Кітапты сүйген жүрек
Үйіне кітап жинамайтын, кітап бетін ашпайтын отбасылар сән-салтанаты қанша келісті болса да, біртүрлі жұпыны көрінеді. Неге екенін, қай үйге кірсем де, кітап бар ма екен деп қарағым келеді. Өкініштісі, қазіргі қазақ отбасыларының тоқсан пайызының үйінде кітап жоқ (бәлкім, қателесермін, солай-ақ болса екен). «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» деген дана Әбіш Кекілбаевтің сөзін еске алғанда, қазақ қоғамының қай бағытқа бет алғанын бажайлап, іштей күйінесің.
Кей сәттері сөз арасында «...Кеңес одағы кезінде кітапты ең көп оқитын халық болғанбыз» деп жатамыз. «Қой жайып жүріп, қонышына әдеби томдықтарды салып, болмаса май шамның түбінде отырып оқығанымыз» шын болса, сол оқырман түбегейлі кітаптан бет бұрмаған шығар? Ата-анасының кітап оқығанын көрген ұрпақ кітап атаулыдан баз кешетіндей халге жетпеген болар? Осы ойлар мазаңды қашырмаса да, әредік ойыңа оралмай тұрмайды.
Смартфон мен гаджеттің «құлағында ойнайтын» бүгінгі буын арасынан «тик-токерлер» көп шығып жатыр. Елді өзіне қаратуды көксеген, «хайп» қуғыш «коучтер» желіні шулатуды дағдылы тірліктеріне айналдырып алды. Солардың бірі «Кітапты кедейлер, жолы болмайтындар оқиды» деп жалпақ жұртты жалт қаратты. Қоғамға тастаған «мессежіне» мән берсеңіз, «Оқыма, тоқыма» дейді. Қалайда ақша тап дейді. Біліммен, еңбекпен тапқан ақшаның құнды екенін елер ол жоқ. «Мен, міне, байыдым, сен де мендей бол!» деп дүрмегіне ілестірмек. Мақсаты – курсын жүздеген мыңға сату ғана. Осындай кезде «Кітап оқы, кітапханаға кел, біліммен достас» дейтін кітапханашыларға аялай да қарайсың, аяй да қарайсың...
«Әлемдегінің барлығы кітапқа енгісі келіп тұрады» деген сөзді кім айтқанын білмеймін, өте ұлы сөздің бірі дер едім. Ал кітапты жарнамалап, оқып, оқытып, таратып, оқырманын күліп қарсы алып, ойын байытқан ортадан күліп шығарып салатын кітапханашылар – ізгі дүниенің елшісі іспетті. Астанадағы Ұлттық академиялық кітапхананың директоры Ғазиза Құдайбергенқызы – талай жылдан бері ізгілікті дәріптеп жүрген, сол арқылы еңбегі еленген жанның бірі.
«Кітап оқымайтын ұлтқа айналдық» деп байбалам сала бастағанымызда ортаға Ғазиза Құдайбергенқызындай ғазиз жан оралды. Ол Алматыдағы Жамбыл атындағы балалар және жасөспірімдер кітапханасында ұзақ жыл істеді. Университет бітіргеннен бастап, қала орталығындағы елеусіздеу кітапхананың отымен кіріп, күлімен шықты. Кезінде алматылықтардың өзі қайда екенін толық білмейтін кітапхананы бүкіл республикаға танымал мекенге айналдырды. Жамбыл кітапханасында өткен басқосулар, кітаптың тұсаукесері, әдеби шаралар, қаламгерлермен кездесулер кітап оқу мәдениетінің қалыптасуына үлкен үлес қосты. Ғазиза ханым бастаған заманауи тренд өзге облыстарда да жалғасын тауып жатты. Әлеуметтік желіні «коуч» болуға емес, көшелі ой мен ізгі іс істеуге жұмсаған жанның ой ұшқыны өзгелерге де өнеге болғанын талай көрдік. Алматыда кітапханаларды заманға лайық қайта жасақтау Жамбыл кітапханасынан басталғанын көпшілік жақсы біледі. Ескі жиһаз бен күрең орындық-үстелдер ауыстырылып, жарқыраған дизайн, жанға жайлы орталық болып шыға келді. «Кітап оқылмайды!» деген пессимистік лепестің беті қайтып, кітап оқитын жастардың көп екеніне көзіміз жете түсті. Қашан барсаң да, толып отырған жастарды көресің. Оның бәрі кітап оқып отыруы міндетті емес. Бірі сабақ оқиды, тапсырмаларын орындайды, енді бірі диссертация жазады, дипломын пысықтайды, тағы бірі тіл үйреніп, өзіне қажетті білімін жетілдіреді. Заманауи кітапханалар желісінің ел бойынша қалыптасуына Жамбыл кітапханасының үлесі зор. Соның бәрінде Ғазиза Құдайбергенқызының тынымсыз еңбегі барын ешкім жоққа шығармайды.
Кітапханашының өзі де бір сұхбатында кітапхананы нетворкингке айналдырудың маңыздылығын айтыпты. Нетворкинг – түрлі саладағы адамдар бас қосып, өзіне қажетті дүниемен пікірлесетін, ой бөлісетін алаң. Қоғамды дамытатын орталық. Жамбыл кітапханасы – әне, сондай орталықтың шағын үлгісі. Қазір Алматыдағы ғана емес, облыстардағы кітапханалар да осы үрдіске ілесудің өзіндік жолын іздестіріп жатыр. Алыс облыстардың кітапханаларында өткен рухани кештердің ақпаратын әлеуметтік желіден гөріп, іштей сүйініп отырамыз.
Астанадағы академиялық кітапхана – елордадағы рухани орталықтың бірі. Кітапханаға Ғазиза ханым директор болып келгелі айтулы шаралар бұрынғыдан да жиі өтетін болды. Күнделікті әртүрлі рухани іс-шарадан босамайтын кітапхана өмірі – интеллегенциялар мен ізденушілердің, кітапқұмар оқырманның, ғылым жолында тер төгіп, архивтерді, тарихи маңызды құжаттарды ақтарушылардың үздіксіз бас сұғатын мекеніне айналды. Кітапхана қызметкерлері тек оқырманға ғана қызмет көрсетпей, білікті мамандар ел ертеңі үшін керек жұмыстарды атқарып жатыр. Әсіресе, сирек қордағы қолжазбаларды зерттеп, араб-парсы қарпіндегі еңбектерді аударып, талдап, цифрлық жүйеге көшіріп, IT мамандармен бірлесіп ескі кітаптарды электронды базаға жинақтау жолында еселі еңбек сіңіріп жүр. «Қаламгер қолтаңбасы» мен арнайы әдеби лекциялар жобасы – бүгін үшін емес, ертең үшін де керек жобалар.
Өзінің айтуынша, қазір шетелде нешетүрлі кітапханалар бар. Көбі заман көшінің алдында жүреді. «Үлкен қалаларда мультимедиалық мүмкіндік болуы керек, былтыр өзіміздің дизайнерлермен отырып осы кітапханада модернизацияның дизайнын жасап қойдық. Қоңыр жасыл шамдармен классикалық зал және аппақ, әдемі техникалық мульт зал бар. Шетел кітапханаларында қандай тәжірибе енгізіп жатыр, бәрін қарап отырамын, кітапханаларында техникалық аймақ, телеарна түсірілімдерін жасау, фотозоналық локация бар, кіреберісте кітап дүкендері, сувенир сататын дүкен енгізіп тастаған, егер кітапхана аумағы мүмкіндік берсе, барлығын жасауға болады», – дейді. Оның бұл арманы орындалатынына сенімдіміз. Өйткені бұған дейін ойға алған мақсатын жүзеге асырмаған кезі жоқ.
«Театры көп елдің түрмесі аз болады» деген сөз бар ғой, біздіңше, кітапханасы көп елде түрме аз болуға тиіс. Өйткені өнер де, ғылым да, білім де, бизнес те, кәсіп те, нәсіп те – кітапта. Кітапты сүйген жүрек – елін, отанын сүйеді.
Ұлт – кітапханасымен ұлы.
Тоқтарәлі ТАҢЖАРЫҚ