Көл аман болса, ырзық та молаяды

Ақтөбе облысындағы «қаны тамып» тұрған экологиялық мәселенің бірі – Шалқар көлінің жағдайы.

Көл аман болса, ырзық та молаяды
сурет автордың жеке мұрағатынан
869

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыру  қажеттігіне назар аударған болатын. Соның арқа­сында бүгінде республика аума­ғында «Таза Қазақстан» экология­лық акциясы аясында көп шаруа атқарылып жатқаны мәлім.   

Ақтөбе облысындағы «қаны тамып» тұрған экологиялық мәселенің бірі – Шалқар көлінің жағдайы. Қызылорда облысының Арал ауданымен шектесетін  Шалқар ауданы үшін көл – өңірдің қа­тал табиғатын жұмсартып тұрған тір­шілік көзі. Көл  табанын тазарту туралы талап  Үкіметке жылдар бойы қойылып келе жатқанымен кейінгі кезде ғана жүзеге аса бастады. Біз жақында Шалқар ауданының әкімі Жанболат Жиде­хановпен әңгімелесіп, көл айналасында көп жұмыс істеліп жатқанына көз жет­кіздік.     

Биыл су мол

Солтүстік Арал  алабындағы Шалқар көлінің теңіз деңгейінен биіктігі –  167,0 метр, ауданы – 5,65-7,9 шаршы шақыр­ым, ұзындығы – 7, ең енді жері – 1,8 ша­қырым. Солтүстік және солтүстік-шығыс жағалауы – жазық, қалған бөл­ігі – жарлауытты. Көл Ескі Шалқар көлі­мен бір қазаншұңқырда жатыр. Ер­теректе екеуі бір көл болған. 1937 жылы тас-бетон бөгет арқылы көл екіге – сол­түстік-шығыс (Шалқар көлі) және оң­түстік-батыс (Ескі Шалқар көлі) көлге бөлініп қалды. Мол су жиналған жыл­дары көл суының бір бөлігі бөгеттегі су жібергіш арқылы Ескі Шалқарға құйыла­тын. Алайда бірнеше жылдан бері суы тартылып, табанындағы батпақты тазар­туға көлдің «күші» жет­пей, дәрмен­сіз күйге түскен болатын. 
Биыл көп өңір су тасқынынан зар­дап шеккені мәлім. Соның қатарында Ақтөбе облысы да бар. Облыс әкімі Асхат Шах­аров­тан бастап атқаміне­рлердің бәрі бірнеше ай бойы күні-түні еңбек еткенін  БАҚ арқылы бүкіл рес­публика жұртшы­лығы көріп отырды. 
Су тасқынынан Шалқар өңірі де тыс қалған жоқ. Қыстағы қалың қар мен көктемгі жауын-шашын, Бершүгір  өңірі тауларынан, сай-саладан ағылған су  26 наурызда Шалқар көліне жетті. Аудан басшылығы әбжіл қимылдап, жұмысты дұрыс ұйымдастырды да,  100 миллион текше метрге жуық суды Ескі Шалқар көліне қарай бұрып жіберді. Оған сол мөлшерде ғана су сиятын. Енді Шалқар қаласын су басу қаупі бар-ды. Ат үстін­дегі азаматтар бұл күндері ұйықтаған жоқ. Көлдегі шлюзде орналасқан 30 шандорды 5  күн бойы көтеріп қойды. Құзырлы органдармен қатар аудан халқы да жұмылды. Соның арқасында су тас­қынынан ешкім зардап шеккен жоқ.  Тек 1-сәуірге қарай су тасқыны  бәсең­дей бастады. Алайда екпіні  бәсеңдегенмен, таудан жылғалап жеткен табиғи су бір айға дейін келді де  тұрды. 
Жанболат Жидехановтың айтуынша, биылғы жағдай шұғыл назар аударылуға тиіс біраз жайтты көрсетіп берген. Мысалы, 2011 жылы күрделі жөндеу жүргізілген Шалқар көліндегі шлюзге қайтадан дәл сондай жөндеу керек. Қазір аудан  жыл сайын өз күшімен  шлюз шандорларын жаңартып, ауыс­тырып отыр. Мысалы, өткен жылы 15 шандорды  қайта жаңартқан. Өйткені олар ағаштан жасалған. Су қатты келген­де майыстырып жібереді. Қазір шандор­лардың барлығы механикалық әдіспен ашылып-жабылады. Негізі, бұл нысан­дарға гидравликалық қондырғы орнату керек. Биылғы жағдай соны көрсетті. Қазір техникалық-экономикалық негіз­деме дайындалып жатыр. Кейін құзырлы органдар жобасын жасап, сметалық құжаттарын әзірлейтін болады.  

Көл табанын тазарту жұмыстары биыл аяқталады...

Шалқар көлінің суы Мұғалжар тауларынан бастау алатын Қауылжыр өзенімен  толығады. Соңғы жылдары қиыршық тас өндіретін зауыттардың әсерінен өзен ағыны кеміп, көлдің су деңгейі төмендеді. Мұны жергілікті БАҚ та, халық та жиі мәселе етіп  көтеріп, да­был қаққан  болатын. Ақыры, назар аудар­ылып, бүгінде  Шалқар көлінің табанын тазарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Үш жылдан бері істеліп жатқан  жұмыс су сапасын жақсартып,  көлдің гидробиологиялық құрамын сақтауға септігін тигізуге тиіс.   
Көл табанын  тазарту жұмыстарына жауапты мердігер –  TOLAGAI-2050 жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Техникалық қадағалаушы ұйым – «Строй Потенциал» мекемесі. Жоба авторы  – «Актюбводпроект» серіктестігі.  Жобаның жалпы құны – 3 миллиард теңге. 2021 жылдың сәуір айында бас­талған құрылыс жұмыстары, жоба бойынша, 28 айға жоспарланған бола­тын. Алайда аудан әкімінің айтуынша, жобаға қайта есептеудің жүргізілуіне байланысты жұмыстың аяқталу мерзімі осы жылға жоспарланыпты. 
– Жобаны түзетудің негізгі себебі – құрылымдық бөліктің өзгеруі. Түзе­тілген жобада көлдің ең терең бөлігін гидромеханикалық және механикалық әдістермен тазарту алаңын ұлғайту көзделді. Тазартылатын аумақтың жал­пы көлемі – 589 гектар. Оның ішінде механикалық тәсілмен – 350 гектар, гидромеханикалық әдіспен 239 гектар аумақ тазаланбақ. Көлдің орташа терең­дігі тазартылғанға дейін 1,7 метр болса, тазартылғаннан кейін 3,60 метрге жет­пек. Бүгінде бастапқы жоба бойынша жұмыстың 83 пайызы орындалды. Көл түбіндегі тазартылған аумақ  көлемі 
2 787 764 текше метр.  Қазір көл жағалауына үлкен (бутовый –  авт.) тастар тасылып жатыр. Бұл бағытта 2021-2023 жылға игерілген қаржы көле­мі 2 193 574 мың теңге болса, биыл­ға бөлінген қаражаттың көлемі – 359 321 мың теңге. Қазір мердігер ұйым көлдің түбін тазартып қана қоймай,  жан-жағын бекіту жұмыстарын қатар атқарып жатыр. 
Көлді жағалай бекітілетін үлкен тастардың бетіне қиыршық тастар төсе­леді. Бұл 4 шақырым 700 метр аумақты құрайды. Осы күні мердігер көлдің 3 ша­қырымдай аумағын айналдыра бекіт­ті. Бұл жұмыстар да биыл аяқталады деп отырмыз, – дейді аудан әкімі.  
 Шалқар көліне  27 миллион текше метр су сияды деп есептелген. Қауыл­жырдың тынысы ашылып, су тұрақты келіп тұрса, Шалқар көлі шөлейт өңір­дің  тынысын кеңітіп қана қоймай, аудан халқы үшін нағыз демалыс орны болмақ. Аудан әкімдігінің бұл жөнінде де нақты жоспары бар екен. Көлдің  бер жақ бетінде жергілікті тұрғындар үшін жағажай ашылған. Ал  қыр жақ бетінен арбат салынбақ. Ол үшін арнайы жер, аумақ белгіленген. Сол аумақты биіктету үшін  құм төсеу жұмыстары жүргізіліпті. Болашақта көл жағасында жергілікті тұрғындар мен қала қонақтары тыны­ғып, демалатын орын ұйымдастырылмақ.  Жағалауға тал егіп, гүл өсіріп, арнайы орындықтар қойып, жарықшамдар орнатылады. Көл маңына шағын сахна орнатылып, арка жасалады. Қазір бұл шаруа облыс әкімімен келісілген, жер­гілікті халық та мақұлдап отыр. Демек, демалыс орны еңсе тіктейтін күн де алыс болмауға тиіс. 
Көл болғасын, балық та болуға тиіс, әрине. Қазір аудан басшылығы   балықты көбейту  мәселесіне қатты назар аудар­ып отыр.  2016 жылдан бастап Шалқар көлінде  балық шаруашылығын жүргізу ісін «Сұлтанов» ЖШС  қолға алған. Көлді 10 жылға жалға алған ол  балықты кө­бейту  мәселесінде де   тұрақты жұмыс жүр­гізіп жатыр.  Соңғы үш жылда көлге «Тұқы» тұқымдас балығының 230 мың данасы, «Толстолов» тұқымдас балы­ғының 25 мың данасы, «Ақ амурдың»  21 мың дана шабағы жіберілді. Бүгінде аталған балық тұқымдарының қоры көбейіп, аудан тұрғындары жергілікті балық өнімімен қамтылып отыр. Ағым­дағы жылдың маусым айында 200 мың дана тұқы шабағы жіберілді. Алдағы уақыттарда да бұл  жұмыстар жалғаса  бермек. 
Шалқар көліндегі балықтың қорын молайту үшін аулау жұмыстары қатаң ба­­қы­лауға алынған. Тек белгілі бір мөл­шерде ғана аулауға рұқсат беріледі. 

Бау-бақшасы жайқалған

Су – тіршілік көзі. Су мол болған сайын оның айналасындағы қозғалыс та жандана түседі.  Жоғарғы және тө­мен­гі болып екіге бөлінетін  Шалқар көлінің айналасында да тіршілік  қай­нап жатыр. Төменгі Шалқар көлінің тұсындағы  Қарамерген, Дәрібай  көлдері де биыл   суға қарық болды.
Қазір көл айналасында орналасқан  29 шаруа қожалығы оның суын суар­малы егіс үшін пайдаланып жатыр. Олар­дың барлығы бақша дақылдарын өсірумен айналысады. Одан бөлек 22 жеке кәсіпкерлік те көл суын осындай мақсатпен қолданып отыр. Аудан бас­шы­лығы көл суын үнемдеу үшін  барлық шаруа қожалығына тамшылатып суару әдісіне көшу жөнінде  талап қойыпты. Шаруашылықтардың 50 пайызы осы әдіске көшіп үлгерген.  
Аудан әкімінің айтуынша, көл айна­ласынан ардагерлерге де жер берілген. Олар кооперативке бірігіп, егін салып жатыр. Ал бұл өз кезегінде  ауданның азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін фактордың бірі. 
– Былтыр көл жағасындағы 29,1 гектар  жерге  картоп, 39,9 гектарға  көкөніс, 23,5 гектар алқапқа бақша дақылы егіліп, 378,3 тонна картоп, 610,47 тонна көкөніс және 387,7 тонна бақша өнімі жиналды. Ал биыл Шалқар көлі жағасынан 9 шаруа қожалығы, 2 ауыл шаруашылығы өндірістік коопер­ативі,  6 жеке кәсіпкер, барлығы 93,7 гек­тарға картоп, көкөніс, бау-бақша дақыл­дарын егіп, бүгінде өз өнімдерін қала тұрғындарына сатып жатыр.  «Ауыл аманаты» жобасы арқылы несие алған 2 кәсіпкер 3 гектар жерге картоп, сон­дай-ақ  көкөніс және бақша өнімдерін екті. 
Қазір күзгі жиын-терін жұмыстары басталып кетті. Ағымдағы жылы ауыл шаруашылығы құрылымдары көкөн­істің әр гектарынан орташа 160 центнер, бақша дақылдары бойынша гектарына 170 центнерден өнім алып отыр.   
Жыл сайын шаруашылықтар және кәсіпкерлер егістік жерлерін суару мақсатында жаңа технологияларды енгізіп жатыр. Жоғарыда айтып өт­кенім­дей, тамшылатып суару жүйесін енгізу арқылы біздегі ауыл шаруашылығы құрылымдары 1,5 есе жоғары өнімге қол жеткізіп отыр. 
Шалқар көліне судың қоры мол келуіне байланысты алдағы жылдары суармалы егістік көлемін ұлғайтып, су үнемдеу, топырақ құнарлылығын сақтау, еңбек өнімділігін арттыру, еңбек күшін үнемдеу және жоғары өнім алу мақсат­ын­да егістік жерлерде тамшылатып суару жүйесін 100 пайызға жеткізуді жоспарлап отырмыз, – дейді Жанболат Жидеханов.  
Бұл жерде ғылымға жүгіну өз пай­дасын беріп жатыр. Шалқар жазатайым қадап кеткен таяғың бәйтерек болып өсіп шығатын оңтүстік өңір емес. Сондықтан әуелі топырақтың құрамын зерттеп, не өсіруге болатынын айқындап алу керек. Аудан аумағында  орналасқан Н.Вавилов атындағы Аралмаңы тәжіри­бе стансасының зерттеу нәтижелері, міне, осындай сорттарды іріктеуге көп көмегін тигізіп отыр. Соның арқасында ауданның  топырақ-климаттық жағдай­ы­на бейімделген картоптың «Подарок Родина», «Гала», «Нәрлі», «Тоқтар», қызанақтың  «Меруерт», қиярдың  «Декан», қырыққабаттың  «Настя», қызылшаның «Бордо», пияздың  «Золотой шар», сәбіздің  «Нантская» сорттары егіледі.  
Аралға жақын жер болғандықтан мұнда құм көшкінін тоқтататын ағаш егу­дің жөні бөлек. Аудан әкімінің айту­ынша, «Үлкен Борсық» орман шаруа­шылығында ағаштың 13 түрі өс­еді. Шыр­ша, қарағай, жыңғыл, жүзгін, қайың, терек және басқа да өсімдік түрлері бар. Әрбіріне ерекше күтім жас­алады. Суару жүйесі жолға қойылған. Орман шаруа­шылығы қызметкерлері құмды аймақта жасыл желектерді өсіру мүмкін­дігі жоғары болу үшін климатқа сәйкес келетін өсімдіктерді таңдады. 
Орман алқабының жалпы ауданы 32 мың гектардан асады. 1 900 гектарға сексеуіл егілді.  
Міне, Шалқар ауданында осындай шаруалар жасалып жатыр. Жұртшылық, әсіресе, ауданның ажары мен базары болған көлге Үкіметтің назар аудар­ғанына дән риза. Көл шөлейт өңірдің табиғатын жұмсартып қана қоймай, экономикасын да дұрыстауға септігін тигізіп отыр. 

Айару Серік
Ақтөбе облысы

Серіктес жаңалықтары