Көкшетау қаласында орналасқан Ұлттық ұланның 5510 әскери бөлімінде 350-ден астам жас сарбаз әскери ант қабылдады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Салтанатты рәсімге әскери қызметшілердің ата-аналары, туған-туыстары, достары мен жақындары арнайы келіп қатысты. Ұлдарының өміріндегі маңызды сәттің куәсі болған ата-аналар толқыныс пен қуанышқа бөленіп, олардың әскери ант қабылдау рәсімін мақтанышпен тамашалады.
Сап түзеген жас сарбаздар Қазақстан Республикасына адал болуға, халқына қалтқысыз қызмет етуге, Отан алдындағы әскери борышын абыроймен орындауға салтанатты түрде ант берді.

Әскери ант – әрбір азаматтың өміріндегі жауапкершілігі жоғары әрі есте қаларлық ерекше сәт. Бұл – Отанға деген адалдықтың, патриотизмнің және әскери борышқа деген құрметтің белгісі.

Салтанатты рәсімнен кейін ата-аналар мен жақындары сарбаздармен қауышып, ақ тілектерін білдіріп, естелік суреттерге түсті. Бір сәттік жүздесу ата-аналар үшін де, сарбаздар үшін де ерекше әсерге толы болды.