Зерделі зерттеуші
Ақырын жүріп, анық басатын, жеті өлшеп, бір пішетін – байсалды басшы, ұлағатты ұстаз, зерттеуші ғалым.
Мен Қайрат Өмірбайұлын танығалы он бес жыл болды. Осы он бес жылда не мінезі, не болмысы өзгермеген азамат. Қайран қаласың. Ақырын жүріп, анық басатын, жеті өлшеп, бір пішетін – байсалды басшы, ұлағатты ұстаз, зерттеуші ғалым.
2010 жылғы 1 қыркүйек. Декан Намазалы Омашұлы Баспасөз және баспа ісі кафедрасына жұмысқа алу үшін өтініш жазыңыз деп шақырды. Қабылдау бөлмесінде күтіп отырдым. Телефоннан хатшы қызға: «Тез кафедра меңгерушісі Қайрат Сақты шақырыңыз», – деді. Сәлден соң ақырын басып, қабылдау бөлмесінде күтіп отырғандармен жылы амандасып, ішке кіріп кетті. Кіріңіз, деген дауысты естіп, ішке кірдім. Таныстырды. Жүзі жылы, мәдениетті түрде бірнеше сұрақ қойды. Сәлден соң кафедраға келуімді өтінді. Жаңадан ғана факультет болып, бөлініп шығып жатқан кафедраның жұмыстары туралы қысқаша ғана айтып түсіндірді. Бірінші қыркүйектен бастап жұмысымды бастап кеттім.
Келесі күні кафедра отырысы болып, жұмыс жоспарымен таныстырды, оқытушыларға кафедрада жүргізілетін аудиториялық сабақтан бөлек қосымша жұмыстарды бөліп берді. Маған кафедраның оқу-әдістемелік жұмысын жүргізуді тапсырды. Міне, күні бүгінге дейін сол жұмысты атқарып келемін. Сонымен қатар факультеттің де әдістемелік жұмысын бірнеше жыл атқардым. Кейінгі жылдары факультеттің «Жас оқытушылардың педагогикалық шеберлік мектебін» жүргізіп келемін. Осы жұмыстарды жүргізуіме Қайрекеңнің өзі мұрындық болды. Сеніп тапсырды. Мен де шамам келгенше тапсырған сенімді орындап шығуға тырыстым. Міне, осындай бірқалыпты сыйластықпен әріптес ретінде он бес жылдай араласып келеміз.
Кафедра меңгерушісі ретінде оқытушылардың сабақтарына кіріп, сабақ өткізу дайындықтарын бақылауды да назардан тыс қалдырған емес. Өзі қатысқан сабақтарды талдау кезінде жүн түткендей, түбітін бір жаққа, қылшығын бір жаққа бөліп, ақырындап өгізді өлтірмей, арбаны сындырмай жетістігі мен кемшіліктерін тәжірибелі маман ретінде талдап шығып, бағасын бергеніне де тәнті болатынмын. Кафедрада, факультетте өткізілген оқу-әдістемелік жұмыстарға байланысты іс-шаралардың біреуінен тыс қалған емес. Әсіресе, факультеттің жас оқытушылары мен магистрант, докторанттарға арнап ұйымдастырылған түрлі әдістемелік семинарларға қатысып, болашақ ғалымдарға қажетті деген ой-пікірлерін айтудан жалыққан емес.
Декан ретінде Қайрат Өмірбайұлы мықты ұйымдастырушы. Факультеттің әр студентін өзінің баласындай көреді десек, артық айтпағандық болар. Факультет болып ашылғанда шамалы ғана студенті бар болатын. Ал бүгінде 3 кафедрасы бар факультеттің бірнеше мамандықтарды ашып, студенттер санын күрт өсіруі де үлкен ұйымдастырушылықты қажет ететіні баршаға аян. Халықаралық студенттер күні мерекесін атап өтуді тұңғыш біздің факультет қолға алғанының куәгеріміз. Сонымен қатар салауатты өмір салтының қолдаушысы.
Ерекше тоқталып өтетін тағы бір іс-шара – факультет деңгейінде «Ақселеу оқуларын» үзбей өткізіп келе жатқаны. Бұл да Алаш арысына деген зор құрметі деп білеміз.
Үлкенмен де, кішімен де тіл табыса алуының нәтижесі – кафедра оқытушыларының тұрақты болуынан да көрініп отыр.
Факультет жұмысының жанданған тағы бір қыры – Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Хабаршысы». Журналистика сериясының 2018 жылдан бері жылына 4 рет шығып тұруы. Ғылыммен айналысатын оқытушылар, магистрант, докторанттарға жасалған үлкен мүмкіндігі болса, Диссертациялық кеңестің факультетте ашылып, PhD докторанттардың ғылыми дәреже қорғауына да үлкен мүмкіншілік жасауында, РУМС-тың ЕҰУ-де өтуі т.б. көптеген атқарылып жатқан жұмыста Қайрат Өмірбайұлының үлкен еңбегі бар.
Сонымен қатар факультет көлемінде өтетін түрлі кездесулер мен мастер класс, мерекелік іс-шаралардың ұйымдастырылуын да назарда ұстайды.
Тәжірибелі ұстаз ретінде журналистика және баспа ісі мамандықтары бойынша мемлекеттік білім стандарттарын, типтік оқу жоспарлары мен бағдарламаларын жасауға атсалысқан білікті маман. «Алаш көсемсөзі. Таным, тағылым,тәжірибесі», «Қазіргі кітап ісінің проблемалары», «Әдеби редакциялаудың теориясы мен әдістемесі», «Публицистика өнері» пәндерінен дәріс оқып келеді.
Ал енді зерттеуші ғалым Қайрат Өмірбайұлы елімізде Алаш қайраткерлерінің ісін жалғастырушы ретінде танымал.
2008 жылы Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-ге арнайы шақыртумен келгенге дейін (1996-2008) ҚазҰУ-дің журналистика факультетіне оқытушылық қызметке тартылып, қазақ журналистикасының қара шаңырағында 12 жыл жемісті қызмет еткен. Оқытушылықпен қоса «Қазақ университеті» газетінің бас редакторы (1998-1999), «Қазақ университеті» баспасының директоры (1999-2000), 2000 жылдан бастап Баспа ісі және редакциялау кафедрасының меңгерушісі қызметтерін абыройлы атқарған.
Араб жазуын жетік білгендіктен белгілі библиограф-ғалым Ү.Сұбханбердинамен бірге «Дала уалаятының газеті» энциклопедиялық жинағының 4-5 томдарын құрастыруға және кезінде саяси қуғын-сүргін салдарынан жабылып қалған «Қазақ» газетін қайта шығаруға ұйытқы болуы да ғылыми жолға бет бұруының алғашқы қадамы болатын.
1998 жылы «Қазақ» газетіндегі ұлттық саяси-әлеуметтік мәселелердің жазылуы» атты тақырыпта кандидаттық диссертациясын қорғап, 2002 жылы сол кездегі Ғылым және білім министрлігі ЖАҚ төралқасының шешімімен әдебиеттану мамандығы бойынша доцент ғылыми атағын алады. «ҚазҰУ хабаршысы. Журналистика сериясы» журналы ғылыми редакторының орынбасары қызметін қоғамдық негізде атқарып, елімізде журналистика ғылымының дамуына зор үлес қосты. Бүгінде Қайрат Өмірбайұлының жетекшілігімен қаншама жас ғалым, магистрант, докторанттар диссертацияларын қорғады. 200-ден аса ғылыми мақалалары республикалық басылымдарда, халықаралық, республикалық ғылыми конференция жинақтарында жарияланды. Сонымен қатар Білім және ғылым министрлігінің «Ұлттық идея – Қазақстанның тұрақты даму негізі» атты 2007-2009 жылдарға арналған ғылыми бағдарламасы аясында «Ұлттық идея қайнар көзі – Алаш публицистері мұраларын жинастыру, жүйелеу, талдау және жариялау», Қазақстанның Жоғарғы ғылыми техникалық кеңесі бекіткен «Елдің интеллекттік әлеуеті» бағдарламасы бойынша «Алаш көсемсөзі – ел интеллектісін көтерудің қайнар көзі» атты ғылыми жобаға жетекшілік жасауы да ғылымға қосқан үлкен үлесі деп бағалаймыз.
Өмірін журналистика саласына арнаған ғалым Қайрат Өмірбайұлының бірнеше еңбегі жарық көріп, ел игілігіне айналды.
«Ұлттық сана ұйытқысы» (2001), «Қазақ журналистикасы» (2008), «Алаш мұрасы» (2014) оқу құралдарының, «Алаш көсемсөзі» (2014) көп томдығының авторы.
Бүгінде осы атқарған еңбегінің нәтижесі де ауыз толтырып айтарлықтай.
2007 жылы Білім және ғылым министрлігінің «Қазақстан ЖОО-ның үздік оқытушысы» грантын иеленді. Білімді де білікті маман даярлаудағы ерен еңбегі жоғары бағаланып, 2013 жылы Ресейдің Халықаралық Еуразия теле-радио академиясы Президиумының шешімімен академик атағы берілді. 2014 жылы Қазақстан журналистер академиясына қабылданды. Ал 2018 жылы Қазақстан Педагогикалық ғылымдар академиясының академигі атанды.
Сонымен қатар алған марапаттары да көңіл қуантарлықтай. Қазақстан Журналистер Одағының сыйлығымен (2002), Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет қайраткері төсбелгісімен (2010), Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің өкімімен «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалімен (2014), әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 80 жылдық мерейтойлық» медалімен (2014), Ақпарат және коммуникация министрлігінің шешімімен «Қазақ телевизиясына – 60 жыл» мерекелік төсбелгісімен (2018), Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының бұйрығымен «Қазақстан Республикасы құқық қорғау әскеріне – 25 жыл» төсбелгісімен (2018), Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғыс хатымен (2019) марапатталды.
Әке өнегесін көп көргенін мақтан ететін, «Әке – мақтанышым» деген тырнақалды жарияланымын естен шығармаған, тәрбиелі отбасынан шыққан басшы-ғалым Қайрат Өмірбайұлының кейінгі ұрпағына берер тәлімі мол, үлкен құрметке лайық жан.
Сәуле Тапанова,
филология ғылымдарының докторы,
профессор