"Көшпенділер ойынына аударыспақтан қатысқан бесеуіміз – бір ауданнанбыз"– Дарын Өткелбай

Жақында елорда төрінде өткен 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында аударыспақтан сынға түскен спортшыларымыз ерекше көзге түсті.

"Көшпенділер ойынына аударыспақтан қатысқан бесеуіміз – бір ауданнанбыз"– Дарын Өткелбай
Кейіпкердің жеке мұрағатынан
387

Аударыспақ сайысында ел атынан 6 спортшы бақ сынады. Алты спортшының бесеуі Түркістан облысының Төле би ауданынан, біреуі Келес ауданының тумасы. Көшпенділер ойынына дейін алты рет іріктеу жарысы өткен. Алтауы сол іріктеу жарыстарында сайдың тасындай іріктеліп алынған. Әрқайсысы халықаралық сайыстарға қатысып, чемпионат ұтып жүрген спортшылар. Осы орайда біз 80 келі салмақта сынға түсіп, алтын олжалаған Дарын Өткелбаймен тілдескен едік.

Дарын ұлттық спорт түрлеріне кеше келген балуан емес. Әкесі белгілі көкпаршы Ақылбай Мәңкеев Дарынды бала күнінен спортқа баулыған көрінеді. Қазір Дарынның інісі де көкпар тартады екен.

«Бұған дейін Көшпенділер ойынына қатыспағам. Бұл жарысқа бірінші рет қатысуым. Менің тобымда ылғи мықты палуандар болды. Бірінші қарсыласым Қытай палуаны болды. Сосын қырғыз палуанымен шықтым, тек бір ұпаймен жеңіске жеттім. Финалда өзбек палуанымен белдестім. Ең қиыны қырғыз палуаны болды», дейді Дарын.

Көшпенділер ойынына Қазақстанның ең үздік аттары таңдалған. Оқу-жаттығу жиындарында барлық аттың бабын байқағанымен, жарысқа шығатын кезде таңдау Қызылорда қаласының аты Қаратау мен Леңгір қаласының аты Ақордаға түсіпті.

Дарын алдағы жоспарларын да бөлісті.

«Қазір аударыспақтан Ұлттық спорт түрлері бойынша Түркістан облысының жастар мен жасөспірімдер мектебінің жаттықтырушысымын. Жұмыс істеп жүргеніме бір жыл болды. Әрі қарай өзімді осы саланың жаттықтырушысы, бапкері ретінде көремін»,  дейді жас балуан.

Дарын Өткелбай 2000 жылы Төле би ауданының Кенесары ауылында дүниеге келген. Ол 7 дүркін Қазақстан чемпионы, Шымкентте өткен Азия кубогының чемпионы, 2 дүркін әлем чемпионы.

 

 

 

Серіктес жаңалықтары