Ирландиядан көкпардан команда жасақтап алып келгім келеді – Эндрю Донлеа

Ирландиядан көкпардан команда жасақтап алып келгім келеді – Эндрю Донлеа
473

Көшпенділер ойындарына қатысуға өз елінен жалғыз келген спортшылардың бірі – ирландиялық Эндрю Донлеа. Эндрю спортшылар парадында өз елінің туын көтеріп шыққандағы әсерін көпке дейін ұмытпайтынын айтады.

– Қазақстанға бірінші рет келіп тұрмын. Мен жаңа жерлерді зерттеп, ара­ла­ғанды ұнатамын. Сондықтан Қазақстанға қуана-қуана келдім. Алайда қаланы әлі аралап үлгермедім. Жарыстар аяқталған соң бірнеше нысанды аралаймын деп жос­парлап отырмын. Жарыс өтіп жатқан этноауылдан тыс стадионға ғана бардым. Ойын­дардың ашылу салтанатынан керемет әсер алдым. Бұл ивентті дайындық бары­сында бақылағанмын. Алайда екінші рет көргенде тағы да қайран қалумен бол­дым. Өте әсерлі шоу болды. Оның өткеніне үш күн өтсе де, әлі де кей қатысу­шы­лармен ашылуы туралы сөз қозғаймыз. Өз елімнің Туын көтеріп шыққандағы сезім бірден ұмытыла салмасы анық. Сондықтан ашылу салтанатындағы эмоция әрі ондағы атмосфера әлі өзіммен «бірге» жүр, – Эндрю Донлеа.

Ол жамбы атумен 10 жыл бойы айналысып жүр.

– Менің бар ісім сол. Сондықтан бұл спорт түрі өтетін жарыстардан қалмаймын. Жамбы ату жарыстарында көп қатысатындықтан, өзге елден келген спортшылармен қарсылас емес, жақын дос болып кеттік. Сондай жақын достарымның бірі бірде Көшпенділер ойындары туралы айтып берді. Мен оған бұл ойынға міндетті түрде қатысқым келетінін айттым. Нәтижесінде, дегеніме жетіп, Ирландиядан жалғыз өзім қатысып жатырмын. Қасымда досымдай болып кеткен бапкерім бар. Келесі ойында көп болып келерміз. Себебі келесі ойынға дейін көп отандасымды мұнда танымал этникалық спорт түрлеріне тартпақ ойым бар. Ойын бағдарламасына енген спорт түрлері Ирландияда танымал емес. Сондықтан елге барған соң, біз білмейтін осындай спорт түрлері бар екенін айтып, насихаттамақпын. Ирландияда жамбы атудан мықты атлет қана емеспін, шәкірт тәрбиелеумен де айналысамын. Алайда оқушыларым мұндай жоғары деңгейдегі жарыстарға қатысуға дайын емес. Бұйырса, алдағы ойындарға жамбы ату, сосын көкпардан команда жасақтап алып келгім келеді. Біз екі күн бойы мажар және түркі стилі бойынша жамбы атудан сайыстық. Сол екі аралықта аударыспақ пен көкпар жарыстарын тамашаладым. Екі сайыста қатысушылар арасындағы бәсеке көркінің қалай қызғанын сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Жоғарыда айт­қанымдай, елге барғанда шәкірттеріме дәл осы екі спорт туралы көп әңгімелейтін боламын, – дейді ол. 

Серіктес жаңалықтары