Ашхабадта Абай тұр

Ашхабадта Абай тұр
794

Өткен аптада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркіменстанға арнайы сапармен барды. Сапар аясында Түркіменстан астанасы Ашхабад қаласында хакім Абайдың ескерткіші ашылып, оған Қазақ Президенті мен Түркіменстан Халк Маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов қатысты.

«Абай – әлемдік ауқымдағы алып тұлға. Оның шығармалары бүкіл адамзаттың асыл мұрасына айналды. Жер жүзіндегі көп­теген қалада хакім Абайдың ескерткіші бар. Ұлы ақын саналы ғұмырын ағарту ісін­е арнады. Абай «Талап қыл артық білуге» деп, өнер-білім философиясын кеңінен насихаттады. Ол теңдессіз туындылары ар­қы­лы мызғымас құндылықтарды дәріп­теді. Жұртты отаншылдыққа, білімпаз­дыққа, еңбекқорлыққа баулыды. Жақсылық пен парасаттылыққа үндеді. Ашхабадта Абай ескерткішінің ашылуы – бауырлас­тығымызды нығайта түсетін бірегей бас­тама», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзін­де. Жазда Астана қаласынан түркімен­нің ойшыл ақыны Мақтымқұлы Пырағы­ның ескерткіші бой көтерген болатын. 
Әлемнің көптеген елінде Абайдың ескерткіші, бюсті бар. Ашхабадтағы биіктігі 4,5, тұғыры 2,5 метр еңселі ескерткіш қола­дан құйылған. 
Біз осы ескерткіштің авторы, белгілі мүсінші Асқар Нартов мырзаға хабарласып, Абай ескерткішінің жасалу барысы жайын­да әңгімелескен едік. Әуелі мүсіншіден Абай­дың мүсінші шығармашылығында алар орны туралы сұрадық. 
– Скульптура өнерінде белгілі тұлғаның бейнесін жасау қашан да қиын. Өйткені тұлғаның болмысын ашу, оның шығарма­шыл адам екенін көрсету оңай емес. Одан гөрі еркін композиция жасау ізденімпаз мүсіншілерге қолайлырақ. Сол секілді Абай бейнесін жасау – еліміздегі барлық мүсін­шінің арманы болса да, қоладан сом тұл­ғаны, ойшыл, ақын, дана Абайды кескіндеу қиынның қиыны. «Әркімнің өз Абайы бар» дейміз ғой, режиссердің, драматургтің, әдебиеттанушының, суретшінің әлеміндегі Абайдың сан түрін көрдік. Абайға жол тартқан өнерпаздардың ішінде ұлы ой­шылға ұқсап бағуға тырысқандары да, тыры­су идеясынан ары аса алмағандары да көп. Абай – жұмбақ адам. Оның жұмбағын шешу үшін әркім халінше ізденеді. Мен де Абаймен ауырған жанмын. Ағылшындар үшін Шекспир, немістер үшін Гете, қытай­лар үшін Конфуций, өзбектер үшін Науаи қандай ұлы тұлға болса, біз үшін Абай – сондай тұлға. Абайдың артына қалдырған жазба мұрасы – бірер том ғой, ал ой  мұрасы – өте көп. Оқып тауыса алмайсың. Себебі қайталап оқуыңа тура келеді, – дейді Асқар Нартов. 
Асқар Маратұлы 1964 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. 1983-91 жыл­дары Эстонияның өнер академиясында «Мүсін өнері» мамандығы бойынша білім алған. Елімізге және шетелге танымал мүсін­ші. Америка, Франция, Жапония көрме­леріне қатысқан. Оның «Сақ көсем­дері», «Сот төрелігі», «Тұлпар», «Ғарышкерлік стеласы» секілді елдің сүйіспеншілігіне бөленген көптеген композициясы қала­ларымызға сән беріп тұр. Сондай-ақ Кет­бұға жырау, Шәкен Айманов, Рақымжан Қошқарбаев, Қаныш Сәтбаев, Ыбырай Алтынсарин монументтерінің авторы. 2008 жылдан бері NewYork Realism халықаралық суретшілер қауымдастығының мүшесі. 2018 жылдан бастап Қазақстан Республика­сының Мәдениет және спорт министрлігі жанындағы Монументтік өнер құрылыс­тарын орнату жөніндегі комиссияның мүшесі. «Құрмет» орденінің иегері.
Өзі айтқандай, бұған дейін де Қара­ғанды, Павлодар, Атырау және Біш­кектегі Абай ескерткішінің авторы.
– Бұған дейін Қарағанды мен Павлодар, Атырауда Абай ескерткішін жасағанмын. Әр жолы енді қайта Абайға оралуым қиын шығар деп ойлаймын. Өйткені Абай – тұ­тас энергия. Оны жасау үшін барыңды аямайсың, жаныңды саласың. Әр жолы жасаған Абайың – өзінше бөлек Абай. Қай­та­лайын десең де, қайталай алмайсың. Абайға оралған сайын жаңа әлемге тап боласың, ескі дүниелермен қоштасуыңа тура келеді. Сондай бір қызық сезімді бастан кешесің. 
2022 жылы Қырғыз Республикасының астанасы Бішкек қаласында Абай ескерт­кішін жасауға конкурс жарияланды. Ойла­на келе, Абайды басқа қырынан көргендей болдым да, өз нұсқамды (эскиз) жібердім. Менікі таңдалып, Бішкектен айтулы ес­керткіш орнатылды. Биыл да Ашхабадтағы ескерткішке конкурс жарияланды, менің жұмысым таңдалыпты. Ол кезде шетелде жүр едім. Қатты толқыдым. Абайды мүсіндеу – бір жағы мақтаныш болғанмен, екінші жағынан үлкен жауапкершілік. Ол үшін Абаймен үнемі сырласуың керек. Абайды түсінбесең, онымен ой жарыс­тырып, шығармашылығына терең бой­ламасаң, тұғырдағы Абайдың бейнесін қиялыңда қашай алмайсың. Кез келген мүсін алдымен қиялыңда қашалады, содан кейін барып эскизін жасауға кірісесің, – дейді мүсінші. 
Оның айтуынша ескерткіш компози­ция­сын жасауға танымал мүсінші Мұрат Сыдықов ерекше үлес қосқан. Ал Болатбек Салаев бастаған мүсіншілер қосыны ес­керт­кішті қалыптаудың барлық жұмысына араласып, биік мүсіннің ойдағыдай шығуы­на көп тер төккен. Ашхабадтағы Абай ескерт­кішінің құрылысын «Қазрес­тав­рация» мекемесі жүргізген.
– Ашхабадтағы ескерткішке жақыннан назар аударсаңыз, хакімнің тұңғиық ойға батқан сәтін аңғаруға болады. Ақын әлде­бір саябақта, ағаштар көлеңкесінде ойла­нып тұрғандай. Мұнда бір тыныштық бар. Ол тыныштық – ойшыл жанның шабытына ұйыған тыныштық. Ақын кең шапан киіп, сол аяғын алға қойып, оң қолын еркін ұстап, тұмса ойға батып тұр. Он­ың сенімділігі мен эмоциональды импульсі ішкі жан әлемінің тыныштығын, еркін саусақтар мен киімдегі төмен құлаған жұмсақ қатпарлар фигура динамикасының бір мезеттік айрықша күйін аша түседі. 
Біз ұлы ақын, гуманист философтың бей­несін монументальды классикалық стиль арқылы минималды ою-өрнекпен жасауға тырыстық. Біз барынша бейненің сабырлы күйін айшықтауға мән бердік. Бұл күй – оның ойшыл, ақын, композитор екенін айқындайды. Абайдың «Толық адам» концепсиясын көрсетуге тырыстық. Рух­тың сөзін айтуға бар күшімізді салдық. Себебі Абай – әлемге дүниенің тілімен емес, рух­тың тілімен  үн қатқан адам, – дейді автор.
Біз автордан еліміздегі ескерткіш өнері­нің бүгінгі жайы туралы сұраған едік. Асқар Нартов бұл салада іргелі мектеп қалыптас­қанын, дегенмен әлі де көп ізденіс керек екенін айтады. 
– Елімізде батырға, биге, белгілі бір тари­хи тұлғаларға ескерткіш тұрғызу көбейген. Бұл мүсіншілерді тақырыптан ауытқымауға, тапсырыс берушінің тала­бына сай жасауға итермелейді, былайша айтқанда, мүсіншінің қиялына белгілі деңгейде тұсау сала­ды. Авторлық ком­позиция жасау үшін тақы-рыптық еркіндік керек. Қалаларда еркін стильдегі фило­софиялық әрі таным­дық ескерткіштер көп болғаны шаһардың сәулетін ажарлан­дырады, туристерге тар­тымды атмосфера сыйлайды. Әлемдегі ең танымал қалаларды араласаңыз, небір таңғажайып мүсіндерді көресіз. Шетелдік саяхатшылар ең алдымен сол мүсіндерге барып суретке түсіп жатады. Бір шаһардың брендіне айналған ескерт­кіштер де бар. Бұл – қала мәдениетінің бір көрінісі. Біздің қала­ларымызға сол жетіспейді, – дейді Асқар Маратұлы. 

Т.ӨСКЕНБАЙ

Серіктес жаңалықтары