Тағы да триллиондар...

Ұлттық қор қашанғы бюджеттің жыртығын жамайды?

Тағы да триллиондар...
сурет: istockphoto.com
374

Алдағы 3 жылда Ұлттық қордан бюджетке жыл сайын 2 триллион теңге кепілдендірілген трансферт бөлінеді. Одан бөлек, кепілдендірілмеген трансферттер тағы бар...

Осы аптада Мәжіліс депутаттары 2025-2027 жылдарға арналған Ұлттық қордан бө­лінетін кепілдендірілген трансферт ту­ралы заң жобасын мақұлдады. Құжатты та­ныстырған Ұлттық экономика министрі Нұр­лан Байбазаров заң жобасы бюджет ко­дексінің талаптарына сай әзірленгенін жет­кізді. Дегенмен пленарлық отырыста бюд­жет тапшылығы мәселесі, оның кем-кеті­гін жамау үшін қорға қол соза беру ұшпаққа шығармайтыны туралы да сөз болды. 
Биылғы Жолдауында Президент Ұлт­тық қордың рөліне жеке тоқталып, оны тиімді басқару керек екенін айтқан еді. Ал былтыр Ұлттық қордағы валюта активтерін 2030 жылға қарай 100 миллиард долларға дейін жеткізуді тапсырған болатын. Дегенмен қордан қайта-қайта қаражат алу бұл міндеттің орындалуына күмәнмен қарауға мәжбүр етіп отырғаны жасырын емес.

Ұлттық қор ұзақ мерзімде қызмет етуге тиіс

Мемлекет басшысы биылғы Жол­дауында Ұлттық қор ұзақ мер­зім­дегі макроэкономикалық тұрақты­лық­ты қамтамасыз ететін аса маңызды құрал екенін еске салды. Ол, ең алдымен, еліміз­дің стратегиялық мақсаттарын жүзеге асыру үшін пайдалануы қажет.
– Ұлттық қордың рөліне жеке тоқ­талайын. Қордың қаражатын, ең алдымен, мемлекет мүддесі үшін, яғни еліміздің стра­тегиялық мақсаттарын жүзеге асыру үшін пайдалану қажет. Ұлттық қор шетел­дік қаржы институттарына қызмет етпеуі керек. Ұлттық қор – ұзақ мерзімге арнал­ған макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ететін аса маңызды құрал. Сон­­дықтан оны тиімді басқару қажет, – деді Президент.

Ал қорды тиімді басқару үшін бюджет тапшылығының салдарын емес, оған себеп болып отырған мәселелерді реттеу қа­жет. Қордан қаражат ала беру қорды тиім­ді басқаруға да, экономиканың өсіміне де айтарлықтай кедергі болмақ.
– Экономиканы қарқынды дамыту үшін тек мемлекет қаржысына сүйену жет­кіліксіз екені анық. Жеке инвести­ция­лар тарту арқылы іскерлік белсенділіктің артуына қолайлы жағдай жасаған жөн. Ол үшін, ең алдымен, салық саясаты тұ­рақ­ты болуға тиіс. Сонда бизнес те сапа­лы дамуға ынталы болады және жауап­кер­шілікпен жұмыс істейді, – деді Мем­ле­кет басшысы. 

Айтамыз, бірақ азайтпаймыз

Сәрсенбіде Мәжіліс депутаттары 2025-2027 жылдарға арналған Ұлттық қор­дан бөлінетін кепілдендірілген транс­ферт туралы заң жобасын мақұлдады. Оған сәйкес, алдағы 3 жылда әр жыл сайын Ұлттық қордан 2 триллион теңге ке­пілдендірілген трансферт бөлінеді. 
Құжатты Премьер-Министрдің орын­басары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров таныстырды. Ми­нистр­дің сөзінше, заң жобасы респуб­ликалық бюджетті теңгерімді етуге мүм­кіндік береді. Ол заң жобасы Бюджет кодексінің талаптарына сай әзірленгенін, кепілдендірілген трансферт мөлшері бюджет ережелеріне сәйкес белгіленгенін де айтып өтті.
– Заң жобасына сәйкес, мұнайдың шек­тік бағасы 2025 жылға 42,3 доллар, ал 2026-2027 жылдарға 41-39,4 доллар дең­гейінде белгіленді. Осыған байланысты 2025-2027 жылдарға арналған кепіл­ден­дірілген трансферт көлемі жыл сайын 2 трлн теңге мөлшерінде болады. Заң жобасын қабылдау республикалық бюджетті теңгеруге мүмкіндік береді, – деді Ұлттық экономика министрі.
Дегенмен бұл ретте кепілдендірілмеген трансферттер барын да естен шығармаған жөн. Үкімет әр жыл сайын қаражатты бекітілген лимиттен асырып алады. Тіпті, сол жылға бекітілген трансфертті жыл­дың жартысына жетпей жұмсап жібере­міз. Яғни, 2 триллион теңге Ұлттық қордан алынатын қаражаттың максиму­мы емес, минимумы деп түсіну керек. Рес­публикалық бюджет жобасында кепіл­дендірілген трансферттен бөлек, 3,3 трил­лион теңге көлемінде нысаналы транс­ферт тартылатыны жазылған. Сонда жалпы Ұлттық қордан респуб­ли­калық бюджетке берілетін трансферт кө­лемі – 5,3 триллион теңге. Яғни, жыл­дағыдан айырмашылығы аз. Айтамыз, бірақ азайтпаймыз.
Бұл ретте, Ұлттық қордың қаражатын мей­лінше жұмсамау, соның ішінде бюд­жет тапшылығынан құтқару құралы ре­тін­де қарамау керек екені қашаннан бері айтылып жүрген мәселе. Президент те былтыр 2030 жылға қарай Ұлттық қор­дағы валюта активтерін 100 млрд дол­ларға дейін жеткізу керек деп тапсырма берген еді. Пленарлық отырыста депутат Татьяна Савельева «осы жоспарды қалай орындаймыз, орындай аламыз ба?» деген сауал қойды. Ал Ұлттық экономика ми­нистрі Нұрлан Байбазаров 5 жылда бұл мақсатқа жететінімізге сенімді екенін жеткізді. Дегенмен бәрібір де, министр мұнай бағасы бізге қолайлы болады деген болжамға сүйеніп отыр.
– 2030 жылға дейін 5 жыл уақытымыз бар. Бірінші фактор – мұнай өндіру кө­лемі. 2030 жылға қарай оның көлемі 105 млн тонна деңгейінде тұрақталады. Орташа бағаны 75 доллар деп күтеміз. Бұл көрсеткішке жету үшін 2026 жылдан бастап алынатын қаражат көлемін 5 млрд долларға дейін төмендету керек. Осы екі негізгі фактор нәтиженің орындалуына әсер етеді, – деп жауап берді Ұлттық эко­номика министрі Нұрлан Байбазаров. Сон­дай-ақ министрдің айтуынша, Үкімет бұл трансферттің орнын бюджет кірістері есебінен толтыру бағытында жұмыс істей­тін болады. Бұл бағыттағы жұмыс қыс­қа мерзімде жемісін бермейтіні тү­сінік­ті, себебі бюджет тапшылығы – се­бебі көп, салдары сансыз кешенді мәселе...

Қорды инвестициялық кіріс қана сақтап тұр

Әдеттегідей биыл да кірістен шы­ғыс көп. Ұлттық қорға түскен қа­ра­жат пен одан алынған қаражат ба­лан­сы тағы да – теріс. Осылай деп мә­лім­деген Ұлттық банк төрағасы Тимур Сү­лей­­менов бұлай жалғаса берсе, экономика «гол­ланд ауруына» шалдығуы мүмкін еке­нін ескертті. Яғни, Ұлттық қордан бө­лінетін трансферттің ұлғаюы ел эко­но­микасына қосымша қауіп төндіреді.
– Біз мұнайға жатпайтын тапшылық әлі де жоғары күйде қалғанын көріп отыр­мыз, бұл ретте жалпы тапшылықты жа­бу үшін бюджет  Ұлттық қордың тран­с­ферт­тері­не сүйенеді. Осылайша, Ұлттық қорға қаражаттың түсуі мен оны алуда  баланс теріс. Яғни, алынған қаражат оның түсі­мінен асып кетіп отыр, – деді ол. Төраға нақты сандарды алға тартып, жағдайдың қаншалықты күрделі екенін жеткізді. Тіке­лей трансферттер мен Ұлттық қордан алы­натын басқа да қаражат көлемі қан­шалықты екенін түсіндіру үшін Ұлттық банк басшысы нақты сандарды мысалға келтірді.
– Жалпы, биыл Ұлттық қордан алған ті­ке­лей трансферт көлемі 5,6 трлн теңге бол­ды. Келер жылғы бюджетте де осын­дай мөлшердегі қаражат, яғни 5,3 трлн теңге қарастырылып отыр. Енді жағдайды нақты бағамдау үшін Ұлттық қордан бөлінетін тікелей трансферт пен басқа да алы­мның көлемі барлық ақша масса­сы­ның шамамен 16 пайызы, – деді ол.
Түсінікті болуы үшін тарқатып өтейік, барлық ақша массасы дегеніміз – белгілі бір уақытта экономикада айналымда жүр­ген барлық қолма-қол және қолма-қол емес ақшаның жиынтығы. Яғни, ай­на­лымдағы қолма-қол банкноталар мен тиын­дар, қолма-қол емес ақша, қысқа­мер­зімді депозиттер, ұзақмерзімді депо­зиттер жалпы ақша массасын құрайды. Ол елдегі ақша айналымының жалпы көле­мін көрсетеді және экономикалық бел­сенділік деңгейіне, инфляцияға, эко­но­микалық өсімге тікелей әсер етеді. Бұл рет­те, жалпы ақша массасының 16 пайы­зы – айтарлықтай елеулі қаражат.  Рет­теу­ші төрағасының сөзінше, осының бар­лы­ғы базалық ставканы төмендетуге мүм­кіндік бермей отыр.
– Теріс әлеуметтік ықпалынан бөлек, мұ­ның бәрі ақша және валюта нарығына қы­­сым түсіреді, валюта бағамын бұр­ма­лай­­ды, отандық бизнеске кедергі кел­ті­ре­ді, экономиканың «голланд ауруына» шал­­дығуына әкелуі мүмкін. Бұл – проинф­ляциялық фактор. Сондықтан да мо­не­тар­лық саясатымызды тезірек жеңілдетуге, ба­залық мөлшерлемені және банк кре­дит­терін, бизнес бойынша кредиттік мөл­шерлемені төмендетуге мүмкіндік бермей отыр, – деді Тимур Сүлейменов.
Ал Ұлттық қор қаражатын көбейтіп отыр­ған жалғыз көз – инвестициялық кіріс.
– Мұндай жағдайда, Ұлттық қор қара­жа­тын көбейтетін жалғыз фактор – инвес­тициялық кіріс. Ол биыл тоғыз айда 10,27 пайыз немесе 6,16 млрд доллар бол­ды. Тек осының арқасында Ұлттық қор­дың активтері жыл басынан бері 4,5 пайыз­ға өсіп, 62,7 млрд долларға жетті, – деді Ұлттық банк төрағасы.
Тимур Сүлейменов бюджет тапшы­лы­ғы мәселесін жүйелі түрде шешуде қазір қа­ра­лып жатқан жаңа Салық кодексі маңызды құрал бола алады деген пікір айтты.

Андрей Чеботарев, 
экономист:

Одан сайын тәуелді болып бара жатқанымыз байқалады

– Ең басты мәселе – Ұлттық қордың жұмсала беруі. Біз оны үнемі жұмсай береміз, біздің бюджетіміз – дефицитті бюджет. Түсініктірек, қарапайым мысалмен айтайын, мемлекетімізді отбасы деп алатын болсақ, біздің отбасымыздың кірісінен шығыны көп. Яғни, жұмсаған ақшасы табысынан асып кетеді. Жетпей тұрған ақшаны біз екі жақтан аламыз. Бірінші, несиеден, ішкі-сыртқы нарықтан ақша ала тұрамыз да, облигация шығарамыз. Қалған жетпей тұрған бөлігін біз ақша жасырып қоятын тартпамыз – Ұлттық қордан аламыз. Біз Ұлттық қордан жай ақша алып қана қоймаймыз,  ылғи өте көп мөлшерде қаражат жұмсаймыз. Соның салдарынан әу баста сол ақшаға жоспарланған істерді кейінге қалдыра береміз. Сондықтан Мемлекет басшысы Ұлттық қордан ақша алуды азайтуды тапсырып отыр. 
Негізі, мәселенің шешімі өте қарапайым: Ұлттық қордан ақша алуды қою керек. Бірақ ондай жағдайда қайдан алатынымыз белгісіз. Өйткені әу баста айтқан сөзіме қайтып ораламын, біздің табысымыз шығындарымызды толық жабуға жеткіліксіз. Сондықтан жағдайды бірден реттейтін шұғыл шешім жоқ. Ұлттық қорға деген тәуел­ділікті жайлап, тұрақты түрде төмендетіп, ақша алуды біртіндеп азайтып отыру керек. Өкінішке қарай, біз керісінше одан сайын тәуелді болып бара жатқанымыз байқалады. 

Қорыта айтқанда, Ұлттық қордың негізгі, жинақтаушы қызметі жемісті жұмыс істеуі үшін кедергі көп болып отыр. Трансфертті азайтамыз деп айтқанымызбен, іс жүзінде нақты қадам жасалып жатқаны байқалып отырған жоқ. Үкімет ауырдың үсті, жеңілдің асты – Ұлттық қорға жүгінуді қойып, бюджет тапшылығы және оны теңгерімді етудің альтернатив жолын қарастыруға көңіл бөлуі керек екені анық. Алайда ауқымды мәселе аз уақытта шешіледі деуге тағы келмейді.
 

Серіктес жаңалықтары