Бір жылда үш рет әлем чемпионы атанған Ризабек

Бір жылда үш рет әлем чемпионы атанған Ризабек
сурет: Спортты дамыту дирекциясы
894

Үш күн бұрын Албания астанасы Тиранада еркін күрестен 23 жасқа дейінгі жастар арасында өткен әлем чемпионатында отандасымыз Ризабек Айтмұқан жеңімпаз атанып, әлем жұртшылығын тағы бір тәнті етті. 97 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде белдескен Ризабек дүниежүзілік доданың финалында Ираннан келген азулы қарсылас Махди Мұхарамәли Морафаны айқын басымдықпен ұтты. Осылайша, ол 3 түрлі жас санат бойынша өткен әлем чемпионаттарында алтын жүлде алған тұңғыш қазақ балуаны атанды. Еске сала кетейік, Ризабек былтыр қыркүйекте Сербияда ересектер арасында (92 келі дейінгі салмақ) қарсылас шақ келтірмей, еркін күрестен тәуелсіз Қазақстан тарихындағы тұңғыш әлем чемпионы атанған-тын. Биыл тағы сол қыркүйекте Испанияда 20 жасқа дейінгі балуандар арасында әлем чемпионы (97 келіге дейін) атағын иеленді. Араға екі ай салып, 23 жасқа дейінгі мықтылар арасында тағы да ешкімге дес бермей, әлем чемпионының белбеуін тақты. Бір жыл бұрын әлемге енді таныла бастаған Ризабекпен алғашқылардың бірі болып біз тілдескен едік. Осы жолы да елге енді оралған Ризабекке хабарласып, әңгімелесудің сәті түсті. 

– Ризабек, кезекті тарихи жеңісің құт­ты болсын! Бір жылда үш рет әлем чем­пионы атанып, ел ішінде ешбір балуан­ның қолы жетпеген жетістікті тір­ке­дің. Әр жарыс өзінше ерекше еке­нін үнемі айтасың. Бұл жолғы Тира­на­дағы чемпионаттан алған әсеріңді айта отырсаң.

– Албанияда өткен чемпионатта жеңіске жет­кеніме Аллаға шүкір! Тарихи жеңіске жет­кеніме қуаныштымын! Көңіл күй жақсы! Та­рих жаңартуды тоқтатпаймыз. Намысқа ты­рысып, әлі талай жарыста елдің Туын ас­қақтатамыз. Келесі Олимпиадаға дайындық цик­лін бастап кеттік. Алла қаласа, Олим­пиа­да­да жеңіске жетемін! Әрине, Алланың қа­лауы­мен!

– Сені Қазақстан түгілі әлем жұрт­шы­лы­ғы құттықтап, алақайлап жатыр. Шетелдік спорт парақшаларында, әсі­ресе, Біріккен әлем күресі (United World Wrestling) халық­ара­лық федерация­сы­ның ресми парақшасында саған сенім арт­қан, сенің бұл чемпионатта да жеңіс­ке жететініңе шүбә келтірмей, history maker деп жазған шетелдік жанкүйердің қарасы көп. Албанияда әлем назарының сенде болғанын сезе алдың ба?

– Әрине, сездім. Мен оны оған дейін де сез­ген­мін. United World Wrestling өз парақ­ша­сында еркін күрестен әлем бойынше ең та­нымал топ-10 балуанды анықтамақ болып, сауалнама жасаған-тын. Ол ондықтың ішін­де Олимпиада, әлем чемпиондары да бар. Сол топқа мені де кіргізіп қойғанын көрген кез­де таңғалдым. Бұл маған оң әсерін тигізді, се­бебі маған ондай үлкен ұйымның наза­рын­да болу – үлкен мәртебе. Тиранаға жа­рысқа келген кезде мұнда келген басқа балуан­дар мен спорт жанкүйерлері менің қа­лай күресетінімді күтті. Психологиялық жа­ғынан кішкене қиын болғаны рас. Деген­мен берілмеуге тырысып-бақтым. Мен ол жа­рысқа барғанда United World Wrestling өкіл­дері ресми парақшаға тағы да мен тура­лы пост салатынын білдім. Сосын «Кезекті әлем чемпионатын ұта ала ма ?» деп мен тура­лы жазба салынғанын байқап, мұны жақ­сылыққа баладым. Бұл маған үлкен м­о­тивация болды. Әрине, тек елде емес, шетелде де жанкүйерлер болғаны көңіл қуантады. Осындай деңгейге жеткеніме шүкір етемін. Мен Қазақстан күресінің деңгейін, әлемдік аре­наларда қазақ елінің Туын көтергім ке­леді. Күллі әлемге Қазақстан қандай керемет ел екенін әрі Қазақстанда еркін күрес бар, Қазақстан чемпиондар мекені екенін көрсеткім келеді. 

– 2 ай бұрын Испанияда 20 жасқа дейінгі балуан­дар арасында өткен чем­пионатта жауыры­ның жерге тимей, финалда Әзер­бай­жан­ның мықтысын алып жықтың. Үш күн бұрын 23 жасқа дейінгі әлем біріншілігінде тағы да қарсылас шақ келтірмей, ирандықтан ай­лаңды асыра білдің. Сонда Испания­дағы жеңісіңнен кейін еш тынықпай, бірден Ал­баниядағы өтетін екінші әлем чемпионатына дайындықты бастап кеттің бе? Әлде, ол жарыс жоспарда бол­мап па еді?

– Негізі, басты жоспар Олимпиада ойын­дарында белдесу еді. Алайда Алла Тағаланың маған қатысты жоспары басқаша болды. Олимпиадаға іріктеуден өте алмай қалған соң 1-2 айдай ештеңеге зауқым соқпай жүрді. Тіпті, күреске деген құштарлығым кеміп қалды. Сол кезде жеке бапкерлерім Дархан ағай мен әкем «Ризабек, мойыма. Сен түбі Олим­пиадаға барасың. Сол кезде Олимпиа­дадан бізге алтын алып келесің. Бірақ бұл жолы бармай қалдым деп босама. 1-2 айдан кейін жастар арасында әлем чем­пио­наттары болады. Сол екеуін ұтсаң, тағы да тұң­ғыш балуан атанасың» деп мені рухтан­дырды. Бізде еркін күрестен 23 жасқа дейін әлем чемпионы болмаған. Ал жас­тар арасында әлем чемпионы атанған қазақ бала жоқтың қасы. Өзге ұлт өкілдері, легионерлер арасында чемпион атанғандар бар. Сол кезде әкем мен бапкерім «Сен қазір екі жарысты қатарынан ұтсаң, әлем чем­пио­наттарын ұтып алған қазақ атанасың. Ол – біріншіден. Екіншіден, тағы да тұңғыш әлем чемпионы боласың» деп қайтадан жігерімді оятуға барын салды. Сол кезде айтылған осы сөз­дер маған қатты әсер етті. «Шынымен, осы екі ірі додада жеңіске жетсем, тағы да та­рих жаңартады екенмін» деп өз-өзім қам­шылаумен болды. Ол екі жарыста жеңіске жету орындамауға құқым жоқ тапсырма болды. Бұл тапсырманы мінсіз орындаға­ны­ма Аллаға сансыз шүкіршілік айтамын. Алла тағала 20 миллион халықтың ішінен дәл ма­ған ересектер арасында тұңғыш әлем чем­пионы атануды жазып қойды. Сондықтан қал­ған маңызды жарыстарда да оңай беріле салуға құқым жоқ екенін жете түсіндім.

– Әдетте бәсі биік жарыста жеңіске жеткен спортшылар тайм-аут алып, сол жеңісті біраз уақытқа дейін азық етеді. Ал екі ай ішінде ұйымдастырылған екі дүниежүзілік додада шашаңа шаң жұқ­тырмай, чемпион атанған сенің қа­лайша аз уақыт ішінде өз бабыңды жо­­ғал­тып алмағаныңа таңмын. Испа­ния­­дағы әлем біріншілігінен кейін дене қалыбыңды босатып алмау қиынға соққан шығар?

– Әрине, оңай болмады. Әр спортшы жа­рысты ұтқан соң демалығысы келетіні анық қой. Испаниядан келген соң 2 аптадай тынықтым. Ол кезде Тиранаға баратын құра­ма оқу-жаттығу жиындарын бастап кеткен-тін. Расында ірі жарысқа барып, ұтып келіп, қайтадан жарысқа дайындықты бастап, тағы да сол циклге түсу – қиынның қиыны. Біз де адам­быз, біз де шаршаймыз ғой. Біздің де демал­ғымыз келеді. Алайда екінші әлемдік додаға бару үшін өзімді біраз қинадым. Әсіре­се, бапкерім Дархан ағай қатаң тәртіп ор­на­тып, мені қамшылаумен болды. Роналду, Мес­си секілді азуын айға білеген небір мық­ты атлеттер тәртіп пен талапты басты қағи­да етіп алған ғой. Мен де солар секілді ре­жим­ге бағынуды мақсат еттім. Менің дайын­дығым басқа балуандармен салыстырғанда өзгеше. Өзімнің жеке командам бар. Спа­ринг жасайтын серіктестерім бар. Басқа­лар­мен салыстырғанда, менің жаттығу мен кү­ре­суге деген көзқарасым басқаша. Мұның бәрі – ағайым мен әкемнің жұмысының нә­ти­жесі. Үнемі режимде жүретін спортшы бол­ғасын кейде қолыңды бір сілтегің келіп тұра­тын сәттер болып тұрады. Кей кездері «Жа­райды, кейін істей саламын» деген ойлар б­о­лады. Күні бойы жаттыққан соң кешке та­ман шаршап қаласың. Сол кезде ағайым «Жоқ, бауырым. Сәл шыда. Келесі айда, бұйырса, ұтасың, одан кейін жақсылап тұ­рып демаласың» дейді. Кейде таңғы жат­тығу­ға барғым келмейтін сәттер де болады. Сол кезде ағайым бөлмеме келіп, мені оятады. Мені оятып қана қоймай, таңғы жаттығу іс­те­тіп, жігерімді оятатын сөздер айтады. Со­­сын таңғы онда телефонымды алып қоя­ды, содан кешкі сегізде бір-ақ береді. Осы ретте менің көңіл хошым болмайтын кез­дер­де ынтамды оятуға тырысқан ағайыма шек­сіз алғыс айтқым келіп отыр. Негізі, мен тәр­тіпке бағынатын атлетпін. Дегенмен үне­мі осындай режимде жүрген соң ара-тұра кіш­кене демалғың келеді. Бірақ мұндай кез­де әр сәтімді тиімді әрі пайдалы өткізуге ба­рын салатын Дархан ағайдай бапкерімнің бары­на шүкір деймін. Негізі, ол кісі мені 2021 жы­лы баптаған болатын. Ол кезде мен Алма­тыдағы «Шаңырақ» спорт мектебінде оқи­тынмын. Сол кезде ағай 2003-2004 жылғы 10-15 баланы баптап, күресімізді қойып, бар білгенін үйреткен-тін. Ол кісі де кезінде күрескен, 7-8 жыл бұрын спортпен қош ай­ты­сып, бапкерлік істі қолға алған. Айта ке­тер­лігі, ол кісінің белдестіру стилі бұрын­ғы­дан өзгеше. Бүгінде оның атқарған еңбегі нә­тижесін көрсетіп жатыр, алдағы уақытта да көрсетеді деп сенемін.

– Кешегі Тиранадағы тарихи жеңіс­тен соң спортсүйер қауым желіде «Ри­за­бек нағыз бабында екенін дәлелдеп бер­­ді. Оны Олимпиадаға бекер ж­і­­­бер­меді. Баланың бағын байлады» деп жа­рыса жазып жатыр. Токио Олимпиадасы туралы сауал жаныңа бататынын біле­мін. Бұған жауап бермесең де болады. Дегенмен сен еш жерде бұл туралы пікір білдірмедің. Осы орайда Токио Олим­пиа­дасы қарсаңында құрамадағы басты қарсыласың Әлішер Ерғали екеуіңнің ара­сындағы талас туралы сұрамай кет­песек болмас.

– Көпшілік мені ұлттық құрамада бұ­рын­нан жүр деп ойласа керек. Ал менің құ­ра­ма сапына ілінгеніме екінші жылға аяқ бас­ты. Ал Әлішердің құрамада жүргеніне 4-5 жыл болды. Әлішер бізге үнемі үлгі болды, се­бебі ол құрамаға келген ең жас балуан­дар­дың бірі болды. Мен оны ағам деп сыйлай­мын, ол мені бауырым деп құрметтейді. Олим­пиада – психологиялық тұрғыда ең қиын жарыс. Оған тек сайдың тасындай ір­кіл­гендер барады. Өкініштісі сол, біздің балуандар жақсы нәтиже көрсете алмады. Бар айтарым, әр спортшы өз елі үшін күре­седі. Оларды жамандаудың қажеті жоқ. Онда ешкім ұтыламын деп бармайды ғой. Онда қайтсем, Қазақстанның Туын желбіретсем, қайт­сем елімді қуантсам деген мақсатты кө­здеп барады. Қолынан келген әрекетін жа­сайды. Дұғасын тілейді. Бар күшін сарп ете­ді. Алайда оларға бекерге бардыңдар деп жа­ман пікір жазып, қысым түсіріп, сағын сын­дыру – дұрыс іс емес. Мысалы, мен мы­на­дай ережені ұстанамын. Мен жарысты ұтсам, қасымда көбі «Міне, біздің чемпион!» деп топтасып жүреді. Алайда мен ұтылған кез­де қасымда ата-анам мен бауырларым, жа­қын туыстарым мен аз достарым ғана қа­лады. Тіпті, дос деп санап жүргендер сені ақыр аяғында қолдамай кетеді. Мен осындай кезеңді басымнан өткердім. Былтыр жарақат алып қалдым. Ол кезде күресті тіпті ойлама­дым. Одан кейін үш ай тыңғылықты дайын­да­лып, жарысқа араластым. Сол кезде Қазақ­стан чемпионатының финалында ұтылып қал­дым. Сол кезде көпшілік «Өй, Ризабек өті­рік әлем чемпионы екен ғой» дегендей әңгімелер айта бастады. Одан кейін Азия чем­пионатының финалында әлем және Азия чем­пионы, бахрейндік балуан Ахмед Тажу­диновқа есе жіберіп, 2-орынды місе тұттым. Сол кезде тағы да жағымсыз пікірлер айтыл­ды. Содан соң Венгриядағы Олимпиадаға іріктеу жарысы мен үшін аса маңызды еді. Ол жарыста өзімді көрсете алмай, 3-орын алып қалдым. Негізі, чемпион болуым керек еді. Сөйтіп, сол жерде Олимпиадаға бару мүм­кіндігінен айырылып қалдым. Маған «Сен – әлі жассың. Келесі Олимпиадаға дайын­даласың» деді. Сол кезде құр сүлдем қал­ғандай күй кештім. Елге еш көңіл күйсіз кел­дім. Себебі төртжылдықтың басты дода­сына қатысып қана қоймай, тұңғыш Олим­пиа­да чемпионы болу басты арманым еді. Содан соң бір айдай күйзеліске түсіп, біраз қиналдым. Ағайым мен әкем екеулеп, «Күзде екі әлем чемпионаты бар. Тағы да тұңғыш чемпион боласың. Тұр. Еңсеңді көтер, қане!» деп екеулеп жүріп бозкілемге алып шықты. Спортта жеңіс пен жеңіліс қатар жүретініне менің жағдайым дәлел. Қазір ғой, жүрегіме жақын қабылдамауды үйрендім. Ал  бұрын мұны байыбына жетіп, түсінбейтінмін. Со­сын «қайырымы жоқ спорт» деп байбалам са­латынмын. «Сабақты ине сәтімен» деген. Бәрі бір Аллаға аян. 

– Қоржыныңда Азия чемпио­нат­та­ры­ның 2 алтын медалі, әлем чемпио­нат­тары­ның 3 бірдей алтын жүлдесі бар. Жетіспей тұрғаны – тек Олимпиада ме­далі...

– Иә, сол медальді уысымызға түсіру үшін талмай еңбектенеміз, бұйырса. Әр спорт­шы армандайтын Олимпиадада топ жа­рып, Қазақстаннан тұңғыш олимпиада чем­пионы шықса керемет қой! Сол үшін бар күш-жігерімізді сарп етеміз. Біз болмасақ та, қаз­ақтың баласы Олимпиадада атой салсын!

– Алдағы жоспарың қандай? Биыл балуандардың маусымы осымен аяқ­тал­ды ғой?

– Иә. Биыл жарыстар легі осымен аяқ­тал­ды. Бұйырса, келесі жылы өтетін сайыс­тар­ға дайындаламыз. Сөйте-сөйте, аяңдап, ақырын басып, Олимпиадаға да жетеміз.

– Көпшілік «3,5 жылдан соң өтетін Лос-Ан­желес Олимпиадасына дейін Ризабек мо­ти­вациясын жоғалтып алмайды ма екен?» деп те алаңдайды.

– Әр спортшыға мотивация беретін екі-ақ нәрсе бар. Біріншісі – өз елінің қолдауы, екіншісі – ынталандыру. Кез келген спортшы жағдайын жасағысы келеді. Бізге, спортшыларға барлық жағдай жасалған. Оған әңгіме жоқ. Дегенмен алдағы уақытта өз ақшама күресті көтеріп, кәсіпкер болғым келеді. 

– Жуырда сүйіктіңе сөз салғаның туралы ақпарат тарады.

– Ол рас. Үйленгелі жатырмын. Болашақ жарым бұрын спорттық гимнастикамен айналысқан. Жарыстар аяқталды, енді алда той қамымен жүгірмекпін. 

– Әңгімеңе рақмет! Бұйырса, Олим­пиа­­дадағы жеңісіңнен соң тағы осылай сұх­баттасуға жазсын!

– Бұйырса! Сіздерге рақмет!

Сұхбаттасқан 
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары