Ықылас Нұрғалиев: Ұлттық өнер ұжымдарының әлем мәдениетінде лайықты орны бар
«Сазген сазы» фольклорлық этнографиялық ансамблінің дирижері
ХХ ғасырдың соңғы ширегінде қазақтың дәстүрлі музыкасының дамуына серпін берген – ұлттық-фольклорлық ансамбльдер. Қазақ мәдениетінің үлкен жанашыры, мемлекет қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің бастамасымен қаланған бұл ансамбльдер ұмытылып бара жатқан көптеген қазақ ұлттық музыкалық аспабының қатарға қосылып, музыкалық мәдениетімізді биіктете түскен құбылыс болды. Сондай үлкен істің басы-қасында жүргендердің бірі дирижер Ықылас Нұрғалиев еді. Біз ұлттық музыкаға еңбегі сіңген Ықылас ағамен әңгімемізде ұлттық-фольклорлық ансамбльдердің пайда болуы, дамуы және оның қазақ өнерінде алатын орны туралы көп жайтқа қанықтық.
Өнерден орнымды табуыма ұстаздарымның еңбегі мол
– Ықылас аға, сіздің Кеңес дәуірінде қазақ ұлттық музыкасына еңбек сіңіріп, естен шығып бара жатқан қазақ халық аспаптарын тірілтушілер қатарында болғаныңыздан хабарымыз бар. Әңгімені алдымен сіз өскен орта, музыкаға келуіңізден бастасақ.
– Біздің атажұртымыз – Ақтөбе өңірі. Әкеміз сонда туған. Қазақстанда өткен ғасырдың 30-жылдарындағы күштеп ұжымдастыру кезінде біздің әкеміз де туған жерінен ауа көшіп, отбасымен бірге Түркіменстаннан бір-ақ шыққан. Мен сол елде тудым. Біздің ауыл Қарақалпақстанның Шоманай ауданымен шекаралас болатын. Шоманай ауданының негізінен қазақтар қоныстанған Шоманай кеңшарында менің нағашы әжем тұратын. Қазақша білім алу үшін мен сол кісінің қолына барып, мектеп есігін сонда аштым. Менің ана тілімде білім алуым және музыкаға келуім сол жерден басталды. Кеңшар директоры Сұлтан Төремұратов деген көзі ашық, мәдениетке жанашыр кісі болды. Сол кісі Тәшкенде, Мәскеуде өткен түрлі жиынға қатысып жүріп, түрлі халықтың ұлттық-фольклорлық ансамбльдерін көреді де, біз де неге осындай ұлттық өнерді насихаттайтын ұжым құрмаймыз деген ойға келеді. Сөйтіп, «бізде оқыған, ансамбль құру қолынан келетін азаматтар бар ма екен» деп елге сұрастыра келе, жұбайымен бірге Ташкент консерваториясын бітіріп, сонда еңбек етіп жүрген Сүлеймен Сағындықов деген азаматтың барын біледі де, дереу оған хабарласып, оны елге алып келеді. Сөйтіп, кеңшар директоры Сүлейменді отбасымен елге көшіріп әкеп, оған үй береді, жұмыс береді. Кеңшардың мәдениет үйінің тізгінін қолына беріп, өнерлі азаматтарды жинап қазақша ансамбль құруды тапсырады. Музыкалық сауаты жоғары Сүлеймен аға оқушы жастардың ішінен музыкаға бейімі барларды жинап, оларға домбыраны терең меңгертуге кірісіп, оқытады, нота үйретеді.
Сүлеймен аға кеңшарда бізбен көрші тұратын. Әжем ол кісіге мені жетелеп апарып тапсырды. Сүлеймен аға ер балалардың шатағы көп болады, қыздар тәртіп сақтайды деп, ансамбльге тек қыздарды алатын. Солайша, 20 қыздан құралған домбырашылар ансамбліндегі жалғыз ер бала болып өнердегі жолым басталған. Ансамбль маған көп нәрсе үйретті, сонда домбыраны нотамен тартуды үйрендім. Қабілетімді байқаған Сүлеймен аға Қазақстанға барғанда ноталы музыкалық жинақтарды әкеліп беретін. 1975 жылы Шоманай кеңшарындағы Луначарский атындағы орта мектепті бітірген соң, Шымкент қаласындағы музыкалық училищесіне түстім.
Шымкент музыкалық училищесін Құттыбай Тұңғышбаевтың домбыра класында оқып бітірген соң, білімімді одан әрі жетілдіру үшін 1979 жылы Алматыға келіп, Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваториясына түсіп, белгілі домбырашы, профессор Айтжан Тоқтағанның класында оқыдым. Сонымен бірге профессор Жамағат Темірғалиевтен дәріс алып, оркестр дирижері мамандығын алдым әрі аспаптану бойынша белгілі күйші дирижер, профессор Кенжебек Күмісбековтен тәлім алдым. Сөйтіп, үш мамандықты қатар оқып, теңдей игерген соң, 1984 жылы Шымкентке жолдама алып, әл-Фараби атындағы мәдениет институтында жұмыс істей бастадым. Бірақ арада бір жыл өткенде ұстазы Жамағат Темірғалиевтің шақыруымен Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясына жұмысқа тұрдым. Ол жерде жаңа ашылған «Адырна» фольклорлық-этнографиялық ансамбліне бас-көз болып жүрген ұстазым менің осы өнер ұжымында еңбек еткенімді қалаған екен. Солайша, «Адырна» ансамблінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері болып қызмет етіп әрі Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваториясында сабақ бердім. Бірақ өзгеше бағыттағы ансамбльдің концерттері көп болғандықтан және жиі гастрольге шығатындықтан консерваторияны қойып, бірыңғай ансамбльде жұмыс істеуіме тура келді. «Адырнада» ансамбльдің көркемдік жетекшісі және бас дирижері болып 2001 жылға дейін қызмет еттім. Сол жылы Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласына ауысып, Сүйінбай атындағы облыстық филармония да сол қалаға көшірілді. Өнер ұжымы жаңа жерге көшкен соң ондағы басшылық бізді де шақырды. Үй де беретін болды. Бірақ үйреніп қалған ортаны қия алмай, Алматы қаласында қалдым. ҚызПУ-да, академик Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған музыкалық мектепте сабақ бердім. Сол тұста әріптес досым, бұрын Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясына қарасты «Сазген» ансамблін басқарған Бағдат Тілегенов аталған «Адырна», «Сазген» ансамбльдерінің Алматыда қалған музыканттарын жинап, «Сазген сазы» атты фольклорлық этнографиялық ансамблін ашып, оған мені де шақырды.
Алматы қалалық мәдениет басқармасына жанынан ашылған «Алматы әуендері» концерттік ұйымының директоры Б.Тілегенов мені «Сазген сазына» бас дирижер, Марат Жалбыровты көркемдік жетекші етіп тағайындады. Сөйтіп, «Сазген сазында» 2003 жылдан бері ансамбльде дирижерлік қызмет атқарып келемін.
Болат Сарыбаев пен Өзбекәлі Жәнібековтің еңбегі зор
– Ықылас аға, сізді тек музыкант, дирижер ғана емес, естен шығып бара жатқан қазақ ұлттық музыкалық аспаптарды қатарға қосушылардың қатарында еткен еңбегіңіз жайында да білеміз. Кезінде көрнекті мемлекеттік тұлға Өзбекәлі Жәнібеков ағамыздың басшылығында көп жұмыс істеген екенсіз. Айтыңызшы, бүгінде аты елімізде ғана емес, шетелдерге де белгілі қазақ ұлттық-фольклорлық ансамбльдері қалай пайда болды?
– Ұлттық-фольклорлық ансамбльдердің негізі өткен ғасырдың 70-жылдарында басталды. Белгілі этнограф Болат Сарыбаев бір кезде болған, бірақ елдің есінен шыға бастаған қазақтың көне музыкалық аспаптарын жинаған еді. Алайда оны қолданысқа енгізуге қолдау бола қойған жоқ. Ол кезде ұлттық аспаптарымыздан домбыра мен қобыз ғана белгілі еді. Қобыз болғанда байырғы қылқобыз ғой, оны консерваторияда оқытудан алып тастаған, дипапазоны кішкентай деп. Кейін консерваторияға атақты композитор Еркеғали Рахмадиев ректор болған кезде қобызды оқыту қайта қолға алынды. Алайда қобызды дамытып, төрт ішекті прима қобыз жасалды. Ол диапазоны, дыбысы жағынан скрипкамен бірдей етіп жасалды. Сөйтіп, ол оркестрге енгізілді. Ал кейін Болат Сарыбаев ағамыз тапқан шертер, сазсырнай, сыбызғы, үскірік, нарқобыз, шаңқобыз, жетіген, адырна мен асатаяқ, тұяқтас, сақпан, сылдырмақ, шартылдақ, дабыл, даңғыра сияқты ұрмалы аспаптардың бірнеше түрі қолданысқа ене қойған жоқ. Әлемдік оркестрлер деңгейінде дамып жатқан Құрманғазы оркестріне ол аспаптарды енгізу мүмкін болмады. Құрманғазы оркестрінде кең шанақты домбыра, домбыра-прима, скрипка сияқты төрт шекті қобыз, гобой, бас қобыз (вилончель) аспаптар енгізіліп, оның дамуы академиялық деңгейге көтерілді. Ал Болат Сарыбаевтың жинаған аспаптары диапазоны аз, дыбысы шағын болғандықтан қабылданбады. Сондықтан дамудың академиялық жолына түскен атақты оркестрге көне аспаптарды қосу мүмкіндігі болмады. Сосын Болат Сарыбаев консерваторияда оқып жатқан студенттерді көне аспаптарды жаңғыртуға тартты. Прима аспабының маманын шертерді, прима қобызшыға қыл қобызды тарттырды, өзгелеріне сыбызғыны, сырнайды өзі үйретті, жетігенді баласы, марқұм Талғат Сарыбаевқа ойнатып, оншақты адамнан шағын ұлттық аспаптардан оркестр жасады.
Сол тұста Қазақстан комсомолы орталық комитетіне Өзбекәлі Жәнібеков ағамыз келіп, ұлттық аспаптарды жинағанымен оны қолданысқа енгізе алмай жүрген Болат Сарыбаевқа өзінің орынбасары Кеңес Аухадиевті жібереді. Ол туралы Кеңес аға бірде музейде Өзбекәлі Жәнібеков ағамызды еске алу кешінде айтқаны бар.
Содан Өзбекәлі ағамыздың нұсқауымен сол кездегі белгілі қазақ газет-журналдарында Болат Сарыбаев жинаған ұлттық аспаптар туралы насихат жүргізіле бастайды. Кейін Өзбекәлі Жәнібек ағамыз сол кезде жаңадан ашылып жатқан Торғай облысына облыстық атқару комитетінің басшылығына барып, ол жерде театр, облыстық филармония, музей ашуды қолға алады. Ондағы қазақ мәдениет дамытуды алдымен фольклорлық ансамбль ашудан бастайды. Сөйтіп, Болат Сарыбаев тапқан музыкалық аспаптар негізінде «Шертер» ансамблі құрылды. Сөйтіп, бұл бағыттағы іс елімізде алғаш рет кәсіби деңгейде Торғайдан басталды.
Ол кезде қазақта би болғанын мойындай бермейтін. Ал Өзбекәлі Жәнібеков сол тұстағы би өнерінің танымал маманы Ольга Галушкевичті елге алдырып, қазақ этнографиясымен таныстырады. Оған киіз басу, ұршық иіру, т.б. қазақ өнерін көрсетіп, қазақ биін жасап қалыптастыруға жол ашады.
Кейін Торғайдан Алматыға Мәдениет министрі болып оралған Өзбекәлі Жәнібеков Ықылас атындағы халық аспаптары музейін ашқызады. Музей қызметкерлерінен баяғы көне аспаптарда ойнайтын «Сазген» атты шағын оркестр құрайды. Ол музей басында қазіргі ЦУМ дүкенінің төменгі жағында тұрды, одан соң Өзбекәлі аға қазіргі Сейфуллин-Қабанбай батыр көшелерінің қиылысында ескі бір үйді бұздырмай аман алып қалып, сонда апарды.
Алматыдағы Офицерлер үйі салынғанда оның алдында тұрған ағаш үйді бұзып тастамақшы болады, соны білген Өзағаң: «бұны құртпайық, одан да сол үйді Ықылас атындағы ұлт аспаптары музейіне берейік» деп жоғарыға хат жазып, ғимаратты алып қалды. Сөйтіп, ол үй шетелдерден келген туристер барып, қазақтың көне ұлттық аспаптарын тамашалайтын белгілі орындардың біріне айналды. Ал онда келген қонақтар алдында «Сазген» ансамблі өнер көрсететін.
Өзбекәлі аға Алматы облысының иделогиялық хатшысы болып Алматы облысының мәдениетін дамытуды қолға алды. Алматы облысында өткен ғасырдың 70-жылдарында ашылған бір филармония бар еді, оның құрамында бір-екі өнер ұжымы болатын. Ол филармония Малая станса жақтағы кішкене бір барак үйде болатын. Оны көрген Өзағаң «мынау Алматы облысының филармониясы деуге келмейді ғой, бұлай болмайды» деп, филармонияны Горный Гигант кеңшарының мәдениет үйіне көшіреді. Сөйтіп, жөнді баспанасы жоқ филармония қарқ болып қалады. Енді облыс өнерін дамытуға мүмкіндік ашылған соң, Өзбекәлі ағамыз филармониядан «Адырна» фольклорлық ансамблін, «Алтынай» халық биі ансамблін, «Арқас» вокалды аспаптар ансамблін ашқызады. Сөйтіп, өткен ғасырдың 80-жылдарында осындай өнер ұжымдары пайда болды. Оған біз де қатыстық, ансамбльдердің ашылуына орай концерт берілді.
– Енді Өзбекәлі Жәнібеков басшылығында еңбек еткен кездеріңіз туралы айтсаңыз? Ол кісі ұлттық-фольклорлық ансамблдерін ашуда, қалыптастыруда қалай еңбек етті, қандай талап қойды?
– Өзағаң Алматы облыстық филармониясының ісін жандандыруды қолға алған кезде мен Шымкентте едім. Консерваторияны бітірген соң Шымкент Мәдениет институтында жұмыс істедім ғой. Мені консерваторияда дирижерлік бойынша оқытқан ұстазым Жамағат Темірғалиев Алматыға шақыртты. Ол кісіні де Өзағаң Алматы облыстық филармониясының жұмысын жандандыруға тартқан. Жәкең Өзағаңа «Шымкентте шәкіртім бар, фольклорлық ансамбльге соны алдырайық» деп, мені әкеліп, Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясы жанынан ашылған «Адырна» ансамбліне көркемдік жетекші етіп қойды. Сөйтіп, «Алтынай», «Адырна» ансамбльдерінің репертуарын жасауға үлес қостым.
Өзбекәлі ағамыз партияның жұмысында жүрді. Алайда ол жерде таңертеңгі 9-дан кешкі 18.00-ге дейін болады да, содан кейін бізге келіп, жасалып жатқан жұмыстармен танысады, нұсқау береді, ансамбльдердің репертуарын байытуға бағыт береді.
«Алтынай» ансамблі бишілер ұжымы болғандықтан, оған музыка жазудан басқа, 30-ға тарта өнерпаздың киімін тігу керек. Одан бөлек «Адырна» мен «Арқасқа» түрлі костюмдер қажет. Соған орай таңда ертемен Алматыдағы театрларға арнап киім тігетін орталыққа барамыз. Бір сағат бойы тігілген киім үлгілерін тексереміз. Өзағаң келгенде тігіншілер зыр жүгіріп жүреді. Ол кісі дайын болған киім үлгілеріне қарап, оюларының жасалуына, орналасуына қатты мән береді. «Мынау неге бұрышта тұр, мынау неге ішке кіріп кеткен, анаусы неге сыртқа шығып кеткен» деп сынап, жөндеттіреді.
Кейде ансамбльдердің жетекшілерін кешке бір жерге шақырып, түрлі талқылау жасайтын. Бірде мені кешкі сағат 18.00-ден кейін шақырып, белгілі тіл маманы, академик Өмірзақ Айтбаевтың үйіне алып барды. Кейін білдім, ол кісі әнді керемет шырқайды екен.
Өзағаң да, Өмекең де оңтүстіктегі Отырар ауданынан ғой, сол өлкеде Қызыл жыршы деген кісі өткен екен. Өмірзақ аға сол кісінің жырларын жатқа біледі, мақамдарын да жақсы игерген. Өзағаң сол Қызыл жыршының мақамдарын жазып ал деп, Өмекең екі сағат жыршының мақамдарын айтып, мен нотаға түсірдім. Содан кейін Өзбекәлі аға «енді сен осы мақамды жыр-күйіне айналдырып, ансамбльге ойнатуың керек» деп талап қойды. Сосын мен ансамбльге лайықтап бір-екі музыка жасадым. Өзағаң оны тыңдап көріп, «о-оо, жақсы екен, бірақ бұл аз, көбейту керек» деді, ақыры, Қызыл жыраудың мақамдарынан үш бөлімді, көлемді жыр-күйін жасап, ансамбльге орындатқыздық. Бұл да бір өзгеше бағыт болды.
– Кейбір көне ұлттық аспаптардың жасалуы мен аталуында да мән барын жұрт біле бермейді ғой, сол жайында да айта кетсеңіз? Мәселен, «Адырна»...
– Иә, ол да мән беретін нәрсе. «Адырна» деген аспапты естімеген халық ансамбльдің атына да таңырқап қарап жүрген кезі болды. Адырна – кері иіліп жасалатын садақтың негізгі бөлігі ғой, қатты серпінді адырналардан оқ атқанда шектей тартылған кірістің дірілінен гуілдеп дыбыс шығады екен. Махамбет ақынның «Адырнасын ала өгіздей мөңіреткен» дейтіні сол ғой. Ал адырна музыкалық аспабының пішіні де садақ тәрізді. Садақ тәрізді тік тұрады да, шектері төменнен жоғары қарай тартылады. Жоғарысында домбыраның құлағы тәрізді құлақтары болады. Ойнау техникасы арфа аспабына ұқсайды. Оны Өзағаңның нұсқауымен Мұратбек Жүнісбеков деген шебер жасады. Басында оны шертетін арнайы маман болмай, жетіген шертетіндерді соған тартып жүрдік.
Кейін мені Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық музыка мектебіне шақырған, сол ұжымның басшысы Маржан Қайдарқызы маған фольклорлық ансамбль ашуды тапсырды. «Бізде қолданылмай жүрген қандай ұлттық аспаптар бар» деп сұрағанда мен «Адырна деген аспап бар, қолданысқа енбей жүр» деп едім, содан шебер шақырып сол аспапты садақ типтес етіп, 17 шекті адырнаны жасадық. Енді адырнаны тартатын адам табу керек болды. Менің Гүлжан деген қызым сол мектепте пианио бойынша оқып жатқан. Соны пианинодан шығарып алып, арфаға үйреттік (арфа мен адырнаның шертілу тәсілі ұқсас қой). Сөйтіп, 7 сыныптан бастап арфаға көшкен Гүлжанға адырнаны игертуге күш салдық. Адырнаны тартудың кішкене қиындығы бар. Мысалы, арфада аспаптың құлақ күйін өзгерту тетігі бар, тегін аяқпен басып қалсақ, оның 42 шегінің құлақ күйі бірден өзгереді. Тетікті бір басқанда до мажордан ре мажорға өзгере қояды. Ал адырнада тональності өзгерту үшін домбыра сияқты оның құлақтарын бұрап отыру қажет. Осы қиындықтан мезі болған қызым адырнада ойнағысы келмей, оны кейін қылқобыз сыныбына ауыстырдық. Соған ренжіген апайы «тәуір шәкіртім еді, тым жақсы музыкант болатын қызға обал жасадыңдар» деп ренжіп жұмыстан шығып кетті. Сөйтіп, Гүлжан музыка мектебін де, консерваторияны да қылқобызшы болып бітірді.
Одан соң бірнеше адырна аспабын жасап, мамандар дайындай бастадық. Кейін мені Бағдат Тілегенов «Сазгенге» шақырып, ансамбльге адырнаны қостық. «Сазгенде» адырнаны алғашында менің қызым Гүлжан шертіп жүрді.
Сөйтіп, адырна аспабы еліміздің көптеген ансамбліне енді.
Жұбанов мектебінде жүргенде ансамбльге нарқобызды қостық. Оның диапазоны шағын болғанымен, микрофон арқылы оның дауысын зорайтып, ансамбльге үйлестірдік. Оны алғаш Саян Ақмолда шертті. Нарқобыз қобызшылар ансамблінде қолданылып, өз орнын тапты.
«Сазген сазы» – әлемге белгілі ансамбль
– «Сазген» ансамблінің құрылуы біраз деректер жайлы айттыңыз. Ал «Сазген сазы» қалай пайда болды?
– Бұл сұрағың дұрыс! Өйткені екі ансамбльді бір өнер ұжымы деп шатастыратындар да бар.
«Сазген» ансамблінің о баста Ықылас атындағы халық аспаптары музейінде сол музейдің қызметкерлерінен құралғаны жайында жоғарыда айтып өттім ғой. Бұл ансамбльді кейін Өзбекәлі ағамыз Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясына қосып, қайта жасақтады. Ол музейге қонақтар келгенде өнер көрсететін. Сөйтіп, кәсіби деңгейдегі өнер ұжымына айналды.
Ана бір жылдары Талдықорған облысы жабылып, Алматы облысының орталығы сонда көшкеннен кейін, Сүйінбай атындағы Алматы облысының филармониясы да сол жаққа кетті. Сондықтан «Сазген», «Алтынай», «Адырна, «Арқас» ансамбльдері енді жаңа орталыққа орналасты. Бірақ сол ансамбльдермен бірге бірен-саран музыкант кеткенімен, бұрынғы ұжымның көбі Алматыда қалып қойды. (Алайда осыдан екі жыл бұрын Алматы облысы екіге бөлініп, Алматы, Жетісу облысы құрылғаннан кейін баяғы филармония Қонаев қаласына келіпті – ред.).
Содан кейін бұрынғы «Сазген», Адырна» ансамбльдерінің осында қалған музыкантарын жинап, Бағдат Тілегенов «Сазген сазы» атты ансамбль құрды. Ол ЖШС болып ашылды. Бізді қалада өткен мәдени шараларға өнер көрсетуге шақырып тұрды.
2003 жылы «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблін, эстрадалық-симфониялық оркестрді және «Самрук» заманауи балет тобын біріктірген «Алматы әуендері» атты мекеме құрылып, Бағдат соның директоры болды. Мен оның шақыруымен «Сазген сазына» бас дирижер болып келдім. Марат Жалбыров көркемдік жетекші болды. Сөйтіп, «Сазген сазы» қалыптасты.
– Енді «Сазген сазының» жетістіктері туралы да айтып өтсеңіз?
– Ансамбль – бүгінде елімізден тыс жерлерге де белгілі өнер ұжымы. Швейцарияда, Югославияда, Үндістанда, АҚШ-та, Түркияда, Германияда, Жапонияда, Кореяда, Голландияда, Италияда, Испанияда, Қытайда, Аустрияда, Грекияда, Францияда, Ресейде, т.б. елдерде өнер көрсетіп, бағасын алды. Сондай-ақ елімізде бірнеше халықаралық фольклорлық музыка фестивалін ұйымдастыруға бастамашы болды.
«Сазген сазы» ТҮРКСОЙ деңгейінде түркі халықтарының біріккен оркестрі ретінде белгілі. «Сазген сазы» ансамблімен бірігіп, көптеген түркі халқының музыканттары өнер көрсетеді.
Ансамбльдің репертуары түрленіп, фольклорлық бағытта болса түрлі жанрдағы музыкаларды орындай алатын мықты өнер ұжымы деңгейіне жетуіне Бағдат Тілегеновтің сіңірген еңбегі зор. Оның бастамасымен ансамбль бүгінде классикалық, джаздық бағыттағы туындыларды өз дәрежесінде орындайтын мүмкіндікке ие болды. Сол үшін басшымыз қазақстандық белгілі джаз музыкасының шебері, орындаушы, композитор, әрлеуші Яков Ханды бізге шақырып, ол ансамбльге арнап джаз музыкаларына әрлеу жасады.
Қазір алдағы қыркүйекте Астана қаласында өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны аясында концерт қоюға дайындалып жатырмыз.
– Әңгімеңізге рахмет! Ұжымыңызға әлі талай биіктен көріне беруіне тілектеспіз.
Сұхбаттасқан –
Ахмет ӨМІРЗАҚ