«Орбита» романы Букер сыйлығын алды
2024 жылғы Букер сыйлығы ағылшын жазушысы Саманта Харвиге «Орбита» романы үшін берілді. Небәрі 136 беттен тұратын роман Халықаралық ғарыш стансасындағы алты астронавтың бір күндік өмірін баяндаған. Марапаттау рәсімі Лондон қаласында өтті. Қазылар алқасы түгелдей Саманта Харвиге дауыс берген.
Қазылар алқасының төрағасы, ағылшын жазушысы әрі суретшісі Эдмунд де Ваалдің айтуынша, роман ғарыш пен жердің құдіретін айрықша суреттеуімен құнды.
«Сіздің қолыңызға кейде ойламаған жерден бір кітап түседі, мұндай ғажайыпқа қалай тап болғаныңызды бастапқыда түсіне алмайсыз. Біз өзімізді әсерлендіретін, елмен бөлісуге ынтықтыратын кітапты табуға талпындық. Сол кітап – «Орбитаны» оқып отырып, таңырқадық», – дейді де Ваал.
Бұқаралық ақпарат құралдарының айтуынша, «Орбита» – Ұлыбританияда ең көп сатылатын кітаптардың біріне айналып үлгерген. Букер сыйлығын алғаш рет ғарыш туралы жазылған шығарма алған әрі ең қысқа романға да бірінші рет беріліп отыр.
«Бұл ықшам әрі тартымды роман әрбір пенденің жеке және ұжымдық құндылығы не деген сұраққа жауап береді. Жердің қадір-қасиетін түсінуге шақырады», – делінген сыйлық беретін комитеттің мәлімдемесінде.
Букер сыйлығына кез келген елдің жазушысы ағылшын тілінде шыққан әрі Ұлыбритания мен Ирландияда соңғы бір жыл ішінде жарық көрген кітапты ұсынуға болады.
Сыйлық 1969 жылдан бері беріліп келеді.