Естеліктердегі Жүсіпбек: Тарлан талант тағылымы
Алаш ардақтыларының шоғырында Жүсіпбек тұғыры – асқарлы.
Қоғамдағы қызметі мен шығармашылығы ұлттың және адамзаттың – мақсатымен тең қабысатын Алаш ардақтыларының шоғырында Жүсіпбек тұғыры – асқарлы. Қаракөктің көзін көріп, ұстаздық тәлімін, суреткерлік қарымын бойына сіңірген адал ниетті шәкірттері, қызыл террор жылдарының қан қасап қырғынынан аман қалған бірлі-жарым мұраттастары мен ұрпақтары, етжақын туған-туысқандары, өмір иірімі тоқайластырған ізгі жандардың жадында сақталып қалған толқынды ойлардың маңызы орасан зор. Олар Жүсіпбек ғұмырының жарқын сәттері мен жүйке-жүрекке салмақ салар қилы кезеңіне қанықтырады. Озбыр қоғам өгейлігін кешкен ұрпақтарының ата-ана, әулет, өскен жер, туған елге деген алғаусыз сағынышпен астасып жатқан қилы тағдырынан сыр тарқатады.
Шымкент педагогикалық техникумында оқытушылық қызмет атқарған Жүсіпбек тәлім-тәрбиесін алған нар тұлғалар аз емес. Осы бір кезеңдегі Жүсіпбек феноменінің тылсымы әдебиеттанушы Б.Кенжебаев, тілші ғалым М.Балақаев, ақын Ә.Тәжібаев мемуарларымен қатар ұлт қаһарманы Б.Момышұлынан жазушы М.Қалдыбай, алаштанушы Т.Жұртбай, Қазақстанның үздік халық ағартушысы Керім Тіленшіұлы, педагог ұстаз Қалмахан Оспановтардан әдебиеттанушы Р.Тұрысбек, ғалым Б.Смановтар жазып алған өмірбаяндық жазба, естеліктерде айшықталған.
Сан ұрпақтың өтелмеген парызын тарихи санасында жаңғыртып отырған Б.Кенжебаев «Телегей теңіз» естелігінде «өте білімді, мәдениетті, көп қырлы, телегей-теңіз талантты, ұшқыр да сұлу стильді» саңлақтың өзгеше бітімдегі бекзат болмысын сомдайды. Өнегелі өмір бел-белестерінің сара жолынан құнды мәліметтер тарқатып, шығармашылық зертханасымен сабақтас көркемдік құбылыстарын қызықты деректермен дәйектейді.
«...Бір кезде «Боранды болжағыш әулие» атты шағын әңгімені қолыма ұстатты. Бірер күннен кейін ол «Елес» деген тағы бір қысқа әңгіме әкеліп берді. Екеуі де аса маңызды, қызықты әңгімелер еді, газетке шықты. Тегі ол кезде Жүсіпбектің түрлі мәселелер жөнінде жазған мақалалары, түрлі тақырыпты сөз ететін очерктері мен әңгімелері газет-журналдарда тіпті көп шығатын еді... Осыдан бір-екі айдан кейін Жүсіпбек поштамен маған хат, бір ұзақ әңгіме жіберді. Иә, Жүсіпбек өте әдемі жазар еді. Талай қолжазба көріп жүріп, сол тұстағы қазақ ақын-жазушыларынан Жүсіпбектей әдемі жазатын адамды көрген емен..» (Телегей теңіз (Жүсіпбек Аймауытов жөнінде есімдегілер) Алғысөзін жазып, әзірлеген Құлбек Ергөбеков // Лениншіл жас. – 1989. – 6 январь).
1920-жылдары ел ішін жайлаған аштық алапатындағы әлеуметтік өрлігін, азаматтық тұлғасын кейінгі толқынға жеткізуді парыз санады.
«...Сот үш күнге созылды. Үшінші күні Жүсіпбек соңғы сөзін сөйледі. Оны түгел жазып алған екен, мәнерлеп оқып шықты. Залда отырған көпшілік өте риза болды. Соңғы сөзін Жүсіпбек түгелдей қазақ халқының әдет заңы негізіне құрған еді. Асылы былай болды: «Қазақ ежелден қарыз беріп, қарыз алады; құн беріп, құн алады; қалың мал береді, қалың мал алады. Сонда ол бірінен-бірі ешуақытта қолхат алмайды; ешбір протокол жасамайды. Бәрін ауызша, сөзбен жүргізеді. Бұл әбден әдет болып кеткен. Аштарға жәрдем беріп үлестіргенімде менің бойымда да, ойымда да осы заң күшті болды. Мен атам қазақтың осы заңын ұстандым. Аштарға не берсем де, ешқайсысынан қолхат алмадым. Хат білмейтін, аштан көзі қарайып, өлейін деп отырған адамнан қолхат сұрауды қолайсыз көрдім» дегенді айтты» (Қараңыз: Кенжебаев Б. Телегей теңіз (Жүсіпбек Аймауытов жөнінде есімдегілер) Алғысөзін жазып, әзірлеген Құлбек Ергөбеков // Лениншіл жас. – 1989. – 6 январь).
М.Балақаев «Зерде баспалдақтары» өмірбаяндық әңгімесінде ұлттық мінезге бай Аймауытұлының отбасы, мамандыққа баулудағы жан жылуынан, дегдарлығынан ақ сөйлейді. Кәсіби маманның қазақ тілі мен әдебиетін оқыту, тіл мәдениеті мен шешендік өнерге бейімдеу әдістері, сауатты жазу мен ой жазуға (сочинение) машықтандыру тәсілі, әдебиет өрісіне бағыт-бағдар ұсынудағы қиял дүниесі әсерлі жеткізілген. Шешен сөйлеу ерекшелігін, түсіндіру мәнерінің тереңдігін, талапкерлердің пәнге деген сүйіспеншілігін арттырып отыруындағы жан құбылыстарын дөп баса танытады.
«...Қазақ тілі пәнінің заңдылықтары мен ережелерін тек жаттатып қоймай, оны тіл жұмсау тәжірибесімен байланыстыра біліп, дұрыс, шешен сөйлеуге, жатық, сауатты жазуға, тілдік тәсілдердің стильдік қызметтерін айыра білетіндей етіп оқытты, үйретті, баулыды. Ж.Аймауытов ағай әрі оқушылардың тіл жұмсау мәдениетіне де ерекше көңіл бөлетін. Сол мақсатпен бізге жиі-жиі ой жазу (сочинение) жаздыратын, көбінесе тақырыптарын өзі тақтаға жазып қоятын. Мен сондай ой жазуды қызық көріп, әуестеніп жүрдім де, біртіндеп көркем сөзге ойыса бердім. «Күнсұлу», «Кездесе кетті», «Қаратайдың апасы» сияқты бірнеше әңгімем Жүсіпбек ағайға ұнады. Оқып көріп, «өте жақсы, пайдалан» деген бұрыштамасы бойынша журналға жіберіп жүрдім...» (Балақаев М. Зерде баспалдақтары: Өмірбаяндық әңгімелер. – Алматы: Жалын, 1992).
Олар ұстаздарының отандық ғылымы мен сөз өнерін өркендетудегі өміршең қызметін бағалаудағы биіктіктерінен аласармады. Бауыржан Момышұлы: «...Мен Жүсіпбек Аймауытовты Герценнен, Гогольден, Мағжан Жұмабаевты Пушкиннен, Ахмет Байтұр-сыновты, Міржақып Дулатовты жүз тіл білген атақты тюрколог-академик Маррдан кем санамаймын. Мен осы кісілерден көп нәрсе үйрендім деп Маррдың өзі мойындаған. Еңбектерінде олардың аттарын атайды. Сенбесең, оқып көр...» (Қалдыбайұлы М. «Мен – халқымның Бауыржанымын!..». – Алматы: «Келешек» баспасы, 2017. 188-189-бет) – деген ұстанымын ашық айтты.
Тумысы ерек дарынның бойындағы саф қасиеттерді емірене өрнектейді. Қарға тамырлы қазақтың қара шаңырағында туып, кісілігі мен кішілігі, білімі мен білігі, қалам қайраты және өнерпаздық өрісімен өзгелерден қара үзген қарымын: «...1927-1928-жылдары Шыменттегі техникумда бізге қазақ әдебиетінен сабақ берді. Кәдімгі қарапайым қара шапан киген ошақтан шыққан. Ондай адамдарды қазақ: «Сегіз қырлы, бір сырлы» деп атайды. Қолы бос кезде, кешке жақын шәкірттердің арасына келіп әдебиет туралы әңгіме айтатын, әнді сондай нақышына келтіріп орындайтын. «Екі жирен» әнін Торғайға атпен бара жатқанда шығардым деп айтқаны есімде. Музыкалық аспаптарда, әсіресе мандолинді өте шебер орындайтын. Домбыраны өзі жасайтын. Етікшілігі де керемет еді: «Жігітке жеті өнер де көптік етпейді. Пайдасы тиеді», – деп отыратын...» (Жұртбай Т. Тентек мейірім // https://abai.kz/post/4977) – деп бағалайды.
Жүсіпбек тәлімін алған шәкірттерінің ұрпақтар сабақтастығын дәнекерлейтін алғаусыз естеліктеріне тән ортақ қасиет – қайраткердің оқу-ағарту саласындағы ақ адал еңбегін, жас өскінге адамгершілік нұрын төккен ғибратты ғұмырын әділ бағалаулары. Міне, Қалмақан Оспанов 1920 жылдары Ташкенттегі қазақ зиялылары көбіне Казинпрос (Қазақ ағарту институтының) директоры қызметін атқарған қайраткер, педагог Сегізбай Айзұновтың (1870-1932) үйінде бас қосатынын, сонда А.Байтұрсынұлы, М.Жұмабайұлы, М.Дулатұлы, Ж.Аймауытұлы, И.Тоқтыбайұлы, Қ.Кемеңгерұлы Х.Досмұхамедұлы, И.Қашқынбайұлы, С.Сәдірмеков, Ы.Көтібаров сынды ұлт зиялыларын жиі көргенін тебірене еске алады. Сол бір күндердің көңіл түпкіріндегі тегеурінін «...Бұлардың бәрі ірі тұлғалар, үлкен адамдар болатын. Ахаң (Байтұрсынов) сөзге сараң, байсалды, өте сыпайы кісі еді. Сөйлегенде де аспай-саспай, сабырмен, салмақпен баяу сөйлейтін. Сөзі адамға ұнамды, жағымды болатын. Ал Міржақып ағай тығыншықтай, орта бойлы, бидай өңді кісі еді. Бізге бәрі қызық қой. Үлкен кісілердің жүріс-тұрысы, сөз сөйлеу мәнері, жарасты әзіл-қалжыңы биік мәдениеттілікті танытқандай еді. Оларға әуестене, тамашалай қарайтынбыз. Сөйтсек, мұның бәрі біз үшін өмір сабақтары, өнеге үлгілері екен...» – деген зерделі ойымен сабақтайды (Сманов Б. Алаш ардақтылары – Ташкентте // Ана тілі. – 2015. – 26 ақпан).
К.Тіленшіұлы ойы терең, сөзге шешен заңғардың зерделі шәкірттерінің санасына адамгершілік дәнін сепкен сом тұлғасын: «...Әрі көпшіл әрі өнерлі болатын. Көшпілдігін педтехникумда тұрғанда байқасам, ал өнерін қалың көп білуші еді. Ойы терең, сөзге де шешен еді...» (Сағынбекұлы Р. Жүсіпбек: Жүсіпбек Аймауытұлының өмірі мен қаламгерлік қызметі. – Алматы: Санат, 1997) – деп әдіптейді.
Жүсіпбек – қазақ драматургиясы мен театр өнерінің тарихында өшпес із қалдырған үлкен дарын иесі. 1915 жылы Семейде «Біржан-Сара» айтысының сахнаға бейімделген қойылымында Жүсіпбек Біржан сал бейнесін, ал ақын Сара рөлін Тұрар Қозыбағарова сомдаған еді. Оны Ә.Марғұлан Қ.Сәтбаев хақындағы «Халықтың сүйген ұлы» естелігінде «Жекей» – Жүсіпбек талантын көрсетуімен нығырлай түседі (Марғұлан Ә.Халықтың сүйген ұлы // Қаныш аға: естеліктер (Құраст. Ш.Сәтбаева, Ғ.Батырбеков, Ә.Жармағамбетов). – Алматы: Жазушы, 1989. 31-32-бет.). Ал Гүлнар Міржақыпқызы Дулатова Қ.Мұхамедханұлына 1989 жылы 10 ақпанда жазған хатында қаламгердің ұлт драматургиясына олжа салған шығармасының құрметіне әке-шешесінің зиялы қауымға дастарқан жайғанын «...1926 жылы Қызылордаға Жүсіпбек Аймауытов пен Мұхтар ағаларым біздің үйге келіп түскен. Екеуінің «Қаракөз», «Шернияз» пьесаларының бәйге алғандарын құттықтап, әке-шешем жұртты шақырып (оның ішінде Жұмат Шанин ағам да бар), тойлағандары да есімізде. Қашан да екі жазушы ағаларым Мұхтар, Жүсіпбектер өздерінің баспаға даярлап әкелген шығармаларын алдымен Міржақыптың қолынан өткізіп, пікірін алатын. Жүсіпбек аға жазған ертегілерінің суреттерін өзі бояумен салып келетін, бала алдымен суретке қарайтын әдеті бар емес пе, менің есімде Жүсіпбек үлкен суретші (художник) болғанын ұмытқаным жоқ...» (Мұхамедханов Қ. Хаттар сөйлейді. – Письма говорят. – Алматы. 2016. 198-бет) – деп есіне алады.
Ж.Аймауытұлының М.Әуезовтің «Қаракөз» драмасын 1926 жылы Семей театрының сахнасында кәсіби шеберлікпен қоюы талант тектоникасына тәнті етеді. Оған архивтанушы Б.Байғалиевтың «Қайта оралған қаламгер» мақаласындағы аса мәнді дерек айғақ. Автор Ә.Бектасовтың қоғам қайраткері І.Омаровқа 1964 жылы жазған хатының төмендегідей мәтінін келтіреді.
«...Аймауытов Жүсіпбектің 1926 жылы Семейдің қатты аязы күндері көп қиыншылықпен театрдың сахнасында Мұхтардың «Қарагөзін» көрсеткені... Марқұм Аймауытов қойған Мұхтардың «Қарагөзін» дәл сондай етіп, ешкім де қоймас. Алматыда қойылған «Қарагөз» Жүсіпбектің «Қарагөзінің» ширегінен де келмейді. Осы екі «Қарагөздің» екеуін де бірдей көрген көзі тірі азғантай адамның бірі менмін. Ойын біткен соң, Шымкенттен әдейі «Қарагөзді» қоюға келген Жүсіпбекті ол замандағы Луначарский атындағы қазақ театр клубының төріне шығарып қойып, шапалақтаған алақандарының даусы менің осы күнге дейін құлағымда сияқты болады да тұрады...» (Байғалиев Б. Қайта оралған қаламгер: Талантты жазушы Ж.Аймауытов туралы // Зауал: Мақалалар, естеліктер / Құрастырған:Б.Қойшыбаев. – Алматы: Жазушы, 1991. 191-198 бет).
Қайраткердің көзін көрген Ә.Марғұлан, Ғ.Ахмедов, Ботакөз Дулатова жазбалары, С.Машақовтың «Шеберлік пен шешендік», Д.Әбілевтің («Жүсіпбек аға» (естелік әңгіме), С.Қарамендиннің «Әз ағаны көрген ем», З.Ақышевтің «Ақ жүректі адам» естелік мақалалары, Т.Кәкішұлының Ғ.Мүсіреповтен 1974 жылы 25 шілдеде магнитафон таспасына жазып алған естелік сұхбаты жүсіпбектануды әрлендіре түсетін құнды мұра.
Ә.Марғұлан «Біздің Мұхтар» (1976) атты М.Әуезов туралы естеліктер жинағында қамтылған «Алғашқы өрлеу» мақаласында: «...Мұхаңның атын көпшілікке әйгілі еткен ең алдымен «Абай» журналы еді. Бұл журналда Мұхаңның беташары деуге болады. Өйткені оны бірінші рет ұйымдастырып, оның негізгі мақалаларын жазған көбінесе Мұхаңның өзі болатын. Бас редакторы – Жүсіпбек Аймауытов...» деген салиқалы ой өрбітсе, халқымыздың небір жаны жайсаң азаматтарының көзін көріп, тәлімі мен тағылымын кестелеген Ғ.Ахмедов: «Жүсiпбектi Орынборда көргенiм бар, өте бiр келiстi, артық сөйлемейтiн сабырлы, түрi де көрiктi адам» (Ғабеңмен аңға шыққанда // Ғабит Мүсірепов туралы естеліктер. 404-бет) – деп сипаттайды. 1935 жылдан 1938 жылға дейiн Қазақстан Орталық партия комитетiнде қызмет атқарғанын, Орталық Комитеттiң Мәдени-ағарту бөлiмінің бастығы Ғ.Мүсiрепов қол астында нұсқаушы болғанын айта келіп, тұманды жылдар талқысындағы қаламгер тағдырынан: «...Сол жылдары Ғабит ағайдың да басы әбден қатып жүрдi ғой деймiн. Бiр күнi менi шақырып алып, Жүсiпбек Аймауытовтың «Делебесi қозған жiгiт» деген әңгiмесiн қазiр тез орысшаға аударып бер дедi. Айтқанын тез-ақ орындап апарған соң: «Қалай, әңгiме ұнады ма, не ұқтың?» деп сұрады. «Осы кiсiнiң жазғандарын ұнатып оқимын, тiлге шебер және орысша оқығандарынан ба, үлкен орыс жазушылары үлгiсiмен жазады. Бұл әңгiме неге сонша тығыз керек болып қалды?» – дегенiмде: «Қайтесiң оны» деп қолын бiр сiлiктi...» – деп сыр тарқатады.
Бөтакөз Дулатова «Міржақыптың өмір хикаясында» қазақтың игі жақсылары ат басын тіреп отырған қазыналы әулет тарихын тарата баяндап, Жүсіпбекпен алғаш жүздесуін: «...Жаз айының жайма-шуақ күндерінің бірінде Дулатовтардың үйіне бұрын мен білмейтін өте сымбатты жас жігіт кіріп келді. Қолындағы кендір жіппен буылған кітаптарын есік жақтағы орындыққа қойды да: «Мен – Жүсіпек Аймауытов боламын, қарындас», – деп, қолын созып сәлемдесті. Келген қонақты қарсы алып, төрге шығардым. Жүсіпбек: «Кәне, енді өзіңіздің аты-жөніңізді айтыңыз, қандай туыс боласыз?» – деп сұрады... Мен көрнекті жазушы Жүсіпбек Аймауытовпен осылай таныстым. Ол отыздың ішіне кірген, көрмекке өте келбетті, орта бойлы, ақ сары, қошқар тұмсықты, бір шөкім қысқа мұрт қойған, толқындалған қою шашын артқа қайырған, түрі еврейге ұқсастау жігіт көрінді маған. Киген киімі сәнді, сол заманның үлгісімен тігілген қымбат костюм, ақ жаға, түсті галстук. Үйге кіргенде одан қымбат әтірдің исі аңқып тұрды..» – деп есіне алады (Дулатова Г. Шындық шырағы: Естелік-эссе. – Алматы. Мектеп, 2012. 43-бет.).
С.Машақов – Жүсіпбекті алғаш 1923 жылы Семей қаласындағы Свердлов атындағы клубта Иса мен Нұрлыбек ақындардың айтысында көргенін айтады. Бүркеншік есімдер («Жік», «Жаңа батыр», «Танашбай»), әлі де көп томдық шығармаларында қамтылмай жүрген әдеби мұрасынан («Қазақ тілі» газетінде басылған «Алып ұйқы», «Жапырақтар») тың деректер ұсынады.
З.Ақышев Керекуде (Павлодар) патша заманында екі кластық (алты жылдық) орыс-қырғыз училищесінде Жүсіпбекпен бірге оқыған Пауан Жүсіпбаев (1892-1977), Әбділда Әбжанов (1890-1956) сынды қарттармен бірер жыл қызметтес болғанын айтып, сол көне көздер жадында сақталып келген тұңғиық ой ірімдерін тілге тиек етеді.
Сталинизм құрбаны болған алыптар есімі қайта ұлықталуымен тектінің ұрпақтары іздестіріле бастады. М.Әлімбаев «Бектұр Аймауытов, қайдасың сен?» (Лениншіл жас.1990.12.04) – деп, Алаш арыстарының ұзақ уақыт жоқтаусыз кеткен ұрпақтарына сұрау салды. Өмір соқпақтары қилы тағдырға толы Бектұр «халық жауының» баласы деген жаламен он жылға бас бостандығынан айрылса, Жанақ еңбек армиясында қара жұмысқа жегілді. Қазақстанға келулеріне тыйым салынғандықтан, Бектұр Аймауытұлы (1916-2008) РФ Кемеров облысы Прокопьевск қаласын, Жанақ Аймауытұлы (1920-ө.ж.б.) Қырғыз Республикасы астанасы Бішкек маңын паналауға мәжбүр болды. Тек, Муза (Мәруа. Мағрипа) Жүсіпбекқызы (1926) Ақтөбеде қоныс тепті.
Аймауытұлы ұрпақтарының сан жыл бойы айтылмай келген жан сыры, жат жерде шеккен мұң-зары, бастарынан өткерген қайғы-қасірет пен шемен шері, әке бейнесін еске алу, рухына бас ию, перзенттік сағыныштары З.Ақышевтің «Қайран Жүкең...» (Шалқар.1990.қазан), А.Кондратьеваның «Возвращенное имя» (Сахно М.Ю.) (Путь к коммунизму. 1990.6.11), Р.Тұрысбектің «Ардақтап атын әкенің» (Лениншіл жас.1990.29.06), «Жанақ Жүсіпбекұлы» (1996), Б.Байғалиевтің «Асылдың тұяғы – Алматыда» (Алматы ақшамы.1990.21.04), А.Тасымбековтың «Жоғалып табылған асылдың сынығы» (Қазақ әдебиеті.1994.28.10), Е.Имаштың «Жүсіпбектің жұрағаты жұртын тапты» (Орталық Қазақстан.1996.13.01), М.Омарбекұлының «Халқыма ризамын» (Орталық Қазақстан. 1997.26.03), А.Асылбектегінің «Б.Аймауытов «Отаныммен 60 жылдан соң қауыштым» (Қазақ елі.1997. 25.04), Р.Алибекованың «Образ отца озаряет ее жизнь» (Казахстанская правда. 2000.6.12), Е.Зәңгіровтің «Аймауытов Б. Өкінішсіз өмір жоқ» (Парасат. 2006. №12), А.Тойшанұлының «Бектұр Аймауытов: «Топас Тоғжановтар өлді дегенге әлі сенбеймін!», Ғ.Балтабайдың «Жүсіпбектің балалары» естелік, әңгіме-сұхбаттарының арқауын құрады.
Р.Тұрысбек Қырғыз Республикасының астанасы Бішкек маңындағы Новопавловка селосына арнайы барып, жырақта оқшау жүріп, жүйкесі сыр бере бастаған Жанақтан әкесі жайында еске алу әңгімесін жазып алды.
Үш томдық «Ұраным – Алаш» ғылыми еңбегінде Алаштану бойынша төрт жүздей тарихи деректер мен құжаттар жариялаған Т.Жұртбай: «...Әкесi ақталған кезде де және одан кейiн де Муза Жүсiпбекқызымен ұзақ-ұзақ әңгiмелескен едік. Талай-талай тағдыр сынын баяндап берiп едi. Сонда: «Әкеңiздiң сiзге қойған қазақша атының болмауы мүмкiн емес», – дегенiмде, ешнәрсенi есiне түсiре алмап едi. Мына хаттағы айғақ бойынша, осындағы екі ұлымен қатар аталып отырған «Мәруә» – Жүсіпбектің Евгениядан туған кенже қызы – Муза боп шықты. Алматыдағы Құрманғазы мен Абылай даңғылының бойындағы ауланың орындығында отырып мұны естігенде, Музаның – Мәруәнің көзіне жасы мөлтілдей тұнып: «Бұл туралы шешем маған айтқан емес. Бірінші рет өзімнің қазақша қойылған есімімді естіп отырмын. Шешемнің әкесі де, шешесі де шоқынған қазақтар еді. Мен де Сахно деген украинға тұрмысқа шықтым. Бектұрдың әйелі де орыс. Жанақтың бір ұлы мен екі қызы да Мәскеу мен Ленинградта, орыстанып кетті. Өкінішті. Бұл тағдырға не істерсің? Енді оны өзгерте алмайсың», – деген шарасыз қысылысы біздің де жүрегімізді шымырлатып еді» (Жұртбай Т. Ұраным – Алаш. Тз. 2-том. – Алматы: «Ел-шежіре», 2011. 385-бет) деп жазады.
Жүсіпбек ұрпақтарынан журналистер, әдебиеттанушылар, қаламгерлер қауымы суыртпақтаған жүрекжарды естеліктерінің түйіні – туған жер кәусарын аңсау, ата-тек тамырын тануға құштарлық, сағынышқа толы арман, сүйініш пен күйінішке бөленген жүрек лүпілін аңғартады. Қуғын-сүргін жылдары тар қапасқа қамалған әкесін тайсалмай іздеп барған бала Бектұрдың қайсар мінезіне куә болған Алаш арыстарының шырақшысы Гүлнар Міржақыпқызы: «...Папамның өзі де сондай күйзелістің үстінде болу керек, маған сыр білдірмей орнын Жүсіпбекке берді. Жанымдағы Бектұрға мен: «Әне, папаң қарап тұр», – дегенімде, алыстан көзі көрмейтін ол жүгіріп вагонға жақындай бергенде күзетші мылтығын кезеп: «Кет, атамын!» деп дауыстады, Бектұр: «Атсаң ат, папамды жақыннан бір көрсет», – деп төсін тосып жалынды. Мейірімсіз солдат кеудесінен итеріп жолатпады. Жүсіпбек аға баласына: «Бектұр, Бектұр, кетпе!» – деп айқай салды. Баласына солдаттың істеген зәбірін көрген Жүсіпбектің бет-жүзі бозара қалды, орамалын алып терін құрғатқандай секілді маңдайы мен көздерін сипады...» (Дулатова Г. Шындық шырағы: Естелік-эссе. – Алматы: Мектеп, 290-бет) – деп тебірене толғайды.
Сол бір үрей мен қиянатқа, азап пен тозаққа толы тұманды жылдардың тауқыметі қаншалықты ауыр болғанын қаламгер ұрпақтарының жадында жатталып, санасына сіңген бір үзік сырға толы естелік жазбаларын оқи отырып көз жеткіземіз.
Бектұр Аймауытұлы: «Ақыры, 1929 жылдың 10 сәуірінде әкемді Қызылорда қаласында тапа-тал түсте ГПУ агенттері ұстап әкетті, – деп жалғастырды әңгімесін Бекең. – Мен мектептен келсем, шешем жылап отыр. Үйдің іші шашылған қағаз, кітаптар асты-үстіне келген. «Сенің жазу дәптеріңді де қарап, тексерді», – деді шешей. Бұрыннан да аурушаң ол кісі сол жерде талып қалды...» (Омарбекұлы М. «Халқыма ризамын» // Орталық Қазақстан. – 1997. – 26 наурыз).
Муза (Мәруа. Мағрипа) Жүсіпбекқызы: «...Әкемнен 3-4 жасымда көз жазып қалыппын. Оның тағдыр-талайы туралы шешем Евгения Қарабатырқызынан және атам Арыстан Сермұхамедұлынан (1870-1951) естіп, білдім. Әсіресе, анамның әкем жайлы, оның жолсыз жаза құрбаны болғанын естіп, еске алғанда екеуміз де ұзақ егіліп, жылаушы едік. Анамның қолында отбасылық альбом сақталынған екен. Мен осы альбом арқылы әкеммен күнде кездесіп, үнсіз сырласамын...» (Тұрысбек Р. «Жүсіпбек»: Жүсіпбек Аймауытұлының өмірі мен қаламгерлік қызметі. – Алматы. Санат, 1997. – 222 б.).
Жүсіпбек Аймауытұлының Алаш идеясы ұйыстырған мұраттастары мен қанаттастарынан тірі қалғандары саусақпен санарлық еді. У.Танашұлы (1887-1968), Ә.Ермекұлы (1891-1970), Ә.Оспанұлы (1893-1966),
И.Тоқтыбайұлы (1894-1967), М.Бұралқыұлы (1899-1979) сынды алыптар Ш.Мусин «Ажал тулап, оқ зулап, Өлім күткен үңгір ең. Иттер шулап, берді лап, Күңірен, ГУЛАГ, күңірен» деп жырлаған ГУЛАГ-тың қанды шеңгелінен өтті. Алашорда үкіметінің мүшесі Б.Мәметұлы (1888-1946) отбасымен Саратовқа жер аударылды, Алматы абақтысына қамалды. Қарақалпақстанда, Жетісуда қара жұмысқа жегілді.
Ә.Ермекұлының алты Алаштың Жүсіпбегін жоқтаған өксік пен өкінішке толы шемен шері қазақтың алғашқы архивариустарының бірі А.Сатаевтың күнделігінде (1967.15.06) хатталыпты. Оны Ж.Бектұровтың Қарағанды қаласындағы пәтерінде Ә.Ермекұлы, Ә.Марғұланмен жүздесуіндегі әңгіме ауаны айғақтайды.
«... – Әттеген-ай! – деді де, Әлімхан Ермеков басқа әңгімеге ойысты.
– Төңкерісшіл, нағыз қаламгер Жүсіпбек Аймауытов еді ғой. Оның шағын әңгімелері өте шебер тілмен жазылған, – деді Ә.Ермеков.
– Ол стилист еді ғой, – деп Әлкей үлкен Әлекеңнің сөзін жалғастырды, – Расында, Аймауытовты сол кезеңнің жуандары жақтырмай, ол жүріп өткен жерлерге келе қалсаңыз-ақ: «Осында кешелер бір жазушы келіп кетті. «Оймакөт» дей ме?» Қалай өзі?» деп бұрмалайтын Жүсіпбектің фамилиясын. «Ақбілек» деген роман жазған. Жайықтың Мағжан Жұмабаевқа арналған мақаласын оқып отырғанда, ақынның Ақан туралы жазған бір әсерлі жеріне келгенде, Әлкей көзіне жас алып тұнжырап кетті.
– Ақан туралы жазған осы очеркін Мағжан Жұмабаев маған өз үйінде оқыған еді», – деп еске алды Әлімхан Ермеков...» (Сатаев А. Қойын дәптерден. Күнделіктер // Төл тарихымыздың тұнығынан. Құрастырғандар: Сәуле, Жанар Сатаевалар. – Алматы: «Қайнар» баспасы, 2009. 203-204-бет).
Ж.Бектұров 1980 жылы 27 қаңтарда Ә.Марғұланға жазған хатында: «...Менен гөрі өзіңіз жақсы білетін ағаларыңыз, құрбыларыңыз пәле-жаладан аман-сау болып, бір қалыпты өмір сүрсе, қалыпты жағдайда еңбек етсе, қазақ мәдениеті қаншалықты қорланып, қаншалықты байыр еді, дегім келеді. Анау үлкен Әлекең, кеше өлген кіші Әлекең, анау Ақаң, Санжар, Елдос, Халел, Мағжан, Құдайберген, Сәкен, Мұқаммеджан тағы басқалар тірі болып, бәрі де өз ажалынан өмірлерінің табиғи шегіне жетіп өлсе, халқымыздың тарихынан, тілінен, әдебиетінен қандай мол мұра қалдырар еді...» (Қараңыз: Д.Махат, Д.Марғұлан, Т.Жұртбай Академик Әлкей Марғұланның ғылыми-эпистолярлық мұрасын жинау, жүйелеу және зерттеу. Пікірлер, рецензиялар, хаттар, ашық хаттар. Ұжымдық монография. – Алматы: «Асыл кітап» баспа үйі, 2021. 3-бет) – деп қазақ ұлтының басты қасіретін жеткізген екен...
Иә, телегей теңіз тума таланттың тау тұлғасы мен тұғырын танытатын естеліктер тағылымынан түйер тәлім терең. Тайталас тағдыр кешкен тарлан тарих талқысынан өтіп, өзі туын алаулатқан Алаш руханиятының тұғырлы тұтқасына айналып отыр. Тектінің асыл мұрасы Жүсіпбек тұлғасын қастерлейтін талапты жастардың бойтұмарына айналарына кәміл сенеміз.
Сағымбай Жұмағұл,
Л.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры