Джакартада өткен ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» бағдарламасы Азия-Тынық мұхиты өңірлік комитетінің (MOWCAP) отырысында «Ғылым ордасы» РМК қорында сақталған Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының сирек басылымдар жинағы бағдарламаның өңірлік тізіліміне ресми түрде енгізілді. Аталған номинациялық өтінімді Қазақстан тарапы дайындады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының шығармаларында ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басындағы қазақ қоғамының қоғамдық-саяси өмірі, рухани құндылықтары мен мәдени дәстүрлері кеңінен көрініс тапқан. Оның ағартушылық идеялар мен ғылым-білімге үндейтін туындылары қазақ халқының тарихи жадын, әдеби және мәдени мұрасын танытатын құнды дереккөздер болып саналады.
«Ғылым ордасы» РМК Орталық ғылыми кітапханасының мамандары номинациялық өтінімді әзірлеуге, жинақтың тарихи-мәдени маңызын ғылыми тұрғыдан негіздеуге, сондай-ақ қажетті құжаттар мен материалдарды жинақтауға белсенді атсалысты.
Ұлттық мұраның халықаралық деңгейде мойындалуы – отандық жазба ескерткіштердің әлемдік мәдени кеңістіктегі маңызын айқындайтын әрі Қазақстанның бай тарихи-мәдени мұрасын кеңінен танытуға жол ашатын маңызды жетістік. Бұл Орталық ғылыми кітапхананың ұлттық жазба мұраны сақтау, зерттеу, жүйелеу және насихаттау бағытында жүргізіп отырған жүйелі жұмысының нәтижесін көрсетеді.
Сонымен қатар коллекцияның ЮНЕСКО-ның өңірлік тізіліміне енгізілуі Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының шығармашылық мұрасын халықаралық ғылыми қауымдастыққа кеңінен танытуға және оны зерттеу мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал етеді.