Қазақ күресінен чемпион болғаныма қуаныштымын – италиялық дзюдошы
Достарым «Сен қазақ күресінен жеңімпаз бола аласың» деп айтқан еді. Айтқаны дәл келді.
Италиядан келген дзюдошы Бетти Вук Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпазы атанды. 77 келіде бақ сынаған ол қазақ күресінен өткен сайыстың финалында отандасымыз Зәмзәгүл Файзолановадан басым түсті.
– Мен Италияның Болонья қаласында тұрамын. Негізі, дзюдо спортымен шұғылданамын. Қазақ күресінің шебері емеспін. Алайда бірнеше досым қазақ күресімен бұрыннан айналысып жүргендіктен, олар бұл спорттың менің оң жамбасыма сай келетінін айтты. Әлі есімде, олар сол кезде «Сен қазақ күресінен жеңімпаз бола аласың» деп айтқан еді. Айтқаны дәл келді. Бүгінде қазақ күресінен Көшпенділер ойындарының чемпионы деген атағым бар. Осы тұрғанда қазақ күресінен алтын жүлде иеленгеніме қатты қуанып тұрмын!, – дейді Бэтти қуанышын жасыра алмай.
Көшпенділер ойыны – Бэттидің қазақ күресінен қатысып тұрған алғашқы жарысы екен.
– Алғашқы жарыста бірден алтын жүлде иелену – екінің біріне бұйырмаған бақ. Финалда Қазақстанда мықты саналатын қазақ қызына қарсы күрестім. Жарыс соңында оның көңілі түсіп қалғанын бәрі көрді. Бозкілемнен түскісі келмеді. Мен оны жұбатуға тырыстым. Әрі залдағы көпшілікті ол қызды қолдауға шақырдым. Командаластарым мені залда отырған қазақ жанкүйерлері де қолдағанын айтады. Алайда бозкілемде бапкерімнің нұсқауынан басқа ештеңе естімеймін. Әрі қазақша түсінбеймін. Әлбетте, жарыс болғасын тек жеңу үшін келесің. Алайда мен мұнда жеңіске жетемін деп еш ойламадым. Кемі финалға шығып, күміс жүлде иеленермін деген ой болды. Қазақ қызы бұл күреспен ес білгелі айналысып келе жатыр. Ал менің бұл спортқа қызыға бастағаным күні кеше ғана. Алайда жеңісті құрдан-құр бере салғым келген жоқ, финалда барымды салдым. Жеңімпаз деп танылған соң, бірден қазақ қызын қолдауға тырыстым. Бозкілемнен түскен соң камераның алдында ол қыздың көтеріп, мықты екенін айтумен болдым. Расымен, өте мықты қарсылас. Оны да түсінуге болады. Өз елінде жеңілген оңай емес. Сондықтан залдан шыққанша оған «Сен мықтысың. Сен күшті балуансың» деп айтып, арқасынан қақтым, – дейді ол.
Бэтти Көшпенділер ойындарының ашылу салтанатында ойнаған музыка қатты ұнағанын айтады.
– Жалпы, бұл жарыс бұған дейін мен қатысқан басқа сайыстарға еш ұқсамайды. Мен мұның бәрінен өзгеше болатынын ашылу салтанаты кезінде байқадым. Дұрыс сөз таңдай алмаспын, бірақ біз стадионда отырып, көшпенділер ұрпағы бірден сезетін атмосфераны біз де сезгендей болдық. Маған бәрінен бұрын ашылу салтанатында ойналған музыка айрықша ұнады. Біз Италиядан күрес түрлерінен сегіз балуан келдік. Садақ атудан да жарысқа түсіп жатқан отандастарымыз бар. Бәріміз қонақүйде күн сайын жиналғанда алған әсерімізді ортаға саламыз. Әсіресе, Астананы мақтай жөнелеміз. Астана – өте әдемі қала. Өте таза қала. Жап-жасыл. Уақыт жетсе, қала ішін аралағымыз келеді. Әрі басқа ойындарды да көруіміз керек. Мен алыш күресінен өтетін сайыстарды көргім келеді. Өзім де қатысқым келген еді, алайда салмағым сәйкес келмей қатыса алмайтын болдым. Содан соң ипподромға барып, көп атлет аузының суы таусылғанша айтып жүрген көкпар мен көкбөрі сайыстарын тамашалағым келеді, – дейді ол сөз соңында.