Құдықтан өлі табылған 3 адамға қатысты тың ақпарат шықты

Туыстары құдықтың ішінде тоқ ұруы мүмкін деген болжамды да айтып отыр.

Құдықтан өлі табылған 3 адамға қатысты тың ақпарат шықты
Istockphoto
1480

Алматы облысы Кеген ауданында құдықтан үш адамның мәйіті шығарылды. Жергілікті тұрғындар мен марқұмның туыстары оқиғаға қатысты тың дерек айтты, деп хабарлады КТК арнасы.

Кеген ауданында екі отбасы аза тұтып жатыр. Көңіл айтуға дүйім ауылдың тұрғындары келген. Марқұмдардың жақындары көз жасын тия алмай, бауырларын жоқтап отыр.

«Бірінші інімді алып шықты. Қарасақ, денесі суып кеткен. Бірінші көмектен кейін құсып жіберіп, көзін ашты ... болды. 

«Жүріп кеткен» деді. Одан кейін Серік деген ағаны шығарды. Үшіншісін де, түбіне жете алмай, су болып тұр іші. Өрт сөндірушілер суды сорғызып, баланы шығарып алды. Ол кезде бала көгеріп кеткен», - дейді марқұмның туысы Дина Айтбаева. 

Телеарна мәліметінше, үш адамның өмірі қиылған қайғылы оқиға күні кеше болған. Үйінде су тоқтап қалған соң әкесі мен баласы кешқұрым құбырды тексеруге барады. Жанында көршісі де болыпты. Бастапқыда бір қарап шығуға 15 жастағы жасөспірім түскен екен. Бірақ көп ұзамай сонда талып қалады. 

Әкесі құтқаруға ұмтылғанымен, кері шыға алмай, ес-түссіз құлаған. Артынан 56 жастағы көршісі түсіп, ол да төменде тіл тартпай кеткен. 

Туыстарының сөзінше, құдықтың беті көлік жүретін жолдан бір қарыс төмен орналасқан. Топырақпен көміліп жатқанына бір айдан асыпты. Бітеу тұрып, ауа айналымы жүрмегендіктен, ішінде улы газ пайда болуы мүмкін, дейді олар.

«Су жүргізілгеннен кейін жол салынған кезде технология бойынша құдықтың беті көтеріліп тұру керек. Жол салған мердігер көтеріп, асфальтпен бірдей жасап кету керек болатын. Тұрғындар құдықтың бетін ашып қойған. Соңғы бір жарым айда Кеген ауылында дренажды канал жүргізілді. Сол кезде құдықтың бетін өздерінің топырағымен бекітіп кеткен», - дейді марқұмның туысы Мақпал Шадан.

Туыстары құдықтың ішінде тоқ ұруы мүмкін деген болжамды да айтып отыр. Аталған жайтқа қатысты тиісті мекеме өкілдері жауап берді. 

«2020-2021 жылдары жолды қабылдап алған кісі қазір қызметте жоқ. Не себепті дәл судың үстіне жол салып өткенін айта алмаймын. Мынаның бетін көтеру жұмыстарын істейді. Көліктер өте алатындай етіп жасаймыз», - дейді Кеген ауданы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жасұлан Кәділ. 

Қазір марқұмдардың денесі Қонаев қаласында. Марқұмдардың неден қайтыс болғаны сараптама қорытындысынан кейін белгілі болады.

Серіктес жаңалықтары