Global Innovation Index-2024: Қазақстан үздіктер қатарынан көрінді

Қазақстан Global Innovation Index-2024 рейтингінде Орталық жә­не Оңтүстік Азия елдері көшбасшыларының үштігіне енді.

Global Innovation Index-2024: Қазақстан үздіктер қатарынан көрінді
сурет: akorda.kz
552

2024 жылғы 26 қыркүйек күні Женевада беделді халықаралық рей­тинг нәтижесі жарияланды. Жыл сайын өтетін бұл іс-шара биыл 17-рет ұйымдастырылып отыр.

2007 жылдан бастап Global Innovation Index (WIPO) 133 елдің көрсет­­кіш­­терін 80 бағыт бойынша бағалап келеді. Бұл жерде эконо­мика мен өндіріс­тің өсіміне тигізетін инновациялардың ықпалын қарастырады. Рей­тинг осы саладағы жаңа стратегияларды әзірлеу үшін маңызды ин­дикатор ретінде қызмет етеді. Рейтингте жоғары көрсеткішке жету іске асырылып жатқан мемлекеттік реформалардың халықаралық деңгейде баға­ланғанын көрсетеді. Сондай-ақ әлемдік аренадағы беделді жақ­сар­туға және Қазақстанға тікелей инвестиция тартуға ықпал етеді.
Қазақстан жаһандық рейтингте 81-орыннан 78-орынға көтеріліп, Үнді­стан мен Ираннан кейін Орталық және Оңтүстік Азия көшбасшылар үш­тігіне енді. «Мемлекетті басқарудың тиімділігі», «Заң үстемдігі», «Оқу, ма­тематика және жаратылыстану ғылымдары бойынша PISA шкаласы», «Нарықтың дамуы», «Бизнес жүргізу», «Тікелей инвестициялардың таза ағы­ны, ЖІӨ %» көрсеткіштері бойынша ілгерілеу байқалады.
Рейтингтегі ең үлкен өсім «Креативті тауарлар мен қызметтер» көрсет­кіштерінде болды. Бұл жерде 93-орыннан 65-орынға, «Ұлттық көркем фильм­дер/млн адам» 61-орыннан 31-орынға және «Жоғарғы деңгейдегі домендер (TLD)/мың адам» 115-тен 80-ге дейінгі сатылардан көрінді.
Рейтинг редакторлары Қазақстанның мына индикаторлармен әлемнің үздік 30 еліне кіргенін ерекше атап өтті:
«Онлайн үкімет» – 8-орын, «Шығу тегі бойынша пайдалы модельдер/млрд. Сатып алу қабілетінің паритеті бойынша ЖІӨ» – 10-орын, «Электрондық қатысу» – 15-орын, «Оқушылар мен мұғалімдердің ара қатынасы, орта білім» – 16-орын, «Еңбек өнімділігінің өсімі, %» – 30-орын.
Global Innovation Index-тегі Қазақстанның рейтингін көтеруге Президенттің ғылым және инновациялар мәселелері жөніндегі кеңесшісі Күнсұлу Закарияның жетекшілігімен жұмыс істейтін Президент Әкімшілігі жанындағы Жобалау офисінің жұмысы ықпал еткен.

Серіктес жаңалықтары