Ұлттық құрылтайда айтылған ұлттық портал ауадай қажет

Ұлттық құрылтай отырысында Мәжі­ліс депутаты Еділ Жаңбыршин де осы та­­қырыпқа қатысты маңызды мәлімдеме жа­сап, бірнеше құнды ұсыныс айтқан бо­­­ла­тын.

Ұлттық құрылтайда айтылған ұлттық портал ауадай қажет
904

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында сөйлеген сөзінде: «Өткенді саралап, оған шынайы баға берудің маңызы зор. Сол үшін мұрағат материалдарын мұқият зерттеу қажет. Осы орайда «Қазақстанның қаһарман майдангерлері» жобасын ерекше атап өткім келеді. Жеңістің 80 жылдығына орай зерттеулер тың қарқынмен жалғасады деп сенемін. Сұрапыл соғыс кезіндегі аға буынның өшпес ерлігі мен ерен еңбегін ұрпақ жадында жаңғырту өте маңызды. Мемлекет бұл бағыттағы жұмысты жалғастыра береді», – деген болатын.  

Ұлттық құрылтай отырысында Мәжі­ліс депутаты Еділ Жаңбыршин де осы та­­қырыпқа қатысты маңызды мәлімдеме жа­сап, бірнеше құнды ұсыныс айтқан бо­­­ла­тын. 
– Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан қа­­зақстандықтар туралы сенімді ақпарат ала­тын ұлттық платформа, яғни толық электрон­дық дерекқор әлі күнге жа­сақ­тал­ма­ған. Сарапшылардың пайымдауынша, май­дангер ата-бабаларын іздеуші ұрпақтың са­ны 2 млн адамнан асады екен. Қазір Қа­зақ­стан азаматтары, тарихшылары және ше­жірешілері майдангерлерді іздеу үшін ре­сейлік электрондық дерекқорларды пай­да­­ланады. Тағы бір мәселе, майдангерлерге қа­тысты негізгі құжаттар мен деректер Ре­сей­дің мұрағаттарында. Сондықтан еліміз­де­гі және шетелдердегі жауынгерлердің құ­жат­тарын, деректерін іздестіріп, цифр­лан­ды­рып, арнайы ұлттық портал жасауымыз қа­жет. Бұл жұмыстарға көп жылдық тә­жі­ри­бе­сі бар қоғамдық ұйымдарды тартып, қар­жы­­ландыруды бюджетке артып қоймай, «Қа­зақстан халқына», «Самұрық-Қазына» қор­лары арқылы жүзеге асыру керек. Пре­зи­дент Әкімшілігі жанынан арнайы мем­ле­кет­тік комиссия құруды ұсынамын және бұл ко­­­­­миссия соңғы жауынгерді тапқанша жұ­мыс жасағаны дұрыс, – деді Еділ Жаңбыршин.
Депутат өте өзекті мәселені көтеріп отыр. Жеті атасына дейін жетік білген қазақ қа­шаннан іздеусіз, жоқтаусыз қалғаннан қо­рыққан. Әртүрлі деректер бойынша Қа­зақ­станнан майданға 1 млн 300 мыңнан ас­там адам аттанып, оның 630 мыңы қаза тауып, 271 мыңнан астамы хабар-ошарсыз кет­кен. (Бұл деректерді әлі де болса тарихи құ­жаттар негізінде нақтылау қажет). 
Артында ұрпағы да қалмаған сол 271 мың­нан астам боздақты іздемеу, жоқтамау ен­дігі жерде елдігімізге сын болар еді. Осы бағытта бес жылдан бері Atamnyn Amanaty қо­ғамдық бірлестігі еңбек етіп келеді. Ол – Екін­ші дүниежүзілік соғыс кезінде қаза тап­қан, хабар-ошарсыз кеткен қазақстан­дық­тарды іздестірумен жүйелі түрде айна­лы­сатын еліміздегі бірден-бір ұйым. 
Бірлестік осы уақыт ішінде 4 мыңнан ас­там боздақтың аты-жөндерін, қай елде жер­ленгендерін анықтап, олардың артында қал­ған тікелей ұрпақтары мен туған-туыс­тарына хабарлады. Сонымен қатар Қорғаныс ми­нистрлігінің көмегімен майдан даласында опат болған 19 отандасымыздың сүйегін ел­ге жеткізіп, әскери құрметпен жерледі. 
Atamnyn Amanaty өз жұмысын негізі үш ба­ғыт бойынша жүргізеді. Бірінші бағыт, май­дангерлерді әскери құжаттары бойынша мұ­рағаттардан, түрлі порталдар мен қауым­дастықтар арқылы іздестіру. Бұл – инемен құ­дық қазғандай дүние. Майданға аттанған қазақтардың көбі сауатсыз болғандықтан, құ­жат толтырғанда олардың аты-жөндерін қате-қате, қалай айтылса солай жазған. Мы­салы, біздің еріктілер мұқият іздестірудің ар­қасында Оспанов деген жауынгердің Оси­пов­қа айналып кеткенін анықтады. Сол се­беп­ті көрші елге көз сүзбеу үшін Ұлттық құ­рыл­тайда айтылған ұлттық портал ауадай қажет.
Екінші бағыт – майдан даласында тіке­лей қазба жұмыстарын жүргізу. Біздің ерік­ті­лер тобы жыл сайын Калуга облысында өте­тін «Батыс майданы. Варшава тас жолы» ха­­­лықаралық әскери-тарихи экспедиция­сы­на қатысады. Былтыр Ақмола облысында жа­сақталған 387-атқыштар дивизиясы шай­қасқан Ульяновск ауданына барып ескерт­кіш-белгі орнатып қайттық. Жалпы, Калуга ба­ғытында бес қазақ дивизиясы соғысқан, қан­ша боздақтың осы жерде көз жұмғанын ен­ді есептей беріңіз.
Үшінші бағыт – ел ішінен туыстарын із­дес­тіру, яғни ТМД ғана емес бүкіл Еуропа мем­лекеттерінің аумағында қаншама жер­лестеріміз жатыр. Олардың көбі Еуропаны (Сербия, Венгрия, Германия, Польша, Латвия және т.б. елдерді) азат ету барысында шейіт болса, енді біразы тұтқынға түсіп, концла­герь­лерде қаза тапқандар. Қазір біздің қолы­мыз­да елден тысқары жерде мәңгілік меке­нін тапқан 20 мыңға жуық қазақстандықтың тізімі бар. Соларды облыс-облыс бойынша бө­ліп, жергілікті бұқаралық ақпарат құрал­дарында жариялауды бастап та кеттік.
Atamnyn Amanaty өзінің қызметін ха­лық­аралық ынтымақтастықты нығайта оты­рып жүзеге асыруда. Қазір бұл ретте 50-ден астам меморандумдарға қол қойылды. Был­тыр қыркүйек айында Алматыда «Ортақ тарих. Ортақ жеңіс. Ортақ көзқарас» атты халықаралық конференция өткіздік. Осы­мен үшінші рет ұйымдастырылған бұл фо­рум ТМД елдеріндегі үкіметтік емес ұйымдар мен іздестіру қозғалыстарының өзара іс-қи­мылы үшін ашық диалог алаңына айналды де­се болады. 
Іздестіру барысында жүректі шымырла­тар оқиғалар мен қилы тағдырлар жиі кез­деседі. Кейде адам сенбейтін оқиғаларға куә бо­ла­мыз. Қызылорда облысының тумасы Жантас Батырханұлы майданнан оралмаған әкесінің інісі Айтуған Меделхановты ұзақ жыл бойы іздейді, бірақ нәтиже болмайды. Бір күні көкесінің өзі түсіне кіріп, «Ең алды­мен Зубов деген адамды тап, сол арқылы мені табасың» деп аян берген көрінеді. Ол біздің ұйымға өтініш бергенде бізде жалғыз ғана ілік бар еді, ол – майдангердің Ленинград об­лы­сында қаза тапқаны туралы ақпарат. Волонтер Айгүл Аитова Ленинград түбінде қа­за тапқандардың аты-жөндерін көтеріп, алдымен Зубовты тауып алады. Артынша Айтуған Меделханов та табылады. Олар Кол­пино қаласы үшін шайқаста қаза тапқан екен. Жантас аға туған жердің топырағын алып барып, көкесінің рухына Құран бағыш­тап қайтты.
Тағы бір мысал, Әлімбатыр Жабағинов пен Қошқар Құлмағамбетов есімді екі жауын­гер бірге соғысып, бір зиратта жер­лен­ген екен. Олар майданға аттанған кезде ел­де қалған 5-6 жасар ұл-қыздары кейін ер же­тіп, от­басын құрған көрінеді. Бірақ ерлі-зайып­­тылар 80 жыл бойы әкелерінің бірге қаза тауып, бір зиратта жатқанынан бейха­бар бо­лып келген. Оны біз арқылы естіді.
Осы ретте еріктілеріміз бен іздестіру жа­­сақтары мүшелерінің жанқиярлық еңбе­гін ерекше атап өткім келеді. Олар өздерінің уақыты мен күш-жігерін аямай майдан дала­сында қазба жұмыстарымен, мұрағаттар мен түрлі форумдар арқылы деректер іздеумен айналысады. Арада 80 жыл өтсе де, атажұртқа оралған сол сарбаздардың тікелей ұрпақта­ры­ның, туған-туыстарының алғыс сөздері мен қуанышты көз жасы – еріктілер еңбе­гінің өтеуі. 
Жастармен жұмыс, оларды отансүйгіштік рухта тәрбиелеу – қоғамдық бірлестіктің та­­ғы бір бағыты. Қазір Atamnyn Amanaty әскери-патриоттық тәрбиені жандандыру бағытында бірқатар жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Оның ішінде жасөспірімдерге әскери өнердің әліппесін үйрету мақсатында далалық жиындарды жиірек өткізу бар. Бұдан бөлек, біз Қазақстан Қор­ғаныс министрлігінің әскери-техника­лық мектептерімен де тығыз қарым-қатынас жасап, арнайы жоспар бойынша жұмыс істеп жатырмыз. 
Бүгінгі әскери-патриоттық тәрбие беру саласында жүйелі көзқарастың жоғы бай­қалады. Оған мүдделі тараптар арасында­ғы ведомствоаралық өзара бірыңғай іс-қи­мыл­дың болмауы да өз әсерін тигізуде. Сон­дай-ақ бұл салада ұрпақтардың ауысуын ес­кере отырып, қазіргі жастардың кумирі кім­дер және олар нені қалайды деген мәселе­лер­ді зерделеу арқылы жүйелі жұмыс жаса­ған жөн. 
Былтыр қараша айында Үкімет қаулы­сы­мен «Жастарға әскери-патриоттық тәрбие берудің 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы» бекітілді. Енді Atamnyn Amanaty қоғамдық бір­лестігі де соны жүзеге асыруға белсене ар­а­ласып, ортақ іске өз үлесін қосатын бо­лады.
Екінші дүниежүзілік соғыстың өрті Қа­зақ­станның батысын да шарпыды. Ста­линг­рад майданы үшін қару-жарақ, дәрі-дәрмек, оқ-дәрі мен жаралыларды таситын эшелон­дар Орал өңірі арқылы өтті. Әуе қорғанысы штабтарының деректеріне сәйкес фашистік авиа­ция Шонғайға – 24, Сайқынға – 36, Жә­ні­бекке – 40-қа жуық әуе шабуылын жасаған. Толық емес мәліметтер бойынша 300 бейбіт тұр­ғын мен әскери қызметші қаза тауып, ша­ма­мен 250 адам жараланған. Қазір сол аймақ­та соғыстан қалған, қалай болса солай жер­ленген, кемінде 50 бауырластар зираты бар. 
2020 жылғы қыркүйекте Atamnyn Amanaty қоғамдық бірлестігі өз қаражаты есе­бінен Батыс Қазақстан облысы Бөкейорда ауданында далалық іздестіру жұмыстарын жүр­гізген еді. Қазба жұмыстары барысында әуе шабуылынан қаза тапқан 17 жауынгердің сүйегін тапты. Мәйіттерге сараптама жүргізіліп, жауынгерлердің аты-жөндері анық­талып, мәліметтер (бәрі Ресей азаматы бо­лып шықты) Қазақстанның Ресейдегі ел­шілігіне жіберілді. 
Батыс Қазақстан облысы Бөкейорда ау­да­нында қаза тапқан жауынгерлер мен бей­біт тұрғындардың сүйектерін көтеру үшін №372 және №365 бекеттері бойында қазба жұ­­­мыстарын жүргізу мақсатында толық ау­қымды экспедиция жасақтаған жөн деп са­най­мыз. Боздақтарды осылайша құрметпен жер қойнына беріп, бастарына белгі қойып, тарихтың тағы бір ақтаңдақ бетін жапсақ деген ниетіміз бар.
Жеңістің 80 жылдығы қарсаңындағы бас­қа да елдік шаруаларға белсене қатысуға Atamnyn Amanaty ұйымы әрдайым әзір. Соны­мен қатар депутат Е.Жаңбыршиннің Ұлт­тық құрылтайда айтқан жоғарыдағы ұсы­ныстары да жерде қалмайды деп үміт­тенеміз.

Әбубәкір СМАЙЫЛОВ,
Atamnyn Amanaty қоғамдық бірлестігінің
Басқарма төрағасының орынбасары

 

Серіктес жаңалықтары