Орта бизнестің орны ойсырап тұр

Орта бизнестің орны ойсырап тұр
www.istockphoto.com
507

Шағын және орта бизнестің өркендеуі – ел экономикасын тұрақтандыруға ықпал ететін негізгі фактордың бірі. Дегенмен еліміздегі орта кәсіпкерліктің көрсеткіштері әзірге көңіл көншітпейді. 

Нақты секторға несие беру үдерісі әлі де жеткіліксіз деңгейде қалып отыр. Бұл жағдай іскерлік ортаның белсенділігін төмендетіп қана қоймай, эко­номиканың дамуын да тежейді. Бұл туралы Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында айтқан болатын. Одан бөлек Президент жыл басында орта биз­несті қолдау шараларын күшейту туралы нақты тапсырмалар беріл­генімен, іс жүзінде ештеңе де атқарылмағанына тоқталды. 

Мақсат бар, нәтиже жоқ

Орта кәсіп – көлемі мен қызмет ауқымы бойынша шағын бизнес­тен үлкенірек, бірақ ірі бизнестен кіші кә­сіпорындар. Орта кәсіп ел экономи­ка­сын­­да маңызды рөл атқарады, себебі ол жұ­­мыс орындарын құрып, шағын және ірі кәсіпорындар арасындағы байланысты нығайтады. 
Қазақстанда орта кәсіп ретінде танылу үшін кәсіпорындағы жұмысшы саны және оның жылдық табысы белгілі бір межеге же­ту­ге тиіс. Әдетте, орта кәсіпорындарда жұмыс істейтін қызметкер саны 50-250 ара­лығында болады, ал олардың жылдық табысы ел заңнамасында көрсетілген шектен аспайды.
Ұлттық статистика бюросының мәлі­ме­тіне сүйенсек, биылғы 1 шілдедегі жағ­дай бойынша елімізде тіркелген шағын жә­не орта кәсіп субъектілерінің саны 2,2 мил­лионнан асады. Олардың ішінде нақ­ты жұмыс істеп тұрғандары – 2 миллион.  4,3 миллиондай адам жұмыспен қамты­лып, шығарылған өнім көлемі 34 266,8 млрд теңгеге жеткен. Дегенмен мұның ішінде орта бизнестің үлесі өте аз. Жұмыс іс­теп тұрған ШОК субъектілерінің жалпы са­нында дара кәсіпкерлер үлесі – 69 пайыз, шағын кәсіпкерліктегі заңды тұл­ғалар – 17,7 пайыз, шаруа немесе фермер қо­жалықтары 13,1 пайыз болса, орта кә­сіпкерліктегі заңды тұлғалар 0,1 ғана.
Ел Үкіметі 2029 жылға қарай орта биз­нес­­тің жалпы ішкі өнімдегі үлесін 15 пайы­з­­­ға жеткізуді көздеп отыр. Қазір ЖІӨ-дегі орта кәсіпкерліктің үлесі 7,2 пайыз ғана.
Осылайша, ел экономикасындағы ор­та бизнестің үлесін арттыру міндеті маңыз­ды болып тұр. Президенттің ай­туын­ша, жыл басында орта бизнесті қол­дау шараларын күшейту туралы нақты тап­сырмалар берілгенімен, іс жүзінде қол­дау шаралары әлі де дайын емес.
– 2029 жылға қарай орта бизнестің ел эко­номикасындағы үлесі 15 пайызға жетуі ке­рек. Бұл – Үкіметтің алдында тұрған маңыз­ды міндет. Қазір бұл көрсеткіш 7 пайыз шамасында. Жыл басында мен орта бизнесті қолдау үшін нақты шешімдер қа­былдау жөнінде тапсырма бердім. Яғни, жан-жақты шаралар қолға алынуы керек еді. Алайда іс жүзінде әлі дайын емес, – деді Президент Жолдауында.
Соның ішінде, шағын және орта бизнесті жеткілікті қаржыландыру мәселесі де шешімін тапқан жоқ. Көптеген ор­та кәсіпорын ұзақмерзімді және төмен пайыздық несиеге қол жеткізуде қиын­дық­тарға тап болады, себебі банк талап­тары жоғары, ал пайыздық мөлшерлемелер айтарлықтай қымбат болуы мүмкін. Бұл әсіресе аймақтардағы кәсіпкерлер үшін өзекті.
– Бұл жағдай еліміздегі іскерлік орта­ның белсенділігіне, экономиканың тұрақ­ты­лығына және дәйекті дамуына кедергі кел­тіріп отыр. Үкімет пен Ұлттық банк бір­­­­лесіп, осыған қатысты оңтайлы шешім­дер ойластыруы керек. Банктердің эконо­ми­каға көбірек қаржы құюына жағдай жа­сау қажет, – деді Президент.
Салық жүктемесі мен әкімшілік ке­дергілер де орта бизнестің дамуын тежей­ді. Салық салу жүйесі мен есеп беру талап­тары кәсіпкерлер үшін күрделі және түсі­ніксіз болуы мүмкін. Кейбір кәсіпкер­лер үшін салық жүктемесі ауыр, әсіресе бизнесті жаңа бастаған кәсіпкерлерге бұл про­цестің бәрі оңай емес. Сонымен қатар ли­цензиялар алу, тексерулерден өту және түрлі бюрократиялық рәсімдер уақыт пен қаржыны талап етеді, бұл шағын және ор­та бизнеске қиындық туғызады.
Инфрақұрылымның жеткіліксіздігі де орта бизнестің дамуына кедергі келтіреді. Әсіресе, өңірлерде кәсіпорындарға қажет­ті инфрақұрылым, заманауи өндірістік жә­не логистикалық базалар жетіспейді. Кәсіпкерлер көбіне шикізатқа, көлік және қойма қызметтеріне жоғары шығындар жұмсауға мәжбүр болады.
Білікті мамандардың тапшылығы да – ай­тарлықтай мәселе. Орта кәсіпорындар көбіне білікті кадрларды табуда қиындық кө­реді, әсіресе техникалық мамандықтар бойынша. Бұл кадр тапшылығы өндіріс са­пасы мен кәсіпорынның бәсекеге қабі­леттілігін төмендетуі мүмкін.

Қолдау да, қолдау ала алмағандар да көп

Дегенмен бизнесті қолдау шаралары мүлде жоқ деуге келмейді. Қазір елімізде бизнесті қолдауға арналған 100-ден астам бастама бар, Тіпті қолдаудың  көп­тігінен мәселе туындап отыр деуге бо­лады. 
Ең алдымен, салық жеңілдіктер қарас­тырыл­ған, бұл орта кәсіп иелеріне салық жүк­темесін азайтуға мүмкіндік береді жә­не қаржы шығындарын тиімді басқару­ға көмектеседі. Сонымен қатар «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында кә­сіп­керлерге қаржылық қолдау көрсетіледі. Бұл бағдарлама арқылы мемлекет пайыз­дық мөлшерлемелерді субсидиялайды, не­сие алу кезінде кепілдік береді, сондай-ақ қолжетімді несие көздерін ұсынады.
Орта бизнеске кеңес беру және оқыту ба­ғытында да қолдау көрсетіліп жатыр. Әсі­ресе, кәсіпкерлердің қаржылық сауат­ты­лығын арттыру, нарықтық стра­тегия­лар­ды үйрету, жаңа технологияларды мең­геру секілді іс-шаралар өткізіледі. Со­ны­мен бірге, индустриалды аймақтар мен арнайы экономикалық аймақтарда бизнес жүргізу үшін инфрақұрылымдық қолдау көрсетіледі, бұл кәсіпорындарға арзан ба­ға­мен қажетті құрал-жабдықтарға және жер телімдеріне қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Шағын және орта бизнестің экспорт­тық әлеуетін арттыру мақсатында да ша­ра­лар бар. Мемлекет шетелдік нарықтарға шығуға көмектеседі, экспортқа өнім шы­ғарушы кәсіпорындарға жеңілдіктер мен арнайы гранттар бөледі. Осылайша, Қа­­­­зақ­станда орта бизнесті дамыту және қол­дау бағытындағы кешенді шаралар кә­сіпкерлерге тұрақты дамуға, ішкі және сыртқы нарықта бәсекеге қабілетті болуға жағдай жасайды.
Бұл шаралардың сан алуандығы кәсіп­керлердің өздеріне де түсініксіз болып, қа­жетті қолдауды қалай және қайдан алуға болатынына қатысты сұрақтар туын­датады. Яғни, ақпараттың тапшы­лы­ғы да – маңызды фактордың бірі. Кейде кә­сіпкерлер мемлекет ұсынған бағдарла­ма­лар мен гранттардан хабарсыз болады, оларға қатыса алмай қалады. Сонымен қа­тар кәсіпкерлікке қолдау көрсететін кейбір бағдарламалар тек ірі қалаларда ғана жұмыс істейді, бұл аймақтардағы биз­неске шектеу қояды.
Сондықтан Президенттің пікірінше, барлық қолдау шараларын мұқият тек­серіп, олардың тиімділігіне баға беру қа­жет. Бұл мақсатта бизнес өкілдеріне тү­сінікті болатын бірыңғай жеңілдіктер тізімін әзірлеу ұсынылады.
– Әр кәсіпкер қолдаудың қандай түрі бар екенін және оған қалай қол жеткізе ала­тынын еш қиындықсыз біліп отыруы қажет. Сонда шағын бизнес орта бизнес санатына өтуге мүдделі болады. Бізде қазір қолдау шараларының 100-ден астам түрі бар. Бұдан білікті маманның өзі шатасуы мүмкін. Сондықтан мемлекеттік қолдау шараларының қаншалықты тиімді екенін мұқият тексеріп шығу керек, – деді Мем­лекет басшысы.
Бұл ретте, ең алдымен ұсынылатын жеңіл­діктердің бизнес өкілдеріне түсінікті бірыңғай тізімін әзірлеу қажет. Президент шағын және орта бизнесті дамыту үшін финтех тәсілдерін пайдалануға болаты­нын айтты, бұл мәселе бойынша тиісті ұсы­ныстар бар. Бұл тәсілдер бизнеске қол­дау көрсету үдерісін жеңілдетіп қана қоймай, кәсіпкерлерге қаржылық және тех­нологиялық құралдарды тиімді пай­далануға мүмкіндік береді. Елімізде қаржы технологияларын дамытуға бағытталған ұсы­ныстар дайындалып, оларды іске асы­ру бизнес ортаны цифрландыруға оң әсе­рін тигізе алады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Яғни, кәсіпкерлікті қолдау үшін, соның ішінде орта бизнесті дамыту үшін Үкімет оңтайлы шешімдер қабылдап, қаржыландырудың қолжетімділігін арттырып, қолдау шараларын түсінікті етуі қажет. Бұл ретте, орта бизнес бастаудағы ең негізгі кедергі – қаржы мәселесі. Ал шағын бизнесті орта бизнеске дейін дамытуға жағдай жасау – мәселенің тағы бір шешімі болар еді. 

Серіктес жаңалықтары