Президент Жолдауында ауыл кәсіпкерлерінің нарыққа шығу мүмкіндігі кеңейетін ұсыныс айтылды – сарапшы

/
Президент Жолдауында ауыл кәсіпкерлерінің нарыққа шығу мүмкіндігі кеңейетін ұсыныс айтылды – сарапшы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында шағын және орта бизнесті дамыту, кәсіпкерлерге тең мүмкіндік беру және олардың жұмысына жасалатын әкімшілік кедергілерді азайту мәселелеріне ерекше назар аударды. Осы орайда кәсіпкерлікті қолдаудың тиімді тетіктерін қалыптастырумен қатар, шағын кәсіпорындардың орта бизнес деңгейіне көтерілуіне жағдай жасаудың маңызы арта түспек. Қоғамдық саясат институтының сарапшысы Жансая Нұралиева Жолдауда көтерілген аталған бастамалардың отандық кәсіпкерліктің дамуына ықпалы мен оларды жүзеге асырудың маңызы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауындағы шағын және орта кәсіпке қатысты ұсыныстарынан «кәсіпкерге кейде мемлекеттен қосымша көмек те қажет емес, оның жұмысына кедергі келтірмесе болғаны» деген ой көңілге қонды.

Шағын және орта кәсіп дегеніміз кез келген нарықтық экономиканың тұрақты дамуы мен іргетасын қамтамасыз ететін маңызды қозғаушы күш. Бүгінде Қазақстанда аталған сектордың жалпы ішкі өнімдегі үлесі 40 пайызға жетті. Ал негізгі капиталға салынған инвестициялардағы үлесі 70 пайызға жақындап келеді. Яғни ел экономикасындағы белсенділіктің айтарлықтай бөлігі кәсіпкерлердің еңбегімен байланысты.

Дегенмен осы көрсеткіштердің артында шешімін күткен мәселелер де бар. Президент атап өткендей, кәсіпкерлердің үштен бірінен астамы сауда саласында жұмыс істейді. Бұл шағын бизнестің едәуір бөлігі дайын тауарды сатып алып, қайта сатуға бағытталғанын көрсетеді. Ал өндіріс, өнім өңдеу, технологиялық қызмет көрсету салаларының әлеуеті әлі толық ашылмай тұр. Мысалы, кәсіпкер шетелден дайын өнім әкеліп сатса, оның табысының белгілі бір бөлігі ел ішінде қалғанымен, тауарды өндіруден түсетін негізгі қосымша құн сыртта қалыптасады. Ал сол өнім Қазақстанда шығарылса, шикізат жеткізушілерден бастап, қаптама өндірушілер мен тасымалдаушыларға дейін қосымша жұмыс пайда болады. Сондықтан шағын кәсіпорындардың біртіндеп орта бизнеске айналуына жағдай жасау қажет. Президенттің Үкіметке орта бизнесті дамыту жөнінде арнайы жоспар әзірлеуді тапсыруы осы тұрғыдан маңызды», – деді ол.

Сарапшының сөзінше, кәсіпкерлерге түсетін әкімшілік қысымды азайту және заңнаманың тұрақтылығын қамтамасыз ету бизнестің дамуы үшін маңызды. Салық талаптары мен жұмыс істеу ережелерінің жиі өзгеруі кәсіпкерлердің ұзақ мерзімді инвестиция салуына кедергі келтіреді.

«Жолдауда айтылған тағы бір мәселе кәсіпкерлерге жасалатын әкімшілік қысымға қатысты. Мемлекет басшысы келтірген деректерге сәйкес, биылғы алғашқы жартыжылдықта жеке кәсіпкерлер тарапынан анықталған құқық бұзушылықтар 34 пайызға азайған. Соған қарамастан, айыппұлдардың жалпы сомасы шамамен 11 пайызға өсіп, жоспардан тыс тексерулер ондаған есе көбейген. Енді осы жерде егерде құқық бұзушылық азайып жатса, бақылау шаралары неге көбейіп отыр деген сұрақ туындайды. Осыған байланысты Президент 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап микро және шағын бизнесті тексеруге үш жылдық мораторий енгізу мүмкіндігін Құрылтай мен Үкіметке бірлесіп талқылауды ұсынды. Бұған дейін 2020-23 жылдары осындай тәжірибе қолданылған болатын.

Кәсіпкер үшін ең маңызды мәселелердің бірі заңнаманың тұрақтылығы екені анық. Себебі кәсіпорын ашу, жабдық сатып алу, жұмысшыларды оқыту және өндірісті жолға қою үшін уақыт пен қаражат қажет. Ал салық талаптары мен жұмыс істеу ережелері жиі өзгерсе, кәсіпкер ұзақ мерзімді инвестиция салуға асықпайды», – деді Жансая Нұралиева. 

Жансая Нұралиева мемлекеттік қолдау шараларын маркетплейстердің, банктердің және логистикалық компаниялардың мүмкіндіктерімен ұштастыру ауыл кәсіпкерлерінің нарыққа шығуына жол ашатынын айтты. Бұл үшін сапалы интернетпен қатар, өнімді сату, төлем қабылдау және жеткізу жүйелерінің қолжетімді болуы маңызды.

«Президенттің цифрлық экономикаға қатысты айтқан тағы бір ойы ерекше назар аударуға тұрарлық. Адам қалада тұра ма, ауылда тұра ма, қолындағы смартфоны арқылы кәсіп жүргізіп, табыс табуға мүмкіндігі болуы керек.

Бұл әсіресе ауыл тұрғындары үшін маңызды дер едім. Мысалы, ауылдағы шағын шаруашылық өндірген табиғи балын, сүт өнімдерін немесе қолөнер бұйымдарын интернет арқылы тұтынушыларға сата алады. Бірақ мұнда мәселе смартфонның болуымен шектелмейді. Тауарды жеткізу, төлем қабылдау, сатып алушы табу және интернеттің сапасы да шешуші рөл атқарады. Өзіндік экожүйенің қалыптасуына әкеледі.

Сондықтан Жолдауда мемлекеттік қолдау шараларын маркетплейстердің, банктердің және логистикалық компаниялардың мүмкіндіктерімен біріктіру ұсынылды. Мұндай жүйе қалыптасса, ауыл кәсіпкерлерінің нарыққа шығу мүмкіндігі кеңейеді. Ең бастысы, адамның табыс табу мүмкіндігі оның қай жерде тұратынына соншалықты тәуелді болмайды. Бұл бағыттың әлеуетін статистикадан да көруге болады. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылғы 1 қазанда Қазақстанда 1,98 миллионға жуық шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істеген. Оның ішінде орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны небәрі 2 961. Бұл шағын бизнестің ауқымын кеңейтіп, орта кәсіпкерлік деңгейіне өтуіне жағдай жасау қажеттігін көрсетеді. Ал жыл басындағы дерек бойынша, жалпы шағын және орта кәсіп саласында 4,5 миллионнан астам адам еңбек етіп, экономикалық белсенді халықтың 46,6 пайызын құраған.

Меніңше, алдағы уақытта кәсіпкерлікті қолдау саясатының нәтижесін қанша шағын кәсіпорын орта бизнеске айналды, қанша отандық өндіруші тұрақты тапсырыс алды және қанша ауыл тұрғыны өз өнімін интернет арқылы сата бастағанынан көруге болады. Әрбір кәсіп артында сол табысқа қарап отырған қаншама отбасы, олардың күнделікті тұрмысы мен болашаққа деген жоспары тұр», – деді ол.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары