15 мамыр – Халықаралық отбасы күні

/
15 мамыр – Халықаралық отбасы күні

Әскери өмір – темірдей тәртіп пен жоғары жауапкершілікті талап ететін ерекше жол. Сол жолда ер азаматтың жанынан табылып, оның қуанышы мен қиындығын тең бөлісіп, шаңырағының берекесін сақтап отырған асыл жандар бар. Олар – әскери қызметшілердің жұбайлары.

Осындай өнегелі отбасылардың бірі – Елордадағы Қазақстан Республикасының ІІМ Ұлттық ұланы 5573 әскери бөлімінде абыроймен қызмет етіп жүрген майор Жаппаров Мадияр Уалиханұлы мен оның өмірлік серігі Перизат Қанатқызы құрған берекелі шаңырақ.

Қызмет барысында Мадияр Уалиханұлының бойынан салмақтылық пен жоғары жауапкершілік айқын байқалады. Ал отбасы туралы сөз қозғалғанда оның жүзінен ерекше жылылық сезіледі. Оның айтуынша, кез келген жетістіктің артында үнсіз қолдау білдіретін отбасының орны бөлек.

Халқымыздың «Ерді ер ететін де, ел ететін де – отбасы» деген тағылымды сөзі осы орайда терең мәнге ие.

Бүгінде Мадияр Уалиханұлы мен Перизат Қанатқызының отасқандарына он жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында олар өмірдің талай белесін бірге еңсеріп, төрт перзент тәрбиелеп отырған бақытты отбасыға айналды.

Бұл шаңырақтың тарихы мектеп қабырғасынан бастау алады. Бір-бірін ерте таныған екі жас уақыт өте келе достықтың шынайы махаббатқа ұласқанын түсініп, кейін тағдырларын бір арнаға тоғыстырған.

Перизат Қанатқызы әскери адамның жары болудың өзіндік жауапкершілігі бар екенін жасырмайды.

— Әскери қызмет – тек жолдасымның таңдауы ғана емес, белгілі бір деңгейде менің де өмірлік жолыма айналды. Себебі әскери адамның шаңырағы да сол қызметпен бірге өмір сүреді. Күтетін сәттер болады, жауапты күндер болады. Кейде мерекелер де жауынгерлік кезекшілікпен тұспа-тұс келіп жатады. Бірақ түсіністік пен сыйластық бар жерде ешқандай қиындық ауыр сезілмейді, – дейді ол.

Он жыл ішінде олар тек ерлі-зайыпты ғана емес, бір-біріне сенімді серік бола білді. Бүгінде төрт баланың ата-анасы атанып, ұл-қыздарына ұлттық тәрбие мен адамгершілік құндылықтарды сіңіріп келеді.

— Балаларымыз ең алдымен біздің қарым-қатынасымызға қарап өседі. Сондықтан шаңырақтағы сыйластық, сабыр мен мейірім – ең басты тәрбие деп есептеймін. Әкелерінің әскери киіміне қызыға қарап, соған ұқсағысы келетіндерін көргенде ерекше мақтаныш сезімі пайда болады, – дейді көпбалалы ана.

Халқымызда «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген тағылымды сөз бар. Расында, бала тәрбиесінің бастауы – отбасы. Шаңырақтағы жарасым мен өзара құрмет ұрпақ бойына асыл қасиет болып дариды.

Мадияр Уалиханұлы да өміріндегі ең үлкен жетістігінің бірі – отбасы екенін ерекше атап өтті.

— Қызмет – Отан алдындағы борышым болса, отбасы – өмірдегі ең үлкен тірегім. Үйге келгенде балаларымның күлкісі мен жарымның қолдауы барлық шаршауды ұмыттырады. Менің әр жетістігімнің артында Перизаттың еңбегі мен түсіністігі тұр, – дейді офицер.

Расында, Отанға адал қызмет ететін азаматтарды тәрбиелейтін де, қолдайтын да – отбасы. Осындай бірлігі жарасқан, берекесі мол шаңырақтар барда елдің іргесі әрдайым берік болмақ.

Берекелі отбасы – мықты мемлекеттің мәңгілік тұғыры.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары