Біз адам жанын сөзбен емдейміз – Анна Құдиярова

Біз адам жанын сөзбен емдейміз – Анна Құдиярова

Бұрын психологқа бару ұят саналатын болса, бүгін қажеттілікке айналды. Мұны сауатты мамандардың жетіспеушілігі мен оларға сұраныстың көптігінен байқаймыз. Сондай-ақ заманауи қоғамда отбасы институтының берік болуы  әрбір адамның психологиялық денсаулығына тікелей байланысты болып отыр. Осы орайда біз ересек адам, неке, отбасы мәселелері бойынша маңызды сұрақтарды психоаналитик Анна Құдияроваға қойған болатынбыз.  

Құмалақшыға баратындар көп

–  Ең алғашқы сауалымызды кәсіби білімі бар психологтарға келетін клиенттер көп пе деген сауалдан бастасақ бастасақ. 

– Адам қай жерде өмірге келсе де, нә­сі­ліне, ұлтына, жынысына, жасына қарамастан, ауырдың үсті, жеңілдің астымен өмір сүргісі келеді. Өйткені сәби өмірге келген сәттен бастап ол үшін бәрін үлкендер жасайды. Қар­ны ашса емізеді, ауырса дәрі береді, «кәк» ет­се жөргегін ауыстырады. Осындайға үй­рен­ген бала өскенде де солай болғанын қа­лап тұрады. Алайда өмірде олай болмайды. Біз­дің қоғамда осы түсінікпен өмір сүре­тін­дер, жасы жер ортасына келсе де айна­ла­сынан, мемлекеттен, қоғамнан бірдеңе кү­те­тіндер көп. Сондықтан болар, психо­лог­тарға баратындарға қарағанда балгер, құ­ма­лақшы, көріпкел аралайтындар жүз есе көп шығар. Ал кәсіби психолог, психоана­литик­терге баратындар саны аз. Алайда бізге өмі­рін өзгертем деп шешім қабылдаған ересек тұлғалардың келетіні қуантады. Балгер, құ­малақшы, инфосығанды іздейтіндер әлі бала көзқарасындағылар. Мысалы, экстрасенс «Ма­ған бір рет қана келесің, 300 мың теңге бере­сің. Сосын бақытқа жетесің», «Күйеуіңді қай­тарып беремін», «Нашақор балаңды ем­деп беремін» дейді. Аяқ асты бәрі өзгеріп ке­теді деп ойлайтындар осындай шарла­тан­дарға сенеді. Мұндай жандар бізден де осын­д­ай сиқырлы таяқшаны күтеді.  
Жақында маған 37 жастағы нашақор, лу­доман жігіттің ата-анасы хабарласты. «Не сұрасаңыз да берейін, осы баламды емдеп беріңізші» деді. Ең алдымен, ол жігіт өзінің қа­лауымен келуі керек. Екіншіден, адамды аз уақытта өзгерту мүмкін емес. Оған жыл­дар қажет. «Мен балаңызбен танысайын, сөйлесейін. 3-4 жылда жақсы жаққа өзгерсе, сол үлкен жетістік» дедім. Шындық осы. Алайда тез нәтижеге жеткісі келетіндер бізді іздемейді. Тұлға ретінде қалыптасқан, ғы­лымға сенетіндер келеді негізінен. Мәселен, сіздің қанша ақшаңыз болса да бір күнде үй сала алмайсыз. Жерін тегістейсіз, іргетасын қалайсыз, қабырғасын өретін кірпішін ала­сыз, терезесін саласыз, шатырын жабасыз. Адам­ның тұлғалық дамуы да осылай жүреді. Ал біреудің тұлғасын екінші адам тіпті де жасап бере алмайды.

– Бүгінде шетелдік оқу орындарынан он­лайн курс оқып психолог, коуч ата­нып жатқандар көбейді. Психологияны жақсы меңгеру үшін психологқа уни­верситет бітірді деген кәсіби диплом қан­шалықты қажет? 

– Онлайн білім қазір көп салада мойын­далды. Адам өз аяғымен Нью-Йоркке барып оқыды ма, онлайн оқыды ма, айырмашылығы жоқ. Бұрынғыдай білім қуып, мемлекет асу жоқ. Футурологтар жер бетіндегі 200-ге жуық мемлекеттен болашақта 600 қала ғана қа­лады деп болжам жасап отыр. Қазақстаннан 4 қала бар екен: Алматы, Астана, Шымкент және Атырау.  Міне, әлемде осындай ғылыми болжамдар жасалып жатқан, ЖИ-лар дамып жатқан уақытта онлайн оқыған мамандарды мойындамауға болмайды. Гарвард, Йель, Оксфорд университеттерінің өзі онлайн білімге көшті. Ал осы оқу орындарын нашар деп кім айта алады? Әр адам 4 жыл ЖОО-да білім ала ма, әлде Гарвардты бірнеше айда онлайн оқып шыға ма, өзі шешеді. Әрине, медицина секілді мамандық иелері базалық білімді офлайн алуы керек. Алайда бүгінде қиын оталардың өзін хирургтар онлайн режимде жасау тәжірибесін енгізді. Біз адам жанын сөзбен емдейтіндіктен онлайн білім алу, терапия жасау өте қолайлы.

– Адам психолог таңдағанда не нәрсеге мән беру керек? 

– Біріншіден, оның қандай ғылыми мектепте оқығаны маңызды. Ол мектептің басшысы, идеологы кім? Мұғалімдері қандай адамдар? Аты шыққан, дәрежесі бар ма­мандар ма, әлде ешкімге белгісіз жандар ма? Екіншіден, қандай ұйымға, қауымдастыққа қатысы бар, соны сұраңыз. Ешқандай қауым­дастыққа мүше болмаған маманды «жабайы» психоаналитик дейді. Өйткені ол ешқандай ұйым­ға мүше болмаса, ешкімге есеп бер­мей­ді. Оқып жатыр ма, пациенттерге көмектесіп жатыр ма, әлде ақшасын сорып алып жатыр ма?  Мысалы, біздің Психоанализ институ­тын­да психологтардан теориялық вебинар­дан қашан өткенін, супервизияға барған-бармағанын, қанша клиенті бар екенін, неше клиентті «ұстай» алмағанын, қандай клиенті негатив айтқанын сұрап, талқылаймыз. Жақ­сы болсын, жаман болсын, әр маманның жұ­­мысы қадағаланып отырады. Жақында мек­теп психологтарына арналған супер­визияда бір психолог терапияны кафеде өт­кіз­дім дегенде шалқамнан түстім. Бұл – психологтың жіберген ең үлкен қателігі. Ол психологиядағы басты қағида құпиялылық­ты сақтай алмаған. 

– Осы жерде психолог пен психоа­на­литиктің айырмашылығын атап өт­сеңіз. Қайсысына қандай жағдайда бару керек? 

– Қарапайым тілмен түсіндірсек, пси­хо­лог бастауыш мектептің мұғалімі. Ол әліппе, ма­тематика, ана тілі сынды пәндерден сабақ бе­реді. Ал психоаналитик жоғары сы­нып­тың, бакалаврдың, мүмкін магист­ратура, док­торантура жетекшісі. Яғни, психоа­на­ли­тик бір мәселені тереңдеп үңги береді. Жал­пы, қазір біз психология мен медицинаның ортасында тұрмыз.  Психолог ақыл-кеңес беріп, бағыт көрсете алады. Медицина ма­ман­дары тәніңді дәрімен емдейді. Ал біз сөз­бен емдейміз. 

Ананың құрсағы – баланың жәннаты

– Үйленбеген немесе тұрмысқа шық­паған мамандардың отбасылық психо­лог болуға хақы бар ма?

– Ерлі-зайыптыларды қабылдау үшін пси­холог отбасылық өмірді көрген болуы ке­рек. Өзі байға тимеген, бала тумаған, қыз­дарына өкпелемеген, күйеуімен ұрыспаған, жұбайлық өмірдің дәм-тұзын татпаған адам қа­лай отбасылық психолог бола алады? Ме­нің кейбір шәкірттерім жылайды, маған рен­жиді. Осыдан 1-2 жыл бұрын бойдақ пси­хологтың ажырасқысы келіп жүрген 2 клиен­ті бар екенін білдім. Бүгін ұрысқан жұп ертең татуласып алады. Оны бойдақ қыз ба­сынан өткізбеген соң түсіне алмайды ғой. Сол қызға бүркіттей жабысып, әлгі 2 клиент­ті қабылдамайтындай еттім. «Олар маған се­нетін еді, жұмысымыз жақсы жүріп жатыр еді, репутациямды нөл қылдыңыз, маған ке­ліп жатқан ақшаны тоқтаттыңыз» деп шә­кіртім біраз уақытқа дейін ренжіді. Алай­да мойындайтын бір шындық, тұрмыстық өмірді көрмеген адам отбасылы адамға кө­мектесе алмайды. Тұрмысқа шықпаған ма­ман­дар жасөспірімдерді, студенттерді, жас­тарды қабылдағаны жақсы. 

– Адамның бала кездегі жан жа­ра­сы оның ересек өміріне қалай әсер ете­ді?

– Белгілі венгр психологы және пси­хоа­на­литик Шандор Ференци нәрестенің туу кезінде бастан кешетін физиологиялық және эмоционалдық күйзелістерін зерттей келе баланың өмірге келуінің өзі ең алғашқы жан жа­расы деп тұжырым жасаған. Жып-жылы жерде жатқан сәби қуыс-қуыстан өтіп, сұп-суық жерге топ ете қалады. Міне, бірінші жа­­­расы дегеніміз осы. Ананың құрсағы ба­ланың жәннаты болғандықтан, адам өмір бойы осы кезін аңсайды да тұрады. «Трав­ма­ға» байланысты бір мысал айтайын. Біз тас­бақаны теуіп жіберсек, тоңқайған жерінен тыр­баңдап қайта тұрып, ары қарай кете береді. Ал көбелекке саусағыңның ұшы тисе, жарақаттанып қалады. Яғни, бәріміздің жан жарамыз бар. Мәселе сол жарақатты кімнің қа­лай қабылдайтынында. Біреу тасбақа секіл­ді көзінің жасын бір сығып алып, ары қарай өмір сүруін жалғастырады. Екінші адам көбелек сияқты, сынып қалса, өмір бойы жылап жүреді. Ал осы жан жарасына күлу­дің өзі қорғаныш механизмі. Ауыр жара­қаты барлар сонысы асқынбасын деп күл­кімен жауып қояды.  

– Адамға өз эмоциясын тану, оны се­зіну қаншалықты маңызды?

– Тірі жанға сезімдерін тану өмір сүру үшін, потенциалын ашу үшін өте маңызды. Өз сезімдерін білмеген адам өзінің жанын түсінбейді. Ал өз жанын білмеген адам өзгенің жа­нын қалай түсінеді, қадірлейді, сыйлайды? 

– Қоғамда психологқа әйелдер құ­мар деген пікір қалыптасқан. Оның се­бебі неде? 

– Кеңестік кезеңде жоғары білімі бар­лар­дың 55 пайызы әйелдер, 45 пайызы ерлер болатын. Жақында осы көрсеткіш әйелдерде 75 пайыз, ерлерде 25 пайыз дегенді оқыдым. Жалпы, білімі жоқ адам психологиядан алыс жү­ретіні рас. Сондықтан білім сапасын кө­тер­сек, психологиялық білім де көтеріледі. Әйел­дердің өзгеріске талпынып, білім алуға ұм­­тылуының екінші бір себебі ментали­те­ті­міз­де десек қателеспейміз. Негізі, «еркектер жыламайды» деген стереотип қазаққа ғана емес, барлық адамзат баласына ортақ. Бала 4-5 жасынан осы сөзді естіп өседі. Бірақ жі­гіттің де жаны бар. Жоғарыда атаған 25 пайыз жоғары білімі бар еркектердің тек 5 пайызы ғана психоаналитикке келетін шы­ғар. Олар өзінің жанын қадірлейтін, сезімін сый­лайтын еркектер. Осындай жігіттердің саны көп болғаны жақсы. Жанын емдеп жүр­ген қалған 95 пайыз әйел өзінің күйеуін, бауы­рын, ұлын да өзімен бірге тарта алса, қо­ға­мда сау қарым-қатынас құра алатын ер мен әйел көбейер еді. 

– Әйелдердің дамып, ерлердің осы­лай сырттай бақылап отыруы қоғамда хаос тудырмай ма?

– АҚШ-та, Батыс Еуропада хаос бар ма? Жоқ. Дамыған елдердің 70-80 жыл бұрынғы ки­ноларын көрсеңіз, дәл қазіргі біздің өмір­міз. Яғни, біз олардан орташа есеппен 80 жылдай артта қалдық. Иә, олардың әйелдері белсенді, ақша табады, күйеуге мұқтаж емес. Күйеуге «жасым келіп қалды», «жақсы өмір сүргім келеді», «жалғыздықтан жалықтым» деп шықпайды. Өздеріне рухани жақын тұл­ға керек болғандықтан тұрмыс құрады. Бәл­кім, ерлі-зайыпты бола тұрса олар әр­қай­­сысы өз үйінде тұратын шығар, алайда олар бір-біріне дауыс көтеріп сөйлемейді, ит пен мысықтай арбасып, көкала қойдай таяқ жеп, төбелесіп жатпайды. Бүгінде неке, отбасы ұғымы да өзгеріске ұшырап жатыр.  Оқыған, көзі ашық, психологиялық жағ­дайы жақсы әйел отбасында ешқашан соғыс бастамайды. Сондықтан әйелдердің жақсы жаққа өзгеруге талпынып жатқанына қуана білу керек. 

Агрессия жынысқа бөлінбейді

– Бүгінде абьюзерлік ұғымын тек ер адам­ға телиді. Ал абьюзерлік жынысқа бөліне ме?

– Агрессия бәріміздің ішімізде бар. Бұл инс­тинк болмаса, біз өмір сүре алмай қала­мыз. Пандемия бізге кімнің ашуы қандай дең­гейде екенін көрсетті. Психологияға бір та­бан жақын адам өзінің ашуын игере алады. Ер адам әйеліне қарап ішінен «Бір қойса ғой» деп ойлауы мүмкін, бірақ «Мынауың дұрыс болмай тұр» деп сөзбен жеткізеді. Міне, бұл – дұрыс мәміле. Ал агрессияны игере алмайтын адам барып әйелінің мұрнын бет қылады. Осының салдарынан отбасында өкпе-реніш, ұрыс-тө­белес көбейіп, соңы ажырасуға әкеліп жатыр. Америкада абьюзерді бірден соттамайды, 60-100 сағат психотерапияға жазады. Міне, бұл адамгершілікке бағытталған заң. Оларды түрмеге тоғытқаннан ешкімге пайда жоқ. Айналып келгенде біз асыраймыз салық төлеп. Ал 60-80 сағат терапияда болған ер­кек әжептәуір бірдеңе үйреніп шығады ғой. 
Адамзат тірі тұрған жерде агрессия, ашу өш­пейді, жоғалып кетпейді және ол жы­нысқа бөлінбейді. Күйеуінің құлақ етін жей­тін, оны ұратын әйелдер де бар. Бұл да дұрыс емес. 

– Соңғы жылдары МАК-картаға сұра­ныс артып келеді. Бұл психологтың 10 сеансын алмастырады дейді. Шынында солай ма? Мак-картаға қандай жағдайда жүгінген дұрыс?

– Метафоралық картаны психоа­на­ли­тик­тер ойлап тапқан. Мәселен, психолог клиен­тінің өзін жайсыз сезініп, толық ашы­ла алмай отырғанын сезсе,  МАК-карта ұсы­нады. Бұл клиентке қауіпсіздік сезімін сый­лайды, картаға ден қойған адам өзін ма­­­­залаған мәселеге терең бойлап, сана­сын­дағы қарсылықты жояды. МАК-карта мис­тика да, шарлатандық та емес. Бұл – көмекші құрал. Бүгінде психологтар мен коучтар адам­ның «травмасы», мазалаған мәселесін осы карта арқылы тауып, сәтті қолданып жүр.

– Психоанализ бағытында жылдар бойы еңбек етіп келесіз. Әр саланың өз қиындығы бар. Жұмысыңыздың ең қиын тұстарын атап беріңізші.  

– Ең қиыны – жауапкершілік. Екіншіден, он­кологиялық диагноз қойылған пациент­пен жұмыс істеу ауыр. Қазір дәрігерлер олар­ға қанша өмірі қалғанын жасырмай айтады. Ал 3-4 ай өмірі қалған адаммен қарама-қар­сы отыру оңай емес. Қазір оған да етім үйреніп келе жатыр. Ондай пациенттеріме: «Мен Құдай емеспін, онколог емеспін. Сіздің өміріңізді ұзартатын ешқандай кепілдік жоқ. Бірақ осы қалған өміріңізді көңілдегідей өт­кізуге көмектесе аламын», – деп бірден ай­тамын. Өзі ауру адамның көзіне тура қа­рап осы сөздерді айту үшін де батылдық, шы­­найылық керек. 

– Әлеуметтік желіде оқырманның ха­тына біржақты жауап беріп отыратын коуч, психологтардың әрекеті қан­ша­лықты дұрыс?

– Бұл – дұрыс емес позиция. Негізі, пси­хоа­нализде бейтарап көзқарас ұстануымыз керек. Әңгімеңіздің төркінін шамалап отыр­мын, әдетте хат жазатын әйелдерді жақ­тай­ды. Егер күйеуі «қара», өзі «ақ» болса, неге оны­мен 20 жыл бір шаңырақ астында тұрып жа­тыр? Бұл жерде күйеуінің де, әйелдің де «қа­ра» жағы бар. Көбіне осылай айтатын­дар­дың 90 пайызы бірге қалады. Сондықтан біз эмоциялық, психологиялық судья болуымыз керек. Ерлі-зайыптылар бірге келсе тіптен жақсы, екеуі де жақсы жаққа өзгереді. Оң нәтижеге тез әрі бірге жетеді.  

– Өзіңіз адамдарға психолог ретінде кө­мектесесіз, ал Сізге кім көмектеседі?

– Менің де ұстазым, тәлімгерім бар. Қазір ол кісінің жасы 90-нан асты, Америкада тұ­ра­ды. Өзім де ойланып қалатын ситуациялар бо­лады, сондайда психоаналитигіме хабар­ласамын. 
Орталық Азия психоанализ институты пси­холог, психоаналитиктің өз сезімдерін зерттеуіне мүмкіндік береді. Содан кейін ба­рып диплом береміз. Бізде маманның өзі­нің жеке терапиясы – 600 сағат. Міне, жо­ғарыда айтқан психолог таңдағанда не нәр­сеге мән беру керек дегенге тағы бір жауап, одан «Жеке психоанализіңіз қанша сағат?» деп сұраңыз. Жауап бере алмаса, ор­ныңыздан тұрып, ол кабинеттен шығып кет­кеніңіз дұрыс. Өз тісін емдемейтін сто­матологқа қалай тісіңізді емдетесіз? Бұл да сол сияқты.

– Әңгімеңізге рахмет! 

Сұхбаттасқан 
Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары