«Шеге құмның» шегесі
Қолымызға белгілі қаламгер Бауыржан Омарұлының «Шеге құм» деп аталатын эсселер мен портреттік мақалалар жинағы түсе қалды. Осы ретте айта кетер бір жайт бар. Кезінде «Лениншіл жас» газетіне Оралхан Бөкеев ерекше дүмпу әкелгені бар. Қысқарта айтсақ, қазақ қаламгерлеріне қара сөзбен жырлаудың үлгісін ұсынғандардың бірі және бірегейі сол Оралхан еді. Бірақ одан бері қанша құм көшті, қанша су ақты. «Лениншіл жастың» да атауы өзгерді, қоғамдық құрылыстың да мазмұны аласапыран болып кетті.
Мына «Шеге құмнан» сол өзгерген заманның келбеті мүлде бөлек екенін оқырман мықтап ұғынады. Бір қызығы, бұл кітап әлденеше беттерге созылатын портреттік мақалалармен қатар оймақтай ойлармен әдіптелген қысқа тұжырымды этюдтерді де жек көрмейді.
***
Рас, Бауыржан әуелі газетте, одан соң мемлекеттік қызметтерде жүрген соң талайлармен танысты, талайлармен араласты, ең бастысы, сол кісілердің былайғы жұрт аса байқай бермейтін үлгілі қасиеттерін зерделеді. Мына кітаптағы философ, академик Досмұхамед Кішібеков («Ғасырға жуық ғұмыр»), түрколог, ғылым докторы, профессор Немат Келімбетов («Келімбетов кеңістігі»), қаржыгер Құтқожа Ыдырысов («Қаржыгер қағидасы»), фототілші Рахымбай Ханалиев («Күмісті мылтық»), композитор Қалдыбек Құрманәлі («Шәмші ағаның ескегі»), қайраткер қандас Дүкен Мәсімханұлы («Дүр Дүкен»), т.б. туралы жазылған дүниелерден өзінің болашақ кейіпкерлерін Бауыржанның сырттай ғана бақыламайтынын, терең үңіліп, әркімнің өзіне ғана тән ерекшеліктерін ойына түрте жүретінін аңғарасыз. Бәлкім, бұл фактілер аса маңызды да болып көрінбес, дегенмен оқырманның ішін жылытатын деректерсіз туындыңыз сәл-пәл де болса ашқарындау болып шығатынын мойындайсыз.
Мысалы, композитор Қалдыбек туралы Бауыржан былайша көсіледі: «...Өзіндік пікірі бар, қалыптан тыс ойлайтын адамдардың шығармашылығы жемісті болатыны баяғыда-ақ дәлелденген. Өзгеше шешім қабылдау жағынан ол алдына жан салмайды. Мәселен, Қалдыбек перзенттеріне мынадай ат қойды. Шәмші-Қалдаяқ, Бекзат-Саттархан, Мұхтар-Шахан, Иманғали-Тасмағамбет. «Бұлай есім беруге болмайды» дегендердің уәжіне пысқырған да жоқ... Танымал адамның есімін баласына әркім-ақ қоя алады. Ал оның аты мен фамилиясын қосақтап беруге тәуекеліңіз жете ме? Мұндай әрекет Қалдыбектің қолынан ғана келеді. Сый қылды, сыпыра қалды. Қосарлы есімді бөле-жара айтқызбайды».
Немесе Дүкен Мәсімханұлы жөнінде жазған «Мейірлі мерейсөзінде» мынадай фактіні келтіре кетеді: «...Бірде белгілі журналист Есенгүл Кәпқызы КазГУ-де кандидаттық диссертациясын қорғап жатты. Диссертациялық кеңестің төрағасы, академик Зейнолла Қабдолов ізденушінің екінші оппоненті Дүкен Мәсімханұлына сөз берді. Жай бере салған жоқ. Сөз бергеннің өзінен суреткерліктің сәулеті сезіліп тұратын Зекең былай деді: «Сіздер Дүкен дегенге оны жай дүкен немесе киоск екен деп қалмаңыздар. Бұл – супермаркет!», – деді. Зал ду күлді. Әр сөйлемін зерлеп айтатын Зекең әзілдесе де бұл сөзде шындық бар еді. Ол сол жылдарда жастығына қарамастан Дүкеннің әдебиетте де, ғылымда да олжа салып, елдің қоғамдық өміріне қызу араласа бастағанын меңзесе керек».
***
Балалық шағында өзінің де өлең өргенін, әйтсе де дер кезінде тоқтап үлгергенін ескертіп отыратын Бауыржанның қаламы ақындарға келгенде есіліп кетеді-ай. «Тарпаң талант тұрпаты» деген түсініктемесі бар «Кеңшіліктің келбеті» деген эссесі – осының бір мысалы. Өзі былайша көргені болмаса, жекелей танысып үлгермеген Кеңшілік Мырзабеков ақынның студенттер жатақханасында өлең оқыған сәтін былай суреттейді: «...Ол одан сайын тебіреніп оқыды жырын. Оқыған сайын үдете, үдеткен сайын екпіндете, екпіндеткен сайын шабыттана түсті. Онсыз да қызыл шырайлы жүзі әдемі бір реңкке еніп, балбырап отырды. Өз өлеңін осынша ықыластанып, шын ниетімен беріле оқыған ақынды бірінші рет көруім. Жо-жоқ, ақындардың бәрі де беріле оқиды. Бірақ құрқылтайдың ұясындай шағын жатақханамыздың ішін әп-сәтте сырлы сарайға айналдырып жіберген мына сары шайырдың жөні бөлек-ті».
Бауыржанның бір өзгешелігі, қай тақырыпты алса да көбінесе сол тақырып төңірегіндегі білетіндерін еске салып отырады. Сенбесеңіз, «Байбота ағамның балконы (Есенғалиға еліктеу)» эссесін оқыңыз. Оқысаңыз, ақындардың балкон туралы сөз түртпегені кемде-кем екеніне қанығасыз. Қадыр Мырза Әли, Күләш Ахметова, Есенқұл Жақыпбек, Ертай Ашықбаев, Светқали Нұржан, Бауыржан Қарағызұлы, одан соң (дұрысында, оған дейін) Афанасий Фет, Марина Цветаева, Самуил Маршак, Николай Асеев, т.б. не дегенін шолып өтесіз. Ал Байбота Серікбайұлы Қошым-Ноғай ақынның балконы, Бауыржанның жазуынша, «біріншіден, күнделікті жұмыс орны, екіншіден, шеберлігін шыңдайтын шығармашылық лабораториясы, үшіншіден, тұрақты әрі тағылымды кітапханасы, төртіншіден, қатарлас қаламгерлермен кездесу орны, бесіншіден, өзіне арнайы келген жас ақындармен сырласатын сұхбат алаңы, алтыншыдан, немерелері атасын іздегенде қиналмай табатын құтханасы, осылай кете береді...».
***
Дегенмен студенттер жатақханасы да, балкон да – қазіргі қаптаған қалалардың мысалдары. Ал ауыл ше, ауыл ақындары ше? Автор, әрине, бұл жағын да ұмытып кетпейді. Ұмытпайтыны – барлығы да күні кешегідей көз алдында тұр. Көз алдында тұратын себебі – Арал аумағы ақындар мекені. Солардың бірі – Толыбай Абылаев. Қазір өлеңді түсінетін жұрт жақсы білетін Толыбай ақынды тұңғыш көргенін Бауыржан былайша суреттейді. «Өзі шап-шағын, шашы ұзын. Үстінде сұр костюмі бар. Тіпті, қолында мыж-мыж дәптері болды-ау деймін. Кәдімгі сыртында көбейту таблицасы жазылған оқушы дәптері... Ол көк дәптерін ауық-ауық қайырып-қайырып жіберіп, тағы төрт-бес өлең оқыды да, басын жерге жеткенше иіп, аудаң-аудаң етіп, сахнаның сыртына кетіп қалды...». Бұдан соң Толыбай қанша өлең жазды, қандай қызметтер атқарды, бұл жағын Бауыржан онша қазбаламайды. Тек, бір шумақ өлеңін келтіру арқылы ақынның тұтас тұлғасын ашып береді.
«Кісәпірлер құртты, Алла-ай,
Жайсаң едім жағалы.
Жел айдаған бұлттардай,
Арал көшіп барады, –
деп күйінеді. Бұл күйініш пен күйзеліс – Аралда тұратын арқалы ақынның жанын қозғап, жүрегін тербейтін мәңгілік элегиясы. Ауытқымайтын ағымы, сарқылмайтын сарыны».
Міне, осындай түйіндеуден соң Арал теңізі жаққа көзіңіз жасаурай қарайсыз, Толыбай ақынның маңдайынан сипағыңыз келіп кетеді. «Өзі өлеңіне, өлеңі өзіне ұқсайтын» мұндай ақындары бар Арал теңізі, сірә, түбі сарқылып қалмайтын шығар деп ойлайсыз.
Б.Омарұлы «Белгілі вальстің авторы» деп аталатын эссесінде тағы бір аралдық ақын Серік Сейітмағамбетов туралы сөз қозғайды. Рас, елу жасқа жетер-жетпесте мәңгілік мекеніне аттанып кеткен ақынның творчествосына тұтастай шолу жасамайды немесе жақсы өлеңдерін жарқырата талдамайды. Эссені оқып отырып бұлай жасау міндет те емес екенін аңғардық. «Алматыда алты ай жатып, шарап ішіп қайтатын әдеті де болмаған, Алматысы да, Алатауы да айдынды Арал болған, Аралды жұрттың бәрінен де жақсы көрген» ақынның бейнесін бірер мысалдар арқылы қанық суреттей алған автор материалының аяқ тұсында былай дейді:
«...Бәрібір жаны жұмбақ ақын ағаның ішінде бір белгісіз өкініш кеткендей көрінеді бізге. Оны мына өлеңінен байқаймыз:
Асыққанмен мұратқа,
Мінгендеймін құр атқа.
Қаншама өлең жазыппын,
Бірақ, бірақ, бірақ та...
Сол бірақ, бірақтың... ақыры қайырлы болған сияқты. Бір перзенті әкесінің қолынан сусып кеткен қаламын жерге түсірмей қағып алып, мығым ұстап отыр бүгінде».
***
Аралдық ақындар туралы жазғандарын оқығанда Бауыржанның әр өңір ақындарының сол өзі туған өңірге ұқсайтын мінездері барын тап басып танитынын аңғардық. Мысал керек пе? Міне. Арқалы ақын Светқали Нұржанды таныстыруды Бауыржан былай бастайды:
«Алматыны ала жаздай жайлаған абитуриент кезімізде таныстық. Мен балықшының бес құлаш таяуы секілді сырықтай бозбала едім де, ол «тұрпаты қатты қысқан жұдырықтай», «тұрымтайдай ұл еді». Ол маған бірден-ақ айрықша әсер қалдырды. Біріншіден, түр-сықпыты ерекше. Біз балшықтан жасалғандай иленіп-икемделіп тұрсақ, ол құрыштан құйған шағын мүсіндей шып-шымыр болатын. Ал енді арыстанның жалындай бұйра толқын шашының қалыңдығы ғаламат. Тіпті, арасына алты әлім, сегіз адай тығылса да, оңайлықпен таптыра қоймайды-ау. Екіншіден, есімі тым тосын еді. Светқали...».
Не керек, автор осы эссесіне өзі қойған «Ежелгі дәуірдің елшісі» деген атауды ақтап шығады. Ақынның мінез-құлқын да қолмен қойғандай етіп танымасаң, көрген жерде тани кететіндей етіп суреттейді, ал өлеңдеріндегі сарындар туралы әңгімесі тіпті бөлек, тартымды, тағылымды.
Жалпы, Бауыржанның осы Светқали секілді абитуриент кезінде танысқан немесе бір курста, әйтпесе бір факультетте, тіпті бір жатақханада бес жыл бірге тұрған көжелестерінің басқалардан бір артықшылығы бар. Есімдері тасқа түсіп қалады. Әрине, мақталады. Дегенмен сол мақтауларға юмор араласып кететіні де бар. Әйтсе де, сарказм, сатира деңгейіне дейін жеткізе қоймайды әрі дегенде етін ауыртпай сипай қамшылайды. Жанашырлықпен жұмсалған қамшы кейіпкерлерге де майдай жағады. Қалай болғанда да, Қайрат Әлімбеков («Қара өлеңнің Қайраты»), Бауыржан Жақып («Біз үшеу едік...»), бард ақын Табыл Досымов («Таусыз тағдыр»), Ыбырай Бекжігітов («Байқатпады бұл өмір...»), Жолдасбек Дуанабаев («Жұрт жадындағы Жолдасбек»), Исағали Әлімжанов («Қалам ұстаған кәсіпкер») тәрізді журналистка факультетінің түлектері алдынан осылайша қаздай тізіліп шыға келгенде Журфак-тың бұрынғы студенттері (қазіргі профессорлар, депутаттар, үлкенді-кішілі басшылар, т.б.) қайғы-мұңсыз ай-хай дәурендерін бір еске алып қалатыны даусыз. Ал ақын Иран-Ғайыптың әкесі ше? («Әлеуетті Әбітай»). Фотожурналист Болат Омарәлиевтің әлдеқалай түсіріп алған фотосуретінен сыр созбақтай отырып Баукең кейіпкерімен жан-жақты таныстырады. Есебі «Құнанбай болмаса, Абай қайдан шығады» дегендей. Мақаланың басты тақырыбына ілескен «Автордың «авторын» ардақтау» деген қосымша осы эссенің жан-жүйесіне лайықты болып шыққан. Лайықты болып шыққан себебі, автор бұл эссесінде ақынның Иранбек Оразбаев атанып жүрген кезінде жазған портреттік өлеңін әңгіменің ыңғайына қарай «әкесінің өз мәнерімен іліп-шалып, өлеңін әдемі әзілмен өрнектегенін» мысалға алады. Айталық, ақын «Бұлшық еті бетінің бөлек-бөлек, Астыңғы ерні түсіңкі көп өкпелеп. Орақ тілді, жез таңдай, от ауызға, Қоңқақ мұрны қонып тұр көп өкпелеп» деп бір қайырса, келесі мақамында «Қаршыға көз, қысыңқы аңғалағы, Жазық маңдай мезгейді маң даланы. Кеудесі аяққаптай, кеңірдегі – Келсаптай, көрген кісі таңғалады» деп одан әрі жандандыра түседі. Әңгіме жоқ, Абайдың «Аттың сыны» өлеңі есіңізге түсе кетеді. Сөйткен автор эссесін «Ей, Әбітай, Әбітай, қадамына құт қонған қандай бақытты шал едіңіз?..» деп аяқтайды.
Әрине, Бауыржанның қаламына ақын-жазушылар ғана кейіпкер бола бермейді, мынау кең-байтақ Қазақстандағы алуан түрлі мамандық иелері де ілігеді. Және осылардың әрқайсысы көз алдыңызға өзіне тән ерекшеліктерімен келіп тұра қалады. Журналистер Сауытбек Абдрахманов («Қамшы мен қалам»), Әділ Дүйсенбек («Ақ күмбез»), профессорлар Алпысбай Мұсаев («Қазалының қазағы»), Абат Пангереев («Ақтөбенің Абаты»), мемлекеттік қызметкер, аудармашы Ғосман Төлеғұл («Қос қанат») әрі қаламгер, әрі ғалым Тұрсын Жұртбай («Тұнық бастау»), ақын Өтепберген Ақыпбекұлы («Астананы аялаған ақын»), жақсының көзі, ғалым Зейнеп Базарбаева («Әкеге ұқсап... қыз да өсер»), ректор Қылышбай Бисенов («Алмас қылыш»), кітапханашы Талғат Тілеулесов («Талғаттың тұнық тұмасы»), күйші Айгүл Үлкенбаева («Нар идірген»), не керек, осы эсселерден жеке адамдар туралы ғана емес, олардың кәсіптері мен мамандықтарына қатысты жайларды да егжей-тегжейлі біліп шығасыз.
Қысқасы, Б.Омарұлы таныс (таныс емес) детальдарды ретімен пайдалану арқылы сізді өз стилімен сусындатады. Кітапты оқып болған соң басқа емес, тек осы стильмен жазылған нәрселерді ғана оқығың келіп, ауаланып отырасың. Кейін оқисың да. Себебі...
***
Дегенмен, жинақтың аты неге «Шеге құм»?
«...Біздің Аралдың жағасында шеге құм деген ғаламат құм бар. Сол құмға су жаңа киіміңмен қанша аунасаң да, үстіңе ештеңе жұқпайды. Түрегелсең болды, шеге құм жерге сусып түседі. Не сені кір шалмайды, не құм ластанбайды», – дейді автор. Сөйте, отырып бұл кітаптың «Толқын», «Шағала» деп жалғасатынын ескертеді. Демек, «Шеге құм» шетінемейді. Бізді де кір шалмайды. Шегесі берік «Шеге құм»...
Бауыржан ҚҰРМАНҚҰЛОВ,
ақын