Республика күнін басқа елдер қалай тойлайды?

Республика күнін басқа елдер қалай тойлайды?
cурет: istockphoto.com
373

Республика күні әдетте елдің мемлекеттігі жарияланған күні немесе республиканың ажырамас атрибуты – ел Конституциясы қабылданған күні тойланатын басты мереке саналады. Сәйкесінше, Республика күні әлемнің көптеген елінде ұлттық мереке ретінде тойланады. Ал күнтізбеде ерекшеленген  бұл күндердің тарихы әр елде әртүрлі.

Мәселен 11 қаңтар Албанияда «Албания Республикасы күні» тойланады. Мереке 1946 жылдан бастап фашистердің орнына келген коммунистік режим Албания Халық Республикасы болып жарияланған  кезден атап өтіледі екен.

Ал Пәкістан Ислам Республикасының күні 23 наурызға белгіленген, бұл мейрам 1940 жылы Лахор қарарының қабылдануымен тікелей байланысты.

1950 жылғы 26 қаңтардан Үндістанда «Үндістан Республикасының күні» тойланады.

31 мамыр – Оңтүстік Африка күні елде 1910 жылы Ұлыбританиядан тәуелсіздік алған күнге байланысты атап өтіледі. Оған қоса 1961 жылы сол күні Оңтүстік Африка Республикасының Мемлекеттік Президенті лауазымы енгізілді.

«Италия Республикасы күні» (Festa della Repubblica italiana) – 2000 жылғы 20 қарашада Италия Президенті қол қойған заңға сәйкес белгіленген мемлекеттік мереке. Бұл датаны тойлау 1946 жылғы 2 маусымда өткен референдумда қабылданған тарихи шешімдерге негізделген.

Мерекені ел тарихынан ерекше орын алатын тұлғаларға байланысты да бекіткен елдер де бар. Мәселен 17 маусым –«Исландия Республикасының күні» Исландияның Тәуелсіздік қозғалысына үлес қосқан елдің ұлттық батыры Йон Сигурдссонның туған күнінде атап өтіледі.

Ал 1 қазандағы «Қытай Халық Республикасының құрылу күні» елде бес күн бойы атап өтіледі. Бұл күндері Қытай астананың басты көшелері мен алаңдары сан мыңдаған гүл композициясымен безендіріледі, одан бөлек әскери шерулер, концерттер, викториналар, шерулер, үлкен салюттер — мұның бәрі Республика күнінің ажырамас атрибутына айналған.

Ал Түркияда 1923 жылғы 29 қазанда мемлекет конституциясына түзетулер енгізіліп, ел республика деп жарияланды. Бұл оқиға Осман империясының түпкілікті ыдырауына әкелді. «Республика күнінде» мұнда да түрлі-түсті феерикалық шоулар ұйымдастырылады, әскери шерулер өтеді.

Әзербайжанның республика күні 1918 жылдан бастап 28 мамырда тойланады. Бұл күні Әзірбайжан Демократиялық Республикасы құрылған.

Армения да республика күнін тура осы күн, осы жылдан бері атап өтіп келеді.

Ал Ресейде бұл мерекені әр республика әртүрлі уақытта тойлайды және басты мереке саналады.

3 шілде – Беларусь Республикасының күні, бұл сондай-ақ «Беларуссияны азат ету күні», «Тәуелсіздік күні» деп те аталады. Бұл дата Ұлы Отан соғысы кезінде ел аумағының неміс басқыншыларынан азат етілген уақыты ретінде тарихқа енген. Мерекені осы күні  тойлау туралы шешім 1996 жылғы референдумда қабылданған.

Серіктес жаңалықтары