың сапасын "жақсы", тағы 8%-ы – "өте жақсы" деп атады. Яғни, "5" деген баға қойғандар шамалы. Бұл ретте 25 пайызы "қанағаттанарлық" деп қана бағалаған. Ал, 10%-ы "өте нашар" деп жауап берген. Ата-аналардың тек 12%-ы балаларының мектепте не ішіп, не жеп жүргеніне қызықпайтын болса керек, жауап беруге қиналған.

"Осы орайда, бұл проблема әсіресе, қалалық мектептерде өткір тұрғаны байқалады. Бұған сонымен бірге қалалық ата-аналардың белсенділік танытып, балаларының ішіп-жегеніне алаңдаушылық білдіруі де ықпал етеді. Нәтижесінде, балалары қала мектебінде оқитын ата-аналардың небәрі 37%-ы ғана тамақ сапасын "жақсы", "өте жақсы" деп бағалады. Бұл көрсеткіш ауыл мектептерінде 60%-ға жетті", – деп хабарлады қоғамдық қор.

Қала мектебінің асханасында сатылатын астың сапасын "жаман" немесе "өте нашар" деп атаған ата-аналардың үлесі 17%-ды құрады. Ал, ауылдық жерлерде ата-аналардың тек 7%-ы ғана мектептегі тамақ сапасына тиісіп, оны "дәмсіз, нәрсіз", "нашар" деп сынаған. Қалада сапа осылай төмен болғанда, ауылдағы стандарт жоғары дегенге сену қиын. Бәлкім, тұрмыс тауқыметін тартып, күн сайын жанбағыстың қамына бас қатырған ауылдықтар тамақ сапасына тым жоғары талап қоймайтын болса керек. Мысалы, ауылда негізінен бір отбасының балалары бірінің киімін бірі киетіні отбасылық дәстүрге айналған.   

Мониторинг дерегінше, мектеп тамағына ата-аналардың көңілі толмауының негізгі себептері келесідей:

Мәзірі әралуан емес, біркелкі: ата-аналардың 33%-ы балаларына тамақ түрлері бойынша жеткілікті түрде кең таңдау ұсынылмайтынына шағымданған.     
Азық-түліктің балғын болмауы, тіпті мерзімінің өтіп кетуі: ата-аналардың 27%-ы оқушылардың балғын аспен тұрақты түрде қамтамасыз етілмейтініне қатысты проблеманы атаған.
22%-ы порцияның мөлшері аздығын нұсқады.
Ұйым сарапшылары бір қызықты жайтты атап өтті. Баланың есеюіне қарай мектеп тамағына көңілі толмайтын ата-аналардың да саны артады. Мұның қисыны бар: "өскелең организм" көбірек тамақ тұтынады, әрі оның әралуан болуын талап етеді. Асханалардың көбі бұл сұранысты өтей алмайды.

Сондықтан болса керек, бірінші кезекте, жоғары сынып оқушылары берілетін астың порциясына қанағаттанбайды. Осылайша, тәрелкедегі тамақтың мөлшерінің аздығына наразылардың үлесі 1-4 сынып оқушылары ата-аналарының 17%-ын құраса, 5-11 сынып оқушылары ата-аналарының арасында бұл көрсеткіш 31%-ға дейін барады.

Содан сынып жоғарылаған сайын мектепте тамақтанатын балалар саны да азаяды. Егер бастауыш сынып оқушыларының 95%-дан астамы мектептерде күн сайын тамақтанатын болса, орта және жоғары сыныптарда бұл көрсеткіш тиісінше, 63% және 59%-ға дейін құлдырайды.

"Бұдан шығар байлам белгілі: бала есейген сайын мектептегі тамаққа тоймайды. Себебі, ержеткен-бойжеткен оқушылардың тамақтану нормативтері ескерілмейді. Біздің әлеуметтік мониторинг паш еткендей, әрбір үшінші ата-ана немесе 35%-дан астамы мектеп асханасына қоғамдық бақылау жасау процесіне өзі қатысуға әзір. Бұл әрине, мектептердегі тамақ сапасын арттыруға ықпал ете аларлық үлкен ресурс. Тек ол ресурс тиімді пайдаланылғаны жөн", – деді "Әділдік және өркендеу" қорының директоры Дана Рысмұхамедова.

Мониторинг мемлекеттік мектептердегі балаларды тамақтандыру сапасына қатысты мәселенің өзекті болып қалғанын байқатты. Өйткені бұл дені сау ұлт қалыптастырудың маңызды құрауышы.

Мониторингке қатысушы ата-аналардың 55 пайыздан астамы бала денсаулығына мектептегі тамақтың тікелей әсері бар деп санайды.

Қоғамдық қор әлеуметтік мониторинг нәтижесін жариялаумен шектелмей, ата-аналардың талап-пікірі мен ұсыныстарын талдай отырып, мектептегі тамақтану сапасын арттыру жөнінде ұсыныстар әзірлеуге уәде етті. Қор "Қазақ тамақтану академиясымен" бірлесіп, мектеп мәзірін жақсарту жөнінде ұсыныстар түзуді және оны Оқу-ағарту министрлігіне жолдауды жоспарлап отыр.

Айтқандай, Астанада және еліміздің өзге өңірлерінде мектеп асханаларында тегін берілетін және сатылатын астың сапасын арттыру бойынша жаңа тәжірибе енгізіліп жатыр. Ресми мәлімет бойынша әрбір білім ордасының медициналық қызметкеріне және әлеуметтік педагогтеріне асханадағы тамақтандыруды ұйымдастыруға күн сайын бақылау жасау жүктеліпті. Соның ішінде олар тамақтың дайындалуын, азық-түлік пен тауарлардың жарамдылық мерзімін қадағалайтын көрінеді.

Серіктес жаңалықтары