«Таза бейсенбі» акциясы жалғасып жатыр
6 маусымнан бері «AMANAT» партиясының мыңдаған белсендісі мен мүшесі «Таза бейсенбі» акциясы аясында әр бейсенбі сайын аумақтарды қоқыстан тазартып келеді.
«AMANAT» партиясы еліміздің барлық өңірінде «Таза бейсенбі» акциясын жалғастыруда. Іс-шара Президенттің «Таза Қазақстан» атты жалпыұлттық бастамасы аясында өткізіліп, елдегі экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған.
6 маусымнан бері «AMANAT» партиясының мыңдаған белсендісі мен мүшесі «Таза бейсенбі» акциясы аясында әр бейсенбі сайын аумақтарды қоқыстан тазартып келеді. Бүгінге дейін ел бойынша 6,5 мың тонна қоқыс жиналып, акцияға 48 мың адам қатысты. Белсенділер 1 004 учаске мен 100-ден астам өзен, көл, су айдыны мен қоймасын қоқыстан тазартты.
Кезекті бейсенбіде аманаттықтар әдеттегідей игі істі жалғастырып, өз жауапкершіліктеріне алған учаскелерде тазалық жұмыстарын жүргізді.
Мәселен, Алматы облысы Талғар қаласында Екінші дүниежүзілік соғысы ардагерлерінің ескерткіші жанындағы Рысқұлов көшесіндегі аумақта тазалау жұмыстары жүргізіліп, акцияға 71 адам қатысты.
Шығыс Қазақстан облысындағы іс-шараға қатысушылар Глубокое ауданының Белоусовка ауылында орналасқан Белоусов су қоймасының ұзындығы 1 шақырым болатын жағалау жолағын қоқыстан арылтты. Тазалау жұмыстарына 80-ге жуық адам қатысты.
«Біз азаматтарымызды қоршаған ортаны қорғауға белсенді қатысуға шақырамыз және әрбір адамның үлесі біздің еліміздің болашағын анықтайды деп сенеміз. Табиғатты қорғау — ортақ міндетіміз, сондықтан да бұл акцияға қатысу — әрқайсымыздың борышымыз», – деді
«AMANAT» партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалының атқарушы хатшысының орынбасары Аманбай Нұркенов.
Ал Елордада акция «Астана Жұлдызы» монументінің жанындағы аумақты тазалауға бағытталды. Белсенділер екі шақырым аумақты тазалады. Іс-шараға 30 шақты адам қатысып, монументтің айналасын ретке келтірді.
Сонымен қатар акция аясында Алматы қаласының Бостандық ауданында қоғамдық орындардың жанындағы бірнеше аумақ тазаланды. Игі іске партияның қалалық филиалы бақылау комиссиясының мүшелері және басқа да белсенділерді қоса алғанда, 30 адам қатысты.
«Таза бейсенбі» акциясына қатысу – әрбір азаматтың табиғатты қорғауға қосқан үлесі. Біз бәріміз бірге туған жерімізді таза әрі көрікті етуге атсалысып жатырмыз. Әрбір жиналған қоқыс, тазаланған аумақ – болашақ ұрпаққа қалдырар аманатымыз. Біз осындай іс-шаралар арқылы қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастырамыз деп сенемін», – деді акцияға қатысушы.
Сондай-ақ Шымкент қаласының белсенділері Шымсити ықшам ауданының 3 шақырым аумағын қоқыстан тазартып, абаттандыру жұмыстарын жүргізді. Акцияға 60 адам қатысты, оның ішінде «AMANAT» партиясы Абай аудандық филиалының төрағасы Нұрғазы Бухарбай және қалалық мәслихат депутаты Талғат Исқақов болды. Сонымен қатар Түркістан облысының Мақтаарал ауданында Айтмұхаметов Қосман Қайыртайұлының бюст-ескерткіші мен аудан аумағында тазалық жұмыстары жүргізілді. Іс-шараға 140-қа жуық адам қатысты.
Партия мүшелері мұндай тазарту жұмыстарын әр бейсенбі сайын жүргізеді. Бұл ретте тек қоқыс жинау ғана емес, әр учаскеге мәслихат депутаттары, белсенділер және бастауыш партия ұйымдарының басшылары бекітілген. Олар сол аумақтарда тәртіп пен тазалықты сақтауды қамтамасыз етеді, сондай-ақ қоқыс жәшіктерін орнату, аумақтарды көгалдандыру, жолдарды жөндеу және т.б. сияқты инфрақұрылымды жақсарту және дамыту мәселелерін шешеді.
Шархан ҚАЗЫҒҰЛ